Жақында еліміздің басты арнасы – «Хабар» телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей эфир арқылы берген сұхбатын қызыға көріп, тамашалаған едім.
Дінбасының сұхбатына назар сала отырып, дін мәселесі тұрғысында көкейімде жүрген көптеген сауалдарға жауап алдым десем артық айтқандығым емес.
«Жас келсе - іске», дейді қазақ даналығы. Меніңше, бұл сөз, «Хабар» арнасының жүргізушісі Ирак Елекеевтың сауалдарына салмақты жауап беріп, салихалы ой өрбітіп отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы сияқты азаматтарға қарата айтылса керек-ті.
Жан-жақты ойға құрылған, үмітпен алға жетелейтін танымды сұхбатты көріп отырып, осыдан жыл жарым уақыт бұрынғы (19 ақпан, 2013 ж.) Ержан қажы Малғажыұлының Қазақстан мұсылмандарының жетінші құрылтайында Бас мүфти болып алғаш сайланғаны, Елбасының діни басқарма өкілдерімен өткізген кездесуі ойыма орала берді. Сол кездесуде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ислам дінінің дұрыс бағытта дамуы - дін мамандарына тікелей қатысты екендігіне, өз кезегінде ол дін қызметкерлерінен біліктілік пен қатар іскерлікті, жіті қимыл мен батыл қадамдарды қажет ететіндігін қадап айтқан еді. Бұған қоса Елбасы дін қызметкерлеріне шынайы сенім арта отырып, мемлекет діннен бөлек болғанымен, ел іргесінің бүтін болуымен қатар ел игілігі жолындағы мақсат бір екендігін де ескертіп өткен болатын. Бүгінгі Бас мүфтидің сұхбатынан Елбасының жүктеген міндеттері мен берген тапсырмаларына айқын жауаптарды тапқандай болдым.
Мәселен, үстіміздегі 2014 жыл мүфтият тарапынан «Дін және дәстүр жылы» болып жариялануы мемлекет діннен бөлек болғанымен ел игілігі жолындағы мақсат пен мүдденің бір екендігін көрсетіп тұрғандығы даусыз.
Ал мүфтияттың негізгі құрамының Астанаға көшуінде де өзіндік мән бар екен. Ержан қажы Малғажыұлының сұхбатына ой жүгірте отырып, бұл қадам: аймақтардағы өкілдіктермен, мемлекеттік органдармен рухани-ағартушылық және әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсу үшін жасалған қадам деп білдік. Дінбасының бұл қадамын жай қадам емес, батыл қадам деп бағалаған және қолдаған жөн.
Бар болғаны жарты сағаттық сұхбатта: «имамдардың біліктілігі», «жат ағымдар», «ел бірлігі» сияқты көпшіліктің көкейінде жүрген көп сауал қамтылды, тағылымды ойлар ортаға тасталды, тұщымды жауаптар қайтарылды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының еліміздің басты арнасы – «Хабар» арнасына берген сұхбатын ой елегінен өткізе келе, бүгінгі таңдағы мүфтияттың жұмысында жүйелілік бар екендігіне көзімді жеткіздім. Атап айтар болсам, төл дініміздің ел ішіндегі маңызы мен ролін көтеру үшін, Ержан қажы Малғажыұлының басшылығымен халқымызды ортақ рухани құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне топтастыру жұмыстары қолға алынуда. Бұл ретте, жергілікті жерлердегі имам-молдалардың біліктілігін арттыра отырып, діни басқарманы мұсылмандарды біріктіруші орталыққа айналдыру мақсаты көзделінуде. Меніңше, бұл құптарлық қадам. Өйткені, халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатын дініміздің кім көрінгеннің ермегіне айналып, тартыс пен талас алаңының құралы болып кетпес үшін дін басында білімі мен білігі жарасқан жандардың болғаны ләзім. Сөзінде салмақ, ісінде береке бар тұлға ғана соңынан көпті ертіп, ұлы мақсаттар төңірегіне топтастыра алады.
Елім десе ішкен асын жерге қоятын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қай жерде болмасын, баянды бақыттың бастауы – бірлік пен береке атаулысын әңгімесіне үнемі арқау етіп отыратынын бәріміз жақсы білеміз. Осы ретте дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлының да түйін сөзі ел ішіндегі өзара татулық пен ынтымақ болды. Бірлігі бекем елдің болашағы баянды деген осы болса керек.
Шәріпхан Тоқтағұлов,
КШТ ақсақалдар алқа төрағасы,
Өскемен қаласы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.10.2014
5036
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру