Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ғалымжан ӘБІЛДАҰЛЫ: Бидғатты айта берудің өзі бидғат

24.09.2014 5334 0 пікір

 Қазір қоғамда, әсіресе жамағат арасында бидғат деген сөз жиі       айтылатын болды. Тіпті, кейде базбір бауырларымыз: «Мына әрекетің бидғат қой», – деп, онсыз да имандылық жолына түсе алмай жүргендерге ауыр сөз айтып, олардың Исламға үрке қарауына себепші болып қалуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзінің уағыздары мен сұхбаттарында жамағатты бірлік пен игілікке үндеп, халықтар арасындағы бірлікті бекем етудің маңыздылығын айтуда. Расында да, бірлік орнаған қоғамға береке орнайды. Діни басқарма жамағатты бірлікке шақырып, татулықты ту етуге үндейді.   

 Біз осы ретте бидғатқа қатысты мәселелерге кеңінен тоқталуды жөн көрдік.  

Шариғат ғұламалары бидғатты екіге бөлген:

  1. Шариғатқа қайшы жол;
  2. Шариғатқа қайшы келмейтін баянды жол.

Біріншісі «бидғат залала» деп айтылады.

Сахабалар мен тәбиғиндардан кейін шариғатқа қайшы келетін түрлі ой-пікірлер мен іс-шаралар қолдан жасала бастады.

Имам Әл-Бәйһақи: «Ислам шариғатын екіге бөлеміз. Біріншісі, Құран мен сүннетте, шариғатта жоқ амалдар. Екіншісі, жақсы, игі, шариғатқа қарсы емес амалдар. Бұл амалдарға рұқсат етіледі», – деген. 

Имам Әбу Хамид Әл-Ғазали: «Шариғатта көрсетілмеген нәрселердің бәрін бірдей бидғат деп атауға болмайды», – деген. 

Ибн Ақир есімді ғалым айтады: «Бидғат екіге бөлінеді:

1) Бидғат хәди (жақсы бидғат).

2) Адасу бидғаты.

Егер Құран мен хадиске қайшы келмесе, мақтаулы болады».

Кейбір діни топтар елдің өркендеуіне, дамуына қажетті ғылым мен технологияларды бидғат санайды. Мысалы, түрлі көліктер, мешітке микрофон орнату, т.б. Бұлардың бәрі еңбек пен білімнің арқасында келеді. Сондықтан мәзһаб ұстанатын ғалымдардың пікіріне сүйену қажет.

Имам Әбу Ханифа мәзһәбында парыз, уәжіб, мустахаб, мәкруһ, харам атты амалдар бар.

«Бидғат» жаңалық енгізу дегенді білдіреді. Негізінде, бидғат ұғымының нақты шегі жоқ. Мұсылмандардың бәрі өз дінін толық біле бермейді. Бірақ, Аллаға шүкір, дінді тура жолмен оқыту, жеткізу тоқтамайды, жалғаса береді. Исламның нұры мүміннің жүрегінен орын алған.

Бидғатқа Исламның көзқарасы қалай?

1.Баянды қарар шығару.

2. Шариғатқа ақылға  сүйенуді қажет етпек.

3. Тәжірибе жасауды талап етпек.

Исламда бидғат қай кезде, қашан басталды?

Мысалы, Османның (р.а.) шәһид болуынан, басқа ұлттардың топ-тобымен Ислам дінін қабылдауынан басталды. Бидғаттың негізін құрушылар

Хауариждер болады. (Бидға.17 б. Али Айд Атия.).

Шариғаттың үкіміне қайшы келмесе, бидғат болмайды. Мысалы, Омар ибн Әл-Хаттабтың (р.а.) тарауих намазын жиырма ракағат етіп оқуды, сахабалармен кеңесіп, бекітуі.

Кейбір ғалымдар бидғат жақсы-жаман болып екіге бөлінеді дейді.

Алла Тағала сахабалар мен мұһажирлерге разы болды, әрі оларды мақтады. Бұған мына аят дәлел: «Мұһажирлерден, ансарлардан алғаш иман келтіргендерге, жақсылық істеумен оларға ілескендерге Алла разы болды». («Тәуба» сүресі, 100-ші аят).

Имам Әш-Шафиғи бидғатты жақсы және жаман бидғат деп екіге бөлді.

Хармала ибн Яхия: «Имам Әш-Шафиғи бидғатты жақсы және жаман деп екіге бөлді. Құран мен хадиске қайшы келмесе, жақсы бидғат болады», – деді. Мәселен, Омар ибн Әл-Хаттабтың тарауих намазын жиырма ракағат етіп бекітуі (Бағус, 12-бет. Ибн Шәммәһ).

Имам Әл-Ғазали: «Бір себептермен кейбір жағдайға байланысты бидғат кейде уажіб болып қалады» (Ихия улумидин.  2-том, 3-бет. Имам Әл-Ғазали), – деген.

Әбдул Хақ Дахлауи Мишкат кітабында: «Расулдан (с.а.у.) кейінгі жаңа істердің бәрі бидғат», – дейді. Егер бидғат сүннет пен шариғатқа қайшы келмесе, жақсы бидғат болады. Ал, қайшы келсе, жаман бидғат болады. Осы пікірді Әбду Салама қолдады. (Иғтисам, 76-бет. Имам Шатиби).

Бидғаттың себебі: Бірінші, араб тілін түсінбеу. Сондықтан білімді болу керек. Алладан білім мен даналық сұрау керек. Бұған дәлел Ибраһим мен ұлы Исмағил екеуінің Алладан былай деп дұға жасаған: «Раббым! Оларға өз ішінен Өзіңнің аяттарыңды оқып беретін, кітабыңды және даналығыңды үйрететін, оларды тазартатын бір елші жібергейсің». («Бақара» сүресі, 129-шы аят).

Екінші, ұқсас аят пен хадистің астарлы мағынасын қалдырып, ашық мағынасын ғана қолдану.

Имам Шатиби ұқсас аят хадистің мағынасын «хақиқи» (Құрандағы үкім және соған ұқсас аяттар. Ұқсас аяттың әріп мағынасын Алла біледі) және «мәжәзи» (Құрандағы астарлы мағынадағы аяттар) деп екіге бөлді (Муафақат. 3-том, 54-бет. Имам Журжани).

Үшінші, ұқсас аяттар мен хадистер беске бөлінеді:

1) Қанша (жалпылай, жекеше).

2) Қалай (уәжіб, мұстахаб).

«Сендер (үйленгенде) жетім қыздар жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш, төртке дейін алыңдар. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қол астарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға ең жақыны осы». («Ниса» сүресі, 3-ші аят).

3) Заман. Аят пен хадисті заманның талабына сай қолдану. Құран мен хадисте насых және мансұх үкімдер бар.

«Егер сендерден сабырлы жиырма кісі болса, екі жүзді жеңеді». «Әзір Алла, сендерден (жүкті) жеңілдетті. Шынында сендерде әлсіздік барлығын білетін еді». («Әнфал» сүресі, 65-66-шы аяттар). Сосын Алла Тағала жеңілдетті.

4) Орын, белгі.

«(Ей, Мұхаммед) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды. Оларға: «Ол, адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу», деп айт». («Бақара» сүресі, 189-шы аят).

5) Шарт.

Мысалы: Бұзуға болмайтын шарттар, намаз бен некенің шарттары, т.б. Ал, шариғаттың мақсаты:

А) Дін бекіткен қажетті міндеттерді (ақыл, мал-дүние, жан, жер және намысты) сақтау.

Ә) Қажетіңді (машақаттан шығу, жолсапарда намаздың парызын қысқартып оқу, әйелдер етеккірі келгенде тазарғанға дейін намаз оқымау) сақтау.

Б) Жақсылықты сақтау. Адамгершілік қағидалары мен әдет-ғұрыпты сақтау.

Құлшылық дегеніміз: Алланың әмірлерін орындау. Ал, әдет-ғұрып күнделікті өмірде қолданылатын іс-әрекеттер. Мысалы, тіршілікке пайдалы әр саланың білімін меңгеруі, тәжірибе алмасу т.б.

Имам Шатиби есімді ғұлама былай деді: «Бидғат дегеніміз – харамды халал, халалды харам деуі. Намазды дәретсіз оқуы. Сүннет амалды қалдыруы. Жамандықтан қайтармауын», – бидғат деді.

Ақидадағы бидғат. Алла елшісінің (с.а.у.) айтқанына қарсы келу. Мужассимдер мен Хауариждер сүннет амалды орындауды теріске шығарды.

Имам Қарафи  бидғатың үкімін беске бөлді: «Уәжіб, мандүб, мұстахаб, мәкруһ, харам». Мысалы, күнә істеген пендені бидғатшы хауариждер мен қадарилер секілді «кәпір» деп айтуға болмайды. Бидғат ісі үшін бір мұсылман екінші мұсылманды кәпір деуге болмайды. Бұлай айту мұсылманды діннен шығарады. Дін ғұламалары иман мен кәпір мәселесіне кеңінен тоқталып, егжей-тегжейлі талқылаған.

Имам Әбу Хамид Әл-Ғазалидің пікірінше: «Кім жаннат пен тозақты, махшар алаңын жоққа шығарса, кәпір болады», – деген.

Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту (Бидғат. 369-бет. Али Айд Атия).

Бидғаттың кестесі: Хауариждер бидғат жасаумен әлемге әйгілі болған. Осы күнге дейін олардан қалған әсерлер әлемді шарлап жүр. Олардың жаманшылығынан сақтану керек. Хауариждер Осман мен Әлидің (р.а.) халифа кезінде мұсылмандардың арасында бүлік шығарды. Хауариждер Әлидің (р.а.) халифаттығынан бөлініп кетті. Олар үлкен күнә жасағанды кәпір есептейді.

Маржиғиттер: «Кім үлкен күнә істесе, оның иманына зиян келтірмейді», – деп адасты.

Әһлүс-сүннәт уәл-жамағат мәзһәбы бұл нәзік мәселеге қатысты орта жолды ұстанады: «Үлкен күнә жасаған адам кәпір болмайды, оған тәубе ету керек», – деген (Милал уа нахыл. 1-том, 52-бет. Имам Шахрстани).

 

Мәуліт мерекесін атап өтудің шариғаттағы үкімі

Мәуліт күнін атап өту – мустахаб амал. Алла Елшісін (с.а.у.) жақсы көру – иманның негізі болып саналады. 

Шариғаттағы үкімі: Мәуліт айында мұсылмандар жиналып Расулға (с.а.у.) салауаттар, уағыз-насихаттар айтып, садақа беруі жақсы амал болып есептеледі. IV-V-ші ғасырдан ел басшылары қарар жасап шешім қабылдап, Мәуліт мерекесін салтанатты түрде атап өтуді дәстүрге айналдырды. Мәулітті атап өту Ислам шариғатына қайшы емес.

Фаузи есімді ғұламаның мәуліт туралы пікірі мынадай: «Шығыстан Батысқа дейінгі жерді алып жатқан мұсылмандар жыл сайын Пайғамбардың (с.а.у.) туған күні –  «Мәуліт мерекесін» атап өтеді».

Алла Тағала Расулды (с.а.у.) адамдарды қараңғылықтан жарыққа шығару үшін жіберген. Ислам дінінен бұрын жер бетінде зұлымдық, бұзақылық кеңінен етек алып, адамдар Алладан басқа мақұлықтарға сиынатын. Адамдардың кейбірі ғасырлар бойы ақиқатты іздесе, көбісі адасуда болды. Халық қараңғылықтан жарыққа шығаратын, ақ пен қараның ара жігін ажырататын бір пайғамбардың келуін күні-түні ынтыға күтті. Парсы мен Рум арасында шиеленіскен соғыс тоқтаусыз жүріп жатты. Исламнан алдын араптар қараңғылықта өмір сүрді. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) Исламды насихаттағаннан кейін Алла Тағаланың бірлігіне иман келтіріп, Кәғбаны пұттардан тазалады. Бүгінде мұсылмандар құт береке дарыған Мәуліт күнін атап өтуді дәстүрге айналдырды (Минбарул Ал-Азхар 2010/02).

Асылында «бидғат» деген сөзді көп қолдану жамағат арасында іріткі тудырады. Исламға енді келген адамға «анауың бидғат, мынауың бидғат» деп шошындыра берсек, бұл әрекетімізде қайыр жоқ. Орынсыз жерде бидғат сөзін қолдана берудің өзі – бидғат.     

Алла Тағала баршамызға Пайғамбар (с.а.у.) жолымен, сүннетімен жүруді нәсіп еткей!  

 

Ғалымжан ӘБІЛДАҰЛЫ,

әл-Әзһар университетінің теология және

философия факультетінің түлегі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру