Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бақыт қажы Тұрсынбектегі: «Имандылықты түсінбей қажылықты өтеу мүмкін бе?!»

02.10.2013 5318 0 пікір

Құдайға шүкір, жыл сайын елімізден қажыға баратындардың саны артып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары бесінші парызын өтеуге ден қойғандардың қатары көбейе түскені байқалады. Бұл әрине,  қуантарлық жәйт. Дегенмен, қажылардың басым бөлігі  қажылықты өтеу тәртібін жете  біле бермейтіні жасырын емес. Сондықтан оларды оқыту,  үйрету заман талабы. Ал, осы мәселемен айналысуды биылдан бастап  ҚМДБ-ның жанындағы қажылыққа алдын-ала дайындықтан өткізу оқу орталығы жүйелі,  әрі тұрақты түрде қолға алуды  жоспарлап, іске қызу кірісіп кеткен жайы бар. Біз өз кезегінде осы орталықтың директоры Бақыт қажы Тұрсынбектегін  аз-кем  әңгімеге  тартқан едік.

–  Бақытжан қажы,   сөзімізді өзіңіз басқарып отырған орталықтың құрылу тарихынан бастасақ.

–  Біздің орталық 2006 жылы маусым айында сол кездегі Бас мүфтидің қатысуымен ресми түрде ашылып, қызметін бастаған болатын. Қазіргі Әбу Ханифа республикалық медресесінің ауласына өз ғимаратымызды тұрғызып, ішіне Қағба және т.б. қасиетті мекендердің макетін жасап, қажыларды дайындауға бар-ынта шынтымызбен кірісіп кеттік.  Негізі  ТМД мемлекеттерінің ішінде  дәл осындай оқу орны  біздің елімізде алғаш  ашылғанын айта кеткен жөн. Өзбекстан мен Қырғыстанның және басқа да елдердің діни басқармаларынан  келген  қызметкерлер  біздегі орталықты көріп, ризашылықтарын білдірісті. Өз елдерінде де ашуды жоспарлап отырғанын айтқанда,  қуандық. Ал, Қазақстандағы Түркия елшілігінен келген мамандар бұл ісімізге ерекше қолдау білдірді. Оларда мұндай орталықтың  әр қалада  барын естігенде  бар күмәнім сейілді. Өйткені, кейбір кісілердің Қағба макетін айналып, өздерін қажы сезініп жүргендей әсер қалдырғаны мені қатты ойландыратын. Кейде: «Мен осы күнәға батып жүрген жоқпын па?» деп өз-өзіме іштей сұрақ қоятынмын. Түрік елінде қажылықтың бүкіл тәртібін, жөн-жосығын  білмейтін кісіні бесінші парызын өтеуге жібермейді екен. Басқа мұсылман  елдерінде де  осылай болып шықты. Сондықтан Түркия, Иран, Малайзия, Индонезия  сияқты елдерден келген қажылардың   жүріп-тұру тәртібіне еріксіз таңдай қағатынымыз жасырын емес. Сол жақтардан келген әлденеше мыңдаған қажылардың кезек-кезегімен, ұйымшылдықпен, қажылық рәсімдерін у-шусыз өткізіп жатқанын көріп сүйсінесің  әрі қызығасың.   

Орталық 2010 жылға дейін табысты жұмыс істегенімен, содан кейін тұрақты  мекен-жайымыз болмағандықтан, бар шаруаны көшіп-қонып, атқаруға мәжбүр болдық. Аллаһқа шүкір, биылдан бастап ҚМДБ-ның тікелей қолдауымен Алматы қаласы, Жетісу ауданында орналасқан жамағатқа жақында ғана есігін айқара ашқан Мәдина мешітінде қызметімізді ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алдық. Бұл үшін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына және  наиб мүфти Серік  қажы  Оразға  шексіз алғысымды білдіріп,  Аллаһ тағала разы болсын дегім келеді.

–   Қасиетті жерлерге аяғы тиген кейбір кісілер бесінші парызды өтеудің тәртібі мен ережелерін білмегендіктен, қажылық фирма қызметкерлерімен сөзге келіп, түсінбеушілік танытып жататынын байқап қаламыз...

–  Өте  дұрыс айтасыз. Бірде мынандай бір оқыс жағдай орын алды. «VIP» (бағасы қымбат жайлы қонақүйде күтім ерекше) қызмет түрімен барған бір апайымыз Минада: «Мен ақшаны шатырға түнеу үшін төлеген жоқпын»,– деп шатырға кіруден үзілді-кесілді бас тартып, шу шығарды. Қарап отырсақ, Минада үш күн қону қажылықтың негізгі шарттарының бірі. Ал, ол кісіге мұны  ешкім айтпағанына мен сенімдімін.  Тіпті,  кейбір азаматтарымыз қайда жүргенін де жете түсіне бермейді. Базар аралап, өсек-аяңға ерік беріп, бостан-бос даурығып  жүре береді. Мұның бәрі иманның әлсіздігінен орын алатын келеңсіз оқиғалар. Сондықтан, біздің орталық ең бірінші қажыларға имандылықтың әліппесінен бастап үйретеді. Уақыт өте келе қажылықтың өтеу тәртібін тәптіштеп түсіндіреді.

–  Сонда бұл қызметтің бәрі ақысыз  болғаны ма? 

– Иә, біз қажыларға  тегін қызмет көрсетеміз. 

– Биыл ҚМДБ қажыларды оқытуға байланысты қажылық компанияларға қатаң талап қойып отырғаны белгілі. Бұл талап бойынша қажыға барғысы келетіндердің барлығы сіз басқарып отырған орталықтың курсынан өтуі тиіс. 4 мыңнан астам адамды қысқа мерзім ішінде оқытып үлгере аласыздар ма?

– Жақында ҚМДБ-ның басшылығы барлық қажылық фирмалардың өкілдерін жинап, кеңес өткізді. Онда сіз айтып отырған мәселе де егжей-тегжейлі талқыланып, бірауыздан қажыларды оқыту жөнінде бір шешімге келді. Бұл құптарлық игі іс. Ал, биыл 4 мыңнан астам кісінің барлығын оқытып шығару мүмін емес. Себебі, біріншіден, ол үшін барлық қажыларды Алматыға жинау жағы қиындық туғызса, екіншіден, қысқа уақыт аралығында барлығын оқытып шығару аса қиын. Дегенмен, Аллаһ қаласа келесі жылдан бастап,  облыс орталықтарында, үлкен қалаларда орталықтың филиалдарын  ашсақ па деген  ниеттеміз. Осылайша жүйелі түрде жұмыс жүргізетін болсақ, көп ұзамай оң нәтижеге қол жеткіземіз. 

– Қажыларға айтатын талап-тілегіңіз...

– Ең бірінші, имандылыққа басты назар аударса. Иманы күшті жан  қажылығын мінсіз орындай алады. Сапарда адамдарға деген өкпе-ренішті ұмытып, ерекше сабырлылық танытса деген тілегім бар. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қажылық амалын орындау барысында жаман сөз айтпаған және күнәлі іс істемеген адам қажылықтан анасынан жаңа туған нәрестедей пәк болып оралады» (хадисті Әбу Һұрайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүсілім риуаят етті).

–Қызықты әңгімеңіз үшін рахмет. 

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ

ҚМДБ-ның жанындағы қажылыққа алдын-ала дайындықтан өткізу оқу орталығының мекен-жайы: Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Гончаров (бұрынғы  Баженов) – Федоров көшелерінің  қиылысы, Мәдина мешіті. 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру