Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖОЛДАС ҚОСПАҚҰЛЫ: ЖАМАҒАТТЫҢ ИМАНИ ИММУНИТЕТІН КӨТЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 15.02.2021 893 1 пікір
ЖОЛДАС ҚОСПАҚҰЛЫ: ЖАМАҒАТТЫҢ ИМАНИ ИММУНИТЕТІН КӨТЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ

Muftyat.kz сайты ҚМДБ өкілдіктерінің бас имамдарымен сұхбаттар легін жалғастырады. Назарларыңызға Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлының сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Павлодар дегенде, әуелі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі еске түседі. Аты да, заты да мәшһүр тұлғаны жұртшылық қаншалық танып үлгерді?

Павлодар немесе киелі Ертіс-Баян өңірі – ғалымдар мен ғұламалар, әулиелер  мен данышпандар көп шыққан өлке. Бұл өлкеде асыл дінімізді таратқан әулиелер, хазіреттер де көп болды. Соның бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Азан шақырып қойған аты – Адамжүсіп. Бес жасында өзінің ерекше ақыл-зердесімен көзге түсіп, аузы дуалы аға сұлтан Мұса Шормановтан бата алып, күллі қазаққа Мәшһүр Жүсіп болып танылды.

Тәуелсіздік жылдары С.Торайғыров университетінде Мәшһүртану ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, ғалымдар Мәшһүр Жүсіптің барлық қолжазбасын, еңбегін саралап, кирилл қарпіне көшіріп, 20 томдық мол мұра етіп жарыққа шығарды. Мәшһүр Жүсіп шығармаларында қазақтың мың жылдық дәстүрлі дүниетанымына айналған ислам, иман, ихсан, шариғат, тарихат, ақиқат, мағрифат, ақлақ, ақида, мәдениет, әдебиет, тарихқа қатысты дүниелердің бәрі бар. Алтыннан да қымбат осынау мол мұраны зерделеп, жүйелеу – бізге міндет. Ғалымдар, мәшһүртанушылар, зиялылар ол кісінің еңбегін кейінгіге жеткізу үшін тер төгіп, насихаттап келеді. Біз, имамдар да, ол кісінің даналық ойларынан уағыз-насихатымызда көп қолданамыз.

– Жамағатқа насихат айтуда Мәшһүр Жүсіп мұраларынан қандай мысалдар қолданасыздар?

ҚМДБ бекіткен жұма уағыз талабы бойынша Құран аяттары, хадис-сүннет, сахабалардың өсиеттері, әулие кісілердің мысалдары, ғұлама-ғалымдардың сөздері міндетті түрде айтылады. Халық жадындағы діни тұлғалардың ерен еңбегі, елеулі сөздері, ғибратты өнегелерінен жұма уағызы, басқа да уағыздар мен кездесулерде міндетті түрде мысал келтіріп, олардың атын жаңғыртып жүруге тырысамыз.

Өңірімізде Ислам дінінің таралуына патшалық Ресей дәуірінде және Кеңес үкіметі кезеңінде үлкен еңбек сіңірген Исабек ишан, Ғабдул Уақит хазірет, Ақбалық хазірет, Шоң би, Үкібай би, Камараддин хазірет, Мұса Шорманұлы, Нұрғали хазірет, Бейіс хазірет, Бәстем хазірет, Сейділдә қажы, Қасым қажы, Әбушахман молда, Ысқақ хазірет, Рахметолла хазірет, Ғабдышүкір молда секілді халық құрметіне бөленіп, осы күнге дейін ел аузында жүрген басқа да талай үлкен дін қайраткерлері болған. Олардың көпшілігі Мәшһүр Жүсіппен замандас болған, ғұламаның еңбектерінде аты аталады. Бұлардың біразына аудан, ауыл мешіттерінің аты берілген.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз да – Ислам құндылықтарын терең танып, меңгеріп, насихаттаған тұлға. Ол өз заманында «Алланы бір, пайғамбарды хақ» деп тақуа ғұмыр кешкен.

«Исламның бес парызы, біреуі – иман,

Таппайды бұл бесеуін, дүние жиған.

Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,

Ерлерді айт Құдай үшін, жанын қиған» – деп толғап қана қоймай, өзі де шариғат жолымен жүрген. Мәшһүр Жүсіп өмірінде дінмен бірге болды, үгіттеді, сабақ берді. Сондықтан Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінен, өмірбаянынан, мұрасынан ғибрат ретінде жамағатқа айтып отырамыз.

Ақындық шеберлігін асыл дініміздің құндылықтарын насихаттауға арнаған Мәшһүр Жүсіп шариғат шарттарын халыққа өлеңмен жеткізді. Кейде өткір сөзімен кейбір шала сауатты діндарлардың ісін сынап отырды. Сонымен қатар Құрандағы қиссалар мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі бослын) үлгі-өнеге сөздерін жыр-дастанға айналдырып, ұрпағына уағыздады.

«Ғибрат ал атқан таң мен батқан түннен,

Шықпассың, адам болсаң, айтқан жөннен.

Басыңа қайғы келсе, қапа болма,

Тарылып, назаланып шықпа діннен!» дейді дана бабамыз.

Мәшһүр Жүсіп – қаншама қисса-дастанды жатқа соғатын, тап бермеде тауып айтатын қабілеті күшті болған адам. Қызыл тілге жүйрік әрі даналық ойдың кені. Жалпы Мәшһүр Жүсіптің даналығын бір сұхбатқа сыйғызып айтып беру мүмкін емес. Сондықтан аудан, ауыл имамдарына да әулие бабамыздың мұраларынан жатқа білу, уағыз-насихаттарда қолдануды жалғастырамыз. Ерекше атай кететіні, орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінің ауласында:

«Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,
Міне қалса, жортқызып, желгізбей бақ.
Өзін-өзі бағуға көп әл керек,
Көз соңынан көңілді жүргізбей бақ!» деген өсиеті тасқа қашаулы тұр.

– Қателеспесек, биыл Павлодардағы сәулетті Мәшһүр Жүсіп мешітінің салынғанына 20 жыл толады. 

– Павлодарда 1999 жылға дейін «Ақмешіт» мешіті (1905 жылы салынған) орталық мешіт міндетін атқарып келді. Жұртшылық хақ дінді тануға құлшынып, жамағат көбейген кезде кең де зәулім мешіт қажет болды. Сөйтіп қаланың ең қолайлы жерінен жаңа үлкен мешіт салатын орын белгіленді. Мешіттің іргетасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп қалады. Ұзамай сәулетті мешіт бой көтеріп, оған облыс халқы, ел бастаған ағалар, зиялы қауым, ақсақалдардың ұсынысымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі берілді. Сондай қиын кезеңде осындай көркем де әдемі, зәулім мешіттің салынуы алдымен бір Алланың нығметі, екіншіден Мәшһүр Жүсіп бабамызға деген халықтың құрметі болатын.

Орта Азиядағы ең әсем де көркем Мәшһүр Жүсіп мешіті 2001 жылдың қыркүйегінде есігін айқара ашты. Биыл бұл мешітке 20 жыл толады. Осыған орай мешіттің маңы күрделі жөндеуден өтіп, өзінің әсем келбетін тіптен айшықтай түсті.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген мұсылман қауымы Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне зиярат жасап, Құран оқиды, құрмет көрсетеді. Ғұлама Мәшһүр Жүсіптің бізге қалдырған рухани құнды мұрасына құрметпен қарап, насихаттай түсуіміз қажет.

– Тұрмыс-салтымыз карантин режиміне ыңғайланғалы дін насихаты да онлайн форматқа ауысты. Мінберден емес, «монитордан» табылу имамдарға қаншалықты қиын немесе оңай тиіп жатыр?

Алла Тағала әр уақытта адамзат қоғамына, халыққа, елге немесе әрбір жеке  адамға түрлі сынақ береді. Бүгінгі пандемия жағдайы – Алланың бізге берген үлкен сынағы. Жаратушының мұндай сынағын иманды жандар, әсіресе, имамдар сабырлық, қанағат, тәубе, шүкірлікпен қабыл алуда. Әрі халықты да сабырлыққа шақыруда. Бізге осындай үлкен сынақ берген Аллаға деген махаббатымыз, көңіліміз ешқашан өзгермейді. Бұл жағдайда біз, имамдар мен дін қызметкерлері, сабырлықтың үлгі-өнегесін көрсетуге тиіспіз. Әрі сол міндетімізді жақсы түсініп, шама келгенше сабырмен атқарып жатырмыз.

Карантинге байланысты 2020 жылдың наурызынан бері офлайннан онлайнға өтуге мәжбүр болдық. Бастапқы кезде қиындау, әрі ыңғайсыз болды. Өйткені халықпен тікелей, бетпе-бет кездесіп, олардың түріне, көзіне қарап, олардың тыңдап, ұғып отырғанын немесе басқа бірдемеге алаңдап, сұрақ қойғысы келіп отырғанын біліп, бақылап, көріп тұрып уағыз-насихат айтатынбыз. Алайда уақыт өте келе біз бүгінгі үрдіске үйреніп қалдық. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы халықпен, жамағатпен қашықтан байланысқа шықтық. Әр күнде, әр апта сайын жоспарға сай, белгіленген тақырыппен немесе халықтан қойылған түрлі сұрақтар бойынша жауап беріп, уағыз-насихат айтудамыз. Сонымен қатар жамағат та осы ахуалға бой үйретті. Олар уағыздарды асыға күтеді, шықпай қалса іздейді. Алла бір есікті жапса, келесі бір есікті міндетті түрде ашады. Осы уақытта имамдар әлеуметтік желілердің тілін біліп, интернетте белсенді болды. Алайда бұрынғы бейбіт, мамыражай қалпымызға қайта келуді Алладан тілейміз.

– Бас мүфти бастамасымен ҚМДБ қызметінің 7 бағыты айқындалды. Осыған орай жұмыстар қалай жүруде?

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен алдағы іс-қызметтеріміздің басты 7 бағыты айқындалды. Бұлар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс. Бұл жеті бағыттың бәрі де біз үшін аса маңызды. Аталған жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмыстың жоспары аудан, ауыл имамдарына жан-жақты таныстырылып, бекітілді. Облыс көлемінде осы бағыттар бойынша атқаратын негізгі міндеттер айқындалды. Сондықтан да  Аллаға сансыз мақтау айтып, ҚМДБ бекіткен бағыттар бойынша жұмысты қолға алудамыз.

Бірінші бағытта халыққа дұрыс ақпарат беру, облыс өкілдігінің Mazhab.kz сайтына жарияланатын материалдарға ерекше көңіл бөлу, сапасын арттыру, аталған сайтқа шыққан мақала, сұрақ-жауап, видео, аудио материалдарды интернет арқылы кеңінен насихаттау, тарату, оқырман санын арттыру жұмысы қолға алынуда. Алла қаласа, алда медиа орталығын ашу арқылы «Халық арнасын» сапалы материалдар, ақпараттармен қамтып тұруға ниеттенудеміз. 2020 жылдың соңында «Павлодар өңірі. Ислам руханиятының тарихы» атты еңбек жарыққа шықты, бұл кітапта туған өлкеміз Ертіс-Баян өңіріне Ислам дінінің келуі, орнығуы, патшалық Ресей кезіндегі және Кеңес үкіметі дәуіріндегі осы өңірдегі рухани-имани ілімнің ұрпақ сабақтастығы, әр дәуірде өмір сүрген өңірдің рухани-діни тұлғаларының өмірдерегі толық жазылды. Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдары қасиетті дініміздің  қалыптасуы, дамуы, көркеюі туралы мол мағлұмат береді. Өңіріміздің өткен тарихындағы имандылық жолында өмірін сарп еткен рухани-діни тұлғаларымызбен қатар бүгінгі таңдағы Павлодар өңірінің дін қайраткерлерінің де атқарып жатқан сауапты іс-шараларын көпшілікке  таныстырады. Ендігі кезекте бұл кітапта қамтылған тарихымызды жүйелеп Mazhab.kz сайты және әлеуметтік желілер арқылы халыққа насихаттаудамыз.

Екінші бағыт, яғни уағыз-насихат жұмысы бір күнде атқара салатын іс емес, жүйелі түрде, бекітілген жоспар бойынша атқарылып келеді. Өкілдіктің Жастар ісі және Әйел-қыздар секторы, аудан, ауыл имамдарының әлеуметтік желілер арқылы жүргізетін уағыз-насихат жұмыстары қадағаланып,  орындалу барысы тұрақты бақылануда.

Зекет және қайырымдылық жұмысын да облысымызда өте белсенді  жүргізудеміз. Сонымен қатар осы бағытта Бас мүфти бастамасымен жуырда құрылған «Qamqor-Sharapat» орталығы арқылы өңірдегі өлімді жерде ысыраптың алдын алу, зират мәдениетін бір қалыпқа келтіру жұмысын қолға алудамыз. Бұл мұсылман зираттарын бір тәртіпке келтіріп, ыңғайлы орналастыру, ысырап жасамауға бағытталған өте бір сауапты іс боларына сенімдіміз.

Облысымыздағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі былтыр медресе-колледж лицензиясына ие болды. Жақында ғана оқу ғимараты аумағынан арнайы спорт кешені ашылды. Бұйырса алдағы уақытта шәкірттерге жеке жатақхана салуды ниет етіп отырмыз. Әлбетте осы медресе арқылы ауыл, аудан имамдарына арнайы курстар ұйымдастырамыз. Сол арқылы оқу-ағарту, кадрлық әлеуетті арттыруға үлкен септігіміз тиері анық.

Сонымен қатар осы оқу ордасы арқылы Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, шариғат-пәтуаға қатысты көптеген маңызды ілімдерді терең меңгеруге жол ашамыз.

Жат ағымдармен жұмыс та аса маңызды. Бұл бағытта тәжірибеміз де жетерлік, аудан имамдары да атсалысып келеді. Облыстық діни істер  басқармасымен бірлесіп жоспар құрып, жұмысты атқарудамыз.

– Ихсан ілімін насихаттау жөнінде не айтасыз?

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының діни жұмысты жандандырудағы жеті бағыттың бірін Ихсан ілімі деп бекітуі өте орынды. Әрине ихсансыз құлшылық кәміл бола алмайды. «Ихсан дегеніміз не?» деген  сұраққа Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады» деп жауап беріпті. Ендеше біздің құлшылығымыз Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен атқарылу керек. Бұл туралы Абай атамыз «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деп тамаша түсіндірген. Яғни құлшылықта шынайы болу, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біліп тұр деген шынайылықты жамағаттың, жастардың санасына қалыптастыра алсақ, құлшылығымыз, ғибадатымыз  берекеге бастайды. Адамдардың жақсылыққа деген ниет-құлшынысын арттырып, оларды бауырмалдыққа, бірлікке ұйытады. Сонымен қатар Алланы көрмесек те, Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық ­жасау бізді жақсылыққа бұйырып, жамандықты алыстататын тақуалыққа тәрбиелейді. Бүгінгідей сын сағат, сынақ уақытта өмір сүріп жатқан кезде бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, ­иманымыз бен бауырмалдығымызды арттырып, қоғамдық қатынаста бір-бірімізге деген сенім қалыптастыруда Ихсан ілімінің маңызы зор.

– Өңірдің Дін істері басқармасымен, талдау орталықтарымен байланысыңыз жаман емес. Биылға қандай жоспарларыңыз бар? Жат діни ағымдармен жұмыс – біздің іс-қызметіміздің ең маңызды бөлігінің бірі. Бұл жұмыс ел бірлігі, халқымыздың татулығы, отанымыздың тыныштығы үшін аса маңызды. 2013 жылы Дін істері басқармасы жанынан ашылған конфессияаралық талдау және даму орталығымен әркез тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Ел мүддесі үшін тіл табысып, бірлесіп, ақылдасып, бірге жұмыс жүргізу – біздің көп жылдан бергі дәстүріміз.

Биыл да дәстүр бойынша ҚМДБ Діни оңалту бөлімімен ақылдаса отырып,  облыстық дін істері басқармасымен бірлесіп, 2021 жылы атқаратын жұмыс жоспарын жасаудамыз. Ол жоспар теріс діни ағымдар жетегіне ерген адамдармен сөйлесіп, Матуриди ақидасы мен Әбу Ханифа мәзһабын түсіндіріп, райынан қайтаруға бағытталатыны белгілі. Жұмыстар жеке кездесу, түзету мекемелерінде осы бап бойынша жазасын өтеп жүргендермен кездесу ұйымдастыру, сонымен қатар жалпы халыққа, оқу орындарындағы студент жастар арасында, БАҚ және ғаламтор арқылы үгіт-насихат жүргізу арқылы жүзеге асады. Осы арқылы жалпы халыққа жат ағымға қарсы антивирус енгізіп, имани иммунитетін қалыптастыру – ең негізгі міндетіміз.

Ол үшін дін қызметкерлерінің білімін де жетілдіруіміз қажет. Сондықтан облыстық конфессияаралық талдау орталығымен бірлесіп, еліміздегі білікті мамандарды қатыстыра отырып, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жұмыстары қолға алынады. 2020 жылы да осындай екі-үш үлкен шара ұйымдастырдық. Сол үрдісті жалғастырамыз. Әрине, бұл шаралар қалыпты жағдайға өткенше онлайн арқылы жүргізіледі. Осыған қоса жат ағымға қарсы ҚМДБ бекіткен кітаптарды насихаттау, оқыту, аудио-видео жазбаларды бірлесіп әзірлеу де жоспарланды.

– Еліміздің төл мерекесі Тәуелсіздігімізге биыл – 30 жыл. Осы отыз жылда халқымыздың рухани дамуына дін мамандарының қосқан үлесі қандай?

Алла Тағаланың бізге берген ең үлкен нығметі – еліміздің Тәуелсіздігі. Бұл – ата-бабаларымыз сан ғасыр аңсап өткен үлкен байлық, ұлы құндылық. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз – зор бақыт, Алланың аса зор нығметі. ҚМДБ және оған қарасты барлық мешіттер, дін қызметкерлері, имамдар, біз осы 30 жылда тәуелсіздігіміздің нығаюына мол үлес қостық. Былтыр ҚМДБ-ның 30 жылдығын атап өткен болсақ, биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін тойлағалы отырмыз. Тәуелсіздік жылдары халқымыздың руханиятына, рухани дамуына имамдар мен дін қызметкерлері жан-жақты бағыт-бағдар беріп, мол үлес қосып келді. Яғни біздің ортақ шаңырағымыз ҚМДБ мен облыстардағы өкілдіктер бір қол, бір жұдырық болып жұмылып жұмыс  атқардық, әлі де атқарып келеміз.

Мәселен, Тәуелсіздік алғанға дейін Павлодар облысы көлемінде бір ғана өте шағын мешіт (қазіргі қалалық «Бижан» мешіті) дәстүрлі діни ритуалдық  міндеттерді атқарып келген болса, осы 30 жылда облысымыздың 12 ауданында жаңадан 100-ге жуық мешіт ашылып, халықтың рухани сұранысын өтеуде. Осы мешіттердің әрбірінің салынуына, ашылуына, игілікті қызмет атқаруына түгелдей имамдар ұйытқы болды. 30 жыл бойы осы мешіттерде атқарылып жатқан бес уақыт намаз, айтылып жатқан уағыз-насихат, оқылып жатқан қасиетті Құран, діни жолмен қиылып жатқан адал некелер арқылы халқымыздың иманды да инабатты бір буын ұл-қыздары тәрбиеленіп шықты. Олар өз ұрпақтарын имандылыққа бастайтыны сөзсіз.

Облысымыздағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі 2008 жылы ашылды. Осы жылдар ішінде аталған оқу орнынан жүздеген дін маманы, жастар оқып, білім алып, тәрбиеленіп еліміздің түкпір-түкпірінде адал қызмет етуде. Имамдар, дін мамандары барлық мешіттерде қызмет атқарып, халықты жақсылыққа, имандылыққа шақырып, үлгі-өнеге болуда.

Біздің қалада «Мәшһүр Жүсіп Құран жатттау орталығы» да бар. Бұл орталықтан біршама жасөспірім Құран жаттап, имани тәрбие алып, Алла сөзінің тәпсірінен білім алып, бітіріп жатыр. Олар Отанының адал азаматтары болып қалыптасуда. Сондай-ақ бүгінде облысымыздағы бірнеше мешітке қарасты қайырымдылық мекемелері бар. Ол мекемелерде мұқтаж отбасылардың балалары тегін тұрып, кей жерлерде 3 уақыт тегін тамақтанып, оқуына барып жүр. Бұл мекемелерде басқа да жеңілдіктер қайырымдылық бағытында ауық-ауық жасалып тұрады. Осылай жалғастыра берсек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылында ұлт руханиятының дамуына имамдар мен дін мамандарының қосқан үлесі аса мол екенін білуге болады.

Алла Тағала елімізге, жерімізге жар болып, жақсылығын жаудырсын!

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Закарьянов Даурен | 15.02.2021 08:08

Ма Ша Аллаһ!!! Алла разы болсын Жолдас аға, отанымыздың иманы мықты болсын!  

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі