Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бахрейн корольдігіне сапар

16.05.2014 5033 0 пікір

Аллаға сансыз мақтау-мадақтар болсын бүгінде еліміздің өзге мемлекеттермен дінаралық қарым-қатынастары уақыт ағымымен алға жылжып дамып келеді. Ислам ғалымдарының басқосатын үлкен айтулы жиындарына Қазақстан тарапынан да ғұламаларымыз, теолог мамандарымыз қатыстырылуда. Осындай шаралардың бірі үстіміздегі жылдың мамыр айының 5-7 жұлдызы аралығында Бахрейн корольдігінің Халит қонақ үйінде 30 мемлекет делегаттарының қатысуымен 3 күн конференция өткізілді. Аталмыш жиынның қандай деңгейде өткені және көтерілген мәселелері жөнінде толығырақ танысу үшін еліміздің атынан барып, қатысып келген ҚМДБ-ның Алматы облысы, Алматы аймағы бойынша Өкіл имамы, Облыстық «Қарасай батыр» мешітінің Бас имамы Аташов Әсетпен әңгіме жүргізіп көрелік.

 

– Ассаламуғалайкум Әсет мырза! Өздеріңіз барып, қатысып келген Бахрейн корольдігіндегі ұйымдастырылған конференция жөнінде айтып өтсеңіз.

– Уағалейкумассалам! Бұл конференцияға Бахрейн королінің шақыруымен ҚМДБ-ның төрағасы Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен ҚМДБ-ның пәтуа бөлімінің орынбасары Шоқанов Сансызбай мырзамен бірге мен де қатысып қайттым. Бахрейн корольдігі көп ұлтты мемлекет. Халқының 90 пайызы мұсылмандар, ал 10 пайызы басқа дін өкілдері, біздің еліміздегідей татулықпен өмір сүруде.   Конференцияға өзге де бірнеше дін өкілдері қатысты.  Конференцияның мақсаты:

  • Бүкіл әлемді жаратушы Алланы ұмытпау және өте көркем мінез-құлықпен насихаттау;
  • Адам-ата мен Хауа ананың ұрпағы екенімізді ұмытпау;
  • Алла тағала адамзатты құрметті қылып жаратты;
  • Адамзатты жер жүзіне әсемдету үшін жаратты;
  • Әр нәрсе Алланың қалауымен болады, осыны адамзаттың түсінуі.

– Әсет мырза, аталмыш басқосудың ұйымдастырушылары жөнінде айтып кетсеңіз және баяндамашылар қандай тақырыптарды қозғады?

– Конференция Халид ибн Ғиса Ал халифаның ұйымдастыруымен болған. Халид ибн Ғиса Ал халифа өз сөзін «діндердің мәдениетінде әртүрлі мәзһабтардың арасында әділеттілік, сыйластық болуымен» бастады. Сөз алған ұстаз-ғалым Тиши Бири Симониан «Дінді үйренудің негізгі мақсаты – адамдардың өмірінде бірлік орнату» тақырыбында баяндама оқыды. Келесі отырыста Лубиан мемлекетінің докторы Мухаммад  Рашид Ридо Қабаш  және Доктор Фарид Ал Мифтах баяндама жасады. Сонымен қатар, Мысыр мемлекетінен доктор Ахмад Омар Хашим баяндамасын оқыды.

Конференцияда сөз сөйлеп, баяндама оқыған барлық дін өкілдері және ресми тұлғалар адамзат мәдениетінің, «Ақлақ» мінез-құлықтың құндылығы, діндер аралық түсіністік, әлем халықтарының бірлігі, ұлтаралық достық қазіргі таңда әлем халқына ауадай қажет екендігін дәлелдеді.

– Ақиқат Ислам дінінің бүгінгі ғалымдары басқосқан берекелі жиыннан алған әсеріңіз қандай?

– «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың дегендей» – бұл конференциядан алған әсеріміз бен тәжірибеміз мол болды.  Осыған байланысты хазрет Омар (р.а) бір күні жамағатына «Ислам дініне жұртты үндемей насихаттаңдар», деді. Жамағаттың бірі: «Қалайша үндемей насихаттаймыз?» – депті. Сонда хазрет Омар (р.а): «Ислам діні көркем мінез-құлық діні, өте жақсы мінез-құлықтарыңмен насихаттаңдар», – деген екен. Сондықтан ғұмырын Ислам нұрымен шырақтандырған мұсылмандар әуелі өзінің сезімін тежеп, көркем мінез-құлыққа ие болулары қажет. Адамдарға күшпен, зорлық-зомбылықпен ақиқатты сүйсіндіру мүмкін емес. Тек көркем мінез-құлықтың үлгісін көрсету арқылы ғана Алла мен Оның Елшісі (с.ғ.с) алып келген адами құндылықтарды, ақиқат дінді түсінбей жүрген жандарға түсіндіруге болады. Дінді уағыздаушының бойынан жан жылуын, көркем мінез-құлықты көре алмаса, ақиқат қаншалықты құнды болса да ешкімнің жүрегіне жол таба алмайды. Жер шары – жер беті халықтарына ортақ мекен. Оны сақтау адамзат алдында тұрған аса күрделі мәселе. Ислам дінінің жауласқанды – жарастыру, дауласқанды – достастыру, таласқанды – татуластырудағы рөлі өте жоғары. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Астанада 2013 жылы қыркүйекте өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Халықтардың, діндердің, мемлкеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие. Ол таза теориялық аядан аса маңызды практикалық міндеттер қатарына шықты. Сондықтан да көптеген аса көрнекті саяси және діни қайраткерелрдің күш-жігерімен, шынтауайтында байырғы заманнан қазіргі күнге дейін тоқтамаған діндердің, мәдениеттердің, өркениеттердің үн қатысуын жалғастыру ерекше қажет», – деген еді. Міне, қандай алыстан болжайтын көрегенді саясат. Құдай қаласа әлі талай елдерде осындай бірлікке, ақиқатқа шақыратын конференциялардың куәсі бола береміз деген ойдамын. Осындай сезіммен, тұжырыммен елге оралдым.

– Құрметті, Әсет мырза! Әдемі сұхбатыңызға үлкен рахмет! Қашанда дініміз Ислам мен еліміздің абыройын асқақтату жолында атқарып жүрген және атқаратын еңбектеріңізге Алла тағала мол сауаптар нәсіп етсін!

 Сұхбатты жүргізген:
muftyat.kz редакциясы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру