Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қанат Ислам: «Табанды болсаң алынбайтын асу жоқ»

23.10.2013 10642 0 пікір

Қанат Исламның есімі қалың қазаққа жақсы таныс. Миллиардтан астам ханзудың арасынан оқ бойы озып шығып, 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы олимпиада ойындарында бокстан 69 келі салмақта қола медальді иеленген болатын. Жаны да, қаны да қазақ бауырымыз 2010 жылы атамекенге түбегейлі қоныс аударып, Лондон олимпиадасында бокстан алаштың намысын қорғауға бекінген-ді. Дегенмен, дер кезінде азаматтық ала-алмауына және басқа де себептерге байланысты Тұманды Альбион еліндегі дүбірлі бәйгеден сырт қалды. Алайда, тумысынан ештеңеге мойымайтын Қанат кәсіби боксқа ауысты. 2012 жылдың қыркүйегінде АҚШ-тың Флорида штатының Пахоке (Pahokee) шаһарына уақытша қоныс аударып, кәсіби бокспен айналысуға шындап кіріскен жайы бар. Жуырда елге демалысқа келген бауырымызға жолығып, дін, ұлт, имандылық, Қытайдағы қазақтар жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Қанат бауырым, білуімше дінге бала кезіңізден жақын болған сияқтысыз. Әңгімені осыдан бастасақ.

– Балалық шағым Қытайдың Алтай аймағындағы қалың қазақтың арасында өтті. Көзімде ашып, есімді біле бастағанымда ең алғаш әке-шешемнің намыз оқығанын көрдім. Көрші-қолаң мен басқа үйлерге қонақтар келіп арақ ішіліп, у-шу болып жатқанда біздің отбасымызда тыныштық салтанат құратын еді. «Неге біздің шаңырақта да осындай жиындар көп болмайды екен» деп іштей ойлайтынмын. Мұның себебін есейе келе Аллаһты танып, намазға жығылғаннан кейін ғана түсіндім. Өмір бойы мешітте жұмыс істеген әкем шаңырағымызға харам шарапты кіргізбей, бізге бала кезімізден ақ жолды көрсетуге тырысқан екен, жарықтық. Ал, қонақтар келген жағдайда тек шариғат негіздері мен түрлі уағыздар әңгіме өзегіне айналатын. Мұның барлығы бізге ертегі айтылып жатқандай сезіліп, ұйып тыңдайтынбыз. Ержетіп Ислам жайлы білімімді көтеру мақсатында кітаптар оқып іздене бастағанымда бала кезімде (санамда әбден жатталып қалған) әкемнің айтқандары еріксіз ойыма түседі. Сондықтан болар бокстан ең бірінші додаға түскен күннен бастап, әрқашан Аллаһқа сыйынып, жалбарынатынмын. Бүгінде сол әдетімнен еш жаңылған емеспін. Рингке шығарда үнемі дұғаларды ішімнен қайталап, қашанда Жаратқаннан көмек сұраймын.

 – Қанат, бір байқағаным рингте не мына өмірде болсын өте салмақты көрінесіз. Асығып аптықпайсыз...

– Әр мұсылман салмақты болуы тиіс деп ойлаймын. Жекпе-жектерде қарсыласымнан басым түсіп жатсам әрине, қуанамын. Ал, жеңілістің ащы дәмін татсам қатты қайғырып, күйзеле қоймаймын. Өйткені бұл спорт. Онда жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сондықтан да мұныт Аллаһ тағаланың маңдайыма жазған тағдыры деп түсінемін.

– Бүгінде АҚШ-та уақытша тұрақтап, сонда жаттығып, жекпе-жектер өткізіп жүрсіз. Күні бүгінге дейін 13 кездесудің , 12-сін мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтадыңыз. Мұның сыры неде?

– Мұның ешқандай да жасырын сыры жоқ. Аллаһ тағала барлық адамдарды бірдей етіп жартқан. Тек өз жұмысыңа деген үлкен жауапкершілік керек. Әрбір істе табандылық көрсете білсең, алынбайтын қамал жоқ. Жатпай-тұрмай еңбектенуден жалықпай, шаршамау керек. Нәтиженің 99 пайызы еңбекпен, 1 пайызы ғана таланттың еншісінде. Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болған жігіттермен бірге жаттығып, өмірде де дос болып жүрмін. Мен солардың бойынан ешқандай талантты көре алғаным жоқ. Барлығы тынбай еңбектену мен ізденудің нәтижесі. Қазір еліме келіп, демалып жүргеніммен, жаттығуды бәр сәтке тоқтатқан жоқпын.

–Жаһандану заманында қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер көп. Сізді не ойландырады?

–Қарап отырсаң, жұмада, Рамазан айының тарауих намаздарында мешіттерімізге жастар сыймай құлшылықтарын далада өтеп жатқанда жүрегіңді қуаныш кернейді. Демек, адамдар имандылыққа бет бұрып, рухани кемелділікке ұмтылуда. Өзіңіз жақсы білесіз, бұрындары мұның бірі де жоқ еді ғой. Өкінішке орай, қаракөз қыз-келіншектердің темекі шегіп, ащы суға тойып алатыны арқама аяздай батады. Қолдан келер қайран жоқ. Тек соларға оның зиян екенін дұрыстап түсіндіріп, өз ісіңмен үлгі бола білу. Айтқан сөзің басқа, істеген ісің бір-біріне қабыспай жатса сені кім тыңдасын?!

Жалпы, ата-бабамыз ұстаған сара жолға түспей, адамгершілік қағидаларына адалдық таныта алмасақ, болашағымыз бұлыңғыр.

– Қытайдың Алтай аймағында бокстың әліппесімен алғаш танысып, үлкен спортқа қадам бастыңыз. Бүгінде есімің дүйім жұртқа танымал жұдырақтасу өнерінің майталманысыз. Ондағы қандастарымыздың жағдайы қалай?

–Шынын айтсам, тағы бір 5-10 жылдың ішінде Қытайдағы қазақтар жаппай жұтылып кете ме деген үлкен қауіп бар. Біртіндеп ата тіліміз жойылып, құрдымға кетіп жатқаны ащы болса да шындық. Төте жазуды түсінбейтін жастар тобы қаулап өсіп келеді. Өздерінің ата-бабасының басындағы құлпытасты оқи алмаса ондай ұрпақтан не үміт, не қайыр? Тіл кеткен соң, дінінен де айырылады. Осындай жан ауыртарлық келеңсіздіктерді көріп, біліп отырған соң, өзімше әрекет ете бастадым. Қолымнан келгенше сонда қалып қойған спортшыларды елге шақырып, Қазақстанда тұрақтап қалуына атсалысудамын. Мысалы, күрестен ауыр салмақта белдесетін Қиса есімді қандасым атамекенге оралды. Ерзат есімді бауырымызды да елге алып келдік. Олар да туған-туысын, ағайынын шақыруда. Осылайша шеттегі қазақ біртіндеп атажұртқа орала берсе, қанеки?!

 Жалпы, ұлтын, дінін сақтап қалуды ойлап жүрген қандастарымызға әрқашанда қазақ жеріне табан тіреуіне мүмкіншілік бар. Тек ниет болу керек. Өзіме келсем, туыстарымның біразы атажұртқа оралды.

– Болашақтағы жоспарларыңыз жайында айтып берсеңіз?

– Алда үлкен жекпе-жектер күтіп тұр. Биылғы кездесулерде жеңіске жетіп, өзімнің салмағымдағы ондыққа кірсем деген жоспарым бар. Сонда чемпиондыққа таласуға үлкен мүмкіндік туар еді. Негізінде мұның барлығын қазақтың да қолынан бірдеңе келетінін әлем жұртына дәлелдеп, алаштың атын шығару үшін әрекет етіп жүрмін. Шеттегі қазақ баласының масыл еместігін, оның нағыз ұлтжанды екенін көрсету.

– Қызықты әңгімеңіз үшін рахмет.

Өмірдерек: Қанат Ислам 1984 жылы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай аймағында дүниеге келген. Туған ағасы Талғаттың айтуымен бокс секциясына жазылады. 1997 жылы жаттығуын бастаған Қанат арадан 4 жыл өткенде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының құрама командасының мүшелігіне қабылданады. 2000 жылы 69 келі салмақта сол ауданның чемпионы атанса, 2003 жы ҚХР-ның кубогында екінші орынға табан тірейді. 2004 жылы Афинадағы олимпиада ойындарына қатысады. 2005 жылғы қазанда Қытайдың Бүкілхалықтық 10-шы спартакиадасында алтыннан алқа тағынады. 2006 жылғы Дохадағы Азия ойындарының, 2007 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ал, 2008 жылы Бейжіңдегі олимпиадада жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көтерілді.

2010 жылы Қазақстанға біржолата қоныс аударды. Үйленген.

Сұхбаттасқан Кеулімжай Құтты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру