Олардың көбеюі ақырзаманның белгісі ме?
Еуропа азғындардың ұясына айналып барады
Адамзат қоғамы азып барады. Ғасырдың басында жезөкшелікке жиіркенішпен қараған адам баласы бүгінде оны да «мойындап», өмірдің бір құбылысы ретінде қарайтынды шығарды. Тіпті батыс мемлекеттері жезөкшелікті қалыпты жағдай ретінде бағалап отыр. Олар ешкімнен қысылып-қымтырылмай–ақ заң негізінде жұмыс жасауда. Ал ХХI ғасырға адамзат жезөкшеліктен де өткен сорақы қылығымен аттап отыр. Бұл – гомосексуализм мен лезбияндық. Гомосексуализм сөзі ана тіліміздің қорына «еркін еніп», жаңаша түрленіп, «Көгілдір» деген атауға да ие болды. Мұндай анайы әрекеттің белең алғаны соншалық – кейбір елдердегі биліктің өзі оларға жағдай туғызып беруден басқа жолдары қалмағандай.
Швецияда 1995 жылдың 1-қаңтарынан бастап бір жыныстылар некеге емін-еркін тұра береді. Ал, 2002 жылдан бастап олардың бала асырап алуына рұқсат етілді. Ең сорақысы – Швеция шіркеуі өткен жылдың басынан бастап көгілдірлерді қызметке алып, оларға бір жыныстылардың некесін қарау және тіркеу міндетттерін жүктеген. Оларға «жұптардың жарамды-жарамсыздығын да анықтау» құқығы да қоса берді. Сондай-ақ, бұл елде көгілдірлердің өз телеарнасы, радиосы және мерзімді басылымдары бар.
Швециямен қатар Голландияда, Данияда тағы бірқатар Еуропа елдерінде бұл «үрдіс» кең етек алуда. Әсіресе, «аузы дуалы» мемлекет басшыларының оларды қолдап мәлімдеме жасаулары «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келгендей. Әлемді аузына қаратқан поп жұлдыз Элтон Джон «сүйіктісі» Дэвид Фернишпен некесін қиғанда оларды шын жүректен құттықтаған сол уақыттағы Англиядағы жоғары лауазымды шенеунік: «Бұл – еліміздің алға жылжып, дамығанының белгісі. Мұндай қадамға барғанымызды мен мақтаныш етемін», – дегенде әлем көгілдірлерінің төбесі көкке бір елі жетпей қалған болатын. Сол тойға «жас жұбайларды» арнайы құттықтап келгендердің арасында Мадонно, Стинг, Элизабет Херли, Донателла Версаче, Виктория Бэкхем, Элизабет Тейлор сынды әлем жұлдыздары мен атақты кісілердің болуы кім-кімді де ойлантпай қоймайды.
Осыдан біраз бұрын Элтон Джонды біздің елдің бір миллиардері шақырып, бірер сағат ән айтып бергені үшін 2 миллион АҚШ долларын төлегенін мерзімді басылымдардың біразы жазды. Сонда біз кімді ұлықтап, кімге бас ұрып жүрміз?
Көгілдерлердің сойылын соғып жүрген танымал саясаткерлердің бірі – Альберт Гор. Ол 2000 жылғы президент сайлауында мұндай некеге үзілді-кесілді қарсы болса, бүгінде пікірін 180 градусқа өзгертіп отыр. «Мен кейбір адамдардың байбалам салатынын түсінбеймін. Мұның дәстүрлі некеге ешқандай қаупі жоқ»,– деген пікірі отқа май құйғандай болды. Белгілі саясаткердің сөзі дем берді ме қайдам, олар биыл 20-қаңтарда Голливудта көгілдірлер сайысын өткізіп те үлгерді. Ұйымдастырушылар бас жүлдені иеленген аргентиналық Карлос Фабианға 10 мың көк қағазды ұстатуды ұмытқан жоқ.
Аузымыздың суы құрып айтатын көз алдымызға «жұмақ өмір» болып елестейтін сол Америкаңызда биылдан бастап көгілдірлерді дайындайтын арнайы орталық ашылып отыр. Мичиган штатының бір университетінде осы тақырыпқа байланысты дәріс оқылмақ. «Қалай көгілдір болуға болады?» атты оқулықтың авторы Дэвид Хэлперн «шәкірт» дайындауда Голливуд фильмдері мен поп музыканы басты көзір етіп алатынын да жасырған жоқ. Міне, біз мақтаған Америкамыздың бүгінгі сиқы осындай. Кімдерге еліктеп, кімдерді үлгі тұтып жүргенімізді бір сәт ойланып көрдік пе?
Жалпы, адам баласы жаман әдеттерді тез қабылдайтыны белгілі. Дегенмен, көгілдірлердің мұншалықты қатты қарқынмен дамып, жаппай белең алып кетуін Ресей Ислам комитетінің төрағасы Гейдар Жемал былай түсіндіреді: «Олардың астына көпшік қойып отырған батыстағы биліктің өзі. Өздеріңіз білесіздер, ХХ ғасырдың басында ұлттық буржуазияны жойған оларда ешқандай құндылықтар мен дәстүр сабақтастығы қалған жоқ. Халықты басқаруда олардың ықпалы аса зор болатын. Бүгінгі Еуропада кедейлерді – байлар, ақымақтарды – ақылдылар билеп төстейді.Ал, жалғызбасты (миллиондап саналады) адамдарды ше? Міне, ондай кісілерді жынысына қарамай бір-біріне тәуелді ету арқылы ғана айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе алады. Сондықтан, олардың некелесуіне ресми рұқсат беріп, «жағдайын» жасауда. Ал, ең басты себеп мынада: «Азаматтардың ар-ождан құқықтарын шектеуге болмайды»,– деген жалаң желеумен адамдарды діннен алыстатып алды. Дінсіз отбасы – жалғыз аяқты адам. Ол қашан болмасын бір күні міндетті түрде қайта тұра алмайтын болып құлайды. Бұл жөнінде Достоевский: «Адамзаттың азғындауы – Құдайды жоқ деп білуінде»,– деп керемет айтқан емес пе?
Көгілдірлер – қауіпті ауруды таратушылар
Батыс оларға «бас иіп» некелесуге рұқсат беріп жатқанымен, мұның мүлде дұрыс әрекет емес екенін айтып, әлем дәрігерлері дабыл қағуда. Көгілдірлер мына аурулардың түрі бойынша алдына жан салар емес:
– СПИД;
– 80 пайызы сифилиспен ауырады және өзгелерге жұқтырады;
– Жүйке аурулары;
– Тері ауруларының бірнеше түрі.
Ең қорқыныштысы, жаңа ғасырға адамзат тағы бір жаңа аурумен бірге қадам басты. Бұл стафилококк қоздырғыш микробтары. Әлемге әйгілі дәрігер Р.Кох стафилококты ХIХ ғасырда-ақ анықтап, оның аса қатерлі екенін айтып кеткен болатын. Бүгінгі күні осы дертті өзгелерге жұқтыратын негізінен көгілдірлер екені анықталды. Америкадағы Бостон және Сан-Франциско қалаларының дәрігерлері мен ғалымдарының бірнеше жылдық зерттеу қорытындысы мынаны көрсетті: Аталмыш дерттің таралу ошағы негізінен көгілдірлер тұратын кварталдар болып шықты.
Стафилококк қандай ауру? Осыған тоқталып өтелік. Әлемде бұл дерттің 27 түрі кездеседі. Солардың ішіндегі үшеуі адам өміріне аса қауіпті. Олар 100-ден астам аурулардың адам ағзасында пайда болуына тікелей қатысы бар! Қоздырғыш микроптары күннің астында 12 сағат бойы тұрғанымен, өле қоймайды екен. 150 градус ыстық суда қайнатқаныңызбен, тек 10 минуттан кейін ғана «жан» тапсырады. Таза этил спиртінің өзі бұл микробтың алдында дәрменсіз. Терідегі қандай да болсын іріңдеулер стафилококктың «арқасында» жүзеге асады.
Әрине, жоғарыда аты аталған аурулардан басқа дерттердің де туындауына көгілдірлердің қатысы бар екені даусыз. Мұның барлығын тізіп жаза беру мүмкін емес. Осындай азғындаулардың нәтижесінде адамзаттың құрып кетуіне себепші болуы әбден мүмкін батыс енді өздерін «мәдениет пен өркениеттің ошағымыз» деп атауға қалай ауыздары барады екен?
Асыл дініміз Исламды айтпаған-ның өзінде, әлемдегі дәстүрлі діндердің барлығы гомосексуализмге түбегейлі қарсы. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Дүниеде (әйелдер тұрып) еркектерге қосыласыңдар ма? Раббыларыңның сендер үшін жаратқан әйелдеріңді тастайсыңдар ма? Сендер асқынған елсіңдер» («Шұғара» сүресі, 164-165-аяттар). Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жиіркенішті іспен айналысқандарды лағынеттелген шайтанға теңеген. Шайтанның қайда баратыны, әрине, белгілі...
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді атам қазақ. Өкінішке орай, бізде де олардың саны әжептәуір екен. Интернет сайттарының мәліметіне сенсек, бір Алматының өзінде де біршама көгілдірлер бар көрінеді. Олардың көпшілігі 20-дан енді ғана асқан жоғары білімді жастар екені өзегімізді өртейді. Әрине, бұл интернеттегі ақпараттар. Дегенмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайдының» кері келіп жүрмесін...
Олар Жаратқан Иеміздің тыйғанынан тыйылмай, мойын-сұнбауда. Демек, көгілдірлер Аллаһ тағалаға қарсы шығып, күпірлік танытуда. Әрине, бұл жазасыз қалмақ емес. О дүние түгіл, бұл жалғанның өзінде де...
Төбемізге тас жауып жүрмесін...
Ежелгі Помпей қаласының тарихын оқырман қауым жақсы білетін шығар. Осы уақытқа дейін тарихшылар оның жер бетінен жойылып кетуін жанартаудың атқылауынан көріп келген еді. Рас, жанартау атқылаған. Алайда, 1940-1950 жылдары ескі шаһардың орнын қазған археологтар таңғажайып көрініске тап болады:қаланың барлық ғимараттары дерлік зақымдалмаған. Ең, таңдай қақтырары, адамдардың дене мүшелері бүлінбей сол қалпында қалғаны. Тіпті, бет-әлпеттері де өзгермеген. Бір ғаламат күш оларға бұйрық беріп, тіршілікті бір мезетке тоқтатып тастағандай. Егер жанартау атқылады десек, ғимараттарды есепке алмағанның өзінде, адамдар күйіп, жоқ болып кететін еді ғой. Арада 2000 жыл өтіп кеткені тағы бар... Әрине, мұны бір Жаратушыдан басқа ешкім істей алмайтын еді. Бұл жөнінде Құран Кәрім: «Егер қылмыстарына қараса, тәңір кәпірлерге тартқызатын азабын тездетер еді. Бірақ оның да белгіленген уақыты бар... Азғындық жасағаны үшін біз қанша қаланың халқын жойып жібердік. Бұл да өздеріне белгіленген уақыттарында жүзеге асырылған еді» («Каһф» сүресі, 58-59-аяттар).
Помпей халқы неліктен бұлай ажал құшты? Өйткені, мұнда жезөкшелік пен гомосексуализмнің дамығаны соншалық – бұл азғындық қатынас олардыңөмірлік салттарына айналып кеткен болатын. Әсіресе, бір жыныстылардың төсектес болуы қалыпты жағдай деп бағаланды. Мұндай жиіркенішті әдеттен жасөспірімдер мен балалар да тыс қалмаған еді. Жүздеген жұптар жыныстық қатынасқа түсіп жатқан күйде мәңгілікке қатып қалғанын ғалымдар бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берді.
Лұт (ғ.с.) пайғамбардың кезінде де адамдар оның сөзіне құлақ аспай гомосексуализм белең алып кетті. Аллаһ тағала оны құтқару үшін періштелерді жерге түсіреді. Періштелер жас жігіттердің кейпіне еніп, Лұттың (ғ.с.) үйіне барады. Көшеде оларды байқап қалған азғындаған қала еркектері жыныстық қатынасқа түсу мақсатында Лұттың (ғ.с.) үйіне қарай ағылады. Жаратқан Иеміз елшісін құтқарып, қалғандарының төбесіне тас жаудыртады: «Олардың төбесіне біз (тас жаудырдық). Алдын ала ескерткендерге жаудырған жаңбырдың түрін қараңдаршы!» («Нәміл» сүресі, 58-аят).
Р.S. Аллаһ тағала Помпей халқын да, Лұт қауымын да осындай азғындықтары үшін аяусыз жазалады. Ал, жаңа ғасырда көгілдірлердің қатары күн өткен сайын көбейіп барады. Мұндай жиіркенішті қарым-қатынастар белең алып кете берсе, Раббымыздың қаһарына ұшырап, адамзат баласының төбесіне тағы да тас жауып жүрмей ме?
Кеулімжай ҚҰТТЫ.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.10.2013
6634
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру