Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Айт құтты болсын, ақ мол болсын!

28.07.2014 5521 0 пікір

Айт құтты болсын, ақ мол болсын!

Көзді ашып-жұмғанша міне рамазан айы да өтті. Еліміздегі барша мұсылман шілде айының ыстығына қарамастан, бұл айды жақсы ниетпен, тақуалықпен өткізді. Күллі мұсылман қауымы отыз күн оразадан кейін шәууәл айының үш күнінде ораза айт мерекесін тойлайды. Айлардың төресі, барша мұсылман баласы үшін қасиеттті Рамазан айы қайырымдылық, құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, ораза айт осы айдың шүкіршілігі ретінде өткізілетін, екі ұлық мерекенің бірі. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у) алғашқы оқыған айт намазы һижреттің екінші жылындағы Ораза айт намазы. Мәдинаға қоныс аударып келген кезде, Мәдинадағы бір ансар-сахаба Исламнан бұрын тойланатын екі күннің болғаны туралы пайғамбарымызға (с.а.у) айтқанда, пайғамбарымыз (с.а.у) екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар «Ислам келгенге дейінгі дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп атап өтетін едік» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у) оларға: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Ораза айт». Осылайша Аллаһ елшісі (с.а.у) мәдиналықтардың мейрамдарын екі ұлық мерекемен ауыстырған болатын.

Айттың мән-мағынасын айтатын болсақ, Айт – арапшадан аударғанда «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Демек ол қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаға келеді. Алла Тағала айт күнінде адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді.

Ораза айт мейрамының қадір қасиеті ерекше. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Бұл күн - Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, құлшылық ететін күн.

Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Айт күні оқылған намаз да, жасалған дұға да ерекше. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет. Сонымен қатар, Жәбир былай деген: “Айт күні Пайғамбар (с.а.у) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын”. Әл-Бухари 986. Ғалымдар Пайғамбардың (с.а.у) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Бұл пікірлердің арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалағаны, немесе екіжүзділерге Исламның күші мен ұлылығын көрсеткісі келгені, немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалағаны деген пікірлер бар. Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында түрлі тағамдар пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәнді ерекше мерекелік дастархан жайылып, қонақтар шақырылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, бір-біріне деген бауырмалдықты, кішіпейілдікті, сүйіспеншілікті, кешірімділікті арттырады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлеріне барып татуласу да ерекше маңызды. Бұл мейрамның негізгі ерекшелігі де осы.

Осы күні балаларға жаңа киім, тәттілер мен сыйлықтар сыйлаумен қуантатын болсақ, балалар да бұл мейрамды жылда асыға күтетін болады.

Жалпы ораза айт мейрамындағы қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.

Құрметті мұсылман қауым! Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтап, Аллаһ Тағаладан баршаңызға қуаныш, отбасыларыңызға береке-бірлік, сүйікті отанымызға гүлдену мен өркендеу, дінімізге қуат, барша мұсылмандарға тыныштық пен шаттық тілеймін! Әмин!

Алматы орталық мешітінің Бас имамы Н. Есмағанбет

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру