Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

УФАДАҒЫ ҰШЫРАСУ

30.10.2013 5970 0 пікір

Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан Башқұртстан елінде Ресей мұсылмандары басқармасы рухани Орталығының 225 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дін қайраткерлерінің халықаралық басқосуына Қазақстан мұсылмандары басқармасының өкілі, Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам инстутының директоры Кенже-Әлі Мырзабай қатысып, тәжірибе алмасып, пікір бөлісіп қайтты. Әлемнің 32 мұсылман елінен келген айтулы конференцияда көтерілген тақырып пен әңгіме өзегіне айналған қазіргі жаһандық діни ахуал жайлы, жалпы Уфадағы ұшырасулар туралы бізге Кенже-Әлі Мырзабай әңгімелеп берген еді.

– Кенжеке, халықаралық ғылыми басқосуда қандай мәселелер көтерілді?

– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бұл конференцияның ерекшелігі – еркін пікір алмасу сипатында өтуі. Негізгі баяндамалар, пікірлер, ғылыми тұжырымдар Ресейдегі Ислам және мемлекет деген тақырыптың төңірегінде өрбіді. Бәрінен бұрын бізді қуантқаны – осы конференцияға Ресей президенті Владимир Путиннің арнайы келіп, баяндама жасап, дін қайраткерлерімен пікір алмасуы. Президент дәстүрлі діндер мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттардың татулығына сүбелі ұлес қосып келе жатқанын айтты. Расында да Ислам – адамның ала жібін аттамауға, өзгелерге жамандық жасамауға шақыратын ең соңғы дін.

Конференцияда мемлекет пен діннің қарым-қатынасы, бүгінгі әлемдік Ислам университеттерінің даму жүйесі, мұсылмандардың білім алуы, дінаралық татулықты нығайтудың жолы, Ислам ғұламалары және олардың тұлғасы, т.б. тақырып төңірегінде талқылаулар болды. Аллаға шүкір, қазір қай елде болсын Ислам қанатын кең жайып, мұсылмандардың қатары көбеюде.  Сондықтан осындай тақырыптардың халықаралық деңгейде көтерілуі орынды деп есептеймін және мұндай басқосулар діндераралық ауызбіршілікті арттыруға үлес қосады.

– Уфа қаласында 1872 жылы ашылған әйгілі Ғалия медресесі бар. Мұсылмандық жоғары оқу орнында қазақтың аяулы ақындары, зиялылары діни сауат ашқаны белгілі. Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин секілді біртуар тұлғалар білім алған рухани оқу ордасына ат басын бұрудың сәті түсті ме?

– Иә, сәті түсті. Медреседе оқып жатқан шәкірттермен кездестім. Араларында қазақтар да бар екен. Олармен біраз әңгімелестім, пікір алмастым. Сол жерде ислами ілім алған атақты, халықтың жанашыры болып өткен ақын-жазушы, ата-бабаларымыздың рухына бағыштап Құран оқып, бата жасадық. Ислам шарттарын берік ұстанған бабаларымыздың өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелестік. Ойлап қарасақ, адам рухани бай болмаса, оның бойында елге, жерге деген жанашырлық, аманатқа адалдық сезімі болмайды. Халықтың қамы үшін жан беруге әзір болған тұлғаларымызды осындай ұлы мақсатқа жетелеген оның имандылығы, бойындағы рухани байлығы еді.

– Иманы әлсіз адам арсыздыққа жол береді дейсіз ғой?

– Дұрыс айтасыз. Қазақта: «Иманы бар адамда ұят бар», – деген жақсы сөз бар. Уфадағы Ғалия медресесінде шәкірттерге иманды күшейту туралы уағыз-насихат айтылды.

– Башқұртстандағы, Ресейдегі қазақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыңыз ба?

– Уфадағы конференцияға жергілікті қазақтар да келді. Өздеріңіз білесіздер, Ресейде бірнеше мүфтилер қызмет етеді. Олардың арасында қазақтар да бар екен. Нұрғазы дейтін қазақ мүфтимен кездесудің сәті түсті. Бүгінгі діни ахуал жайлы әңгімелесіп, болашақта екіжақты тәжірибе алмасуға уағдаластық. Шеттегі қазақтар дұғай сәлем айтып, Отанға ыстық сәлемдері мен жылы лебіздерін жеткізіп жатыр.

Айта кететін тағы бір жайт, көрші елдердің Бас мүфтилері Қазақстандағы діни тұрақтылыққа, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының жұмысына, берекелі бастамаларына, жаңа қарқын алған игі істеріне оң бағасын беріп, жылы пікірлерін айтып қалды. Ресейдің Бас мүфтиі Талғат Тажуддинмен кездесуде де ол кісінің тарапынан осындай пікірлер айтылды. Ержан қажы Малғаұлы мүфти-хазретіміздің атынан халқымыздың дәстүріне сай, Талғат Тажуддиннің иығына қазақтың шапанын жаптым. Ол кісі еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің діндераралық татулықты нығайтудағы рөлін айрықша атап өтті.

– Жалпы конференциядан қандай ой түйдіңіз?

– Конференциядан түйген ой – Ислам университеттері арасында тәжірибе алмасу жұмысын жандандыру қажет. Осы бағытта мұсылман елдерінің жоғары ислам оқу орындарымен екіжақты кездесулер мен тәжірибе алмасуларды жүйелі жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

           – Сұхбатыңызға рахмет!

www.muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру