Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талғат Сейіткрімұлы: Үйлену оңай, үй болу қиын

31.01.2014 6432 0 пікір

Отбасы- келер ұрпақтың бойына рухани  құндылықтарды қалыптастыратын шағын мемлекет. Көңіл жарастырып қосылған отбасы мүшелерінің бір-біріне деген ыстық  ықыласы мен махаббаты,  адамгершілік  қарым-қатынасы, озара түсіністік пен сыйластық-  екі жастың пікірлерінің  ортақ  болуы, өмірге деген көзқарастарының  бірдей болуына ықпал етеді  және де жаңа өмірді бастауларына ықпалын тигізеді.

Бүгінгі таңда отбасы құндылықтарын жаңғырту, ыстық ұяның қадір-қасиетін жете бағалау- басты мәселенің біріне айналып отыр. Адам баласының рухани тәрбиесінің  нашарлауы, жастарымыздың ажырасу тұрғысындағы  шешімін   асыл дінімізден неге іздемеске? Дін мен салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ халқының шаңырағы шайқалмаған.

Қасиетті Құран Кәрімде: “Іштеріндегі бойдақтарды (ер жеткен ұл-қыздарды, тұл ер әйелдерді), сондай-ақ қолдарындағы құл-күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да. Аллаһ оларды өз кеңшілігімен  байытады. Аллаһ аса кеңшілік иесі, толық білуші.”(Нұр сүресі,32 аят) Бұл  аятта  Аллаһ Тағала барша адам баласына  үйленуді әмір етіп тұр. Ардақты пайғамбарымыз(с.ғ.с) да «Үйлену менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, менен емес(яғни үмбетімнен емес).Үйленіңдер, өйткені басқа үмбеттерді  ң алдында мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын»- барша мұсылман үмбетіне жақсы өсиет қалдырған. Қазіргі кезде отау құрып, шаңырақ көтеріп жатқан жастарымыздың саны артуда.  Бірақ та ажырасу  жағы алаңдатарлық жайт болып отыр. Бір-біріне ғашық болып, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай, алаулап жанған сезімнің жетегінде кеткен, қиыншылықты да, қуанышты да бірге бөлісеміз деп уағдаласып, отау тігеді. Алайда бір шаңырақ астында тұра бастаған сәттен бастап, отбасылық қиындыққа сабыр ете алмай, болмашы нәрселерге бола ажырасып, ересек өмірге шорқақтық танытып жатады.

Сахих хадисте екі дүниенің сұлтаны әз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Әйел байлығына, шыққан тегіне, көркіне және де  діндарлығына қарай таңдалады.Сен діндарын таңда, сонда бақыт табасың»,-деу арқылы жар таңдауда ең басты имандылыққа қарауды өсиет еткен. Қазіргі таңда ақірет жағын ұмытып, Аллаһқа құлшылық жасау міндетін шет ысырып қойып, дүниелік өмірге мән беріп, болашақ жарының сұлулығы мен байлығына қарап үйленіп, отбасылық қадір-қасиетті  кетіретін жәйттар орын алуда.

Ерлі-зайыптылардың  ажырасуы-Аллаһ  Тағаланың ашуына тиеді. Ажырасу себептері өте көп. Құран Кәрімнің Бақара сүресінің  228  аятында: «Ерлердің әйелдерде ақысы болғаны секілді, әйелдердің де ерлерде өтелетін ақылары бар. Сонымен қатар, ер адамдар (міндеттері мен жауапкершіліктеріне орай ) бір саты жоғары тұрады. Аллаһ өте үстем, аса дана»-деп, ер мен әйелдің өзара жауапкершіліктері мен міндеттері бар екені айтылған. Ер адам отбасының нәпақасын тауып, әйелі мен бала-шағасының  қажеттіліктерін орындауы тиіс. Ал жаны нәзік әйел заты үй шаруасымен айналысып, күйеуінің жағдайын жасап, онымен ақылдасып, айтқанын тыңдауы шарт. Ал қазіргі кезде ер мен әйел тең болу керек деп қағиданы ұстанған әйелдер жұбайларына бой ұсынғысы келмейді және де ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдындағы міндеттерін білмеудің соңы ажырасуға әкеліп отыр.  

Дінсіздік белең алып жатқан уақытта әйел қауымына зат сияқты қарайтын болған. Қоғам алдында дәрежесі өте төмен еді.Бірақ та Ислам діні келгелі әйел қауымының дәрежесі Алла алдында биік екендігі, олардың аманат екендігі айтылғаннан бері қоғамда өмір сүріп жатқан адамзат баласы барша апа-қарындастарымызды аялы алақандарына ұстап, қорғаштап келеді.

Ер адам әрқашан да еңсесін тіктеп ұстауы тиіс. Кейбір бауырларымыз арақ ішіп, мастық салдарынан аяулы жарларына қол көтеріп, зорлықпен айтқандарын істеткілері келеді.Осы орайда «Әйелдер ер адамның қабырғасынан жаратылған.Оларды түзеймін деп сындырып аласыңдар, оларға жұмсақтық пен жылы сөз арқылы ымыраға келіңдер» деген хадис еске түседі. Күндегі ұрыс-керістен қандай бала тәрбиеленбек? Келешегі қандай болмақ?- деген сұрақтар жүректі қынжылтады.

«Алып та анадан туады» демекші, Амина анамыз 9 ай құрсағында көтеріп, Аллаһтың сүйікті пайғамбарын хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с) дүниеге әкелді емес пе? Осындай асыл тұлғаларды дүниеге әкелген аналар- біреуіміздің сүйікті жарымыз,, енді біреуіміздің ерке апа-қарындастарымыз болуы мүмкін ғой. Айта кететін жайт жаны нәзік, жүрегі жұмсақ  әйел затына немқұрайлықпен емес, ерекше ықыласпен қарасақ олардың көңілдері көтеріңкі болып, өздерінің ер адам үшін орны бар екеніне бір қуанып қалады.

Аллаһтың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) қызы Фатимаға: «Әй, қызым, мені хақ пайғамбар етіп жіберген хақы үшін, егер сен күйеуің өзіңе хош етпестен өлетін болғаныңда жаназа намазыңды оқымас едім. Сен білмейсің бе, күйеуіңнің ризашылығы – Аллаһтың ризашылығы, күйеуіңнің ашулануы – Аллаһтың ашулануы. Бір әйел Имранның қызы Мариямның істеген құлшылығындай құлшылық етіп, бірақ күйеуі риза болмаса, Аллаһ оның ешбір құлшылығын қабыл етпейді. Әйелдердің ең абзал ісі, құлшылығы – күйеуіне бағынышты болу. Содан соң әйел үшін ең абзал құлшылық – жіп иіріп, тоқыма тоқу. Әйелдің бір сағаттық тоқу ісі – бір жылдық құлшылықтан қайырлы. Әйелдің тоқыған әрбір киімі үшін оларға бір шаһидтың сауабы бар. Егер әйел тоқыма тоқып, күйеуі мен перзенттеріне кигізсе, әрбір киім үшін жәннатқа кіру уәжіп болады. Сонымен бірге жәннаттың ішінде оған бір қала беріледі», – дейді. Яғни ер адамның әйел затынан бір саты жоғары тұратындығына  айқын дәлел.

Отау тіккен ерлі-зайыптылар   жүректерін иманмен нұрландырса,ақылдарын кемелдендіріп кез келген қиындықтардың шешімін тауып отырса, отбасы тату әрі бақытты болар еді ғой! ИншаАллаһ Аллаһ Тағала шаңырақ құрған әрбір отбасыға айранның ұйытқысындай болған ынтымақ пен бірлікті беріп, шаттық пен қуаныш сыйласын.

 

ҚМДБ-ның Қызылорда облысының
«Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы
Омаров Талғат Сейіткрімұлы

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру