Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

А.Тлеубергенов: Құран күллі ғылым бастауы

19.10.2014 9368 0 пікір

Ұлы Жаратушы адамзатты қараңғылықтан нұрға шығарар шамшырақ етіп Құран Кәрімді Өзінің сүйікті құлы, әрі Елшісі адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) түсіргенде: «Болашақта дәлелдерімізді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде Құранның ақиқат екендігіне олардың анық көздері жетеді[1]», – деп баян етеді. Яғни, келешекте адамзаттың күллі болмысы мен Құран арасындағы тылсым байланысты түгел зерттеп, ақыр соңында Құранның Ұлы Жаратушының кітабы екендігіне нағыз ақыл иелерінің көздері жетеді дейді.

Құран Кәрім жоқтан жаратылған жеті қат әлем атты алып кітаптың шексіз тәржімесі, яғни түсіндірмесі. Ұлы Жаратушы әлемді Өзінің Ұлылығы мен құдіреттілігін таныту үшін жаратқан. Құдси хадисте Алла Тағала: «Мен құпия қазына едім. Мені танып білсін деп әлемді жараттым» – дейді. Әлем кітабын адамзатқа арнайы ұсынып, сол кітабы арқылы бізбен тілдеседі!

Ендеше, адам баласы алып кітапты оқып, оның тылсым сырын ақтарып, негізгі мақсатты табуы шарт. Әлемнің мән-мағынасын ұғынуы керек. Бірақ адам баласының санасы өлшеулі. Сансыз болмыстың құпия сырын адамзат Ұлы Жаратушының пайғамбары арқылы жіберген кітап кілтімен ғана аша алады. Ол Ұлы Жаратушының әлемді көз алдымызға елестетіп, бізге танытқан Құран кітабы[2].

Ұлы Жаратушы осынау әлемді жаратушы болғандықтан ондағы тылсым сырларды да Өзі біледі. Болмаса, оқу-жазу білмеген адам ғылым жайында кітап жазуы әсте мүмкін емес. Ендеше, ғаламның жаратылысы мен оның тылсым сырларын Құранда кім баян етуі мүмкін? Сол заманның барлық ғалымдары жиналса да олардың он ғасырдан кейін ашылатын жаңалықтарды ашуы еш қисынсыз. 

Құран астрономия, химия, геология, физика т.б ғылым салаларына байланысты жаңадан ашылып жатқан жаңалықтарды сол уақытта-ақ баян еткен. Және келешекте ашылатын жаңалықтардың бәрі Құранды растайтыны даусыз[3]. Енді ғылыми жаңалықтардың Құранда айтылған аяттардың байланысына тоқталатын болсақ, бұл айтылған шындыққа көзімізді жеткізген боламыз.

Қазіргі уақытта жартылыстану, физика, химия, астрономия салаларындағы көптеген ғалымдар өз зерттеулерімен Құран Кәрімнің аяттарын растауда[4]. Әуелі Құран Кәрімдегі мына аяттарға назар салайық: «(Ей, Мұхаммед! Оларға:) «Жерді екі күнде жаратушыны мойындамай, оған серік қоспақсыңдар ма? Бүкіл ғаламның Раббысы сол (Алла)» - деп айт. Ол жер үстінде тауларды жаратты, оған құт-береке дарытып, жер бетіндегілердің ризығын төрт күнде белгіледі. (Сұрағандарға бұл) бір жауап. Одан соң аспанды жаратуға кірісті, көк жүзі тұманданып тұрған еді. Одан аспанмен жерге: «Ерікті, еріксіз түрде келіңдер (әмірімді орындаңдар!)» - деп бұйрық берді. Ол екеуі: «Ерікті түрде келдік» - деп үн қатты[5].

Құран Кәрімнің бұл аяттарынан дүние жаратылар уақытында түтін немесе газ түрінде болғаны байқалады. Белгілі астроном Джеймс Джинс:  «Жаратылардан бұрын, дүниедегі барлық нәрсе газ халінде болған. Сол газ құрамындағы нәрселердің бірі-бірімен бірігуі нәтижесінде планеталар пайда болған», – дейді. Құран Кәрім осыдан 1400 жыл бұрын түсірілген. Қазіргі уақытта химиялық тілде «газ» деп аталатын химиялық заттың пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дәуірінде өмір сүрген арабтарға аты да заты да таныс емес-ті. Тек арабтар оны «духан» (түтін) деп атаған. Демек, Құран Кәрімнің дүниенің жаратылысы туралы берген мағлұматы рас, ғылыми зерттеулердің нәтижесі де соған дәлел[6].

Құран Кәрім түскен заманда Меккеде ғылыми-зерттеу орталығы тұрмақ, медресенің өзі жоқ еді. Солай бола түра, Құранның көптеген аяттары қазіргі таңда ғалымдардың бастарын қатырып жатқан сүбелі тақырыптарда сөз қозғайды. Алла тағала: «Кәпірлер аспан мен жердің біртұтас болғанын, сосын оларды ажыратқанымызды көрмей ме? Және Біз судан бар тіршілік иесін жараттық. Олар осыған да сенбей ме?[7]» – дейді. Бұл аят Құран Кәрімдегі мұғжизалардың[8] яғни, Алланың барлығына дәлелдің бірі. Өйткені аятта айтылғандай, жер мен аспан бір болып, кейін бір-бірінен ажыратылғанын қазіргі ғылым дәлелдеуде[9]. Бұл жайында енді ғалымдар не дейді? Ғалымдардың айтуынша, әуеліде барлық нәрсе газ қалпында болып, кейін бөлшектерге бөлінген. Күн жүйесі де сол бөлінудің нәтижесінде пайда болған. Бұған дәлел жердегі 92 химиялық элементтердің 67-сі күнде бар екендігі. Сондай-ақ, айда да жердегі химиялық элементтердің кездесетіні анықталған. Осыдан Құран Кәрімде айтылғандай, әлемдегі барлық нәрселердің пайда болған түп негізі бар екені көрінеді.

Енді аяттың «Біз судан бар тіршілік иесін жаратқанбыз» дегені, ғалымдар ашқан ең жоғары деңгейдегі ғылыми ақиқат осы десек артық емес. Өмір сүру мен өсіп-өну үшін қажет болған химиялық өзгерістер судың қатынасынсыз болмайды. Бұл даусыз нәрсе.

Жер жүзінің үштен екісі судан тұрады. Ол біріншіден, жер бетіндегі ауаның қызуы бір қалыпта болуына ықпал етсе, екіншіден, жер бетіндегі тіршіліктің көзі, негізі де болып табылады.

Судың бұл айтылғаннан да басқа қасиеттері баршылық. Олардың әрбірі Алла Тағала суды жәндіктердің өміріне себеп болатын нәрсе етіп, жаратқандығына дәлел.

Мысалы: химиялық заңы бойынша суықтың әсерімен әрбір денедегі судың химиялық құрамы қысымға түсіп, нәтижеде қоюланып, салмағы ауырласа, суықтың әсерімен мұзға айналған судың көлемі ұлғайып, салмағы жеңілдейді. Осының нәтижесінде мұз астындағы судың бойындағы жылудың сақталуына ықпал жасайды. Егер судың бойында мұндай қасиет болмаса, теңіз, көл, өзен сулары тұтасымен мұзға айналып, ондағы жәндіктер түгел қырылып қалар еді. Құран Кәрім осыған меңзейді. Дүниедегі ешбір кітап Құран тәрізді аз ғана сөзбен жер жүзіндегі тіршіліктің шексіз сырларын баян ете алмаған[10]

Құран Кәрімдегі көптеген аяттар аспан, жер және бізді қоршаған галактиканың жаратылуына көңіл аудару арқылы бір Жаратушы Иеге деген сенімді күшейтуге үндейді. Алла Тағала: «Сенбейтіндер аспан мен жердегі Алланың иеліктеріне назар салмай ма?» – деп, және осыған ұқсас көптеген аяттарда «Ойламайсыңдар ма?», «Көрмейсіңдер ме?» деген сөздермен құлдарын әлемге қарап ойлануға, ізденуге шақырады. Сондықтан да адам баласы Құран Кәрімде айтылған шындыққа жанасатын ғылыми мәліметтерді біліп, солардың негізінде Құран Кәрімді Хақ Тағаланың сөзі және Оның барлығына, бірлігіне дәлел ретінде қабылдаулары керек. Өйткені адам санасы басқа жаратылыстарға қарағанда жоғары ғой.

Құрандағы тағы бір ғажайып зерттеушілердің теңіздің ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі «Рахман» сүресінде былайша баяндалады:

«Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды».

Бір-бірімен қабысып жатса да сулары араласпайтын теңіздердің жоғарғы аятта айтылған ерекшелігі жақында ғана мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен табылды. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әртүрлі болуы – екі теңіздің суларын бір-біріне араластырмай  ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.

Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер әлі адамдардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін дәуірде Құран Кәрімнің бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы ойланған адамға көп нәрсенің бетін ашары сөзсіз[11].

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша, жер бетінен секундына 16 миллион тонна су буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер – бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер бұл тепе-теңдікте сәл де болса бір өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғады.

Жаңбырдағы мұндай аса шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді.  Жаңбыр бұлттары – қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа есеппен алғанда 8-10 км/сағ аспайды.[12]

Міне, ғалымдардың енгізген жаңалығының бірі Құран Кәрімде енді былай делінеді:

«Алла Тағала көктен белгілі бір мөлшермен су жіберуде. Біз онымен өлі бір өлкеге жан беріп, құлпырттық. Міне, сендер де осылай қайта тірілесіңдер»[13], – деп баян етіледі.

Адам баласының өмір сүруі үшін оттегінің мәні айтпаса да белгілі. Біздің дем алуымыз – ауадағы оттегінің өкпемізге кіруін қамтамасыз етеді. Ал, биіктеген сайын жер шарының атмосферасы жұқара түсетіндіктен, атмосфераның қысымы мен қан айналымына түсетін оттегінің мөлшері азая түседі. Яғни, дем алу қиындай түседі де, өкпе қысылады. Белгілі бір биіктіктен кейін адам баласы дем ала алмайды. Теңіз деңгейінен 5000-7500 метр биіктіктегі адам дем алудың қиындығынан талып та қалады. Осы жоғарыға көтерілген сайын оттегінің азая түсетінін қазіргі ғылым соңғы ғасырларда тауып отырса, Құран 1400 жыл бұрын былай деп дөп басып айтып кеткен:

«Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін Исламға ашады. Ал, кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін бейне бір көкке көтеріліп бара жатқандай қысады[14]».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұшақ жасап, биікте көтеріліп ұшпағанын және өмір сүрген Мекке, Мәдинаның төңірегінде төбесіне шыққан адамның кеудесі қысылатындай биік таулардың жоқтығын ескерсек, бұл ақиқатты жеткізген Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шынайы  пайғамбарлығы мен Құранның хақтығының алдында қалайша бас имессің?![15]

 Алпамыс Тлеубергенов
Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің Бас имамы



[1] «Фұссилат» сүресі, 53 аят

[2] «Құран кімнің сөзі» 15-16 бет

[3] «Құран кімнің сөзі» 65 бет

[4] «Имандылық негіздері» 40 бет

[5] Құран фұссилат сүресі 9-11аяттар

[6] Имандылық негіздері 40 бет

[7] Құран әнбия сүресі 30 аят

[8] Адам әрекетінен тыс нәрсе

[9] Имандылық негіздері 41 бет

[10] Имандылық негіздері 41-42 беттер

[11] Ақиқат шуағы 122-123 беттер

[12] Ақиқат шуағы 131-132 беттер

[13] Зұхруф сүресі 43 аят

[14] Әнғам сүресі 125 аят

[15] Ақиқат шуағы 129 бет

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру