Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұхан ИСАХАН: Тәңір – ханифтік сенім, ал «тәңіршілдік» – саяси жоба!

Ескендір ТАСБОЛАТ kazislam.kz 08.06.2020 1625 0 пікір
Мұхан ИСАХАН: Тәңір – ханифтік сенім, ал «тәңіршілдік» – саяси жоба!

– Мұхан аға, соңғы жылдары исламды мансұқтап, тәңіршілдікті төл сеніміміз деп ұрандатушылар бой көрсетсе, ал оларды әсіре исламшылдар күпірлікке шығарып, әлеуметтік желіде діни талас-тартыстар жиі-жиі қылаң беруде. Бұған қатысты не айтасыз?

– Бұл мәселе көптен бері ішімізде жатқан бітеу жара, адымымызды алшаң бастырмай отырған аяқтағы күбірткі десем, асыра айтқандық емес. Дер шағында алдын алмағаннан кейін енді оның уыты тынышымызды алып, тұнығымызды лайлауға көшті.

Жалпы, Қазақстанда тәңіршілдік тақырыбының тоқсаныншы жылдардан бастап қоясы көтеріле бастады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, қандай діни жолды таңдаймыз деген мәселе күн тәртібіне қойылғанда, базбір оқымыстылар ұлтымыздың сонау қадым замандағы Тәңір сеніміне оралу керектігін алға тартты.

Олардың қатарында М.Әуезов, А.Сейдімбек, Ә.Қодар, А.Атабек, О.Біләлов, т.б. азаматтар бар-тын. Аталған азаматтардың қай-қайсысы болса да, тәңіршілдік идеясын алға тартқанда, олардың ұлтқа қаскөй ниеті болды десек, әлбетте қиянат болар еді. Алаш баласы қаптаған сан түрлі діни ағымдардың жетегіне еріп, шілдің тезегіндей шашырап, ұлттық бірегейлігінен айырылып қалу қаупі қылаң берген шақта, зиялыларымыз шама-шарқынша өз ойларын ортаға салды.

Алайда, арда азаматтардың пейілі түзу болғанмен, ешқайсысы теология саласының майталмандары емес еді. Маман болмаған соң, жаңсақ тұжырым жасау – заңды нәрсе. Ал, олардың осы қатесін бетіне басып, сөге жамандау – әбестік болды деп есептеймін.

– Пікіріңізді толық ұқпай отырмын. Тәңіршілдік қате сенім бе, қате сенім емес пе?

– Өз басым Тәңір сенімі мен тәңіршілдікті екі бөліп қарастырамын. Бірі – толықтай теологиялық мәселе болса, екіншісі – діни-саяси жоба.

Тәңір – теологиялық тақырып. Түркілердің исламға дейінгі сенім-нанымы. Наным болғанда да, бұл ханифтік сенім. Тек бір Тәңірге нануды үндеген дін! Орхон-Енесей тас жазуларында түркілердің бір Тәңірге табынғандығы қашалып жазылған. Мысалы, Төнікөк абыз: «Тәңір жарылқады! Мұқым түркі жұртына қарулы жау келтірмедім. Атта әскер жолатпадым…» деп, бір Тәңірдің жарылқауымен алашапқын жаугершілік заманда жұртын аман сақтап қалғанын баяндайды.

Атақты саяхатшы ибн Фадлан Х ғасырдың басында Сыр бойына келгенде, ондағы оғыз түркілердің бір Тәңірге табынатынын көріп, ислам діні мен Тәңір сенімі арасындағы ұқсастықты байқап, айран-асыр болған.

Одан берідегі ХІІІ ғасырға тән шығармалар – «Құпия шежіре», М. Поло, У. Рубрук, Рашид ад-Дин, Жубейни жазбаларында, ХVI ғасырдағы Өтеміс қажының «Шыңғыснама», ХVII ғасырдағы Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбектерінде исламға дейін түркілердің Тәңірге сенгендігі айтылады.

Айталық, «Құпия шежіреде» Шыңғысханның Сартауылға жорыққа шықпас бұрын бірнеше күн бойы Тәңірге табынғандығы баяндалады. Рашид ад-Дин мен Әбілғазы жазбасында Бұқара қаласының қазысы Ашрафтың: «Алла жалғыз, Оған ештеңе ұқсамайды» дегенде, Шыңғысханның: «Оны мен де білемін» деп, одан соң намаз, ораза, зекетті шүбә келтірместен мойындап, қағбаға қажылық жасау мәселесінде тәфаккур жасауы, ол ұстанған Тәңір сенімі мен ислам діні арасында айтарлықтай қайшылықтың жоқ екенінен хабар береді.

– Сонда Тәңір сенімі мен ислам дінінің ақидасы бір дегіңіз келе ме?

– Бұл мәселені дұрыс түсіну үшін діндерге қатысты мынадай теологиялық анықтамаларға мән беруіміз керек.

Біріншіден, Алладан келген діндердің барлығының сенім негіздері бір. Алла Тағала адамзатқа жіберген елшілері мени нәбилерінің бәріне бір дінді үйреткен. Яғни, күллі илаһи дін – Ұлы Жаратушынікі һәм елшілер мен нәбилер әкелген діндердің ақидасында айырмашылық болған емес.

Екіншіден, Алла Тағаланың елшілері мен нәбилері әкелген діндердің сенім негіздері бір болғанмен, Жаббар Хақ олардың құлшылық рәсімдерін әртүрлі етіп бекіткен. Мәселен, яһудилер мен мұсылмандардың намаздары бір-біріне ұқсамайды. Христиан дініндегі ораза мен исламдағы оразаның да ережесі әртүрлі. Тәңір сеніміндегілер бақсы-құшынашпен бірге құлшылық жасаса, исламда жындармен байланыс жасауға тыйым салынды.

Үшіншіден, илаһи діндердің ақидасы бір болса да, олардың фиқһтық үкімдері, яғни қоғамдық қатынасты реттеу ережелері әрқилы болып келеді. Фиқһ – дінге негізделгенмен, фуқаһалар уақыт пен кеңістіктің алғышарттары мен сұранысына қарай ережелерді өздері жасайды. Мәзһабтардағы ижтиһадтардың әртүрлі болуының себебі осында жатыр. Яғни, егер Тәңір сенімі илаһи дін болса, онда оның сенім негіздерінде ислам ақидасымен алабөтен өзгешелік болмаған деп болжауға негіз бар.

– Тәңіршілдер «Көк Тәңір» деп жалбарынады. «Көк» деген аспан емес пе? Бұл олармен біздің ақидамызда үлкен айырманың бар екенін білдірмей ме?

– «Көк Тәңірге» қатысты зерттеушілер әртүрлі пікір айтады. Мысалы, Ғ. Есім ағамыз «Көк» дегеніміз өну деген ұғымға саяды» дейді. Кейбір зерттеушілер «көкті» тікелей – космогония, яғни ғарыштық құдірет мағынасында айтылған деп түсінеді. Ежелгі гректер де Құдайдың аттарын Сатурн, Юпитер, Плутон деп ғарышпен байланыстырған.

Қазіргі уақытта да базбір ислам топтары (салафилер) Алла Тағаланың мекені көкте деп біледі. Ал, менің пайымдауымша түркілер «көк» деп – шексіздікті түсінген. Яғни, «Көк Тәңірі» деп құдіреті түгесілмейтін Ұлы Жаратушыны атаған.

Жалпы, түркілер Тәңірді – Иду, Өлген, Ачу, Баят деп те атайды. Бұл Тәңірдің әсем атаулары мен сипаттары. Мысалы, «Иду» – ие (Мәликул мулк), «Өлген» – үлкен, ұлы (Әли, Ғазим), «Ачу» – қаһарлы (әл-Қаһар, әл-Қудра) «Баят» – асқан бай (әл-Ғани, әл-Муғни), «Чалаб» – сүюші (әл-Уадуд) деген мағыналарға саяды.

Менің ойымша, егер «Тәңір» ұғымы ислам ақидасына қайшы келсе, дін ғұламалары оны айтуға тыйым салар еді. Алайда, қаншама дін ғұламасы «Тәңір» сөзін Алланың орнына қолданған. Мысалы, Хакім Абай: «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» деп жырлайды. Яғни, «Тәңір» ұғымы бір Жаратушы мағынасын бергендіктен де, мұсылман үмбетінің ішінде түркі халықтары әлі күнге дейін «Тәңір Тағала» сөзін жиі айтады.

– Тәңір сенімін илаһи деп айту үшін кітабы мен елшісі болу керек емес пе?

– Иә, Алла Тағаладан түскен кітабы немесе ең азында елшісі мен нәбиі болмаса, ол сенімді илаһи деп айта алмаймыз. Ұлы Жаратушы адамзатқа түсірген төрт кітаптың бірі Тәуратты – әзіреті Мұсаға, Зәбурды – әзіреті Дәуітке, Інжілді – әзіреті Исаға, Құранды – әзіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірді.

Алайда, Құран кәрімде 25 пайғамбардың аты аталады. Одан бөлек, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде адамзат баласына «жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілгендігі» (Ахмат ибн Ханбал, Мүснад, 5/266) айтылады. Яғни, кітап түспесе де, қаншама пайғамбарлар Алланың дінін адамзатқа паш еткен.

Діни анықтамалық еңбектерде «расул» сөзі – Алла Тағаланың адамдар арасынан елшілік үшін таңдаған және уаһи арқылы Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын адамзат баласына жеткізу міндеті жүктелген құлы әрі елшісі» деп түсіндіріледі. Ал «нәби» сөзіне «Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан хабардар етуші», «өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырушы» деген анықтама берілген (Имам Тафтазани, Шархул-Макасид, II/173).

Алла Тағала Құран кәрімде аты аталған 25 пайғамбардан өзге де Хақ Елшілерінің болғандығы жөнінде: «Сондай-ақ, саған бұрынғы елшілерді баян қылдық, сондай-ақ, елшілерден саған баян етпегеніміз де бар» (Ниса сүресі, 164 аят), «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» (Фатр сүресі, 24 аят), «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар» (Жүніс сүресі, 47 аят) деп бірнеше рет ескертеді.

Яғни, ықылым заманда түркі қауымына да ханиф сенімін үйретуші елші немесе нәби келген деп болжауға негіз бар. Егер елші немесе нәби келмесе, түркілер бір Тәңір сенімін қайдан үйренген? Ежелгі түркілердің қорымдарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар олардың ақыретке иланғанына көз жеткізді.

Оның тағы бір дәлелі, түркілер жәннатты – ұжмақ, ұшпақ, жұмақ, жаһаннамды – тозақ, тамұқ, адыра (ад) десе, періштелерді – ене, пайғамбарды – елші және ялауаш, кітапты – бітік, ібілісті – еркілік, жындарды – жексұрын (иек), марту, албасты, көнаяқ деп атаған. Жалпы самғият тақырыбын – тылсым деген. Сондай-ақ, Тәңір сенімінде де құрбан шалу, садақа беру ритуалдары болған.

– Ал, Тәңір сенімінің елшісі немесе нәбиі кім болған? Деректер бар ма?

– Бұл жөнінде біраз жыл бұрын «Оғыз қаған кім? Түркі өркениет» атты зерттеу мақаламызды жан-жақты айтқан болатынбыз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың келтірген дерегіне қарағанда, түркілерге Озған (Оғыз қаған) атты пайғамбар келген көрінеді (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8-том 59-бет). Сондай-ақ, белгілі фольклортанушы Шәкір Ыбыраевтың жинаған аңыз-әңгімелерінде де Озған атты пайғамбардың есімі ұшырасады (Қазақтың мифтік әңгімелері. Құрастырған Ш. Ыбыраев, П. Әуесбаева).

Тегінде, түркі халықтарында Озған пайғамбар немесе Оғыз қаған туралы «Оғызнама» атты көне дастанның бар екендігі баршаға аян. Бұл дастанның бүгінгі күнге аздаған ерекшеліктері бар исламға дейінгі және исламнан кейінгі екі нұсқасы жеткен. Екі нұсқаның мәтінінде кейбір атау­лар мен терминдердің өзгешелігі болғанымен, жалпы желісі бір. Көптеген зерттеушілер осы шаққа дейін «Оғызнаманың» бұл екі нұсқасын зерттеп, өз пікірлерін айтқан.

Әйтсе де, зерттеушілердің басым көпшілігі «Оғызнаманың» әдеби һәм тілдік қырын зерттеумен шектелген. Тек кейбір зерттеушілер ғана Оғыз қаған қиялдан туған образ емес, тарихи тұлға екенін болжайды. Мәселен, Н.Я. Бичурин Оғыз қағанды хұндардың тәңірқұты Мөде екенін айтады (Бичурин Н.Я. (Иакинф). Собрания сведений о народах, обитавших а Средней Азии в древние времена. 46-47 сс).

Иакинф әкейдің бұл болжамын түрік зерттеушісі Ахмет Кабак­лы да жақтап, ол да Мөде мен Оғыз қағанды бір кейіпкер деп біледі (Ахмет Кабаклы. Түрік әдебиеті. 12 б). Жалпы, Оғыз қағанның образын Ескендір Зұлхарнайын, Шыңғыс хан, Бұқа ханмен, Жәнібек ханмен теңестірген басқа да зерттеушілер болған.

Дегенмен, біздің Бичуриннің болжамына тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. Иакинф әкей Оғыздың өз әкесі Қараханды жеңіп таққа отыруын, Мөденің әкесі Туманды өлтіріп билікке келуіндегі ұқсастықты алға тартып, екеуін тарихи бір тұлға деп болжайды (Бичурин Н.Я. (Иакинф). Собрания сведений о народах, обитавших а Средней Азии в древние времена. т. 1. 46-47 сс).

Сонымен бірге, екі тұлға да жарты әлемді жаулап алған ұлы жиһангер болатын. Мысалы, тарихи еңбектерде Мөденің Шығыстағы Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы 36 мемлекетті жау­лап алғандығы айтылады. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Оғыз қағанның бір тәңірге сенуді дәріптеп, Моңғол, Татар, Шүршіт, Қытай, Тұран, Үндістан, Иран, Шам, Мысырға жорық жасап, жаулап алғандығын жеткізеді (Әбілғазы. Түрік шежіресі. 18-22 беттер).

Сонымен «Оғызнама» дастанындағы кейіпкер кім? Оғыздың туыла салып, анасына Тәңір Тағалаға иман келтірмейінше, емшегін ембейтінін айтуы (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. 36 б) пайғамбарлық сипат екені талассыз шындық. Себебі бүкіл пайғамбар «исмат» (күнәсіз, пәк) сипатымен ғұмыр кешеді (Журжани. Китабут-Тарифат. 150 б).

Тіпті, Оғыз қағанның тілі шығысымен «Алла, Алла» деуі, Көр хан мен Көз ханның қыздары кәпір болғандықтан, олармен төсектес болмауы, дінсіз әкесін жеңіп таққа отырғаннан кейін, кәпірлерге қарсы ғазауат жасауы (Әбілғазы. Түрік шежіресі. 16-22 беттер) оның шынында да пайғамбар болуы мүмкін екенін аңғартады.

– Демек, тәңіршілдікті негізсіз емес дегіңіз келе ме?

– Жоғарыда Тәңір сенімі мен тәңіршілдік екеуі екі басқа ұғым деп айтып өттім. Мәураннахрды мекендеген түркілер VIII ғасырдың орта шенінен Хақ дін – исламмен таныса бастады. Олар тарихтың әртүрлі кезеңінде ислам дінін қабылдады. Алғашқыда арабтардың дінді соғыспен таратуы, әмәуилер кезіндегі араб ұлтшылдығының асқынуы, мәуали (араб еместер) ғалымдардың шетқақпай көруі секілді мәселелер түркілердің ислам дінін қабылдауын кешеуілдетті.

Ал, Тәңір сенімі мен ислам діні арасындағы жоғарыда айтылған ортақ ұқсастықтар түркілердің Хақ дінді жатсынбай қабылдауына игі ықпал етті. Түркілердің исламды қабылдау процесі Саманилер дәуірінен Алтын орда дәуіріне дейін созылды.

Исламды қабылдағаннан кейін түркілер үшін Тәңір сенімі тарихи тұрғыдан ғана мәнге ие болып қалды. Яғни, ата-бабаларымыздың байырғы сенімі исламға дейінгі кезең үшін ғана маңызды. Ал, ислам дінін қабылдағаннан кейін оның мәні жоғалды. Тек, базбір ескі құндылықтары исламмен синкреттеліп, бүгінгі күнге кейбір сарқыншақтары жетті.

Осы себептен де, Тәңір сенімінің исламға дейінгі белгілі бір тарихи кезең үшін ғана маңызы бар деп есептейміз. Бұл менің ғана көзқарасым емес. Осы бағытта Д. Қыдырәлі, Д. Кенжетай, Е. Оңғаров, А. Әбілғазы секілді азаматтар да өз зерттеулерінде Тәңір сенімі мен ислам дінінің арасына сына қақпай, сылап жымдастырып, өз ой-тұжырымдарын ортаға салған болатын.

– Ал, қазіргі тәңіршілдіктің шығу тегі туралы не айтасыз?

– Бүгінгі таңда әлемдік саясатта әртүрлі антиисламдық ойындардың сызбасы жасалынып, дін құндылықтары көрер көзге құрбандыққа шалынып жатады. Нағында, қолдан көпе-көрнеу исламфобия жасау ХVIII-ХІХ ғасырлардағы вестернизация дәуірінде үдей түсті. Қазіргі күні де алпауыт күштердің мұсылмандарды абыройынан айыру үшін қасақана исламды қаралайтын түрлі айла-шарғымен қарақұйын пәлекеттер ұйымдастыратыны ешкімге жасырын емес. Өз басым еліміздегі исламға қарсы тәңіршілдерді де сондай саяси жобалардың бірі деп қабылдаймын.

Әсілі, алғаш рет Ресей патшалығы ХІХ ғасырда Сібір мен Қазақстанды рухани отарлау кезінде мұсылмандыққа тәңіршілдікті қарсы қойып көрді. Ресей Сібір халықтарына қарсы Д. Банзаровты, қазақтарға қарсы Ш. Уалихановты пайдаланды. Ш. Уалиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты шығармасында біржақты исламды сынға алып, есесіне бақсылықты тірілтуге мән берді. Оның бұл тұжырымын кейін шоқындыру саясатын жүргізген И. Илминский, А. Алектров, Н. Остроумов секілді миссионерлер өз мақсаттарына ұтымды пайдалануға тырысты.

Ал, қазіргі тәңіршілдердің бет алысына қарап, оларды бірнеше санатқа бөлуге болады.

Бірінші тобы, ХІХ ғасырдағы Ресей ориентализмінің жымысқы саясатын ұқпай, сол дәуірде жазылған шығыстанушылардың тезистерін ақиқат санап, онымен қаруланып, исламға қарсы шығуда. Олар жалаң ұлтшылдыққа беріліп, ислам дінін тек арабқа теліп, қазақ халқының исламға дейінгі өзінің байырғы сеніміне оралу керектігін айтуда.

Екінші тобын кешегі Кеңес үкіметінің номенклатурасы құрайды. Олардың көпшілігі атеизммен уланғандар. Ислам құндылықтарын ұстану нәпсісіне ауыр тигендіктен, ештеңені талғамай емін-еркін жүріп тұруы үшін олар өздерінің қиялынан тәңіршілдік сенімін жасап алып, сонымен өмір сүргісі келеді.

Үшінші бір тобы, ислам атын жамылған әл-Каида, Талибан, Хизбут-Тахрир, ДАИШ, ән-Нусра, Тәкфир әл-Хижра секілді террористік ұйымдардың лаңкестік іс-әрекеттеріне наразылық танытамын деп білместіктен Хақ дінге қарсы келуде.

Әлбетте, еліміздің рухани тұтастығын сақтау үшін тәңіршілдерге теологиялық мағұлматтар беріп, оларды райынан қайтаруымыз керек. Бірақ, олармен тек пікір алмасу форматында сұқбат құрған абзал. Себебі, базбір исламшыл бауырларымыз қатты кейіп, тәңіршілдерді дінсіздікпен айыптауға көшті. Ғылыми тұрғыда тәңіршілдіктің маңыздылығы жоқ екенін дәлелдеп берсек, соның өзі жеткілікті деп ойлаймын.

Әрі-беріден соң саясаттағы кейбір сын сәттерде халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін бітеу жараның аузы тырналып, мәселенің қолдан ушықтырылатынын ескерсек, тәңіршілдікті аса қауіпті мәселеге жатқызбауға да болады деп есептеймін.

– Тәңіршілдердің өзіне не айтасыз?

– Тәңіршіл бауырларға Имам Табаридің тәпсірінен мына бір тәмсілді жеткізгім келеді: Тегі парсы Салман-и Фарсы бұрын христиан дінін ұстанған еді. Ислам діні туралы естіп, Мәдинаға сапар шегіп, әзіреті Пайғамбармен (с.ғ.с.) танысып, Хақ дінді қабылдайды.

Ол Алла Елшісіне (с.ғ.с.) христиандар туралы айтқанда, Мұхаммед (с.ғ.с.): «Олар ислам дінінде жан тапсырмады» дейді. Сонда, Салман-и Фарсының жүзі қуарып, христиандардың тақуалықтарын айта бастайды. Дәл осы сәтте Алла Елшісіне (с.ғ.с.) «Расында сондай иман келтіргендер, Яһудилер, Христиандар және Сабилар болып, кім Аллаға, ақырет күніне сенсе, Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 62 аят) деген аят нәзіл болады.

Бұл уаһидан соң Алла Елшісі (с.ғ.с.) Салман-и Фарсыға: «Бұл аят сенің достарың үшін түстіКімде-кім менің пайғамбар болып келгенімді естімей тұрып Исаның (ғ.с.) дінінде жан тапсырса, ол қайырлы өлім. Алайда, менің пайғамбар екенімді естіп тұрып, иман келтірмесе, онда оның соңы жаман болады» (Табари. І, 278 б) дейді».

Иә, Тәңір сенімі ханифтік дін болғандықтан исламға дейінгі кезең үшін ғана маңызды. Ал, Жаббар Хақ Құран кәрімде: «Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тәмамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» (Мәйда сүресі, 3 аят) деп, Хақ дін – исламның ұлық дін екенін паш еткен.

Олай болса, бөтегесі бүлкілдеп, үйірінен бөліне шапқан тәңіршіл бауырларға Алладан тауфиқ сұрап, ислам дінінің ұлылығына мойындау нәсіп болсын деп тілеймін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі