Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нариман ИСЕНОВ: Мешіт – тәлім мен тәрбиенің, ізгі шаралардың ордасы

04.06.2014 5165 0 пікір

Нариман ИСЕНОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Павлодар облысы бойынша өкіл имамы,

облыстық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы:

 

Жуырда еліміздегі «Мәшһүр Жүсіп мешіті» әлемдегі ең әсем, таңғажайып мешіттердің қатарынан табылды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабарланды. Біз Павлодар қаласында бой көтерген сәні мен салтанаты жарасқан еңселі мешіттің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы облыстағы өкіл имамы Нариман Исеновпен аз-кем тілдескен едік. 

– Нариман Ермекұлы, Сіз имамдық ететін «Мәшһүр Жүсіп мешітінің» әлемдегі ғажайып ғибадатханалар арасында ойып тұрып орын алуының, мәшһүр болуының сыры неде? Алла үйінің архитектурасы жайлы айтып берсеңіз.  

– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әрине, еліміздегі мешіттің бәрі көрікті ғой. Мәселен, Астанадағы «Әзірет Сұлтан» Орта Азияда ең ірі мешіт әрі көркі жағынан да алдыңғы қатарда.

Облысымыздағы мұсылман жамағаты, жалпы халқымыз  2001 жылы үлкен қуанышқа бөленді. Өйткені сол жылы күзде Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп атындағы облыстық орталық жаңа мешіт ашылды. Имандылық үйінің алғашқы тасы 1999 жылдың 23 қазанында қаланған болатын. Алла үйі орналасқан алаң 6,2 гектар. Аумағы  48х48 метр. Сегіз қырлы, 4 мұнарасы бар және олардың әрқайсысының биіктігі  63 метрден. Күмбезінің биіктігі (айды қоса алғанда)  54 метрді құрайды. Айдың ұзындығы  1,20 метр. Ғимарат үш қабатты. Мешіттің жалпы ауданы  7240 шаршы метр, пайдалы алаңы  5320 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 2850 шаршы метрі  бірінші қабаты, 2850 шаршы метрі техникалық қабаты, екінші қабаты 1810 шаршы метр,  үшінші, яғни балконы 660 шаршы метр. Ғимараттың екі қабаты мен мұнаралары кірпіштен салынған, ал күмбезі металдан құрастырылып, алюкобонмен қапталған. Күмбез түсі – аспан түстес, шаңырақ формасын еске салады. Мешіттің архитектурасы ашылған жүректі көз алдыңызға келтіреді. Бейне бір ол жүрек бейбітшілік пен мейірімге жол бастап тұрғандай. 

Өзге мешіттермен салыстырғанда тағы қандай артықшылықтары бар?

– Мешітіміздің бірінші қабатында Құран оқып-үйренетін шәкірттерге арналған дәріс, сүндетке отырғызу бөлмелері, 500 орындық асхана және оның қосалқы бөлмелері орналасқан. Бұған қосымша 500 орындық әйелдер бөлмесі, оның ішінде дәрісхана, кітапхана, киім ілетін бөлмелер, дәліздер де бар.

4 күмбезге сай 4 қанаттағы сәнді баспалдақтармен жоғарғы қабаттарға көтеріледі.

Екінші қабаты ер кісілер намаз оқитын 2000 орындық үлкен зал, балкон, Ислам діні және мешіт тарихының мұражайы, кітапхана, бейне зал, имам, наиб имам, мәжіліс, есеп-қисап, неке қию және сәбиге азан шақырып есім беру, Құран оқу бөлмелері мен үлкен холл орналасқан.

Үшінші қабаты айнала балкон. Одан екінші қабаттың шынылы дәлізін, орталық есік пен салмағы 3,5 тонналық 434 шамы бар аспалы шамды тамашалауға болады. Онда әртүрлі тақырыптарда қазақ және орыс тілдерінде уағыздар айтылып,  имандылыққа тәрбиелеу шаралары ұйымдастырылып тұрады.  

– Мешіт тарапынан қандай қайырымдылық іс-шаралар өткізіліп келеді?

– Тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедек, жетім-жесірлерге материалдық, әрі рухани көмек жиі көрсетіледі. Жуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай мешіт ауласында ауқымды шара ұйымдастырылды. Жетім балаларға, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан кішкентай бүлдіршіндерге сыйлықтар тараттық. Мешіт ауласынан арнайы ойын алаңын аштық. Қазақта: «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді», – деген сөз бар. Біз «Жетім көрсең, жебей жүр» деген имандылық жолын ұстанған кешегі текті бабалардың ұрпағымыз.

Өздеріңізге белгілі, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы имам-молдаларға 2014 жылда үш бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беруді тапсырған болатын. Сол үш бағыттың бірі – қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастыру. Осы ретте «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде де қайырымдылық шаралар жиі қолға алынып келеді.  

– Бас мүфти бір сөзінде: «Мешіт тек рухани орталық қана емес, ол ілім мен білімнің, тәлім мен тәрибенің, ізгі шаралардың ордасына айналуы тиіс», – деген еді. Осы бағытта «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде қандай ізгі шаралар атқарылуда?

– Дұрыс айтасыз. Мешіт тек Құран оқып, намаз өтеп кететін құлшылық үйі ғана емес, ол жерде жамағат білім алуы керек. Біздің мешітте де мұндай игі шаралар жүйелі әрі жиі ұйымдастырылады. Мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курстары жемісті жұмыс атқарды. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдаланып, оларға Құран әліппесін, әдеп, дұға оқу, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірін үйрету – мешітімізде жыл сайын атқарылып келе жатқан дәстүрлі сауапты жұмыстар.

Жат ағымның арбауына кеткен жастарға көркем уағыз айту арқылы оларды дәстүрлі дінді ұстануға ықпал етіп келеміз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде адасқан ағымдарда жүрген жастар имамдарымызға келіп, бұдан былай Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатынын айтуда.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі осыған дейін алға қойған жоспарлы мақсатпен іс-қызметтер атқарып келеді. Мұнда, қала, аудан, ауыл мешіті имамдарының діни білімін кәсіптік дәрежеде көтеру мақсатында әр ай сайын «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің үгіт-насихат тобымен қала, аудан және ауыл мешіттеріне барып уағыз- насихат айту, діни бейне роликтер, рухани және мәдени телефильмдер көрсету қатарлы істерді қолға алып, «Жыл имамы» атты жаңа жобаны іске қостық. Әр ай сайын жүрілетін «Білікті имам – ел қорғаны» атты барлық деңгейдегі мешіт имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында жаңа жоба іске асуда. «Әр мешітте 100 шәкірт» тәрбиелеп оқытып шығару жобасы да қолға алынды. Барлық қала, аудан және ауыл мешіттерін интернет жүйесіне қосып, әр апта сайын имамдардан онлайн байланыс арқылы есеп алып отыру, әр ай сайын көшпелі семинар өткізу жұмыстары жүріліп, тұрақтанып келеді. Сонымен қатар дін туралы жаңа заңның талабына сай облысымыздағы барлық мешіттердің құжаттарын әділет департаментіне қайта тіркеуден өткізіп бір жүйеге қою ісі қолға алынып, іске асты.

 

Сұхбаттасқан Ә.БЕКТҰР

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру