Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Аманкелді ЕРЕНҒАЙЫПҰЛЫ: Қажылықта қабыл болған дұға

28.03.2014 5705 0 пікір

Қасиетті Қағбаға қарап айтылған тілектердің барлығы қабыл. Кезінде Ибраһим (ғ.с.) Қағбаның соңғы тасын қалап болғаннан кейін: «Я, Раббым, Алла осы жерді сондай орындардан ете гөр, бұл жерге барлық мұсылмандардың көңілдері ауып тұратын болсын, осы жердің адамдарын ризықтандыр және соңғы пайғамбарды осы жерден шығара гөр», – деп дұға жасады. Осы тілектердің барлығы қабыл болған. Әр қажылықта болған сайын қажыларымыздың өз ауыздарынан тілектерінің қабыл болғанын айтып, Аллаға шүкір етіп жатады. 2009 жылғы қажылықта бір жағдай орын болды. Кеңестік заманнан қалған «сарқыншақтарға» әуес бір бауырымызды Меккеге апарғанбыз. Оның шайтан суға әуес екенін Алматы әуежайынан ұшқалы тұрғанда ғана білдік, тастап кетуге де болар еді, бірақ Құдайдан қорықтым, осы кісіні де Алла шақырып тұр ғой деп ойладым. Бірақ сол кісі қажылықта жүрген кезде адам танымастай өзгеріп, маңдайын сәждеге тигізіп, 5 уақыт намазын үзбейтін тура жол тапқан пенделер қатарына қосылып оралды.Биылғы жылы қажылықта мынандай қызық оқиға болды. Бізбен бірге генерал-лейтенант Әнуар Ниязов деген кісі барды. Ұлты – өзбек. Сол кісі маған жол жүрерде: «Мен Мұхаммед Садықпен сөйлестім (Шейх Мұхаммед Садық – Өзбекстанның ең алғашқы мүфтиі болған). Ол кісі «Мәдинаға барған кезде Ұхыд тауында пайғамбарымыздың қаны тамған үңгір бар, сол үңгірде тілек айтуды ұмытпа, ол жердегі барлық тілек орындалады» деді. Маған барған соң, осы үңгірді көрсетсең», – деді. Мен шын мәнінде қатты таңғалдым: «Ондай үңгір шын мәнінде бар, бірақ оны көпшілік біле бермейді. Құдай қаласа, Мәдина қаласына барғанда көрсетемін», – деп уәде бердім. Мәдина қаласына барғанда Алланың қалауымен 3-4 қажы болып, сол үңгірді зиярат еттік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұхыд соғысында қатты жарақат алып, 3-4 сағат сол үңгірде жатып, есін жиған. Алланың құдіреті, әлі күнге дейін сол үңгірден пайғамбарымыздың мүбарак денесінің иісі шығады. 2005 жылы шейхтар маған: «Сол үңгірді зиярат ет, пайғамбарымыздың иісі шығады» деп айтқан кезде алғаш барған болатынмын. Жұпар иіс мұрнымызға келген кезде көз жасыма ие бола алмай қалған едім. 2013 жылы да барғанымызда сол жұпар иіс келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айттық. Қажылық өтеп келгесін, бір айдан кейін Әнуар қажы маған телефон соғып: «Аллаға шүкір, келінім ұл тапты, тілегім орындалды, саған үлкен рахмет, алғысым шексіз», – деді. Кейін анықтасам, ол кісінің бір баласынан үш қыз немересі бар екен, келінінің аяғы ауыр екен. УЗИ-ге барып неше мәрте түссе де, қыз деп айтыпты, қажылыққа кетерінде келіні мен  баласы аманат етіп: «Ұл болсын деп дұға жасаңыз», – деген екен. Алла тілекті қабыл етуші ғой, тілегі қабыл болып, ұл немерелі болып, атын Абдуразақ деп қойды. Осы сияқты оқиғалар әр қажылықта болып жатады.Қажылыққа тек Алла шақырған адам ғана бара алады. Алла шақырмаса, мейлі бай болсын, 100 рет баруға қаражаты жетсе де, бәрібір бара алмайды. Әр қажылықта Алла тағала біздерді шақырғандар қатарынан етсін!Осы уақытқа дейін 37 рет қасиетті жерлерді зиярат еткен (оның 20-сы – үлкен қажылық, қалғаны умра қажылықтар), егемендік алғаннан бері бірде-бір қажылықты жібермеген астаналық Фатима қажы Адаева анамызды ерекше айта аламын. Қазіргі күні ол кісі 12 жетім баланы асырап отыр. 2006 жылы Фатима қажымен бірге умра қажылыққа бардық. Сонда мынандай қызық оқиға болды. Фатима қажының Астанадағы қызметшісі телефон шалып: «Артем сауда үйінің алдына жөргектегі баланы тастап кетіпті, соны асырап аламыз ба?» – деп сұрады. Фатима қажы бірден: «Аламыз», – деді. Фатима қажы жағдайды бізге айтып: «Баланың атын кім деп қоямыз?» – деп ақылдасты. «Қасиетті Меккеде жүргенде пайда болған бала ғой, сондықтан жақсы ат қояйық», – дедім мен. Сол кезде Фатима қажының баласындай болып кеткен Шейх Ахмед деген досымыз: «Аты – Шариғат Мекке болсын», – деді. Сөйтіп баланың атын Шариғат Мекке деп қойдық. Сол бүлдіршін қыздың жасы қазір 7-де, 2-сыныпта оқиды. Фатима қажы содан бері әр кезде бізбен бірге. Әл-Ақсаға да, Үндістанға да бірнеше рет бізбен барды. Әрдайым құрметті қажы ретінде барлық қажыларымыз ол кісіні ерекше сыйлайды. Қазір жасы 81-ден асса да, сауапты сапардан қалған емес.Қажылыққа қайта-қайта бару мақсат емес. Алла шақырған соң барады. Әр барғанда  дүниеден өткен ата-бабаларының аттарымен бәдәл қажылық орындайды.2013 жыл елеулі оқиғаларға толы болды. Ақпан айында Ержан қажы Малғажыұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти болып сайланды. Египетте студенттік өміріміз бірге өткен, 1994 жылдан бері танимын. Әл-Әзһар университетін бітірген, білімді, қарапайым, қабілеті зор азамат. Қазақта жас келсе, іске дейді. Дініміздің өркендеуіне зор үлес қосарына сенімдіміз.Соңғы қажылық өте жеңіл, әрі ерекше өтті. Жеңіл деген себебім – биылғы қажылықта Әл-Харам мешітінің қайтадан ұлғайтылып салынуына байланысты көптеген елдерден келетін қажылардың санын қысқартты.Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, дұғасын қабыл еткей! Елімізден баратын қажылардың саны жыл сайын көбейіп, халқымыздың имандылығы арта берсін!  

Аманкелді ЕРЕНҒАЙЫПҰЛЫ,

«Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру