
Өтеген КҮМІСБАЕВ,
ақын, шығыстанушы,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
НАМАЗДЫҢ ҚҰДЫРЕТІ
Немерелерімізді қуантайық дедік те, аулаға шағын киіз үй орнатуды ойластырдық. Ал іші-сыртын ойыншықпен толтырмақ едік. Балаңның айтқанын істемейсің, ал немерең айтса болды, табанда тілегін орындауға тырысасың. «Тау самалы» базарының аржағында жол жиегінде әрі-бері өткен сайын киіз үйлерді көріп қалатынбыз. Кейін сұрастырсақ, қолға қыдыртып береді және сатады деп естідік. Наурыз мерекесі қарсаңында сол маңда кісілер көп болатын. Киіз үйлерді уақытша пайдалануға алып кетеді екен.
Біз де бір күні сол жерге бардық. Баланың басы сиятын аппақ жұмыртқадай дөңгеленіп тұрған кішкентай киіз үй көзімізді тартты. «Көңіл — қазы, көз — таразы» демекші, әлгі әдемі үйге ықыласымыз ауды. Екі ұлым — Арман мен Бағлан ойласа келе, сол үйді сатып алуды ұйғардық. Бізге немерелеріміздің қуанышы қымбат, одан артық мереке жоқ-ау. Қазыбек атты сатушы жігіт «Тау самалындағы» саяжайға көмекшілерімен киізді дөңгелетіп орнатып берді. Әйелім шай жасап, оларды дастарқанға шақырды. Әңгімеміз жарасып жүре берді. Қазыбек, байқауымша, үлкендерге құрмет, кішілерге ілтипат көрсетуге ұмтылатын көрінеді. Сондықтан да шығар, кәсібі де алға басулы сияқты. Жарамсыз әрекеттер мен жаман әдеттен бойын аулақ салуға тырысатын сыңайлы. «Жақсы байқап сөйлейді, жаман шайқап сөйлейді» демекші, ойдың өрелі жотасына өрмелеп шығып келе жатқан азамат секілді.
Бір шындықтың да бетін ашып салды. Киіз үйлерді алыс ауылдардан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан алдырып, жинастырады екен. Қысы бар, жазы бар, тыным таппайды екен. «Еңбек етсең толарсың, егін ексең орарсың» деген осы. Қазыбектің үйі де, күйі де қоңданады. Көмекшілері де бұның жұмысын ризашылықпен алға жылжытады. Ақырында күншілдер мен қызғаншақтар оның алдынан шығып, орағыта бастайды. Тауға өрмелеп, табысына тас атып, құм шашуды ойлайды. «Жақынды жаралама, алысты қаралама» дейтін дағдыны ұстап қалған Қазыбекке жақын жолдастары тарапынан тартылған садақтың оғы кеудесіне шаншудай қадалады. Оған жалған жала жабылады. Алла Тағала: «Жалған сөзден қашық болындар» деп еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай депті ғой: «Жалғандықтан сақтаныңдар. Себебі, жалғандық бір жақта, иман екінші жақта болады. Екеуі бір-бірімен жолықпайды деген». Қазыбек «бір Алла оң көзбен қарасын» деп, сабыр сақтап жүре береді. Ақырында қаумалаған жаулары оны орға жығады. Жаланы үйіп-төгіп, түрмеге қаматады. Іс қозғалады. Қазыбек сонда да сабыр сақтайды, бір Аллаға жалбарынады. Пәледен, жаладан сақтай гөр деп, Аллаға жалынады. Таза, ақ екендігін айтқанымен сенбейді. «Өтірік — қаңбақ, шындық — алтындай салмақ» деп, «Тәңірім турасын айтшы» деп, көкке қолын созады.
Дұшпандарының аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып, Қазыбекті табанға салып таптамақ болады. Түрмеде жатқанда да тыныштық бермейді. Сонда Қазыбек бес уақыт намазын қаза етпепті. «Сонда төбемнен күнде әңгіртаяқ ойнатады, резеңке балғамен дүрсілдетіп сабайды. Тергеуші шақырып жатыр, тез бол деп тепкілейді. Сонда да намазымды бұзбай оқи бердім» дейді. Ақыр соңында жалақорлық зорлықтың беті әшкереленіп, әділет жеңіп, босап шығады. Кәсібіне қайтадан кіріседі. «Мені аман алып шыққан — намаздың құдыреті шығар» деп Қазыбек хикаясын аяқтады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.09.2014
5247
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру