Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жиһад – жақыныңа жақсылық жасау

12.11.2014 4796 0 пікір

Ел тәуелсіздігінің ақ таңының атқанына 23 жылдай уақыт өтті. Осы қысқа мерзім ішінде елімізде өзге діннің миссионерлік топтары өз алдына, ислам атын жамылған ағымдар да дендеп кеткені жасырын емес.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан жетекші мұсылман елдерімен дипломатиялық байланыс орнатты. Ол елдердің басшылары да әлемдік мұсылман қауымдастығына тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қосылғанына ризашылықтарын білдіріп, айрықша құрмет көрсетіп келеді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының басқаруындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алға қойған игі мақсатынан жаңылмай, дінімізді жас мемлекетіміздің рухани тіректерінің біріне айналдыру, қоғамды имандылыққа, тазалыққа шақыру ісін адал атқарып келеді. Қазақстанның әлем қауымдастығындағы беделі мен абыройын арттыру секілді игі қызметін және дін істері реформасын әрі қарай да өркениетті жолмен жалғастыра береді деп сенеміз.

Діни идеологиялық ұстанымдардың негізінде еліміздегі мұсылмандар арасындағы діни алауыздық іштегі көзқарас ретінде ғана қалып қоймай, бейбіт тұрғындардың қанын төгуге бағытталған лаңкестік әрекеттерге ұласуда.

Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Бірақ, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына саяси құбылып тұратыны белгілі.

Елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған жастардың санасын улап жатқан бұл саяси идеологияға қарсы ғылыми-ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды ертеңге қалдыратын шаруа емес деп ойлаймын.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Хижра жасау, тәкпіршілдік және жиһад ұғымы туралы арнайы пәтуа шығарғаны баршамызға белгілі.

Ислам дінінде «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен, оның барлығы қолға қару алып, соғысқа аттану мағынасында емес екені көзі қарақты мұсылман баласына мәлім. Жиһад дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында ширағатымызда бар нәрсе. Алайда, бұл кәпірлерді қырып-жойыңдар, бейбіт халыққа бас салып, мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын ақ асты ету, жерлерін отарлап, еріктерінен айыру, т.б. зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғым емес.

Кейінгі уақытта кейбір мұсылмандар жүректеріне күмән салатын адамдарға жиі жолығып қалуда. Ол топ «тәкпіршілдер» деп аталатын жамағат өкілдері. Олар өздерінің жалған сенімдерімен көптеген мұсылмандарды сенім мен күпірлік, бірқұдайлық пен серік қосу мәселесінде адастырып, өзге мұсылмандарды адасушылықта айыптауда.

Бұл – жастар мен сауаты аз жандарды қызықтыратын әрі өзге де бүліктер секілді өткенді жоқ қылып, жарқын болашақ уәде ететін әдеттегі бүлік екені даусыз. Қазіргі таңдағы жағдайға келер болсақ, жікшілдік саясаты мен соғыс жариялау, біреудің мүлкін тартып алу немесе қол сұғу – мұның барлығы саясат не болмаса надандық, алдыңғы шепте болуға талас, арам жолмен пайда табу.

Қазақстан азаматтары ел президентінің, мұсылмандардың қара шаңырағы болып саналатын Діни басқарманың, сонымен қоса ата-ананың рұқсатынсыз сырт елге, өзге жерге жиһад деп жаңсақ кетуіне әсте болмайды. Әркім өз еліне, туған жеріне, халқына адал еңбек етуі міндетті. Адам баласы бақытты бұлай іздемейді. Бақытты Отанына, халқына қалтқысыз қызмет қылып, туған-туыстарына жақсылық жасаумен ғана табады.

Мағзұм Балтабайұлы, 
Астана қаласы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру