Тазалық – иманнан. Хақ дініміз Ислам біздерді әрдайым тазалыққа шақырады. Себебі дініміз – нағыз тазалық діні. Ұлы Раббымыз тазалықты сүйеді. Тирмизи келтірген бір хадисте: «Шын мәнінде Аллаһ – пәк, пәктілікті сүйеді. Өте таза, тазалықты жақсы көреді...» делінген.
Әрбір мұсылман жеке басының тазалығына мән бергені сияқты, жанұясының тазалығына да көңіл аударуы керек. Әрине, тазалық дегенде тек қана материалдық емес, рухани тазалыққа да баса назар аударған жөн. Себебі рухани тазалық – бақытты жанұя құрудың басты себепшісі.
Рухани тазалық алдымен жанұяның іргесін имандылыққа, тақуалыққа негіздеп тұрғызумен басталады. Өйткені қандай да бір нәрсе егер тақуалыққа негізделмесе, оның ғұмыры ұзаққа созылмасы анық. Бұл жайлы Құран Кәрімде Аллаһ тағала: «Құрылысының іргетасын Аллаһтан қорқу мен Оның ризалығына негіздеп тұрғызған кісі қайырлы ма, әлде құрылысын жығылғалы тұрған құздың жиегіне салып, сонымен бірге өзі де тозаққа құлаған адам қайырлы ма?» («Тәубе» сүресі, 109-аят) деп бізге ой салады.
Жазда ыстықтан, қыста суықтан, жаңбыр мен қардан қорғайтын, жұмыстан шаршап-шалдығып келгенде басымызды жұмсақ жастыққа қойып демалатын жылы жайымыз, құтты қонысымыз – тұрып жатқан үйімізді Құран Кәрімнің сүре-аяттарын оқып тұру арқылы және әрдайым Аллаһ тағаланы зікір ету, яғни еске алу арқылы нәрлі де нұрлы мекенге айналдыруымыз қажет. Себебі, Құран Кәрім оқылмайтын, Аллаһ тағала зікір етілмейтін үй – өлі үй, қабірмен тең. Әбу Муса әл-Ашғари (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Аллаһ тағала еске алынатын үй мен Аллаһ еске алынбайтын үй – тірі мен өлі сияқты» (Мүслим) делінген.
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Намаздарыңның бір бөлігін (яғни, нәпілдерді) үйлеріңде оқыңдар. Үйлеріңді мазарат қылмаңдар» (Мүслим) деген. Сондықтан мұсылман отбасының үйі жиһаз, түрлі тұрмыстық жабдықтармен ғана емес, бірінші кезекте Құран Кәріммен, Аллаһқа арналған мінәжат, құлшылықтармен және күнделікті оқылатын зікірлермен безендірілуі керек. Міне, сонда ғана үйде құт-береке болады. Ұрыс-жанжал тыйылып, татулық, ынтымақ-бірлік нығаяды.
Сондай-ақ, мұсылман кісі барынша үйінен жын-шайтанды қууы керек. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Расында шайтан сендерге дұшпан. Сендер де оны дұшпан көріңдер!» («Фаты»р сүресі, 6-аят) деп бұйырады. Себебі шайтан адамзаттың әкесі – Адам алейһис-сәләмды азғырғаны сияқты, Аллаһтың барлық пендесін азғырып, жолдан тайдыруды қалайды. Өзінің Аллаһтың қарғысына ұшырағаны сияқты барлығымыздың да Аллаһтың ашу-ызасына ұшырап, лағынеттелгенімізді тілейді. Адамдар арасына іріткі салып, оларды бірін-біріне дұшпан ететін де, жұбайлардың арасын бұзып, ажырасуларына себеп болатын да – шайтан. Сондықтан ол – мұсылманның, тіпті барлық адамның дұшпаны. Ешбір адам өз үйіне дұшпанын кіргізбесі анық. Олай болса, ешбір мұсылманның үйінде жын-шайтанға орын болмауы тиіс. Ешбір мұсылман шайтанның өз үйіне кіруіне жол бермеуі керек.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге шайтанның қалай қуылатындығын және қандай үйге жақындай алмайтынын айтқан. Бір хадисте: «Үйлеріңді мазаратқа айналдырмаңдар! Расында шайтан «Бақара» сүресі оқылған үйден безеді» (Мүслим) делінген.
Сонымен қатар, әрдайым Аллаһ тағаланы еске алып, зікір-дұға жасап тұратын үйлерде жын-шайтан болмайды. Себебі, Аллаһтың аты әрдайым айтылатын үйде шайтанға орын жоқ. Бір хадисте Аллаһтың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Егер адам үйіне кіргенде және тамағын жер кезінде Аллаһтың атын айтатын болса, шайтан жендеттеріне: «Бұл үйде сендерге жататын жер, жейтін тамақ жоқ» дейді. Ал егер адам үйіне кіргенде және тамақ жегенде, Аллаһтың атын айтпаса, «келіңдер, бұл үйде сендерге жататын орын бар, кешкі асқа да үлгердіңдер» дейді» (Мүслим). Осыған орай Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйге кіргенде мына дұғаны айтуды бұйырған:
أَللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ خَيْرَ الْمَوْلِجِ وَخَيْرَ الْمَخْرَجِ، بِسْمِ اللهِ وَلَجْنَا وَبِسْمِ اللهِ خَرَجْنَا وَعَلَى اللهِ رَبِّنَا تَوَكَّلْنَا
Мағынасы: «Уа Раббым, сенен кіретін қайырлы мекен және шығатын қайырлы мекен сұраймын! Аллаһтың атымен кіреміз. Аллаһтың атымен шығамыз. Және Раббымыз бір Аллаһқа ғана тәуекел еттік».
Үйімізді кірден, ластықтан таза ұстауымыз керек. Себебі, жын-шайтандар кір, лас жерлерді жақсы көреді. Әсіресе тамақ ішетін, жататын орындарды таза ұстау керек. Үйге арақ-шарап кіргізуге мүлде болмайды. Үйге арақ кірді дегенше, үйден береке кетті деген сөз. Үйге арақ кіргізгенің – шайтанның ісіне ортақтасқаның. Аллаһ тағала Құранда: «Шайтан арақ арқылы араларыңа бүлік салғысы келеді» деп ескертеді. Арақ шайтанның жұмысын жеңілдетеді. Сол себепті ешбір мұсылманның үйінде араққа орын болмауы тиіс.
Әрдайым шайтанның азғыруынан Аллаһқа сыйыну керек. Себебі шайтанның жамандығынан бір Аллаһ қана қорғайды. Егер көкейіңізге арам ой салып, азғырмақ болса, дереу Аллаһты еске алып, Аллаһқа сыйынуыңыз қажет. Өйткені, Аллаһтың аты айтылғанда шайтан қашады.
Үйде өсек-өтіріктің айтылуына да жол бермеу керек. Себебі шайтан өсек-өтірік айтқан адамның қасынан табылады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Саған шайтандардың кімге түсетінін айтайын ба? Шайтандар суайт күнәһарларға түседі» («Шұғара» сүресі, 222-аят) деп айтады.
Қысқасы, отбасы – мектеп. Балаларымыз алғашқы, тіпті ең басты тәрбиені өз үйінде әке-шешесінен үйренеді. «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөз бар. Олай болса, балалардың бойына рухани әрі материалдық тазалықты сіңіріп, жақсы тәлім-тәрбие беру әрбір ата-ананың Аллаһ алдындағы және қоғам алдындағы парызы.
Ерғали Алпысбаев,
Теолог-дінтанушы
www.islam-atyrau.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.10.2014
6727
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру