Бүгінгі уақытта елімізде дініміз көркейіп, өркендеп келеді. Өйткені мешіттер жамағатқа лық толы, оның көбі жастарымыз. Мешітке келген аға-бауырларымыз бен қыз-келіншектер ата-бабаларының, туған-туысқандарының рухтарына Құран бағыштатса, енді біреулері парыз, нәпіл намаздарын оқып, Аллаға құлшылық етіп жатқанын байқаймыз. Ал имамдарымыз уағыз-насихат айтып, елімізді жақсылыққа шақырып жатқанын көргенде осы күнге жеткеніміз үшін Алла Тағалаға мың мәрте шүкір етеміз.
Бірақ, діни білімі таяз пенделер пендешілік қателіктер мен кемшіліктерге жол беріп, білімнің таяздығынан теріс амалдар да жасап жататыны жасырын емес.
Қазіргі таңда намаз оқитын қыз-келіншектер саны аз емес. Көптеген намазхан қыздарымыз мешітке әурет жерлерін қара жамылғымен орап, енді бірелері ақ киіп келеді. Жанына балаларын да ертіп алады. Әрине, бұл өте жақсы көрініс. Бірақта бала-шағасымен шұбырып, бірін көтеріп, бірін жетектеп жүрген кейбір әйелдерді көрген кезде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с ): «Әйелдер үшін үйде намаз оқулары абзалырақ» -деген хадисі еске түседі. Жұма намазын мешітте оқу ерлер үшін парыз екенін білеміз. Ал жұма күндері діннен хабары жоқ қыздарымыз жартылай жалаңаштанып мешітке келіп жататыны өкінтеді. Мешіттен ашық киінген әйелді көрген еркекте тақуалық қайдан болсын?
Иман – ар-ұяттан басталады. Бірақ кейбір қыздарымыз мешітке барарда дұрыс киінбестен, ашық-шашық күйі Хақ Тағаланың үйіне қорықпастан барып жатады. Мүбәрак болған айлар мен күндерде мешітке әйелдер жамағатыда лық толып, кейде намаз оқитын орында таба алмайсыз. Мысалы: Қасиетті Қадір түні. Намаз оқитын жерде, намаз оқымайтын кісі аяқтарын созып беймарал отырады. Әдетте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде мешітте ешқашан аяқтарын созып отырмаған, оған тиым салғанын да білеміз. Қасиетті жұма күніне келер болсақ, ойын балалары әрі-бері жүгіріп жүреді. Кейде әйелдер жағы емізетін балаларын алдына құшақтап, ұстап отырады, енді бір қыздарымыз біз мазһаб ұстанбаймыз деп өздерінің таныс, жора-жолдастарын іздеп бір-бірінің үстінен аттап мешіттегі береке мен тыныштықты қашырып жатады. Осындай мең-зең күйден арыла алмай абыр-сабыр күй кешіп жатқанда әсем әуенді азан басталады. Осы сәтте сүйікті болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ей Біләл! Азан шақырып намазға тұруды ескерт те біздерді рахатқа қауыштыр», -деген бұйрығы еріксіз еске оралады. Өйткені намазға тең келетін ешбір ғибадат жоқ. Намаз оқитын кісі басқа ешбір нәрсемен шұғылданбайды. Намаз оның көңілін әр түрлі уайымнан үзіп, Алламен байланыстырады емес пе? Намаз енді басталғанда балалардың жылаған дауысынан жамағаттың ойы онсаққа бөлінеді. Баланың дауысына ұялы телефондардың шырылы қосылып ұйып тұрған намазға ұйып тұрған жамағаттың берекесі қашады. Парыз намаз аяқталысымен әйел жамағаттар арасында сүннет намазды үйде оқимыз деп тағыда жүріс-тұрыс көбейіп кетеді. Негізі, үйде оқитын «Таһажжуд намазы», «Дұха намазы», «Қауіп намазы», «Қажет намазы», «Ата-ана хақысына арналған намаз» сияқты түрлі нәпіл намаздарды неге оқымасқа? Пайғамбарымыздың Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис-шарифінде былай баяндалады: «Кімде-кім дәретін жақсылап алып, намазын уақытында оқып, рукуғ пен сәждесін толық жасап хұшуғ иесі болып тұрса оның намазы ақ және жарық нұр тәрізді көтеріледі де намаз оқығанға:
«Менің хұқығымды қорғағандай Алла та сені қорғасын» деп айтады. Ал кімде-кім дәретін жақсылап алмай, намазын уақытында оқымай, рукуғ пен сәждесін шала істеп хұшуғқа ие бола алмаса намазы қара әрі қараңғы бір зат сияқты көтеріледі де оқығанға:
«Хұқығымды қорғамай мені жоғалтқанындай Алла Тағала қалаған жерге дейін көтеріледі де кейін іске жарамайтын шүберек сияқты бүктеліп оқыған кісінің бетіне лақтырылады».
Пайғамбарымызға Мұхаммедке миғражға барғанда (с.ғ.с.) тікелей Алла тарапынан бұйрық болған намазымыз өз дәрежесінде қабыл болуын Хақ тағаламыз нәсіп етсін! Намазымыздың қабыл болуының бірден-бір себебі - мешіт әдебін сақтау.
Павлодардың ең көркем мешіті, облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің көркі секілді, адамдардың әдебі мен иманы көркейе түссе екен деп тілейміз. Әлхамдулиллә, Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтаулар болсын, Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) салауаттар мен сәлемдер болсын, ата-анамыз мұсылман қылып тәрбиелегеніне шүкіршілік айтамыз.
Халқымыз «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» - деген даналықты бекер айтпаған. Сондықтан Алла жазса әлі де иманымыз кемелденіп, біліміміз тереңдеп, Хақ дініміз Ислам күшейіп, тақуалығымыз арта түсетініне сенеміз.
Бекаева Жанна
Жанатқызы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.08.2014
10624
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру