Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бүкіл мақтау барша ғаламды жартқан Алла тағалаға және пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның ізінен ергендерге сәлемдер мен салауаттар болсын!
Иман – екі дүние мен адамзат баласының арасын жалғап тұрған рухани күш.
Иман – Ұлы Жаратушы мен жер үстін жайлаған жұмыр бас пенденің арасындағы көзге көрінбейтін байланыстың алтын көпірі.
Иман – адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пенделік ойлардан арылтар, жанын тазартар ұлы тәрбиеші...
Біз Исламның осындай құдіретті күшін халықтардың ауызбіршілігі мен адамдардың рухани байлығын арттыру жолында барынша пайдалана білуіміз керек. Өйткені, Ислам деген сөздің өзі – бейбітшілік, бойсұну дегенді білдіреді. Еліміздегі өзге де дәстүрлі діндер адамдарды ізгілікке шақырады. Дін мен дін ұғысып өмір сүргенде ғана өркениет өрісі кеңейіп, көркейіп, саналарға қанат бітеді, адам баласының көңіл көзі ашылып, сенім керуені ұзарады. Ал дін мен дін алакөзденіп, алыс-жұлыс шабысса ұлан-ғайыр кең дүние ұлтарақтай тарылып, аспан айналып, жерге түсердей күй кешеді. Тар құрсаққа сыйған адамдар кең дүниеге сыймай, өзара дау-жанжалға жол береді. Сөйтіп, саналар үрей тұтқынына айналады.
Қоғам қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіретін, ел ішіне бүлік тудырып, діни лаң салатын кез келген мұндай әрекетті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қатты айыптайды.
Имандылықты ту еткен бейбітсүйгіш халқымыздың тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз ету үшін ел игілі жолында өзара ымыраласып, ізгі істерде біз бір-бірімізге көмекші болуымыз қажет. Бүкіл ғаламды жаратқан Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда адамдарға: «...жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деп бұйырған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде әркім қарамағындағы адамдарға жауапты екенін ескерткен. Олай болса, баршамыз дін тұрақтылығы мен халық бірлігіне жауапты екенімізді сезіне отырып, дінтанушылардың, ғалымдар мен діни бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелердің күшін біріктіре отырып, кешенді игі жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра беруіміз керек. Әсіресе, діни ағартушылық түсіндірме жұмыстары жұртымыздың жүрегінен көбірек орын алуы тиіс. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері діни жалаң жаңалықтар мен даурықпа ақпараттарға жол бермей, байсалдылық жолын ұстанып, ізгілікті бірлесе насихаттағаны абзал. Өйткені, баршамыз өскелең ұрпақ алдында аса жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әрбір сөзімізді саралап, оның пайда-зиянына мән беруді ұмытпағанымыз абзал. Мұндайда дана халқымыз: «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», – дейді. Олай болса, ұлағатты ұрпақ, ибалы қыз тәрбиелеуде Сіз бен бізге артылар жүк пен жауапкершілік жоғары.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бүгінгі уақыт талабы мен жауапкершілік жүгін сезініп, имам-молдалардың білімі мен білігіне аса мән беріп келеді. Олардың жан-жақты білім алуына жағдай жасалып, арнайы тереңдетілген діни дәрістер берілуде. Жуырда ғана еліміздің әр аймағынан келген 19 өкіл имамдарымыз бір апталық семинар-тренингтен өтті. Бас мүфти дін қызметкерлеріне: «5 шәкірті жоқ имам – имам емес» деген талап қойып, осы бағытта шәкірт тәрбиелеу ісіне де баса назар аударуда. Өткен аптада Алматы қаласында бір мезетте 14 оқу орнында Діни басқарманың білікті ғалым-ұстаздары оқушыларға діни дәріс жүргізді. Жастарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуы үшін осындай кездесулерді жиі өткізуге баршамыз мүдделі болуымыз аса қажет. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне ұсыныс айтқымыз келеді. Бүгінгі күннің өзекті тақырыптары төңірегінде өзара келісе отырып, мектеп оқушылары, Жоғары оқу орындарының студенттеріне діни танымдық тәрбие сағаттарын, кездесулер мен конференциялар өткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ұсынысымыз басшылық тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз. Жастардың бойына отансүйгіш, елжандылық, ата-ананы құрметтеу, табиғатты аялау, өзгелерге қайырымдылық көрсету сынды сезімдерді ұялатып, санасына адамзаттың асыл қасиеттерін сіңіре білсек, біздің бұдан ұтарымыз көп болмақ.
Қазіргі ұрпаққа, дін қызметкерлеріне, ел игілігі үшін елеңдеген барлық жанашыр азаматтарға жүктелер міндет – дін мен дәстүрді түгендеу, оны халыққа түсіндіру. Осынау ұлы мақсатты көздей отырып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарық көрді. Дін мен дәстүрді сақтай білген ұрпақ ешқашан еліне қиянат жасамайды.
Қазақта тауып айтылған тамаша сөз бар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», – деген сөздің астарына үңілсек, көп нәрсені ұғынамыз. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – елдің игілігі, халқымыздың ауызбіршілігі, жұртымыздың тыныштығы. Ендеше, бізге ең әуелі бірігіп тірлік ету үшін бірлік керек.
Қазақ халқының ойлау жүйесінің кеңдігі мен тереңдігін ғаламдық биікке көтерген ұлы Абай бір сөзінде: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп бірлікке шақырса, тағы бір өсиетінде: «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол», деп ұлттық ойдың шеңберінен шығып, жалпы адамзаттың ойлау кеңістігіне құлаш ұруға үндейді, бағыт сілтейді. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Бөлінбеңдер», – деп мұсылман қауымын бірлікке үндеген. Ендеше, баршамыз бірігіп, еліміздің игілігі үшін еңбек етсек, біз алмайтын асу, біз бағындырмайтын белес болмайтынына бек сенімдіміз. Олай болса, Жаратушы Иеміз бізді бірлігімізден айырмасын. Мемлекетіміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
Серікбай қажы ОРАЗ
наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.11.2013
5422
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру