ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы Рашид Мухитдинов сәләфилік идеологияның Қазақстанда тарауы жөнінде сауалдарға жауап берді.
– Сәләфи ағымы өз идеологияларын таратуда қандай әдіс-тәсілдерге жүгінеді?
– Әрине, олар интернет жетістіктерін пайдалануда алда келеді. Мысал үшін бір мәселені, әсіресе, араб тілді интернет ресурстарда сәләфи ағымының мәліметтері іздеу барысында бірінші болып шығады. Соңғы екі-үш жылға дейін бұл қазақ және орыс тілді діни сайттарда да байқалатын. Әлеуметтік желілерде де сәләфи ағымын қолдайтындар жиі көзге түседі. Біздің ойымызша, ҚМДБ ұстанымын елге түсіндіру үшін, әртүрлі қыңыр пікірлерден қорғап отыру үшін арнайы адамдар тобы діни сайттарда сілтеме (комментари) жасаумен айналысу керек.
Сәләфи ағымының Қазақстанда кең жайылуына біз айтқандардан да басқа себептері бар. Кейбір қатты кеткен ағым өкілдері артынан ергендерге басқа діни мамандардың уағыз-насихатын естуге, тіпті олармен араласуға да тыйым салады. Бұл жақсылыққа жетелейтін құбылыс емес.
– Жалпы, аталмыш ағым өкілдері Қазақстанға қай кезден бастап келе бастады? Олардың идеясын елге ең алғаш алып келген кімдер?
– Аталмыш ағым Қазақстанға басқа діни ағымдар сияқты ел тәуелсіздігін алғаннан кейін келе бастады. Алғашқыда әртүрлі қайырымдылық қорлар және Қазақстанда оқитын араб студенттер арқылы кірді деуге болады. Кейіннен араб елдерінде тәлім алған өз отандастарымыз арқылы дамыды.
Елге келетін қауіп түсінікті ғой. Ол – мұсылмандар арасында жік тудыру. Алтауды ала қылып, ауыздағыны кетіру. Ауызбіршіліктен айырылып, жауға жем болу. Кез келген елді жаулау үшін «бөліп ал да билей бер» саясатының түпкі мақсаты.
Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, жалпы ханафи мазһабын ұстанушылардың ұстанымдарымен салыстырып өтейін. Біріншіден, мемлекеттік қолдау. Сәләфи ағымы – белгілі бір мемлекеттің, яғни Сауд Арабия Корольдігінің ресми жүргізіп отырған діни саясаты, діни ұстанымы, идеологиясы. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан ағым өкілдері өз идеалогиясын тарату жолында мемлекеттің мүмкіндіктерін пайдаланатындығы белгілі. Басқа діни ағымдардың көп жағдайда мемлекет тарапынан осы сияқты ашық, ресми демеу көруі өте сирек. Мемлекеттің тікелей қолдауына ие болғандықтан, көптеген жобалар, іс-шаралар қолға алынады, жоспарлар жасалады, ғылыми зерттеулер жүргізіледі, білім беру жүйелі түрде жолға қойылады және осы жобалар мен жоспарларды, зерттеулер мен білім беруді іске асыру үшін қомақты қаражат бөлінеді. Себебі, осы арқылы ол мемлекет өз ұстанымын қорғайды, насихаттайды.
Араб мемлекеттері мен басқа да мұсылман елдерінде сәләфи ағымын ұстанатын ғалымдар көп. Тәуелсіздіктен бері жиырма жылдың ішінде сол мемлекеттерде тәлім алған қазақстандық жастардың саны еселене түсті. Сәләфи ағымын ұстанатын ұстаздардан тәлім алған қазақстандық жастар елге оралғаннан кейін өздері үйренген діни мәліметтерді таратумен айналысты. Бұл жерде ескерте кететін мәселе ол жастардың көпшілігі өз уағыз-насихаттарын бар ықыласымен, ынта-жігерімен жүргізді. Қай уақытта істі шын ниетімен орындайтын болса, ол істің жеміс беретіндігі айқын.
Ащы болса да шындық, осындай ынта-жігер көптеген мешіт имамдарының бойында табылмай жатады. Мешітке жаңадан келген жастар, діни білімі жоқ не таяз жандар өз ісіне құлықсыз имамдар мен аз да болса діннен хабардар, өз ісіне, діни ұстанымына берік жастарды көргенде жастардың жағына ауып кетіп жатады. Бұл жағдай да сәләфи ағымының кең тарауына өте үлкен ықпал етті. Олар адамдарды өз жағына тартуда имамдардың жоғарыда аталған кемшіліктерін де тиімді пайдалана біледі. Имамдардың кемшіліктерін көрсету арқылы имамның ұстанымын тыңдаушының алдында төмендетеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл жайттан хабардар деген ойдамыз. Негізі осы олқылықты түзету үшін тиісті орынға лайықты кадрларды тағайындау аса маңызды.
– Осы мәселелердің алдын алу мақсатында не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазақстан – зайырлы мемлекет, дін мемлекеттен бөлінген. Сондықтан, ресми дін өкілдері үкімет тарапынан тікелей қаржылай қолдау таба алмайды. Дін өкілдері мемлекеттік ғылыми жобаларға етене араласа алмайды. Себебі, ғылыми жобаларды көп жағдайларда жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу орталықтары ұтып алады. Ал, ғылыми зерттеу орталықтарында ислам дінінің ішкі проблемаларын терең түсінетін мамандардың жоқ екендігі тағы да белгілі. Онда көп жағдайда дінтану мамандары, философтар, тарихшылар қызмет атқарады. Олар өз мамандығын шебер игергенімен де, ислам дінінің ішкі мәселелерін исламтанушы сияқты түсінбейді. Бұл жерде менің айтқым келгені Қазақстандағы діни медреселерге арналған немесе осы медреселердің ұстаздары қатыса алатын үлкен ғылыми жобалар жасалса. Қазақстандағы діни медреселерге коллеждік дәреже беріліп, оны бітірген түлектер ары қарата сол сала бойынша жоғары оқу орнында білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болса, аталған салаға келетін кадрлардың сапасы артар еді. Әрине, сапалы кадр жұмыстың сапалы болуының негізгі шарты. Яғни, республикамыздың Білім және басқа да министрліктер тарапынан бөлінетін жобаларға мешіт пен медресе ұстаздары араласса және діни медреселерге коллеждік дәреже берілсе, Қазақстанда ресми (дәстүрлі) ислам діні өз мүмкіндіктерін молынан көрсетуге мүмкіндік алар еді.
Мәлімет kazislam.kz сайтынан алынды
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру