Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Смағұл ЕЛУБАЙ: ЖАЗУШЫНЫҢ БҮКІЛ ҒҰМЫРЫ – «КАРАНТИН»

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ "Мұнара" газеті 15.04.2020 4181 0 пікір
Смағұл ЕЛУБАЙ: ЖАЗУШЫНЫҢ БҮКІЛ ҒҰМЫРЫ – «КАРАНТИН»

«ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРСЕМ ӨЗІМНЕН...»

– Смағұл аға, қазіргі төтеннен келген төтенше жағдайдан әр адам сабақ алып, әртүрлі деңгейде сыналуда... Сіз қандай ой түйдіңіз?

– Күллі адамзат бұл зауалға қалай душар болды? Бұл қайдан шықты? Енді не болмақ? Осы сұрақтар ойымызды онға бөлуде. Қасиетті Құранда Лұт пен Нұх қауымының қандай азапқа ұшырағаны баяндалады. Бағамдап қарасақ, адамзат баласы қандай жақсылық пен жамандыққа тап болса, ең әуелі ние­тінен тапқан. Сол Лұт пен Нұх қауымының қасіретке ұшырау себебі азғындыққа бой алдыруы еді. Кез келген қауымды жер бетінен жойып, жаңа қауымды әкелу – құдіреті күшті Алла Тағала үшін қиын іс емес. Бұл туралы Құранда да айтылған. Еліміздегі және жер бетіндегі бүгінгі зауал Алланың сөзсіз ескертуі деген ой келеді.

Қазір адамзатты азаптаудың біз ойламған түрі көбейді. Бір оқ шығындамай-ақ бүкіл елді мазасыз күйге душар етуге болатынын сіз бен біз көріп отырмыз. Алла әділ емес пе? Бір қызығы, тыныш қана қоңырқай тіршілігін жасап жатқан кісіге зауал тудыруды ойлаған ниеті бұзық пенделер өзгелер үшін қазып қойған орға ең әуелі өздері түсіп жатыр. Әлем тарихындағы мұндай мысалдарды таңды таңға ұрып, айтып бере аламыз.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласы кез келген жақсылық пен жамандықты өз ниетінен табатынын он төрт ғасыр бұрын айтып кеткен. Сондықтан біз ең әуелі ниетімізді түзеуіміз керек. Жаман нәрсені ойлаған пенде пәлеге жолығады. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

«Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді

Шығарамын сөзімнен», – деп жырға қосатыны бар емес пе?

Осынау сындарлы сәтте, иманымыз сыналып жатқан осы күндерде бір Алладан күдер үзбей, жақсылыққа ұмтылып, алға жылжуымыз керек. Ғылым мен білімді дамытып, әлеуетті елге айналудың қамын жасауымыз қажет.

Бір данышпан «Дос та, дұшпан да – мәңгілік емес. Мәңгілік мұрат – ұлт мүддесі» деген екен. Сол айтпақшы, халқымыздың мүддесі мен болашағы қашан да мәңгілік мұрат болып қала бермек. 

 

ӨЗІҢДІ САҚТАҒАНЫҢ – ОТБАСЫҢДЫ САҚТАҒАНЫҢ

 – Осы күнде әлем халқы үрей құшағында. Адам баласы рухани күйзелісті бастан кешуде... Қайтпек керек? 

– Негізінде адам баласының жүрегі иманға толғанда ғана тыныштық табады. Аллаға арқа сүйе­ген пенде барлық нәрсені жеңеді, қайғыны да еңсереді. Өтпелі сынақ сәтінде үмітсіздік пен күйзеліске бой алдырмай, Аллаға жақындауымыз қажет. Аллаға жақындау дегеніміз – Оның жер бетіне орнатқан заңдылығымен жүру.

Біз кейде білместікпен біреудің көңілін жығып, оған тіл тигізіп, ары мен абыройына нұқсан келтіреміз. Абайша айтқанда, «бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес». Күнделікті қате-кемшіліктеріміз үшін Жаратқаннан жарылқау тілеп, көп кешірім сұрайық, тәубе етейік. Иманымызды күшейтіп, сауапты амалдарымыздың санын арттырайық.

Иманды адам қай кезеңде, қандай сынаққа душар болса да жүзі жарық болады. Өйткені, сынақ келсе сабыр етеді, жақсылық келсе шүкір етеді. Екі жағдайда да сауапқа кенеліп, Алланың разылығы мен рақымына бөленеді. Міне, бұл – мұсылманның мұраты. Өйткені, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін осыған тәрбиелеген. Осы сәтте иманымызды күшейтсек, біз ешқашан ешнәрседен ұтылмаймыз дер едім.

– Шынтуайтына келгенде, біз көп нәрсеге салғырт қарайтын сияқтымыз. Бұл жұқпалы індет жағдайында да көрініс табуда... Жасама деген нәрсені жасауға, барма деген жерге баруға бір иығымызды беріп тұрамыз...

– Әрине, бұл дұрыс емес. Індет салғырттықты кешірмейді. Мұндай жағдайда карантиннің талаптарын қатаң сақтауымыз тиіс. Мысалы, мен қазір үйден шықпаймын. Адам баласы ең әуелі өзін сақтауы керек. Өзін сақтағаны – отбасын сақтағаны. Отбасын жаман індеттен қорғағаны – қоғамды жамандықтан қорғағаны. Біз осыны көбірек ойлануымыз керек.

ҚОЛЫ БОС АДАМНАН ҚОРҚУ ҚАЖЕТ

– Біз әр істің қайырын сұраған мұсылман халықпыз. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» демекші, бұл уақытша сынақ қаншама адамды тәубесіне келтірді емес пе?

– Иә, расында адам баласы басына қауіп бұлты төнгенде оны сейілтудің жолын іздейді. Бұл жағдайда әр пенде ең әуелі Құдайға деген сенімін күшейтуі керек деп есептеймін. Халқымызда «Құдайға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады» деген тауып айтылған керемет сөз бар.

Адамды қашан да Құдайға деген сенімі құтқарады. Сенім – үлкен мотивация. Аллаға арқа сүйеген адамның еңсесі түспейді. Ол жалғыз қалмайды. Өйткені оның жебеушісі де, жәрдемшісі де – Жаратушы. Құдайға деген сенім адам баласына үлкен демеу болады.

– Смағұл аға, қазір біраз азаматтың жұмыстан уақытша босап қалған жағдайы бар. Бос уақытты қалай өткізбек керек? 

– Асылында адамның бос уақыты болмауы керек. Хәкім Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дейтіні бекер емес. Не істерін білмеген адам сайтанның арбауында кетеді деген сөз. Мына заманда уақыты көп адамнан қорқу керек. Уақыт өлтіру – үлкен күнә. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақыт пен денсаулықтың қадірін білуге үндеген.

Бізде бос уақыт болған емес. Өйткені, жазушының бүкіл ғұмыры – «карантин». Бейнелеп айтқанда, осылай дер едім. Себебі біздің бүкіл өміріміз жазу үстелінде өтіп жатыр. Қалам мен кітап қолымыздан түспейді. Пайдалы іс адам баласын жамандықтан құтқарады. Жазушының демалысы – жазу, оқу. Осы тәсілді әрбір азаматқа ұсынуға болады. Кез келген кісіні азғындықтан, рухани күйзелістен құтқаратын нәрсе – еңбек.

Біздің дін ғұламаларымыз «Қолың – еңбекте, жүрегің – Аллада болсын» деп айтып кеткен. Біз ылғи осы принципті ұстанамыз. Сол үшін қолымыз үнемі еңбекте, жүрегіміз Аллада болады. Осы қағиданы берік ұстанған адам жалғыздық сәтінде күйзеліске бой алдырмайды, нәпсінің ығына көнбейді, сайтанның айтағына ермейді. Әйтпесе, төбе шашыңды тік тұрғызатын, қазақтың болмысында жоқ қылмыстық істер жалғаса береді.

 

АДАМНЫҢ КӨҢІЛІН ЖЫҒУ – ҚАҒБАНЫ ЖЫҒУМЕН ТЕҢ

– Қоғамда имандылық салтанат құру үшін не істемек керек?

– Осы ретте бір данышпанның тәлімі мол қанатты сөзі есіме түсіп отыр. «Бір үй толған жансың, иманың кәміл болмаса, бір-біріңе жаусың» деген екен. Осыны бүгінгі қоғамға қатысты сабақтап айтсақ «Бір қоғам толған жансың, иманың кәміл болмаса, бір-біріңе жаусың» деуге болады. Бұдан не түйеміз? Имандылық салтанат құрған қоғамда адамдар бір-біріне дұшпан емес, дос болады.

Ізгілікті ту еткен отбасы қауіп-қатерден құтылады. Ол отбасында ұрыс-керіс, ажырасу, баланы ұру, түсік тастау сынды проблемалар өздігінен шешіледі. Иманды жан Құдайдан қорқады. Құдайдан қорыққан мұсылман әр ісінде Алланың әміріне сәйкес шешім қабылдайды. Өйткені ол «осы ісім Аллаға ұнамды ма, мына әрекетім Алланы ашуландырмай ма?» деген ұстанымды бірінші орынға қояды, соған басымдық береді.

– Демек, момын мұсылман әуелі дұшпандасудың емес, достасудың қамын жейді дейсіз ғой...

– Иә, солай. Алланың разылығына бөленуге ұмтылған жан ешқашан біреуге дұшпандық жасамайды. Керісінше, онымен достасуға пейіл танытып тұрады. Өкінішке қарай, бүгінде әлеуметтік желі қолданушылары бір-біріне қатыгезденіп барады. Ғайбат айту, ар-намысқа тию, ашық қиянат жасау сынды іс-әрекеттер қалыпты жағдайға айналуда. Тіпті оған етіміз өліп барады. Бұл – үлкен қасірет. Мен дін адамдарынан мынадай керемет сөз естідім: «Адамның көңілін жығу – Қағбаны жығумен тең. Мұсылманның абыройын төгу – өзге мұсылманға адал емес».

Аллаға иман келтірген мұсылман сайтанның жетегіне емес, Жаратқанның жетегіне еру керек қой. Біз иманды тұлға тәрбиелесек, болашағымыз сонда ғана жарқын болады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халықпыз. Имандылық бар жерде әділеттілік те, еңбекқорлық та, жақсылық та болады. Сол үшін отбасымызды, бала-шағамызды адамгершілікке тәрбиелейік.

Отбасыдан жақсы тәрбие көрген бала ертең өскенде қоғамға пайдалы тұлға болып шығады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың» деген. Қоғам оңалу үшін адамның пиғылы мен ниеті оңалу керек. Дүниенің, мәнсап пен қызметтің «құлы» болмайық. Құдайдың момын құлы болуға асығайық. Ертең о дүниеге барғанда жиғанымыздан емес, иманымыздан сұраламыз. Осыны ұмытпайық, ағайын!

– Уақыт бөліп, газетімізге берген мазмұнды сұхбатыңыз үшін Сізге алғадай алғыс білдіреміз!

– Халқымызға Алла Тағаланың ақ дінін жеткізіп, жұртымызды ізгілікке, адамгершілікке, имандылыққа ұйытып, жастарды ата-анасын сүюге, Ота­нын қадірлеуге үндеп келе жатқан жұмыстарыңызға Жаратқан жар болсын!

 

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

«Мұнара» газеті, №6, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру