Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жаратушының көркем есімдері

04.04.2014 5213 0 пікір


Бұхари жеткізген Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.): «Аллаһтың тоқсан тоғыз, яғни бірі кем жүз есімі бар. Кім де кім соларды жаттаса, жәннатқа кіреді. Ол (Аллаһ) – тақ, әрі тақ санды жақсы көреді»,–деген хадисін өз пайымдауымен өрнектеген белгілі ақын Жұма- Назар Сомжүректің жырын оқырман назарына ұсынамыз.

1. Аллаһ
әлемдердің Жаратушысы


Аллаһ өзі бар ғаламды жаратқан,

Өмір беріп, жерге адамды таратқан.

Аллаһ атымен Ай да туып,

Күн шығып,

Аллаһ атымен түн түріліп таң атқан.

Құдай десем, қиналмаймын жыр шықпай,

Несібе мол, ерте тұрсаң күн шықпай.

Бір тәулікте жер айналып үлгерер,

Өз осінен зырлай ұшып ұршықтай.

Ғажаптардың көбін жүрміз байқамай,

Миллион жұлдыз... жаратылған Ай қалай?!

Күнді айнала зымырайды алып жер,

О, Құдірет, шайыңды да шайқамай!



2. ар-Рахман

аса рахымды



Айқындап адамға тән мұратыңды,

Сыйлаған басты байлық – нұр-ақылды.

Аллаһқа құлшылығың кәміл болса,

Күнәңді кешіретін рахымды.

Адамды ерекшелеп ақыл берген,

Өзгеден етуді артық мақұл көрген.

Ұлылардың ұлысы –

бір Аллаһты,

Жырлау үшін өмірге ақын келген.

Ойласын деп, ой берген,

сана берген,

Ақылмен түйін шешер шама берген.

Ойлай-ойлай тұрмысты өзгертетін,

Дүниеге нелер ғалым, дана келген.



3. ар-Рахим

ерекше мейірімді



Кең ұстап тарылтпасаң пейіліңді,

Аллаһқа шындап бұрсаң зейініңді,

Ізгі-игі істеріңді есепке алып,

Жұмақтан орын берер мейірімді.

Мейірім – қасиеттің төресі анық,

Ашуға ерік бермес өре салып.

Тура жолдан таймайды жүрген адам,

Аллаһ сөзі –

Құраннан кеңес алып.

Мейірім – мінездің ең көркемі де,

Желкеменің ұқсайды ақ желкеніне.

Мейірім – нұр дарыған әкім болса,

Көркейтер басқарған ел, өлкені де.



4. әл-Мәлік

Патша, билік Иесі


Бас патша, билік иесі,

Сөзімнің түзу жүйесі.

Марапат, мадақ, махаббат –

Аллаһқа лайық тиесі.

Ғаламды бүкіл басқарып,

Құрады әділ патшалық.

Биліктер билік етсе-ші,

Аллаһтың сөзін жастанып.

Ел-жұртын сүйген патшалар,

Ақылмен елді басқарар.

Халқына құл боп өтуді,

Өзіне нағыз бақ санар.



5. әл-Құддус

аса қасиетті



Ол – аса қасиетті,

Патша Құдай!

Ол – жалғыз,

жоқ әлемде басқа Құдай.

Аллаһтың құдіреті – жер дөңгелеп,

Нұрын шашып тұрса күн, аспанында ай.

Аллаһтың қадір тұтып, бас иетін,

Санап болмас ғажайып қасиетін.

Дәл жанында тұрғандай сезер-біліп,

Адамның дұрыс - бұрыс әр ниетін.

Көп қой, көп аяулылар сүйетін біз,

Аталар алдында бас иетінбіз.

Аллаһқа жазықты боп қалмас үшін,

Адамдар, болсыншы аппақ ниетіміз.



6. әс-Cәләм

бейбіт, сәлем Иесі


Бір Аллаһтан қорқамын, жасқанам бек,

Айта аламын аузымнан тастаман деп.

АллаҺқа

ең алдымен сәлем берем,

Жақсы ұйықтап, аман тұрдым,

әс-сәләм!-деп.

Аллаһқа үзбе пенде сәлеміңді,

Тарылтар да,

кеңейтер әлеміңді.

Өзімізге, елге де бақ тілейік,

Туғызба, деп, басқа ауыр пәле күнді.



7. әл-Мумин

Аса сенімді


Сыйынамыз өзіңе,

сенімді Аллаһ,

Сақта деп отбасымды, елімді, Аллаһ.

Сарыарқаны қазаққа сыйға тартып,

Кең байтақ, жаратыпсың жерімді, Аллаһ.

Жерім бай кенге толы, қазыналы,

Мақтан етіп талай жыр жазылады.



8. әл-Муһәймин

иелігін Басқарушы

Өзің, Аллаһ,

әлемді басқаратын,

Дүниенің басы өзің басталатын.

Бұйрығыңмен балықтар суда жүзіп,

Ұшады құстар қағып қос қанатын.

Қожасың,

құдіретсің асқан ұлы,

Билейсің жұлдыз толы аспаныңды.

Бір әйелді әлекпіз билей алмай,

Үйренсекші өзіңнен басқаруды.



9. әл-Азиз

аса даңқты, бәріне құдіретті

Бір Аллаһ құдіретті,

даңқты да,

Жаратқан қараңғылық,

жарықты да.

Жан бітіріп таратқан жер бетіне,

Жан-жануар, мыңдаған халықты да.

Қаламыз құдіретіне таң-тамаша,

Қосылсаң, күйіп-сүйіп,

жар тамаша.

Араға да қараймыз қайран қалып,

Жинайтын гүлден сорып бал тамаша.

Жұма-Назар Сомжүрек

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру