Көпке үлгі етер жаны жайсаң қайырымды жандар аз ба?! Мен білетін сондай ұлтжанды, дінжанды әрі қайырымды азамат Серік Тынымбекұлы Шабановтың мамандығы заңгер. Тұран университеті мен Қазақтың мемлекеттік басқару академиясын да бітірген. Қызылорда қаласында дүниеге келген бұл азамат өз кезінде Отан алдындағы борышын абыройлы орындап, әскери және саяси дайындықтың үздігі атанған. Еліміз бен халқымыздың тарихына қанық ұлтжанды азамат бұл күндері біз мақтан етер ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы көзі ашық алашордашыл зиялыдардың ұстанымы мен идеясын бүкіл жан дүниесімен қолдайды. 2003 жылдан бері «Ақжол» партиясының мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Қазақ, орыс және неміс тілдерін меңгерген. Тәуелсіз еліміздің өз аяғынан тұрып, одан әрі өркен жайып, рухани дами түсуіне қолынан келгенінше атсалысуды өзіне зор абырой санайды.
Ұлттық ізгі де адамгершілікке тұнған асыл қасиеттерді бойына сіңіруге күш салуда. Тұрақты намазхан ретінде қаланың Медеу ауданына қарасты «Фатима» мешітін ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге, оның айналасын шарбақпен қоршатып, безендіріп, аяқ жол жасатуға, сондай-ақ қосалқы құрылыстарын жүргізуге атсалысты, сондай-ақ бірқатар балабақша мен балалар алаңдарын ретке келтіруге де әл-қадірінше қолғабыс етіп жүр. Өз кезінде Қызылағаштағы табиғат апатына ұшырағандар үшін қаржылай әрі азық-түлікпен көмектесушілердің қатарында бүкіл халықтық қайырымдылық іс-шарасына да қатысты. Жастар тәрбиесімен үзбей шұғылданады. Спорттық, патриоттық шаралар өткізумен бірге өзінің жеке үйінде заң кеңесіне мұқтаж жандарды жиі қабылдайды. Оларға, тәжірибелі заңгер ретінде құқықтық және заң тұрғысынан тиісінше қажетті кеңестер беріп жүр.
Оның отбасы Алла разылығы үшін жетім балалар үйінен 5 жасар қызды асырап алып, тәрбиелеуде. Бұл күндері әр жылы мектеп оқушыларының жазғы демалысы кезінде бірнеше бүлдіршінді уақытша тәрбиелеуге алатын отбасылар қатары өссе, соның бірі осы Серік Тынымбекұлының жанұясы. Оның ұстанымы: «Жетім көрсең жебей жүр». Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жетімге қамқорлық жасаған адаммен жәннатта дәл осындай жақын боламын» - деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткені белгілі.
Расында да жаны жайсаң Серік Тынымбекұлының осынау ізгі қасиеттері мен қайырымды іс-шаралары қай-қайсымыз үшін де үлгі.
Ақсұңқар Өмірбек,
Алматы қаласы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.10.2014
4557
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру