Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қуанышбек Қазыбекұлы: Беріңіз халал малға қайыр-зекет

03.09.2014 4313 0 пікір

Мақтау мен билікке лайық болған жаратушы Алла, бір өзіне құлшылық ету үшін ғана жаратқан адам баласына бірқатар міндеттер жүктеп орындалуын парыз етті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ислам бес нәрседен тұрады. (Олар:) Иман етіп, кәлима айту, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау және шамасы келсе қажылыққа бару», – деген. Осы аталғандар мұсылманның бес парызы. Бұл парыздарды орындаған адам үлкен жақсылыққа жолығып, орындамаған жағдайда алапат өкініште қалатыны да анық ескертілді. Ендеше,  «Руза, намаз, зекет, хаж—талассыз іс», – деп Абай атамыз айтқандай ақылды адам Алланың бұлжымас бұйрығына қарсы шықпаса керекті.

Жоғарыда көрсетілгендей мұсылман баласының орындауға міндеті болған амалының бірі – зекет. Қасиетті Құранның  «Бақара» сүресі, 110-аятында «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың құзырында табасыңдар. Шынында Алла Тағала не істегендеріңді толық көруші», – делінген. Демек, күре тамырымыздан да жақын болған құдіретті Алланың құзырына барғанда алдымыздан шығып жан қуантпақ жақсылығымыздың бірі – оқыған намазымыз бен берген зекетіміз болмақ.

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен мына бір оқиғаға назар аударып көрейікші. «Алла елшісі (с.а.с.) дүние салып, одан кейін Әбу Бәкір халифа болғанда, арабтардың біразы мұсылмандық міндетін орындаудан бас тартып, діннен шыға бастады. Сонда Омар ибн әл-Хаттаб Әбу Бәкірге: «Сен адамдармен қалай соғысасың? Алла елшісі (с.а.с.): «Мен адамдармен (мүшріктермен) олар «Лә иләһә илләллаһ» деп айтқанша соғысуға бұйырылдым. Кім «Лә иләһә илләллаһ» деп айтса, менен, тиісті болмаса (шариғат үкімдерін бұзып, мал-мүлкінен немесе жанынан айырылуға), мал-дүниесі мен жанын сақтайды, ал есебі Аллаға тән», – деп айтқан еді ғой?», – деді. Әбу Бәкір: «Алламен ант етейін, намаз бен зекеттің арасын айырғандармен міндетті түрде соғысамын. Өйткені, зекет – мал-дүниенің ақысы. Алламен ант етейін, егер олар Алла елшісіне (с.а.с.) беріп жүрген тұсауды (зекетті) беруден бас тартса, бас тартқаны үшін олармен міндетті түрде соғысамын», – деді. (Кейіннен) Омар ибн әл-Хаттаб: «Алламен ант етейін, Алла Тағаланың ол шайқасқа Әбу Бәкірдің жан сарайын ашқанынан, яғни көкейіне дұрыс ой салғаннан басқа ештеңе емес, мен оның дұрыс екенін  білдім», – деді», – деген.

Алла елшісінің досы Әбу Бәкір Сыддықты бұндай іске бекіндірген «Тәубе» сүресінің 60-шы аятындағы: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз», – деген Жаратушының бұйрығы мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Зекет – Исламның көпірі», «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер», - деген сияқты хадистері емеспе еді.

Сондай-ақ, зекеті берілмеген малдың халал болмайтыны, берекесіздікпен құрып кететіні, ал зекеті берілген малдың берекеленіп көбейуі және күнәлардың кешірілуіне себеп болуы «Тәубе» сүресі, 103-аятында: «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа (зекет) ал», – деп баяндалса, осы аяттың тәпсіріндей, Мәшһүр Жүсіп атамыз;

«Беріңіз халал малға қайыр – зекет,

Болмайды арам малға еш берекет.

Өзі кемісе мен оған кепіл-міндет,

Жолықпас халал малға еш бәлекет», – деп, ары қарай зекетін бермеген адамдардың ахреттегі жағдайы жөнінде;

«Жыланға шаянменен ішіп, толып,

Иісі боқтан сасып, жаман болып.

Қой басып, сиыр сүзіп, жылқы таптап,

Әр жерге бір домалап жатып-тұрып», – деп жырлаған. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) зекетін бермегендердің ақыреттегі ахуалы туралы: «Аллаһ тағаланың берген байлығының зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады...»; «Жаһаннамда түйе мойнындай жыландар бар. Олардың аузынан шыққан удың ыстығы қырық жылдық жолдан сезіледі. Және ол жерде есектей шаяндар бар. Олардың да улары қырық жылдық жолдан сезіледі», – дейді. Ендеше осындай жылан, шаяндардан зекет арқылы Алладан пана сұрайық!

Жалпы зекетті: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді», – деп «Тәубе» сүресінің, 60-шы аятында сегіз түрлі топқа беру керектігі баяндалады. Ал, оны беретін адамдар күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне яғни, зекетті парыз ететін байлық мөлшеріне ие, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен азат мұсылман болуы керек. Нисап көлемі дегеніміз 85 грамм алтын мен 595 грамм күмістің құнына жететін бір жылдық табысыңыздың қырықтан бірі. Яғни 2,5 пайызы. Ал, түйе саны – бестен, сиыр саны – отыздан, қой мен ешкінің саны – қырықтан асқанда зекетін беру міндеті жүктеледі. 

Жаратқан Иенің әр бір бұйырған істері мен тыйған нәрселерінде өлшеусіз жақсылықтардың жататынын, бұйрығына бас исек өзіміз үшін жақсы, орындамасақ өзіміз үшін қасірет боларын мұсылман баласы түсінуге тиісті. Алланың уәдесі хақ, серті бекем. «Тікен еңсең, жүзім шықпайды» депті Ахмет Йүгінеки. Ал біздер ақыретіміз үшін не егіп жатырмыз? Шектеулі дүниенің қызығына беріле бермей, шексіз әлемдегі жағдайымызды да ойлай жүрейік! 

«Зекет» қорының
Павлодар облысы бойынша өкілі
Қуанышбек Қазыбекұлы 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру