Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кенжеәлі ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ: Істеген жақсылығыңды судағы балық білсін (СҰХБАТ)

21.04.2014 6588 0 пікір

Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, «Төле би» мешітінің бас имамы, Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры:

 «Істеген жақсылығыңды судағы балық білсін»

Қамшының сабындай ғана қысқа өмір – бұл адамзат баласының жұмаққа деген жолдама жолындағы сынақ алаңы. Пенде қасқағым сәттік ғұмырын қалай өткерсе, амал, ниетіне орай Жаратқан иеміз адал жүлдесін тағайындары сөзсіз. Жақсы да, жаман да сыйлыққа ие болмақ, ешкім сыбағасыз қалмайды. Бірақ сыбағасының қандай болатындығын құлдары білуге құлықсыз, оны тек құдыреті шексіз Құдай ғана білмек. Адам баласының қолынан келері Жаратқанына жалбарына отырып, «жұмақ-мекеннен орын тисе екен» деген ұлпа қардай үміт қана.Алла тағала әр пендесінің арқасына өзі көтере алатындай дәрежеде әртүрлі сынақ-жүк артады. Сондай педелердің бірі сынақ әлеміндегі сұлулықтарды көру құқығынан айырылған – зағип жандар. Мұндай тағдырды еш адамның өз басына тілемесі шығар күндей шындық. Бірақ, амал нешік, Алла басыңа салғасын шыдайсың да. Себебі, Қазақ: «Адамның емес, Алланың дегені болады» – демей ме?! Ал маңдайдағы оймақтай қос көзі көретіндер қолдарынан келгенінше осы жанарлары жастарына жетпей су алған жандарға үнемі жәрдемші болғаны абзал.Осындай игі бастамамен Алматы қаласы, Төлеби мен Тұрғыт Озал көшелерінің қиылысында орналасқан «Төле би» мешітінің айналысып келе жатқанына, биыл 4 жылға жуықтапты. Алғаш естігенде таң қалыстық. Өйткені, Қазақстан бойынша тұңғыш жобаның жай-жапсары жария етілмеуі себепті, көпшілік қауым хабарсыз. Ал аталмыш мешіттің бас имамы, жоба авторы, сонымен қатар, ҚМДБ-ның жанынан құрылған Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлының өзінен сұрағанымызда, «Қарлығаш қанатымен су сепкендей жұмысымыздың мақтанатын несі бар, бұл Алла разылығы үшін істеліп жатқан жұмыс қой» деп қазақтың қанына сіңген қарапайымдылығына салып қысқа қайырды.Содан игі бастаманың анық-қанығын білу үшін, Кенжеәлі мырзамен аз-кем сұхбат ұйымдастырған едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Аға, бұл идея қалай дүниеге келді?

– Әуелі Алланың қалауымен. Жалпы, мен осыған дейін Ақсайдағы мешіттің бас имамы болып тұрған кезімде «Фирдаус» зағип жандар орталығының директоры Марат Сатқанұлы деген жігітпен үнемі араласып тұратын едік. Құдайға шүкір, әлі күнге дейін қарым-қатынастарымыз «тонның ішкі бауындай». Одан кейін, бұрынды бас муфтиіміздің бұйрығы бойынша, мен осы «Төле би» мешітінің бас имамы болып тағайындалдым. Содан, зағип жандар орталығының мүмкіндігі шектеулі балаларын үнемі мешіттегі уағыздарды тыңдауға, мәуліт, ораза, айт секілді қасиетті мерекелерге шақырып тұрдық. Содан бір күні оймақтай миыма «осы балаларды Хақтың құдыретін танытып, қасиетті жолға неге бұрмасқа. Жанары көрмесе де, Жаратқанына неге жақындатпасқа» деген ой келді. Артынша, жігіттерге айтып жобаны өміршең етіп жібердік. Алғашқы жылдары 25-ке тарта мүмкіндігі шектеулі оқушыларымыз болған, қазір маңызды себептерге байланысты 13 шәкірт оқып жатыр.

– Қаражат жағы қалай? Үкіметтен нақты көмектер бар ма? Оқулықтар жеткілікті ме? Неше ұстаздарыңыз бар?

– Осы уақытқа дейін оқудың қаражатын өзіміздің мешіт көтеріп келді. Құдай қаласа, көтере де бермек. Ал үкіметке келер болсақ, бірлі-жарым айтқан едік, әзірге үнсіз... Бірақ, сауапты іске қол ұшын созар деген сенімдеміз. Әзірге жоғары жақтан жауап болмағасын, «тәуекел кемесі суға батпайды» деп өзіміз білек түріп, бел шеше кірісіп кеттік. Өзіңізге белгілі, Алла разылығы үшін істелген істің қашанда қайыры бар ғой.Ал, оқулықтарға келер болсақ, әрине, әлі де жетіспейтіндігі сөзсіз. Бірақ маңызды деген Құран Кәрімді, фиқҺ, ақидаға қатысты кітаптарды алдырттық. Сонымен қатар, Таһарат, иманға қатысты шариғи-методикалық кітаптар жаздырып жатырмыз. Дегенмен, бұл әлі де болса аздық етуде. Өйткені, біріншіден, мұндай кітаптар Қазақстанда жоқтың қасы. Ал шетелдерден алдырту айтарлықтай қаржыны талап етеді. Бірақ, Инш Аллаһ, иман жүзді жігіттеріміздің қол ұшын созуының арқасында, бұл проблеманың бетін тойтарып келеміз.Ұстаз жағына келер болсақ, Айнұр және Гүлнұр деген қос қарлығашымыз бар. Алғашында Гүлнұр сабақ берген еді. Алланың қалауымен, шаңырақ көтергесін, ерінің етегінен ұстап Қызылордаға қоныс аударып кетті. Ал, қазір, Айнұр сабақ беріп келеді. Бірақ, Гүлнұрмен әлі күнге қарым-қатынасымызды үзген емеспіз. Болашақта, Алла қаласа, Қызылордадан да аталмыш медресе ашсақ деген ниетіміз бар. Енді, ол үшін, азын-аулақ қаржы керек. Табылып жатса, кідірместен бүгін-ертең ашарымыз сөзсіз.

– Болашақта қатарларыңыз толысып жатса, екі ұстаз аздық етпей ма? Жоқ, әлде, қосымша ұстаздарыңыз бар ма?

– Әрине, ондай күн туып жатса, екі ұстаздың аздық етері тайға таңба басқандай анық. Осы мәселені ескеріп, жуық арада 7 шәкіртіміз бен 2 ұстаздарымызды Түркияның Стамбул қаласына 1 ай білімдерін шыңдау үшін жібергелі отырмыз. Бәрі жақсы болса, одан әрі 6 ай оқытамыз деген жоспарымыз бар. Олардың жолкүрелері мен нәпақаларын «Төле би» мешіті өз мойнына алды.

– Соңғы сұрақ. Осыған дейін аталмыш жоба туралы неге журналистер қауымына ескертпедіңіздер? Жарнамасы неге жасалмады?

– ХХІ ғасыр – ақшасыз аяқ аттап баса алмайтын уақыт қой. Жарнама беру, өте қымбат. Оның үстіне қазіргі қазақ қоғамында теледидардан берген жарнаманың ғана әсері жоғары. Ал, ол үшін, ролик түсіру керек, одан кейін оны телеарна басышылығына беру керек дегендей. Мұның бәрі айтарлықтай қаржына талап етеді. Ал, ондай мүмкіндік, сөздің шыны керек, бізде үнемі бола бермейді.Бірақ соған қарамастан мүлдем жарнама болмады дей алмаймын. «Асыл арна» телеарнасынан бір-екі рет көрсетіп, ҚМДБ-ның сайттарына жариялаған едік.«Неге жалпақ жұртшылыққа жар салмадыңыз?» деген сұрағыңызға келер болсақ. Қазақ: «Істеген жақсылығыңды судағы балық білсін» – дейді. Сондықтан, «мен ананы істеп жатырмын, мен мына істеп жатырмын» деу, біздің буынның адамдарына тән қасиет емес. Солай тәрбиелегендіктен бе, бұл біздің көзімізге ұятты дүниедей елестейді. Бірақ, заман талап етіп тұрғасын, онсыз болмайды екен. Қазақ: «Заманына қарай адамы» – дейді ғой. Өмірдің өзі ұсынып отырған талаптарға ілесіп отыру маңызды екен. Болашақта, Құдай қаласа, сіздей жігіттер қол ұшын созып жатса, сонымен қатар, үкімет тарапынан қолдау болып жатса, бұл игі бастамамызды мемлекеттік дәрежеде жаңғыртсақ деген Алатаудай арманымыз бар.

– Алла істеріңізге береке берсін. Сұхбатыңызға рақмет!

– Алла разы болсын! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру