Ақмейір Кәрім
«Кәусар» каллиграфиялық
өнер студиясының директоры
Елімізде каллиграфияны дамытсам...
– Атажұртқа Қытайдан өткен жылдың қараша айында көшіп келдім. Мамандығым заңгер. Алайда Қазақстанның заң жүйесін әрі орыс тілін білмегендіктен өз салам бойынша жұмыс таба алмай біраз жүріп қалдым. Уақытты дұрыс пайдаланайын деген оймен Астананы зиярат етуге ниеттендім. Елордамызға әдейі ат басын тіреген соң сәні мен салтанаты жарасқан «Әзірет Сұлтан» мешітіне кіріп, екі рәкат намаз оқымай қалай кетпексің?! Мен де дәретімді алып, сәждеге бас қойдым. Құлшылығымды аяқтаған соң, мешіт ішін аралалауға кірістім. Төбесі мен қабырғаларының өте сапалы безендірілгені көрініп тұр. Өзімнің де осы өнерге жақын әрі қолымнан келетінін ойлап, наиб имамнан мешітті кімнің безендіргенін сұрадым. Ол кісі Түркия мен Мысырдан бір топ каллиграфия өнерінің майталмандары келіп, құлшылық үйін безендіріп шыққанын айтты. Байқаным олардың еңбекақысына қомақты қаржы да төленіпті (Мен мұның барлығын сол қаражаттың жартысына да істеп беретін едім).
Қазақстанда бұл өнерді жетік меңгерген адам да жоқ болып шықты.
«Бұл маған Алланың берген бір мүмкіншілігі ғой. Осы өнермен кәсіби түрде айналыссам, қалай болар екен?» деген ой келді де алып-ұшып Алматыға жеттім. Дереу іске кірісіп «Кәусар» каллиграфиялық өнер студиясын аштым. Каллиграфия дегеніміз мешіт қабырғасына Құран сүрелерін, Пайғамбарымыздың хадистерін нақыштап, араб әріптерімен көркем безендіріп жазу. Бұл бекзат өнер Қазақстанда кенжелеп қалыпты. Ендігі мақсатым осы саланы дамытып, еліме, дініме қызмет етсем деймін. Құдайға шүкір, адамдар жан-жақтан естіп-біліп, аз да болса тапсырыстар ала бастадық. Алла қаласа, болашақта осы аса кенжелеп қалған ізгі саланы дамытып, елімізде каллиграфия-ның дамуына өз үлесімді қосып, Қазақстанның игі атын шығарсам ба деп армандаймын.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.04.2014
8081
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру