Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: ЖАНҒА - ЖІГЕР, ДІНГЕ - ДЕМЕУ

29.08.2014 4041 0 пікір

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

Тағылымды толғаныс

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Киелі мекеніміз, қасиет қонған жеріміз Ұлытаудағы Елбасының ұлт туралы, дін, тіл жайлы ұлағатты сұхбатынан дін өкілдері де, имам-молдалар да мол тағылым алды. Жанға – жігер, көңілге – демеу сыйлаған салиқалы әңгімеде елдегі және әлемдегі діни ахуал туралы парасатты пікір айтылды. Президентіміздің Ұлытау төріндегі толғанысы жамағатты ізгілікке, бірлікке, игілікке үндеді.

Елбасы айтқандай, талай нәубетті кезеңдерді бастан кешкен халқымыз бір кездері дінінен де, тілінен де айыры­ла­ жаз­даған еді. Алайда, ұлты­мыздың­­ жүрек тү­бінде жысырылып келген Құ­­дайға құл, адам­ға ұл болу адам­­гер­­шілік ұстанымы Тәуел­сіздік алған­ жыл­­дары қайта жалғасты. Дін мен дәс­түрі­­­міздегі мәңгілік өшпес асыл құн­­­ды­­лық­­­­тарымызбен қайта қауыштық. Ешкімге жалтақтамай, Жаратушыға емін-еркін құлшылығымызды жасап, діни рәсімдерді атқарып келеміз. Еліміздің та­рихында бұрын-соңды болмаған еңсе­лі мешіттер елордамыздан, облыс орталық­­­та­рынан салынды. Мұнарасы биік, сәулеті жарасымды зәулім мешіттерде білім­ді, білікті имамдар ел игілігі үшін қызмет етуде. Шетелдік діни оқу орындары­нан кем түспейтін өзімізде имамдарды дайын­­­дайтын университет аштық. Медресе­ле­рі­міз шәкірт тәрбиелеуде. Мешіттердің есігі жамағат үшін айқара ашық. Кейбір көрші елдердегідей «мешітке барма» деп тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Осын­дай үлкен нығметке, жетістікке жетуі­міз Алланың қалауымен, Елбасының бере­келі бастамасының арқасы. Бұл – тәуел­сіздігіміздің жемісі, бірлігіміздің нәтижесі.

Көнекөз қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыз куә ғой, кезінде емін-еркін намаз оқи алмаған жағдайлар да болды. Дінге қысым жасалып, жасырын құлшылық еткендер жазаланып отырды. Ал қазіргі жағдайымызға шексіз шүкіршілік айтуымыз мұсылмандығымыз емес пе? Қазыналы қарияларымыз: «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз», – деп ұрпақты Құдайға шүкір етуге, қанағатшылдыққа тәрбиелеп отыратын.

Президентіміз сұхбаттағы бір сөзінде: «Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды», – деді. Сол секілді, бүгінде қай мешітке барып, құлшылық етем десек те, ешкім бізге «мешітке кірме» деген емес. Осындай уақыттың, бейбіт заманның қадіріне жете білуіміз керек. Мұндайда қазақ: «Бағаламасаң бақ кетеді» демей ме?

«Адам әр нәрсені өз ниетінен табады»

Исламды тек құлшылықпен, мешітпен, Құранмен байланыстыру – бұрыс түсінік. Дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Құранның қасиетті ғақлияларын орын­дау үшін кемтарларға көмектесу, бір-біріміз­ге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендету жөн екенін айтты. Осындай игі­ амалдар адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді.

Ислам – қайырымдылық діні. Қазақ­­стан мұсылмандары діни басқармасы жыл басынан бері қайырымдылық іс-шара­ларға ұйытқы болып келеді. Мешіттеріміз­де тұрмысы төмен отбасыларына жан-жақты көмек көрсету, жетім балалар мен қарттарға көмектесу – имамдардың абыройлы міндеті.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Жабық­қан­ды жарылқау, қамыққанға қамқор болу, Аллаға ұнамды істердің бәрі – құлшылық. Мұсылманға кедергі келтірген жолдағы тас­ты алып тастау да – садақа. Көршімен тату тұру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – исламның асыл құндылықтары. Біз дін­нің осындай ұлы құндылықта­рын қоғамды ізгілендіру, имандылыққа шақ­ыру, кешірімді болу, бірлік пен ынтымаққа ұйыту, қанағатшыл болу, бүлікке жол бермеу сынды игі істерге пайдалануымыз керек. Елбасы сұхбатынан осыны аңғардық.

Нұрсұлтан Әбішұлы исламның негізгі қайнар көзі хадиске, яғни Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиетімен үндесетін, дініміздің қағидасымен қабысатын ұлағатты сөз айтты: «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады». Ал хадис тәлімі мынадай:«Адам қандай ниет қылса, соған жетеді, пенде әр нәрсені өз ниетінен табады». Халқымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деп босқа дөп баспаған.

Осы Отанда нәпақамызды тауып, бала-шағамызды асырап, тыныш тіршілік етіп отырған соң, мемлекеттің іргесі бекем болуына баршамыз жанашырлық танытуы­мыз – адамгершіліктен. Жақсы ниеттің өзі үлкен мәнге ие. Елбасы айтқандай, Отан дегеніміз – ол біздің бала-шағамыз, туған-туыстарымыз, өскен ортамыз, т.б. Мемлекетке пайдамыздың тигені – өз отбасымызға пайдамыздың тигені деп сезінгеніміз абзал.

Дін атын жамылу дұрыс емес

Елбасы бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып, қоғамға қауіп төндіріп жатқан діни ағымдар жайлы толғанысын білдірді. Дін атын жамылып, қан төгіп, соғыспен, мемлекеттік дін жасаймыз, халифат құрамыз деп жүргендер туралы да сөз етті.

Жастар арасында «менікі ғана дұрыс, менің жолым адастырмайды» деген пікірге байланып қалғандар бар. Асыл дініміз ислам өзге дін өкілдерінің ұстанымына құрметпен қарауға шақырады. Тарихта ислам осылайша басқа діндегі адамдардың үлкен құрметіне ие болғанын білеміз.

Елбасы сұхбатында тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болғанын баяндады. Кей­бір елдердегі бей-берекетсіздік жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Тыныштық орнаған қо­ғам­да ғана даму, өркендеу көрініс табады.

Елбасының ұстанған салиқалы сая­саты да ұлттар мен ұлыстарды, дін өкілдерінің басын біріктіруге бағытталған. Бірлігіне бекем болған елдің мерейі әрқашан үстем болмақ.

Алла тағала бүгінгідей берекелі де бейбіт заманымызды мәңгілік етсін. Мәңгілік елге мәңгілік татулық тұрақ­тасын деп тілеймін!

egemen.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру