Зүл-Хижжаның алғашқы он күні. Орыс тілінде оқу

Құрметті мұсылман бауырлар! Алланың қалауымен, шамамен қыркүйек айының 24-i күні ақшам намазының кіруімен берекелі Зүл-хиджа айы басталды. Аталмыш айдың алғашқы он күніне тән өзіндік ерекшеліктер бар. Енді осы он күн ішінде қандай амал істесек болады, соны әңгіме етсек. Бұл тым нәзік әрі маңызды мәселе. Себебі, өкінішке орай, мұсылмандардың басым көпшілігі бұл он күнді құлшылық етумен өткізгені былай тұрсын, оның қасиеттілігінен бейхабар. Сол себепті казіргі таңда қаншама мұсылман аталмыш күндерді еш пайдасыз өткізуде.
Ендеше бұл күндердегі істеуге тұрарлық игі істерге назар аударайық:
1. Зүл-Хижжә – Алла тағала қасиетті еткен айлардың бірі. Себебі, осы айда мұсылман пенде Хақ Тағала міндеттеген қажылық парызын орындайды. Қажылық – Зүл-Хижжә айында орындалатын құлшылықтың ұлығы. Зүл-Хижжә айында қажылықпен қатар ұмра да орындалады. Ал қажылық және ұмра – ғибадаттың абзалы. Жалпы қажылық пен ұмра-ның артықшылығына қатысты хадистер жетерлік. Бұған дәлел ретінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Бiр рет ұмраға барғаннан кейiн екiншi рет ұмраға бару – арада iстелген күнәларға кәффарат болса, шариғат талабына сай орындалған қажылықтың сыйы тек жәннат болады», – дейді.
2. Ораза ұстау. Шамасы жеткен адам Зүл-Хижжәнің бастапқы тоғыз күнін ауыз бекітумен өткізгені жөн. Тіпті, оған жағдайы келмеген адам ара-арасынан бірнеше күн ұстаса да болады. Бұл мәселеде «неғұрлым көп болса, сол ғұрлым жақсы» деген қағиданы ұстанған жөн. Ескерту: шариғат бойынша айт күні ораза ұстау – мәкрүһ. Осы себептен Зүл-Хижжә басында тек тоғыз күн ораза ұстауға рұқсат.
Ораза құлшылықтың ең абзалы екенінде ешбір күмән жоқ. Жаратушы Иеміздің: «Адам баласының бар амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Оразаның есесін Мен Өзім беремін», – дегені осының айғағы. («Сахих Аль-Бухари», 1805.)
Келесі мәселе: қажылық сапарына шыққан пенде – дін жолында жүрген болып есептеледі. Әрине, пенденің көкейінде абырой, атақ үшін деген арам ниеттер болмаса жақсы. Ал дін жолында жүрген пенденің ораза үшін болатын сыйы жөнінде Расулулла (с.ғ.с.): «Қайсы бiр пенде Алла тағала жолында бiр күн ораза ұстаса, Алла тағала соның себебінен оның жүзiн тозақ отынан жетпiс жылға алыстатады» дейді. («Канзу Аль-`Уммаль», 10809).
3. Арафа (Арапа) күні ауыз бекіту. Имам Әбу Дауд риуаят етеді:
«Расулулла (с.ғ.с.) Зүл-Хижжәнің тоғызыншы жұлдызында (яғни, Арафа күнi), Ашура күні… ораза ұстайтын». («Тахзибу Сунани Аби Дауд», 2435).
Осы жерде ескере кетер жайт, Арафаның тоғызыншы жұлдызында тек қажылықта жүрмеген мұсылмандар ораза ұстайды. Қажылық парызын орындап жүргендер Арафа күні ораза ұстамайды. Себебі, бұл күн олар үшін мейрам;
4. Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде ерекше көп зікір ету. Бұл – шариғи ұлық сүннет амалы.
Біріншіден, бұл Алла Тағаланың әмірі: Себебі, «Хаж» сүресінің 28-аятында: «Олар белгілі күндерде Алла та-ғаланың есімін зікір етсін», – делінген.
Абдулла ибн Аббас (р.а.) бұл аяттағы «белгілі күндерде» сөзін «Зүл-Хижжә айының бастапқы он күні» деп тәпсірлеген («Сахих Аль-Бухари», Айт кітабы).
Екіншіден, Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «…Осы күндерде көп тәһлил, тәкбір және тахмид айтыңдар!», – деген («Муснад Аль-Имами Ахмад»).
Сонымен қатар, «Сахих Әл-Бұхариде» келетін мына бір хадисте: «Ибн Омар және Әбу Һурайра (р.а.) Зүл-Хижжә айының бастапқы он күнінде базарға барып тәкбір айтатын әрі сондағы адамдар оларға қосылып Алла тағаланы ұлықтайтын. Ал Мұхаммед ибн Алидің (р.а.) нәфіл намаздардан соң тәкбір айтатын әдеті болатын», – делінген («Муснад Аль-Имами Ахмад»).
Осы айтылғанның негізінде ғалымдар: «Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде ерекше көп зікір айту – мустахаб», – деген тұжырымға келген.
5. Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде айтылатын тәкбір үлгілері: Исхақ табиғин (р.а.) ғалымдардың Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде: «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар. Лә иләһә илләл-лаһу уал-лаһу әкбар. Аллаһу Әкбар уа лилләһил-хәмд», – деп тәкбір айтатыны жайында риуаят еткен. Сондай-ақ, әркім өзі білген тәкбір түрлерін айтса болады. Мысалы: «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар кабира», «Субханал-лаһи, уәл-хамду лил-ләһи, уә лә иләһә илләл-лаһу, уал-лаһу әкбару, уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә бил-ләһ» немесе: «Лә иләһә илләл-лаһу, уахдаһу лә шәрикә ләһу, ләһүл-мүлкү, уә ләһүл-хамду, уә һуа ъалә күлли шайин қадир».
Ерлер тәкбірді біршама көтеріңкі дауыспен айтса, әйелдер іштей айтады. Бұл такбірлер топ болып ай-тылмайды. Яғни, әркім өзі айтқаны абзал. Сонымен қатар, бұл іске өзгелерді мәжбүрлеу дұрыс емес. Біздің міндет – ескерту, есіне салу. Әрі қарай санасы бар пенде бұл амалды өзі-ақ істеп кетері сөзсіз.
Құрметті мұсылман қауым! Бұл үлгідегі зікірлер жәй зікір емес. Ол, Хақ тағаланың: «Сендерді тура жолға салған Алла тағалаға шү-кірлік етулерің үшін Оны ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят), – дегеніне сай, Жаратушы Иеге болған шүкіршілігіміздің үлгісі.
Тәкбірге қатысты келесі мәселе: Зүл-Хижжә айында айтылатын тәкбірлер екі түрге бөлінеді: мұтлақ (шектелмеген) және муқаййад (шектеулі).
Мұтлақ тәкбір – Зүл-Хижжә айының бірінші күнінен айтылады әрі аталуына сай оны айтудың уақыт, сан, рет және орын тұрғысынан шектеу жоқ. Яғни, мұтлақ тәкбірді Алла тағаланы зікір ету мәкрүһ болмаған кез келген орында айтса болады.
Муқаййад тәкбір – Зүл-Хижжа айының бес күнінде, яғни «ташриқ» күндерінде намаздардың парызынан соң айтылатын тәкбір. Дәлірек айтар болсақ, тәкбірді айту Арафа күнінің таң намазынан басталып, айттың төртінші күнінің аср намазымен тәмамдалады.
Муқаййад тәкбірдің бір ғана үлгісі бар. Ол: «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар. Лә иләһә илләл-лаһу уал-лаһу әкбар. Аллаһу Әкбар уа лилләһил-хәмд».
Зікірге қатысты мәселе: «зікір» ұғымын тек кәлима айту, «субханаллаһ», «әл-хамду лил-ләһ» сынды дұғаларды қайталап айтумен шектеу дұрыс емес. Себебі, пендені Хақ тағаланың разылығына лайық ететін кез келген ізгі амал зікірге жатады. Осы себептен, бұл қасиетті күндерде зікірлердің абзалын, яғни көп Құран оқысақ тіпті жақсы болады;
6. Алла тағаланың разылығы үшін мұқтаждарға көп игі іс жасау, яғни жақсылық істеу. Тіпті, сүннет талабына сай біреудің жүзіне жайдары қараудың өзі жақсы амалға жатады. Егер мұсылман бауырыңызға жылы шырайлы болудың өзі бір жақсылық болса, онда бір мұқтаж мұсылманның қажетін өтеу қаншалықты сауапты болмақ?!
7. Көп дұға ету. Зүл-Хижжәнің бастапқы он күні – дұға маусымы. Мұсылман пенде осы кезде Хақ тағалаға көп мінәжат етіп, дұға еткені абзал. Себебі, дұға – ғибадаттың негізі. Дұғада өзіміз, отбасымыз, Отанымыз, бүкіл мұсылман үмметі үшін Жаратушы Иенің рахметі мен жарылқауын тілеген жөн;
8. Тәубеге келу. Бұл мұсылманның борышы. Күнәміздің кешірілуінің бірден-бір жолы – тәубешіл болу. Тәубеге келу – осы амалдар маусымында істелетін ұлық игі істердің бірі.
Негізінде, әрбір амалдың негізгі қызметі – пендені Алла тағаланың разылығына лайық ету. Тәубе пендені сол Жаратушы Иенің разылығына лайық ететін амалдың бірі. Себебі, біріншіден: «Ақиқатында, Алла Тағала тәубешіл пенделерін жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят).
Екіншіден: «Бүкіл адамзат – қателесуші. Ал сол қателесушілердің ішіндегі ең аб-залы – тәубешілдері» («Сунану Ибн Маджа», 4251).
Ендеше, амалдар қабыл болатын, Алла тағаланың рахметі молынан жауған осы амал маусымында ғапыл болып қалмайық!;
9. Көп нәпіл құлшылық істеу. Жоғарыда ораза, зікір, дұға жайында айтып өттік. Соған қосымша көп садақа берсек, өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйсақ, көп нәпіл намаз оқып, т.б. құлшылық түрлерін орындасақ, иншалла, нәпіл құлшылықтың ақысын берген боламыз!
Бұл мәселеде бізге пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Пенделер Тәңіріне құлшылық ететін күндердің ішінде Алла тағала үшін Зүл-Хижжәнің он күнінен артық жақсы көретін күндер жоқ», – дегені демеу.
Сөзімізді нәпіл құлшылықтың артықшылығына қатысты хадиспен тәмамдасақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Хақ тағала айтады: «Мен Маған жақын болған пендеммен жауласқан адаммен жауласамын. Пен-демнiң Маған жақын болу мақсатымен iстеген амал-дарының iшiндегi Мен үшiн ең жағымдысы – оған парыз еткенiмдi орындауы», – дейді. («Сахих Аль-Бухари», 6137).
10. Айт намазын оқу. Айт күні айт намазын оқу – үлкен ғанибет. Әлемде түрлі жұрттың түрлі мейрамы бар. Сол сияқты мұсылмандардың мерекесі – айт. Алайда, мұсылман мейрамының өзгелерден ерекшелігі неде? Өзге мейрамның бәрі – адамдардың қиялының нәтижесі. Сондықтан олардың көбі Алла Тағаланың разылығына емес, бәлкім наразылығына тап етеді. Ал біздің мейрам – бір әкім, көсем не болмаса данышпан емес, бүкіл әлемді жаратушы Алла Тағаланың үкімі мен сыйы. Сондықтан, мұсылман айт кезінде екі нығметке бөленеді. Оның біріншісі – мейрам қуанышы. Екіншісі – Хақ тағаланың рахметі мен разылығы.
Айт намазын оқу – уәжіп амалға жатады. Сондай-ақ, айт намазын парызға жатқызып, өз сөздеріне құжатты дәлел келтірген ғалымдар да болған.
Хақ тағаланың назарында бір күннің қасиеттілігі қаншалықты жоғары болса, сол күні істелген күнәнің де салмағы соған сай ауыр болады. Сондықтан ғұмырымыздың осы қасиетті бөлігін қадірлей білейік, құрметті мұсылман қауым!
Абдуссамад МАХАТ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.09.2014
6535
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру