Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Асан Тілеубердиев: Бағытың қайсы, жас буын?

02.10.2013 5865 0 пікір

Бүгінгі жаһандану ғасырында ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі қай уақытта да өзектілігін жоғалтпайтын тақырып.

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар мәселесін әрдайым назарда ұстап, олардың толыққанды діни білім алуына, толғандырған сұрақтарына имамдардан жауап алуына мүмкіндіктер жасап, тиісінше қолдау білдіріп келеді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы лауазамды қызметке тағайындалғаннан бері еліміздің дін саласында жақсы жұмыстар жасалып, жаңа бетбұрыстар байқалуда. Солардың бірі – жастар мәселесі. Бас мүфтидің бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан Жастар бөлімі ашылып, аталған бөлім жастар ұйымдары мен студенттермен осы бағытта бірлесе жұмыс істеуде. Арнайы кездесулер, конференциялар өткізіліп, ел болашағы саналған жастарымыздың діни сауаты, олардың қоғаммен байланысы, ғылымды игеруі, жаңа технологияларға икемделуі, дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, болашаққа қадам басуы, т.б. мәселелер күн тәртібіне қойылып, қызу талқылануда.

Расында да, бүгінгі алмағайып заманда адам тәрбиесінің нашарлауы, рухани құндылықтардың әлсіреуі, қоғамда жаман әрекет пен жат қылықтардың көрініс табуы, т.б. осы секілді келеңсіз жайттар жас ұрпақтың бүгінгі рухани және мәдени келбетін қалыптастыруға теріс әсер етіп жатыр. Иә, адамзаттың материалдық жағдайды көбірек күйттеп, қоғамда моралдық құндылықтардың төмендеп кеткені қазіргі уақытта ғаламдық дағдарыс, әлемдік жағдай. Десек те ізгілікке құштар бүгінгі жастар адамгершілікке жол сілтейтін және олардың жоғалған ішкі жан сұлуы мен әдемі әдептерін қайта қалыптастыратын бағыт-бағдарды қажетсінуде. Діни басқарма мен мешіт имамдары осы бағытта жүйелі жұмыс жасап, ізгі іс-шараларды жүзеге асыруда. «Орбита» мешіті де осынау игі істерге үлес қосып, жастарды отансүйгіштікке, олардың діни білім алуына жағдай жасап келеді. Мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курсы осы бағытта қызмет етуде.

Дәстүрлі дініміз Исламда жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді атаның баласы емес, адамның баласы болуға баулу айрықша маңызға ие. «Еліміздің және жастардың ең басты байлығы – сапалы білім» деп Елбасы атап көрсеткендей, заман талабын ескере отырып жастардың білімін көтеру мәселесі еріксіз назар аудартады. Білімді жастар ғана ел дамуына жол ашады. Орта ғасырларда Ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Бұл қуатты интеллектуалдық өркениетті құруға негіз қалады. Бүгін де осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене отырып, Ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғырту күн тәртібінде. Демек, ендігі кезекте жастар білім тұрғысынан өзге жұртпен терезесі тең деңгейден табылуы тиіс. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін тал бесіктен – жер бесікке дейін ілім алуға, ілімге сай амал етуге үндеген.

Хадис-шәрифтерде:«Ілім – Исламның өмірі, иманның тірегі. Ешкім сауатсыздығымен құрметті, ал ілімімен масқара болмайды. Бос уақытын ілімге жұмсаған адам құтылады. Салих ғалымдардан болыңдар, егер салих ғалымдардан болмасаңдар, сондай ғалымдардың сұхбатына қатысыңдар, сендерді хидаятқа (тура жолға) қауыштыратын, адасушылықтан алыстататын ілімді тыңдаңдар. Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар», – делінген.

Иә, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, білім алмаудың кесірінен кейбір жастарымыз өзге ағымның арбауында кетіп жатыр. Осы ретте еліміздегі мешіттер жанынан ашылған діни сауат ашу курстары ілім үйренем деген адамдарды тегін қабылдайтынын айта кеткім келеді. Бұл – үлкен мүмкіндік.

Жастар арасындағы мәселелердің бірі – ажырасу. Әлемде отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Жесір қалған келіншек, жетім қалған бүлдіршіндер – сіз бен біздің баламыз немесе әпке-қарындастарымыз емес пе? Алайда Ислам ажырасуды құптамайды. Алла елшісі: «Ажырасу – рұқсат етілген, бірақ Аллаға ұнамсыз іс» деп ескерткен. Осы ажырасудың салдарынан қаншама әйелдер жесір, балалар жетім қалуда. Бұл кім-кімді де ойландыратын мәселе. Сондықтан бұған қалай тосқауыл қоямыз деген сұрақтар да уайымдатады. Әрине, мұның бір шешімі: жастардың имандылық тәлім-тәрбиесін күшейтіп, оларға отбасының қаншалықты жауапты іс екенін насихаттауда. Қасиетті Құранда: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» (Ниса сүресі, 34-аят) деп өмірде асығыс шешімге бармай, ажырасудың алдын алу керектігін ескертуде. Егер де Құран мен хадистерге амал жасасақ, отбасы шаңырағы шайқалмайды деп сенемін.

Бүгінгі таңда жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаушылар да азаяр емес. Суицид шариғатымыз бойынша күнә. Құранда Алла Тағала: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер! Алла сендерге өте рақымды» деп бұйырған.

Жуырда осы мәселеге қатысты ҚМДБ Пәтуа және шариғат бөлімі пәтуа шығарды. Сол пәтуада: «Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігіне куә болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді албасты шайтан азғырып, тура жолдан тайдыруға тырысады. Ақыры дегеніне көндіріп, өз тобының қатарына кіргізеді. Өйткені Ібілістің басты мақсаты адамзатты адастырып, торына түсіру болатын.

Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат», – деп жазылған.

Жастарымыз мұның ауыр күнә екенін шынайы білетін болса, мұндай іске бармас еді деп ойлаймыз.

Алла тағала баршамыздың иманымызды кәміл, дұғамызды қабыл еткей!

 

Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ,

Алматы қаласы «Орбита» мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру