Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СерікТәжібаев: Діни экстремизм – қоғамның діни тұтастығын бұзатын әрекет

19.09.2014 11370 0 пікір

СЕРІК ТӘЖІБАЕВ
«Абу-Ханифа» ғылыми орталығының
 ғылыми қызметкері, магистр

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ – ҚОҒАМНЫҢ ДІНИ ТҰТАСТЫҒЫН БҰЗАТЫН ӘРЕКЕТ

Еліміз егемендікке қол жеткізгелі жиырма жылдан астам уақыттың жүзі болды. Осы жылдар аралығында мемлекетіміздің барлық салаларында терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып еңсесін тіктей бастады. Халықаралық деңгейде әлемнің алпауыт мемлекеттерімен бәсекелес бола алатын қабілеттілігін көрсетті. Әсіресе, тарих қойнауында жатқан рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, бүгінгі қоғамда алаңдататарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – мемлекетіміздің діни ахуалы.

Қазақстан әлеуметін сан-саққа салған діни келеңсіздіктердің пайда болу себептері қандай? Дін атын жамылып жүрген теріс бағыттағы топтардың көздеген түпкі мақсаттары не? Мақаламызда осы сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бар ой-санамыз бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық, нарықтық мәселелерге бағытталып, рухани құндылықтарды жаңғыртуға деген ынта-талпынысымыз аз да болсын кешеуілдеді. Соның салдарынан қоғамда рухани бос кеңістік орын алғаны рас. Осы тұста жат елдерден келген әр түрлі діни экстремистік идеялы топтар өздерінің саясаттарын ұтымды пайдаланып, сол рухани бос кеңістікті өздерінше толтыруға тырысып бақты. Сондай-ақ, еліміздің «Діни-сенім бостандығы туралы» Заңының мүмкіндіктеріне иек артқан шетелдік миссионерлер ел ішіне өз идеологияларының тамырын тереңнен жайып, мейлінше үгіт-насихат жасап үлгерді. Діни экстремизм – ел ішінде алауыздық тудыруды, жеккөрушілік пен дінді саясаттандыруды көздеп, сол арқылы қоғамға кері әсерін тигізетін құбылыс.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанымен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп, алдын алмасақ...», - деген болатын. Осы орайда, з.ғ.д., профессор Н.М.Әбдіров те: «Экстремизмге қарсылықты іске асыруда кешенді және жүйелі жол қажет. Сонда реттеуші ғана емес, тыйым салушы да шаралар қарастырылатын еді», - дейді.

Десек те, бұл бағытта атқарылған жұмыстар да жоқ емес. Оған дәлел, бүгінде дінтану, саясаттану және теология саласында білікті мамандар еңбек етіп, діни ұйымдардың іс-әрекеттерін қатаң бақылауға алып, олардың таралу шеңберін шектеуге біршама күш жұмсауда.

Жалпы, дін дегеніміз не, экстремизм деп нені түсінеміз? Осыған қысқаша тоқтала кетсек:

 «Дін» – Жаратушы тарапынан Пайғамбарлары арқылы жеткізілген, өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан, өз жүйесімен әлемдік ортаға, қоғамға, мемлекетке қауіп төндірмейтін негіздер жиынтығы. 

Ал Экстремизм болса, тілдік мағынасында «шеттеу» (фр.Extremisme, лат.Extremus), яғни «орталықтан ауытқу», «белгіленген жерден шығып кету» дегенді білдіреді. Терминдік тұрғыда: «тәртіпті мойындамайтын», «өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы» дегенге саяды.

Экстремизм, көбіне, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген пікірінен туындайды. «Тек менің ғана пікірім дұрыс болуы керек» деген секілді. Әйтсек те, бұл экстремизмнің бастапқы кезеңдерінің ғана көрінісі болып саналады [1]. 

XXI ғасырдың соңғы жылдарында діни жағдайлармен байланысқан экстремизм қанатын кеңге жайды. Алайда, экстремизмнің пайда болу сахнасы – саяси орта болғандықтан, шын мәнінде, ол діни экстремизм болып саналмайды. Ал, экстремизмнің белгілері қандай? Әуелі соны ажырата білгеніміз абзал.

Экстремизмнің белгілері.

Экстремизмнің бірінші белгісі – адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Олар, жөн білетін, дұрыс бағыт көрсете алатын адамдардың ешқайсысын мойындамайды. Өз-өзіне сын көзбен қарау деген түсінік – олар үшін жат пайым. Олардың түсінігінше, тек өздерінің ғана сенімдері тура, өзгелердің барлығы – адасушы. Сондықтан да, олар өздерінен өзгелердің бәрін әділетсіз, әрі қатігез деп айыптауды міндет санайды, ал өздерін кіршіксіз, күнәсіз Пайғамбардай көреді. Мұның соңы шариғатқа, заңға қайшы келетін әрекеттерге, әртүрлі қақтығыстарға алып баратын жалған пікірлердің қоғамда етек жаюына, мәжбүрлеу арқылы өздерінің пікірлерін тықпалауға жетелейді.

Экстремистердің екінші белгісі – ешбір қажеттілігі болмаса да, кез  келген істе шектен шығып кетуге бейім тұруы. Басқаларды да соған итермелеуі. Нәтижесінде, мұндай жағдайлар адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқып, әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады. [2]. 

Ал «Терроризм» ұғымы араб тіліндегі (ارهاب) «ирхаб» сөзінен шығып, «қорқыту», «үркіту» мағынасын білдіреді. Оның «зорлық‑зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге де болады. Бұл анықтаманы негізге ала отырып, одан «терроризм – үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық», - деген қорытынды шығаруға болады [3].

Радикализм – өмір сүріп отырған қоғамдағы ұлттық дәстүрге жаппай қарсы шығып, араздық пен алауыздыққа бағытталған, сондай-ақ жаңсақ пиғылды идеологияларын бек ұстанып, ымырасыз жүзеге асыру әрекеті. 

Сепаратизм – жіктелуге, бөлектенуге, оңашалануға тырысушылық. Мәселен: ««Хизб-ут-Тахрир», «Әл-Каида» және «Талибан» сынды топтардың теократикалық халифат құру қозғалысы. Бұл бағыттар – кезінде өзге елдердің астыртын саясаты салдарынан туындаған, белгілі бір топтың мемлекеттен бөлінуі немесе басқа мемлекетке қосылу әрекетінен пайда болған.

Ал, Ислам дінінің атын жамылған экстремистік бағыттағы ағымдар қайсы? Ендеше, соған назар аударсақ.

Ислам діні – ғылым мен білімге, толеранттылыққа шақырады. Ал Ислам атын жамылған экстермистік топтар – бұқара жұртшылықтың татулығы мен ауызбіршілігін бұзатын, ұлтаралық араздық пен алауыздықты туғызатын жаңсақ пікірлі саяси-топтар.

Деректер бойынша, ҚР Соты шешімімен «Хизбут-Тахрир», «әл-Каида», «Таблиғ жамағаты» сынды бас-аяғы 16 экстремистік ұйымның жұмысы заңмен шектелгенмен де, уахапшылдық, салафизм бағытындағы ағымдарға заң тыйым салмаған. Алайда, ғылыми-сараптамалық зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, «Салафизм және уахапшылдық» бағытының қоғам ауызбіршілігіне едәуір кері әсерін тигізіп жатқаны мәлім болды. Осы орайда, «Өскемен» газетінде жарияланған «Діни экстремизм – ғасыр індеті» атты мақалада былай делінген:

«Облысымызда діни ағымдардың өкілдері салафиттер мен вахабистер жоқ емес. Оларды өзіміз де көшеден көріп қалып жүрміз. Бірақ осы ағымдарды ауыздықтап, бетін кері қайтарып жіберетіндей біздің заңның күші жоқ» [4]. Демек, бұл құбылыс нені көрсетеді? Бұл қоғамымызда әлі де Ислам дінінің қайнар көздерімен оқу-ағарту іс-шараларын жиірек өткізіп, дәстүрлі Исламды насихаттау қажеттілігі артып отырғандығын көрсетеді.

Дін атын жамылып, арам пиғылдарын іске асырмақ болып жатқан экстремистер мен лаңкестерге қарсы тұру – баршамыздың ортақ міндетіміз, әрі мүддеміз. Бұл міндетті іске асыруда дін көшбасшылары мен мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелері, жалпы ұлт болып, халық болып бір сапта, бір шепте тұрып, біріге күрес жүргізуіміз ләзім. Егер біз лаңкестердің лас әрекеттерінен тазарған әлемді көргіміз келетін болса, біздің күш-жігерімізді дәл осы мақсатта шоғырландыруға тиіспіз [3].

Әсілінде, Қазақстан мұсылмандары Исламның тағат-құлшылығында Әбу Ханифа мәзһабын, ал сенім тұрғысында Матуриди мектебін ұстанады. Бұл бағыт «Сүннет жұрты және жамағатының» анағұрлым толерантты, қанағатшыл, жергілікті әдет-ғұрып, салт-сана заңдары мен дәстүрлі нормаларымен санасатын жол. Расында, Алла Тағала барлық адамдарды жаратқан иесін тануға, оған шынайы құлшылық етуге, оның бұйырған әмірлерін орындау мен тыйған тыйымдарынан алыстауға шақырады.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде («Бақара» сүресі, 190):

وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبِّ الْمُعْتَدِينَ  

«...Шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді».

Құран Кәрімде («Ағраф» сүресі, 56):

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا 

«Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік қылмаңдар», - деген. 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис-шәріпінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды», - деген. Сондай-ақ, мейірімді адам болудың имандылыққа қажеттілігін Ибн Аббас арқылы жеткен мына бір хадис-шәріптен байқауға болады: «Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша, толық иман еткен болып саналмайсыңдар», - дейді [6].

Дана халқымыздың: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,-деген де нақыл сөзі бар. Сондықтан Отанымызды сүйіп, дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптасқанда ғана біз экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызға болады. Ал дінаралық толеранттылық құндылықтарын бекіту және экстремизмнің алдын алу – ұлық, һәм аса маңызды іс-шаралардан болып табылады.

Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпаққа да әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», - деген еді.

Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Е.Малғажыұлы: «Біздің бағытымыз айқын. Ол біздің ата-бабаларымыздың ғасырлардан бері жүрген жолы – дәстүрімізбен, салт-санамызбен біте қайнасып кеткен дәстүрлі Әбу Ханифа мазһабы мен Матуруди ақидасын берік ұстану және оны насихаттау. Барша мұсылмандармен қоян-қолтық араласып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел игілігіне, халықтың мұратына қызмет ететін, азғындық пен арсыздықты жоятын, имандылық салтанат құратын қоғам қалыптастыру»,- деген болатын.

Қазіргі таңдағы дәстүрлі Ислам дінін ұстанған исі мұсылмандардың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын басты мақсат ете отырып, терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында ҚР Дін істері агенттігі, ҚМДБ және Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы бірқатар ірі жобаларды іске асырып, жан-жақты ауқымды істер атқаруда.

ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындары мен орта мектептерде семинарлар өткізуде. Мұндай жиындар барысында экстремистік топтар мен тоталитарлық секталарды қалай білуге болатыны жан-жақты түсіндірілуде. Ал экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу бағытындағы іс-шараларға деструктивті ағымдарға ғылыми тұрғыда баға бере алатын, білікті мамандар қатыстырылуда.

Сонымен қатар, жарық көретін кітап-басылымдар тегіс діни сараптамадан өтіп, үгіт-насихаттық қағаз-парақшалар, кітапшаларды оңды-солды таратуға тыйым салынуда. Бұл өз кезегінде көпшіліктің діни әдебиеттерді негізі дұрыс ақпарат көздерімен сусындауға септігін тигізуде және адасушылықтық, теріс үгіт-насихаттың алдын алуға зор үлесін қосуда.

Жоғарыдағы орталықтардың көңіл қуантарлық қызметтерінің бірі – ел арасында уағыз-насихаттық шаралар жиі өткізілуде. Ал, діни конфессиялар мен бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, олардың іс-әрекеттеріне бақылау мен қадағалау жасалуда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына дейін 18 конфессияны құрайтын 3 434 діни бірлестік қайта тіркеуден өтсе, олардың 2364-і исламдық бірлестік орындары екен.

Ал соңғы он жылдың ішінде сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағында мына төмендегі террористік және экстремистік діни ұйымдарға тыйым салынған:

І. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде:

1. «Аль-Каида»
2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел») 

ІІ. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес:

5. «Асбат аль-Ансар»
6. «Мұсылман баурлар» (Ихуандық)
7. «Талибан» қозғалысы
8. «Боз гурд»
9. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»
10. «Лашкар-е-Тайба»
11. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы» 

ІІІ. Астана қаласы сотының 2005 жылы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес:

12. «Хизб-ут - Тахрир» ұйымы 

ІV. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес: 

13. «АУМ Синрикё»
14. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»

V. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес:

15. «Түркістан ислам партиясы». 

VІ. Атырау қаласы сотының 2011 жылғы 25 қазандағы шешіміне сәйкес:

16. «Джунд-аль-Халифат» 

VII. Шығыс Қазақстан облысы арнайы ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 7 маусымдағы шешіміне сәйкес:

17. РҚБ «Сенім. Білім. Өмір». 

VIII. Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес:

18. «Таблиғи жамағат» ағымы [7].

Ислам – терроризмге, зорлық-зомбылыққа, діни экстремизмге қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде Ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатқаны өкінішті. «Бір адамға қиянат жасау – күллі адамзатқа бағытталған қиянат». Осы қанатты сөзді ескерсек, Ислам діні қашан да қақтығыс, лаңкестік, зорлық-зомбылық, өктемдік секілді мұсылмандыққа жат іс-әрекеттер мен арам пиғылды айыптаған. Біздің асыл дініміз, керісінше, қоғамдық тұрақтылықты, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздайды. Ал, лаңкестіктің ұлты да, діні де жоқ. Сол себепті нағыз мұсылманның лаңкес болуы әсте мүмкін емес [3].

Сөз соңында айтарымыз, қазақ халқы бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын жете түсінген. Олай болса, бабаларымыздың «Алтау ала болса – ауыздағы кетер, төртеу түгел болса – төбедегі келер», - деген ұлағатты сөздерін алға тарта отырып, дінаралық татулық пен ауызбіршілікте өмір сүру үшін ұлттың салт-санасымен біте қайнасқан дәстүрлі Ислам дінін дұрыс насихаттап, құлшылық пен ғибадат мәселесінде Ханафи мәзһабын, ал сенімде – Матуриди, яғни «сүннет жұрты және жамағаты» мектебін бекем ұстанайық.

Алла Тағала халқымызға амандық бергей. Еліміз бейбіт күн кешіп, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін баянды еткей.  

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 

1)  Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
2)  Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
3)  Е.Оңғаров. «Болмысы бұлыңғыр, мазмұны маргиналды діни ағымдар». Абай.кз. http://abai.kz/post/view?id=1475
4)  Өскемен қаласы. Ресми сайты. http://oskemen.vko.gov.kz/kz/news.htm?id=000640
5)  Халифа Алтай. Құран Кәрім қазақша мағынасы және түсінігі. Медине. 1991.604 б.

6)  Термизи, Бирр 16, (1924); Әбу Дауд, Әдәб 66, 4942.
7)  ҚР мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің ресми сайты. «Соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған шетелдік ұйымдардың тізімі».

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру