Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰХИТДИН ИСАҰЛЫ: «ИМАН САҚТАУҒА ҚОРЫҚПАС ЖҮРЕК КЕРЕК»

Мұхитдин ИСАҰЛЫ "Мұнара" газеті 11.11.2021 7635 0 пікір
МҰХИТДИН ИСАҰЛЫ: «ИМАН САҚТАУҒА ҚОРЫҚПАС ЖҮРЕК КЕРЕК»

Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, белгілі ғалым, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхитдин Исаұлы «Мұнара» газетіне мұсылманға қажет үш қасиет, дінде тұрақты болудың бес ақысы, абырой мен атақтың айырмашылығы, тектілік тұғыры, Ихсан ілімінің мәні мен маңызы туралы, Пайғамбарға сүйіспеншілік жайлы сұхбат берді.     

 

ПАЙҒАМБАРДЫ ТҮСІНДЕ КӨРГЕН КІСІНІҢ АМАЛЫ

– Мұхитдин ұстаз, Мәуліт айы мүбарак болсын! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан салауаттарымыз қабыл болғай. Осы ретте сұхбатымызды бүгінгі мұсылман үмбеті Пайғамбарға деген сүйіспеншілігін қандай сөзбен немесе іспен білдіру керек деген сауалдан бастасақ. 

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қажылыққа барған сапарымда ғибратты жағдайға тап болдым. Бір кісі «Сіз көп кітап жазған танымал ғалымсыз. Соңғы рет Пайғамбарды түсіңізде қашан көрдіңіз? Мен оны соңғы рет бір апта бұрын түсімде көрдім» деді. Тосыннан қойған сұрағына бірден жауап беруге тосырқап қалдым. Әлгі кісіден суыртпақтап сырын сұрасам бір күнде бірнеше мың мәрте ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтады екен. Қандай ғажап әрі ғибратты амал. Асылында мүміннің тілі Алланы еске алудан, Пайғамбарға салауат айтудан босамауы қажет... Сүйіспеншілікті білдірудің ең көркем жолы – оған салауат айту. Әсіресе оның дүниеге келген Мәуліт айында Алла елшісіне көбірек салауат айтуымыз керек. Бұл – сөзбен орындалатын ізгі амал.

Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілігімізді амал арқылы білдіргіміз келсе, оның сүннетін жаңғыртуымыз қажет. Тіпті күнделікті тіршілікте кездесетін тамақ ішу, киім кию, сәлемдесу, отбасыға көңіл бөлу секілді істерімізде «осыны Пайғамбарымыз үйреткендей орындайын» деген ықыласпен амалға асырсақ, мол сауапқа кенелеміз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімді жақсы көрсең, Қияметте сонымен бірге боласың» деген. Алла Тағала баршамызға мәңгілік мекенімізде Пайғамбармен көрші болуды нәсіп етсін!        

 

МҰСЫЛМАНҒА ҚАЖЕТ ҮШ ҚАСИЕТ

– Сіз осыдан бірер жыл бұрын «Тұлға болам десеңіз» тақырыбында кітап жаздыңыз. Осы ретте тұлға болғысы келген адамға қажет басты үш қасиетті атап беріңізші.

– Кешегі Алаштан қалған асылдың сынығы бүгінгі мұсылман қазақ баласына өзін ұстай білу үшін үш қасиет керек деп ойлаймын. Бірінші қасиет – дінде тұрақты болу. Бүгінгі мұсылман баласы иман-сенімде, шариғатты ұстануда, күнделікті ізгі амалында тұрақты болуы қажет. Хәкім Абай осы иманға қатысты «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек екен» дейді.

Сенімі нық болмаған қорқақ келеді. Қорқақ кісінің жан-дүниесін қорқыныш, үрей билейді. Ілгеріде ата-бабаларымыз дінде тұрақты еді. Бәрі бір сенімде, бірі түсінікте, бір жолда болды. Кісі баласынан кемшілік тұрмақ жаратылыстан кемшілік көрмеді. Сол бабаларымыз осы дінде тұрақты болуды бес ақымен түсіндірген екен: жүректің ақысы – иман, дененің ақысы – намаз, көздің ақысы – Құран оқу, құлақтың ақысы – Құран тыңдау, тілдің ақысы – тілін кәлимаға көп келтіру.

Екінші қасиет – мінездегі қаталдық. Бұл – мінезің қатал болу, зұлымдықты ұстану деген сөз емес. Керісінше, мінезіңдегі тәртіпті қатаң ұстай білу деген сөз. Мысалы, бір жерде әділетсіздік көрсеңіз, қаталдық танытып, ақиқатқа жақтасу керек. Өз пайдаңа керек емес жерде ақиқатшыл бола қалып, пайдаңа асатын жерде бұғып қалып, жұмсара салу дұрыс емес. Адамның тектілігі осындай мінездегі қаталдықта көрінеді.

Үшінші қасиет – әдепте жібектей жұмсақ болу. Әдепсіз адам – медетсіз. Мәшһүр әулиенің «Жігітке жарасады құла жирен, Дін ұстансаң топырақ бол, аяққа илен» деген жырындағы айтпағы да – осы әдептіліктегі жібектей жұмсақтық. Жібектей жұмсақ бола алмаған әдепті де бола алмайды. Жұмсақтығы жоқ әдеп жансыз мүсін секілді. Көріністе бәрі тамаша, бірақ жақындап кетсең, өзіңді балшық қып илейтіндей бойында суықтық, жан-дүниесінде қараңғылық бар. Тілдессең, мүсінмен сұқбаттасқандай денеңді мұз қариды. Адамның осы үш қасиетінің бірі болған жібектей жұмсақ әдеп кетсе, адамның мінезіндегі қаталдық та кетеді. Бұл жердегі қаталдық –адамның тұрақтылығы. Қаталдығы жоқ адам көрінгенге ергіш келеді. Жалтақтық, қорқақтық індеті бойына тарай бастайды. Бұл індет дініндегі тұрақтылығын жоғалтады.

Қариялар айтады екен: «Бұл үш қасиет бізге халифа Омардан жеткен. Ол мемлекеттік заң мәселесінде өте қатал болған көрінеді. Бір күні әйелі бір қазанның түбінен майды сылып алып отырғанын көреді де: «Кімнің қазаны?» дейді. Апамыз: «Әлгінде халыққа май таратылған қазынаның қазаны. Түбінде қалып қойған майларын сылып алып отырмын. Үйде май жоқ еді» дейді. Әділ Омар: «Қазынаның қазанына қол салайын дедің бе? Дереу тоқтат, ана азын-аулақ сылып алған майыңды да жоқ-жітікке бер» дейді. Міне, елдің басшысына да осындай темірдей мінез керек.

Әлгі айтқан әділ Омар енді әдепте өте жібектей жұмсақ болған екен. Бірде біреу әйеліне шағымданбақ болып халифаның үйіне келеді. Үйден апамыздың дауысы қаттырақ шығып, халифаға ұрысып жатқанын естіп қалып, кіре алмай сыртта тұрып қалады. Аздан соң әділ Омар сыртқа шығып: «Не мәселемен келіп едің?» дегенде әлгі кісі: «Жоқ, жай жүр едім» деп кетіп қалған екен. Әділетті Омардың осы қасиетінен үлгі алған біздің бабаларымыз да «қабырғаңмен кеңес» деп өсиет қалдырыпты.

Осы үш қасиет кімнің бойында болса, онда ол адам өз тұғырында болады екен. Әркімнің өз тұғыры болады. Оны тектілік тұғыры дейді. Сол тұғырға осы үш қасиет арқылы шығады. Ылайым, Құдайым бізге тұғырдан түспеуге жазсын!

 

«ЖЕР ӨРТЕП ШЫҒАРҒАН АТЫҢНЫҢ НЕСІ МҰРАТ?»

– Кейбір адам тұлға деген ұғымды танымалдылықпен байланыстырады? Осы пайым дұрыс па?

– Танымал болған адамды тұлға деп айта алмаймыз. Себебі кез-келген адам тұлға бола алады. Қазақта «Атың шықпаса жер өрте» деген сөз бар. Бұл – жерді өртеп жіберіп те атыңды шығаруға болады деген сөз. Абай айтқандай, «жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?». Өкінішке қарай бүгінде әлеуметтік желіде жалаңаштанып та, біреуге жала жауып та «танымал» болып жатқандар жеткілікті. Мұндай «танымалдылықтан» Құдай сақтасын. Бұл – танымалдылық емес, арсыздық.

Алла Тағала Құранның «Мәсәд» сүресінде Әбу Ләһаб жайында баяндайды. Алайда Құранда оның есімі өте жағымсыз сипатта айтылады. «Мәсәд» сүресінің бірінші аятында: «Әбу Ләһабтың екі қолы құрысын. Құрыды да» делінген. Бұл аят мұсылмандар үшін қияметке дейін ескерту болмақ... Мұсылманның түсінігінде абырой деген ұғым бар. Мұсылман адам жақсы ісімен екі дүниеде де абыройлы болуға ұмтылады.

Заманында әулие болған Әлмерек деген бабамыз абырой мен атақ екі ұғымды білдіретінін айтқан. Ол кісі кез-келген адам адамгершілік қасиетімен, тақуа мүмінге тән сипатымен абыройлы бола алатынын, керісінше ит секілді біреудің балағын тістеп те атаққа қол жеткізуге болатынын айтқан. Біздің ұғымда әбүйір деген сөз бар. «Әбүйіріңді жап немесе әбүйіріңді жасыңнан сақта» деген сөз қалған. Алла Тағала Құранда бізге түсінікті болу үшін тақуалықты киіммен салыстырады. Демек киім деген сөз тақуалық ұғымымен пара-пар. Адам баласының әуретін жауып тұрған киімін шешіп, жалаңаш күйде жұрт көзіне түсіп абыройдан айырылғаны секілді тақуалықтан да жұрдай болады... Ұяты жоқ адам жалаңаштанып «атақты» болуы мүмкін, бірақ ешқашан абыройлы болмайды.

Адам ең әуелі өз отбасында абыройлы болу керек. Жігіт қоғамда, әлеуметтік желіде қанша жерден «жұлдыз» болып, өз отбасында абыройы болмаса, ондай «танымалдылықтан» не пайда? Ер азамат өз отбасында өзіне қатысты міндеттерді дұрыс әрі әділ орындаса, міне нағыз абырой осы. Егер әйелімізге, баламызға дұрыс насихат айтпай, олардың тәрбиесін жіберіп алған болсақ, бұл абыройсыздық емей немене?! Сырт көзге атақты боп көрінгенмен отбасында үлгілі отағасы, өнегелі әке бола алмасаң, одан асқан өкініш жоқ.         

 

ӨМІРІМІЗ ЖАСАНДЫ БОЛЫП БАРАДЫ

– Отбасы тәрбиесі дегеннен шығады, біз қазір аумалы-төкпелі, адамның өмір сүру дағдысы күн сайын құбылған заманда өмір сүріп отырмыз. Отбасы құндылығына қатысты нені ұмыттық деп ойлайсыз?

– Әуелі отбасының қасиетін ұмыттық. Отбасындағы тәрбие, абырой, ұят, ынсап, қанағат сынды ұғымдар осы қасиет деген сөздің мәнін білдіреді. Өкінішке қарай отбасындағы ерлі-зайыптылар да бір-бірінің қадір-қасиетін ұмытты, бала тууды ұмытты, бала туса, оның тәрбиесімен айналысуды ұмытты. Ал қоғамдағы ең үлкен қасірет – ерлі-зайыптылардың ажырасып, екі жаққа кетуі. Балиғатқа толмай бала көтерген қаракөз қыздарымыз түсік жасатып, жүрегімізді елжіретуде...

Міне, бұл – қыз тәрбиесін мүлде ұмыттық деген сөз. Қыздарымызды аялайтын ата салт та жайына қалған секілді... Зәулім-зәулім тойханалар салуды, сол жерде аста-төк той жасауды ұмытпадық. Сол тойханаларда көсіліп тұрып сөйлеуді де ұмытпадық, бірақ тойдан шыға бере екі жастың бақытты болуы үшін жасайтын жағдайды ұмыттық. Олардың бақытты болуын ұмытпадық. Бірақ біріміз ене, біріміз шеше болып тез ажырастыруды әсте ұмытпадық. Бұл күнде тойлар құдалар үшін ғана жасалатын болды. Өкінішке қарай болашақ балалар, аналар үшін жасалмайтын болды. Арақ атаңнан қалған ас па дедік, бірақ тойларда арақты әуелі екі жас бақытты болсын деп, соларға ішкіздік... Құдалар ұмытылмады, жас отбасы ұмытылды. Бәрі де атақ, даңқ үшін жасалуда. Құдалық көбейіп, сөзіміз жасанды көбікке айналды, сыйластық әшейін көпірік болды. Бұрын екі жас ренжіссе, екі жақ татуластырушы еді, енді екі жақ жабылып ушықтыратын болып алды...

Бұл күнде әркім өз жағын жақтайтын болды, шешесі келіп қызын көшіріп алып кетпесе, елден ұят болатын болды. Кешегі атам қазақтың жолы басқа, жаңа қазақтың жолы басқа болып барады...

 

БАЛАНЫ БАҒАЛАП, ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ТІЛДЕСЕЙІК

– Бала тәрбиесін айтып қалдыңыз, баланы кішкентайынан тұлға етіп тәрбиелеу үшін әуелі не істемек керек?

– Біз бұл мәселеде мына нәрсені жақсы ұғып алуымыз керек: тәрбие бала үшін бе, әлде бала тәрбие үшін керек пе? Кезінде Кеңес үкіметі тәрбиені арнайы жүйе ретінде жүзеге асырды. Егер сенің жүріс-тұрысың осы тәрбие жүйесіне сәйкес келсе ғана болашағың жақсы болатын. Ал сәйкес келмесе адам құрлы көрмейтін. Сол секілді тәрбиенің өзіне тән қалыптасқан қағидалары болады. Осы ретте біз «тәрбие балаға сәйкес келу керек пе, әлде бала тәрбиеге сәйкес келу керек пе?» деген сұрақтың басын ашып алуымыз қажет.

Бір мысал айтайын. Томас Эдисонның тарихын жақсы білесіз. Оның сабақ үлгерімі өте нашар болады. Тіпті оқи алмаған екен. Бір күні мектеп мұғалімі Томас Эдисонның анасына баласының сабақ үлгерімі өте нашар болғандықтан, оны оқыта алмайтыны жайында хат жазып жібереді. Алайда хатты оқыған ана жүрегі жылап жібереді. Баласы туралы жаман сөз есту оңай ма? Ата-ана үшін одан асқан қорлық жоқ шығар. Бірақ баласына хатты басқаша оқып береді. «Сіздің балаңыз өте ақылды, өте талантты. Сондықтан оны өзіне лайықты өте жақсы оқытатын мектепке ауыстырыңыз» деп хатты кері мағынада дауыстап оқиды. Бала Томас бұл «мақтаудан» ерекше шабыт алса керек.

Егер Томас Эдисонның анасы сол кездегі оқу бағдарламасы мен тәрбиенің қасаң қағидаларына көніп, шарасыздық танытқанда бәлкім әлем халқы Томас Эдисонды білмес пе еді... Ол телефон, шам секілді дүниелерді ойлап таппас па еді деген ой келеді.  

Анасы сол мезетте тәрбиенің басқа тәсіліне көшіп, баласына мейірім танытып, жылы сөзбен санасына сәуле түсірді. Көтермелеп мақтап, болашағы үшін үлкен үлес қосты. Егер осылай істемегенде Томас Эдисон мектеп «тәрбиесінің» құрбаны боп кетер ме еді...

Баланы тұлға етіп тәрбиелеу үшін оған бала деп қарамау керек. Оған адам ретінде қарап, қарым-қатынасымызды түзеуіміз тиіс. Көп жағдайда кішкентайларға бала деп қарап, оның сөзі мен сұрақтарын жауапсыз қалдырамыз. Көбінде ата-аналар баланың адам екенін ұмытып кетеді. Сөйтіп өзімдікі ғана дұрыс, баланікі бұрыс деп ойлайды.

Ислам діні жас баланың өзіне құрмет көрсетуге тәрбиелейді. Шариғат баланы бағалай білеуге шақырады. Сондықтан кішкентай болса да онымен пікірлесіп, ақылдасып, сөзіне, ойына құрмет көрсетсек, баланың тұлғалық қасиеті артады.    

 

ИХСАН – ДІННІҢ МӘЙЕГІ

– Қазіргі жастар тәрбиесіне кері әсер етіп жатқан фактордың бірі әлеуметтік желінің әлегі емес пе? Желіде сөзге тоқтамайтын жастар көбейді. Үлкенге құрмет ұмытылды. Пейіл де өзгерді. Мұны өзгертуге бола ма?

– Әрине, әлеуметтік желіні қолданушылардың басым бөлігі – жастар. Желідегі әдепсіздік, сөзге тоқтамау сынды жағдайлар ата көрмеудің, ата жолын ұстанбаудың кесірі деп ойлаймын. Дәстүр мен тәрбие көрген жас мұндай әдепсіз қылық көрсетпейді. Бойында титімдей болса да тәкаппарлығы бар адам кісіден кемшілік көріп тұрады. Кісінің кемшілігін көргісі келген адамның өзінде кемшілік бар деген сөз. Ал кішіпейіл адам кісінің кемшілігін емес, кеңшілігін көргісі келіп тұрады.

Әлеуметтік желі деген дүние жастарды айтыс-тартысқа «тәрбиелеп» жатыр. Үлкенге құрмет деген қайда қалды? Желі деген жастың да жасамыстың да пейілін өзгертіп жатқаны шындық. Әлеуметтік желіден жарнама арқылы пайда тауып, табысқа кенеліп жатқандар дос-бауыр дегенді шетке ысырып, барлық нәрсеге ақшаның, қу дүниенің көзімен қарайтын болды. Менің ойымша, біз олардың санасын, көзқарасын өзгертуге барынша тырысуымыз керек. Бұл мәселеде ата-аналарға, ұстаздар мен имамдарға артылар жүк жеңіл емес...              

– Ихсан ілімі туралы сіздің пайымыңыз қандай?

– Шариғат бойынша ихсан деген сөздің мағынасы «әрбір ізгі амалды ең көркем, яғни кемел түрде орындау» деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала Құранда ихсанды ұстанған мүміннің бір сипаты ретінде мына аятты мысал етеді: «Олар кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал-дәулетін сарп етушілер. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли Имран» сүресі, 134-аят). Бұл – ихсанның бір деңгейі.     

Ихсан – ата-бабаларымыз салып кеткен қасиетті әрі рухани жол, діннің мәйегі, түпкі өзегі. Біз ихсан жолын ұстанған халықпыз. Өйткені, біз өмірі өнеге мен ізгілікке толы болған кешегі өткен әулиелердің, баталы елдің ұрпағымыз. Бұл ретте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміз бойынша Ихсан ілімінің насихатталуы өте құптарлық іс болды деп айтар едім. Әр нәрсе өз негізіне тартпай қоймайды. Ихсан ілімі біздің бабаларымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан жолы болғандықтан оны халқымызға, әсіресе жастарымызға көбірек насихаттауымыз керек.    

 

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №21, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру