Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Серікбай қажы ОРАЗ: БАСТЫ БАҒДАРЫМЫЗ – БЕЙБІТШІЛІК

29.09.2014 4464 0 пікір

Серікбай қажы ОРАЗ
ҚМДБ-ның төрағасының орынбасары, наиб мүфти,
 «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

БАСТЫ БАҒДАРЫМЫЗ – БЕЙБІТШІЛІК

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір өсиетті сөзінде: «Басшылар – Алла­ның жер бетіндегі көлеңкесі. Кім басшыны құрметтесе, Алла оны құрметтейді», – деген. Ал, Исламның ғұлама ойшылы әл-Фудайл: «Егер қабыл болар тіле­гімді білгенімде, онда ел басқарушыға дұға жасар едім», – деп өшпес өнеге айтқан. Өйткені, басшының игі сөзі мен ізгі ісі бар­лық адам үшін шарапаты мол.

Біз мұны киелі мекен, ұлты­мыздың ұлағатты ұясы – Ұлытау төрінде Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сұхбатынан тағы бір рет аңғардық. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға Елбасы аса ыждағаттылықпен, даналықпен жауап берді. Президент толғанысы діни орта мен жамағатты да жігер­лендіріп, көңілге көрікті ой қосты.

«Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматты – білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Құдайға шүкір, діні­міз өзіміздікі, қолымызға тиді. Қазір бізге ешкім одан алшақта деп айтпайды. Әркімнің өз еркі бар», – деді дініміздің жанашы­ры. Тәуелсіздігіміз бен татулы­ғымыздың арқасында бір кездері қысым жасалған асыл дінімізді қайта насихаттаудың тамаша мүмкіндіктері туды. Мешіт, медреселерімізде, Ислам институты мен «Нұр-Мүбәрак» университетінде болашақ имамдар ілім алуда. Аллаға шүкір, діни салада білімді азаматтар көбейіп келеді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы лауызымды қызметке бірауыздан сайланғанда бүкіл имам-молдаларға: «Кемінде 5 шәкірті жоқ имам – толыққанды имам емес», – деген талап қойған болатын. Осы талаппен дәстүрі мен дінін құрметтейтін, Отанын, елін сүйетін, ана-анасын сыйлайтын, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсететін иманды, ұлағатты ұрпақ сабақтастығы қайта жалғанды.

Елбасы мұсылмандар арасын­дағы ауызбіршілік мәселесін де сөз етті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағатты мейірім, кешірім, даналық жолымен бір мақсатқа біріктіруге басымдық беруде. Жұмыстың нәтижесі болар, «Құранымыз бір, пайғамбарымыз бір, дініміз бір, неге біз бөлінеміз?», деп діни көзқарасын өзгерткен жастар дәстүрлі дінімізбен қайта қауышуда.

Елбасы қан төгіп, соғыспен, дін­мен мемлекет орнатып, мемле­кеттік дін жасаймыз деп жүрген­дер жайлы да толғанысын білдір­ді. «Ислам» деген сөз – «аман­дық, есендік, мойынсұну, бағы­ну, берілу» ұғымын білдіреді. Ислам – жер бетінде тыныштық пен бейбіт­шілік орнату үшін жіберіл­ген соңғы дін. Асыл дініміздің осындай құндылықтары жайлы жұма уағыздарында жиі айтылуда. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі жиһад жасау мен қантөгіске қатысудың дұрыс емес екені жайлы пәтуа шығарып, осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы айтқандай, Құранның қасиет­ті үкімдерін орындау үшін кем­тарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру секілді мазмұнда насихаттарға көңіл бөлініп келеді. ҚМДБ өз қызметі аясында жариялаған «Дін мен дәстүр» жылына орай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, Отанды сүю, жақсы отбасы құру құндылықтарын көбірек наси­хаттауға көңіл бөлуде. Бірлікке, игілікке, мейірімділікке үндейтін «Дін мен дәстүр» кітабының екіншісі дайындалуда.

Қазіргі таңда өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа кейбір жастарымыз білместікпен, жиһад (Алла жолында күрес) ұғымын толық түсінбеу салдарынан қантөгіске араласуда. Асылында, бір елдің ішкі шаруасына араласуға ешкімнің ақысы да, қақысы да жоқ. Әр мұсылман елі­нің өзінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтилері бар.

Мақсаты айқын емес, Сирияға не үшін барғанын білмейтін және кіммен соғысып жатқанынан бейхабар кейбір жастарымыз білімсіз шешім шығарып, шариғатқа да, адамгершілікке де жат қадамдарға баруда. Асылында, Аллаға мойын­сұнған, бейбітшілікті мұрат тұтқан мұсылмандар адамдарды таласуға емес, татуластыруға ұмтылуы тиіс.

Мұсылманшылықтың мұра­ты – ұлттар мен ұлыстарды ұйымшыл­дыққа ұйыту, өзгеге қылдай қиянат жасамау. Адамзатты имандылыққа үндеп, ата-ананы қадірлеуге, көр­ші мен ағайынға көмектесуге ша­қыр­ған Пайғамбарымыз Мұхам­мед­тің (с.ғ.с.) бір хадисінде шы­найы мұсылманды – «өзгеге қолы­мен де, тілімен де зиян тигізбеген адам» деп сипаттаған сөзі кез кел­ген­ пендеге қай кезеңде болсын­ бас­ты бағдар, өлмес өнеге, үзілмес үлгі.

Ислам – жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді. Асыл дін­нен қуат алған халқымыз қамық­қанға қамқор болып, ұрпақты адам­гершілікке, инабаттылыққа тәр­биеледі. Бұл игі дәстүр бүгін­гі­дей бейбіт заманда да қайта жанданды.

Алла тағала бірлігі бекем еліміздің, ынтымаққа ұйысқан ұлтымыздың Тәуелсіздігін мәңгі еткей! Жаратушы Иеміз татулықты басты тірегі еткен халқымызға әрқашан жар болғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру