Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қалжан Әріпжанұлы: Түсімде салынатын мешітте намаз оқып жүретінмін!

03.09.2014 5305 0 пікір

Қарғалы ауылдық
«Майбұлақ» мешітінің имамы
Қалжан Әріпжанұлы
 

Мешіт салу өте сауапты іс. Осман ибн Аффаннан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Кім Алланың дидарын қалап оның жердегі үйін тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады», - дегенін естідім деген. Құлшылық үйін салу мұқалмас қажыр-қайратты, үлкен тәуекелді, зор жауапкершілікті қажет етеді. Бас имам Қалжан Әріпжанұлымен болған сұхбатымызда осыған тағы бір рет көз жеткізгендей болдық.

 Мешіт құрылысын 4200 теңгемен бастадық

– Қалжан Әріпжанұлы, өзіңіз Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы екенсіз. Сонау Сыр бойынан Қарғалыға қалай келіп қалдыңыз?

– 2004 жылы оқуымды тәмамдаған соң ҚМДБ-ның сол кездегі Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Асан Тілеубердіұлының ұсынысымен Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының «Аляз» мешітіне имам болып тағайындалдым. Кезінде бір кісі өз үйін мешіт болсын деп қалдырып, қалаға көшіп кеткен екен. Кішкентай, жұпынылау ғибадат ордасы болып шықты. Менің алдымда сол жерде имамдық қызмет атқарған Ниетбай деген ақсақал маған көмекші болуға келісіп, бірлесіп қызмет істеуге уағдаластық. Ол кісінің: «Жас келсе іске, демекші. Осы жас баланың талабын қайтармай, ақылшы болып жүре берейін» деген аталық сөзі жадымнан еш шықпайды.  

Алғашқы жұмысты бала оқытудан, оларды тәрбиелеуден бастадым. 6-7 айдың ішінде 80-ке жуық жас жеткіншекті Ислам нәрімен сусындатып, діни білімін көтеруге күш салдым.

2005 жылы жер телімін алып, үй салдым. Бірақ, жатсам-тұрсам жаңа бір мешіт салу ойымнан еш шықпай асқақ арманыма айналды. Менің алдымда жұмыс істеген имамдардан сұрастыра жүріп, жергілікті билік тарапынан мешітке жер бөлінгенін білдім. Бірақ, бұл құжат күйінде емес, ауызша ғана келісім берілген болып шықты. Мұны ести сала бір топ ауыл ақсақалды ертіп, әкімнің алдына кірдім.

Алайда, құлшылық үйіне бөлінген жер тұрғын үй салу үшін әлдеқашан жеке адамдардың меншігіне өтіп кетіпті. Дегенмен әкім: «Бір топ ақсақалмен келген екенсің. Талабыңды қайтармайын, арыз жазыңдар мешіт құрылысын жүргізу үшін жер телімін берейін», - деді. Көп уақыт өтпей-ақ, әкім сөзінде тұрып, 25 соттық жерге ие болдық. Мұны азсынғанымен, осының құжаттарын жасап алайын деп жүгіре бастадым. Құжат әзірлеу үшін барған мекемелердегі иманды азаматтарға өтініш жасай отырып, жер телімін алғаш 45 соттыққа дейін, кейінірек 60 соттыққа дейін үлкейтіп алдық. Бұған да қанағаттанбай Қарғалыдан шыққан белгілі адамдарға шығып: «Біз мұнда жай шаруашылық нысанын салайын деп отырған жоқпыз. Бүкіл халықты туралыққа шақырып, имандылыққа тәрбиелейтін Алланың үйін, иба мен әдептің, оқу-білімнің ордасын тұрғызғалы жатырмыз. Сондықтан жер телімі аздау болып тұр» деп орынды уәж айта жүріп, соңында 74 соттыққа дейін көбейтуге қол жетті.

– Құлшылық үйін салу үшін ең бірінші жұмысты неден бастадыңыз?

– Жердің құжаты қолға тиген соң, Алла үйінің құрылысын бастамас бұрын қыстай өз-өзімді рухани тәрбиелеуге кірістім. Бәрінен бұрын ниетімді дұрыстап алуға үлкен ден қойдым. Құранды көбірек оқып, ораза ұстап, барынша иманымды күшейтуге тырыстым. Өйткені, ақиқат жолы бұл ауыр жол. «Осы жолда қандай қиыншылық болса да төзімділік пен сабырлылық танытамын. Бетіме түкірсе де, көйлегімді жыртса да шыдамды боламын. Ақиретте осы еңбегімнің жемісін жеуім керек деп», - өз-өзімді қайраумен болдым. Қысты әрең өткізіп, иманымыз күшейіп "Бисмиллә" деп бір Аллаға сиынып күн жыли бастасымен 2006 жылғы 1-сәуірде болашақ Алла үйінің қазығын қақтық. Қасымда намазхан Аманжол Манапов деген  кісі болды. Оған қарап:

– Осы құрылыс аяқталғанша маған серік бола  аласыз ба? Тәулігіне 2 сағат ұйықтау мен үшін көп. Қыста суығына, жазда ыстығына менімен бірге төзе аласыз ба? - деп оның жүзіне қарағанымда ол келіскендей басын изеді. Орнымнан ұшып тұрып, қолын алдым. Сол кезде қолымызда небәрі 4 200 теңге ғана қаржымыз болатын.

– Алғашқыда ешкім сене қоймаған да шығар?

– Аманжол екеуміз уағдаласқан соң, келесі жұмада бүкіл жамағатқа мешіт құрылысының басталғанын сенімде түрде хабарладық. Әрине, алғашқыда мұны ешкім бірден қабылдай алған жоқ. «Мына жап-жас бала қаржысы болмаса да мешітті қалай салмақ?» деген әңгімелер де айтылып қалды. Тіпті кейбір кісілерден: «Алдымен өзіңді жарылқап алсайшы» деген пікірлерін де естіп қалып жүрдік. Барған жерімнің барлығында мешіт салудың сауаптығы, абзалдығы жөнінде уағыз-насихат айтып, халықтың құлағына сіңіре бердім. Үлкен плакатқа Алла үйінің құрылысы басталғаны жөнінде хабарландыру жаздырып, көпшіліктің көзі түсетін жерге ілгіздік. Біздің қозғала бастағанымызды көріп, ағашқылардың бірі болып, бір әпкеміз 26 мың теңгені қолыма ұстатты. «Егер қаржы түспей жатса, үйімді сатып болса да басталған жұмысты аяқтаймын», - деген сөз аузымнан шыққаны сол еді Аманжол: «Мен автокөлігімді сатып, қаржысын жұмсаймын», - деді. Осылайша жолдасымның сөзінен жігерленіп, тәуекел деп бастап кеттік. Алла ісімізді оңғарып, қаржы жағы да бірте-бірте шешіле бастады. Осыдан соң, ең бастысы ізгі ниет екенін ұғындым.

 

«Мешіт саламын» деп 2 рет ауруханаға жатып шықтым

– 700 адамдық құлшылық үйінің құрылы-сын жүргізу айтуға ғана оңай шаруа. Талай қиыншылықты бастан өткізген шығарсыз?

Әрине, әр істің өзіндік қиыншылығы бар. Бір жағынан қаржы жетпей қиналып жүргенде екінші жағынан адамдардың өсек-аяң, сөздері де жүйкені әбден жұқартты. Бірі салынып жатқан ғимараттың қасынан өтіп бара жатып, тоқтайды да: «Құрылысқа бөлінген ақшаны жей бермей, ертерек аяқтамайсыңдар ма?» деп жөн-жосықсыз тиіссе, екіншісі: «Енді мұны қалай бітірер екенсің, бала» деп мысқылдағандай күліп кетеді. Көпшілік қауымның есінде болар 2006-2007 жылдары қозғалмайтын мүлік нарығында баға күн сайын өсіп, соның салдарынан құрылыс материалдары күн сайын дерлік қымбаттап жатты. Мысалы, бір демеушіміз бүгінгі күнгі бағамен бір тонна арматураға 100 мың теңге берсе, ертең дәл сол арматура 120 мыңға көтеріліп кеткенде не істерімізді білмей қалатын кездеріміз көп болды. Тәуліктің 24 сағаты маған жетпесе, ал 2 сағат ұйықтау мен үшін қалыпты жағдайға айналды. Өйткені, басым жастыққа тиісімен ертеңгі құрылыс жұмыстары қалай болады екен деп ойлаумен дөңбекшіп, көпке дейін ұйықтай алмайтынмын. Осылайша физикалық және моральдық тұрғыдан қатты шаршап, қысым көрген болармын, екі жыл ішінде 2 рет ауруханаға түсіп шықтым.  

– Құрметті имам, Алла үйін салдырып жатқанда қиыншылығымен қатар қызықты да, тосын жәйттерді де басыңыздан өткізген боларсыз?

– Мешіт салып жатқаннан кейін күнделікті Алла тағаланың қолдауын қатты сезініп жүрдім. Дегенмен, мына бір оқиға біздің тағы бір рет иманымызды күшейтіп, рухтандырып жіберді десем артық айтқандық емес. Біз ғибадат үйінің құрылысына өзін мұсылманмын деген адамның барлығын тартуға тырыстық. Тіпті, мұсылман емес бір иаһудидің (Израильде тұрады, Қазақстанда бизнесі бар) өзі іргетасы қаланып болғаннан кейін 500 тонна тас берді. Аузымыз ораза болғанына қарамастан, сол тасты бірнеше кісі іргетасының ішіне жайып, ертеңіне 10 водовозбен су әкеліп тасты жақсылап нығыздамақшы болдық. Сол күні 10 тонна цемент те түсіріп, үстін шала-шарпы жауып қоя салғанбыз. Құдайдың құдіретіне шара бар ма? Дәл сол түні таң намазының уақытында жаңбыр нөсерлетіп құя жөнелгенде бір-бірімізге телефон соғып: «10 тонна цемент ағып кетті ғой. Тезірек үйлерімізден палатқа не басқа жапқыштарды әкеліп, үстін қымтайық», - деп асығыс-үсігіс құрылыс басына жеткенде Алланың мұғжизасын көріп, таң-тамаша қалдық. Мешіт іргетасының іші суға лық толғанымен, жиналып тұрған цементтің үстіне бір тамшы да су тимепті...

Құрылыс жұмыстарына негізінен жұмыс күші арзандау болсын деген оймен көрші елден ала тақиялы ағайындарды тарттық. Солардың ас-суы мен ризық несібесі де ойламаған жерден келіп тұрды. «Міне, бүгін соңғы азық-түлікпен тамақ жасап, ертең не істейміз?», - деп тұрғанда бір кісілер қойын, екіншілері ұнын, майын басқа да қажеттіліктерді әкеліп тастайтын. Бір бақуаттылау бауырымыз келіп, олардың еңбекақысын, жол шығындарын өтеуге көмектескенін қалай ұмытарсың?

– Сонымен, мешіт құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілетін уақыт та таяп қалды емес пе?

– Мешіт құрылысын бастағаннан-ақ басым жас-тыққа тиер-тимес, түсімде өзім салдырып жатқан мешітте күнде намаз оқып жатқанымды көретінмін. Күндердің күнінде жамағаттың арасындағы бір кісілер түстерінде менің жаңа мешітте намаз оқып отырғанымды көргендерін айтатынды шығарды. Мұның барлығын жақсылықтың белгісі ретінде қабылдап мүмкіндігінше құлшылық үйін ертерек аяқтауға барымды салдым. 2007 жылы бесінші парызымды өтеуге мүмкіндік туды. Қасиетті Мекке мен Мәдинада, Қағба мен Арафатта жылап тұрып Алладан: «Уа Раббым! Біз Сенің үйіңді салып жатырмыз. Бізді қолдап, көмек бере гөр! Құрылысқа атсалысып жатқан бауырларымның ризық-несібесін молайта гөр» деп үздіксіз дұға етумен болдым. Сол уақытта аяғы ауыр келіншегімнің де ай, күні жақындап қалған болатын. Қарғалыдан менімен бірге қажылыққа барған апалардың маған: «Сен жылап тұрып, келіншегіңе, отбасыңа арнап дұға тілеп жатыр деп ойласақ, мешіт құрылысының аяқталуы үшін тілек тілеп жатқаныңды көріп, таңғалдық», - деп айтқаны бар.

Құдайға шүкір, ғимарат алыстан менмұндалап еңсесін тіктегеннен кейін Темір, Мұса деген қалталы, жомарт азаматтар көмек қолын созып, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қолдауымен 2008 жылы Рамазан айының қарсаңында құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтап, халықтың пайдалануына бердік.

– Қаншама қиыншылықтарды басыңыздан өткізгеніңізбен құрылыс жұмыстарын сәтті, әрі нәтижелі аяқтапсыз. Бүгінде өзіңіз басшылық жасайтын «Майбұлақ» мешітінің тыныс-тіршілігі жайлы айтсаңыз. Ауызға алатындай  қандай жаңалықтарыңыз бар?

– ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бүкіл республика діндарларының алдына үш бағыт бойынша (көркем уағыз, жат ағымдағы жастармен жұмыс және қайырымдылық) жұмыс істеуді тапсырған болатын. Күнделікті қызметімізде осы үш тағанды басшылыққа алып келеміз Сондай-ақ, діни басқарма тарапынан берілетін барлық тапсырмаларды, бұлжытпай мерзімінде орындауға тырысудамыз. Мысалы, коммуналдық қызметті төлеу, діни басылымдарға жазылуды ұйымдастыру жағынан болсын ешқандай қиындығымыз жоқ деп айта аламын.

Бас мүфти бір сөзінде әрбір имамның кем дегенде бірнеше шәкірті болу керектін алға тартқан болатын. Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін жүздеген шәкірт оқыттық. Солардың алды Мысырдағы әйгілі «Әл-Азһар» университетін бітіріп те келді. Бүгінде сол жігіттердің ішіндегі Бақытжан деген шәкіртім араб және ағылшын тілі бойынша магистратурада білімін жалғастыруда. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Алматыдағы Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінде де біраз шәкірттерім оқып жүр. Мұның бәрі зор қуаныш емес пе?!

Енді өзіңіз сұраған жаңалық жағына қарай ойыссақ. Өзімізді-өзіміз толық қаржыландыру мақсатында мешіт ауласының ішінен нан өнімдерін шығаратын шағын цехты іске қостық. Онда негізінен мешіт қызметкерлерінің әйелдері жұмыс істеп, шаруаны дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ болашақта сауат ашу курсының ғимараты мен асхананы пайдалануға беруді жоспарлаудамыз. Мақсат мешітімізді аулымыздың иман ұялаған нағыз рухани ордасына айналдыру.

– Әрбір мүмін үлгі аларлық ыждағатты іс-әрекетіңізге, жұмсаған қажыр-қайратыңызға Алла Тағала көп сауап жазсын. Мазмұнды да байыпты әңгімеңіз үшін көп рахмет.

Сұхбаттасқан
Кеулімжай Құтты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру