Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Е-іslam» – дін мен елдің алтын көпірі

23.01.2014 4752 0 пікір

Дін істері агенттігінің «е-іslam» ақпараттық-ағартушылық интернет-порталының құрметті оқырмандарымен қауышқанына көп бола қойған жоқ. Десе де күн санап өсіп жатқан ғаламтордағы қолданушыларын танымдық материалдарымен, сараптамалық дүниелермен, қажетті ақпараттармен, дұрыс деректермен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттердің отырысында ұсынған бастамасының негізінде құрылған портал ұжымы салт-дәстүрімізге сіңіп, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан Ханафи мәзһабындағы Ислам дінінің асыл құндылықтарын көпшілікке насихаттауды басты мұрат еткен. Әрі оның ілімдерін терең талдай отырып түсіндіруді жүйелі түрде қолға алған.

«Е-іslam» ғаламтор көзінде жастарды теріс пиғылдағы жат ағымдардан әрі күмәнді ғаламтор көздерінен аластауға ықпалы тиетін қазақ және орыс тілдерінде үш мыңнан астам материалдар қоры орналастырылды. Зайырлы қоғамға тән қағидаларды берік ұстанған порталдағы әріптестеріміздің мақсаты адам бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мен діни дүниетаным өрісін арттыру болып табылады. Сонымен қатар бүгінгі күні өзекті мәселеге айналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шараларды барынша насихаттаумен айналысады.

Ғаламтор көзіндегі жарияланымдардан дәстүрлі ислам дінінің негізгі қағидалары мен қазақ жұртының салт-дәстүрлері арасындағы өзара байланысты ашық көруге болады. Бұл жас ұрпақ санасына дәстүрлі ислам құндылықтарын сіңіріп қана қоймай, теріс пиғылды діни идеология кеселінен сақтайтыны сөзсіз.

«Е-Islam» порталының құрылымы да пайдаланушыға ыңғайлы әрі қарапайым екені қуантады. «Ислам», «Қазақстандағы ислам», «Ислам және зайырлы мемлекет», «Ислам және қоғам», «Ислам – ізгілік діні», «Дінаралық үнқатысу», «Мультимедия» сынды жеті негізгі тақырыптық айдардан кез келген қонақ іздегенін тауып, барынша рухани сусындай алады. Айталық, оқырмандар күнделікті жаңарып отыратын жаңалықтар тізбесінен Қазақстанда және әлемде болып жатқан оқиғалармен дер кезінде хабардар болуға мүмкіндігі бар. Күнделікті ақпараттардан бөлек, тағылымды, тартымды, маңызы мен салмағы зор мақалалар мен сұхбаттар көпшілік назарына ұсынылған. Бұл дүниелер исламды жаңа танып келе жатқан буыннан бастап, дін саласын жетік меңгерген азаматтардың да танымын кеңейтіп, қажетіне жарайтыны ақиқат.

Порталдың көмегімен қасиетті Құран кітабының қазақша толық мазмұнымен танысып, намаз, ораза, зекет секілді парыздардың орындалу ережелерін білуге болады. Басқа да көптеген танымдық материалдар аудио және бейне-дәрістер түрінде қол жетімді.

«Е-Islam» порталының басқа діни сайттардан ерекшелігі қандай?» деген сауалға «Діни радикализм қауіптері» мен «Зайырлылық пен діндарлық» атты айдарлар арқылы жауап қатуға әбден болады. Аталған қос баған бүгінгі қоғамның бас тақырыбына айналған жат ағымдардың зардабын, залалын, мұнымен қоса дұрыс бағытты, айқын құбыланы анықтауға жәрдемдеседі. Айта кетерлігі, порталдың күнделікті қолданушылар саны мыңнан асатын болса, басым бөлігі осы айдарларды қызығушылықпен пайдаланады.

«Сарапшылар бағаны» айдарының да өзіндік салмағы бар. Мұнда кез келген қонақтың білікті дін мамандарына, теологтарға тікелей сұрақ жолдап, жан-жақты тұшымды жауап алуға мүмкіндігі бар. Бір қызығы, бұл айдарға да бас сұғатын оқырмандарымыздың қатары тым көп. Әр күн сайын қолданушылар тарапынан белгілі дінтанушыларға сауалдар легі көптеп ағылуда. Діни басқарма мен имамдардың құзіретіне кірмейтін мәселелерге де портал сарапшылары үн қатуда.

«Электронды кітапханаға» Ханафи мазхабының негізінде жазылған ғылыми еңбектер, оқулықтар, әдістемелер топтастырылған. Ашылғанына аз уақыт болғанына қарамастан, мұнда электронды кітаптардың екі мыңнан астам көшірмелері жүктеліп алынды.

«Пікір-талас алаңы» топтамасында кез келген оқырман дін саласына қатысты сауалдар тастап, ашық сұхбат ұйымдастыра алады. Портал қолданушылары өзекті деген тақырыпты өзі ұсынып, көпшілікпен ой бөлісуге мүмкіндігі бар. Тура қазір де алаңда дін төңірегіндегі түйіткілді тақырыптар талқыланып, қызу пікір-талас жүріп жатыр. Алдағы уақытта да аталмыш тақырыптар ай сайын жаңартылып, қоғамдағы діни ахуалға байланысты көтерілген мәселелер көпшілікпен бірлесе талқылана беретін болады.

Порталда «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты арнайы айдар ашылған. Онда бас мүфтидің сөйлеген сөздерінен бастап, діни басқарманың міндеттері мен мақсаттары, ұйымдастырған іс-шаралары, пәтуалар мен уағыздар, мешіттер мен діни оқу орындарына қатысты кеңінен мағлұмат берілген. Еліміз бойынша намаз уақытын көрсететін арнайы күнтізбе мен мешіттердің сызбасы да намазхан оқырманның қажетіне жарайтыны рас. Соңғысының артықшылығы, кез келген қонақ өзіне ең жақын мешіттің мекен-жайын біле алады. Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарының мекенжайлары мен анықтама телефондары да үнемі портал бетінен табылады. Бұл қызмет түрі діни ахуалы күрделене түскен қазіргі қоғам үшін өте пайдалы екенін айтқымыз келеді.

 

Жасұлан Абдраманов,

«Е-Islam» (e-islam.kz) интернет-порталының бас редакторы 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру