Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: ИМАН МЕН ТАЗАЛЫҚ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Баян ЖАНҰЗАҚОВА muftyat.kz 24.03.2020 1166 0 пікір
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: ИМАН МЕН ТАЗАЛЫҚ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Бүгінде әлемнің көптеген елдері коронавирусқа байланысты карантин жариялап отыр. Дәл қазіргі сәтте тазалық пен гигиенаны сақтау аса маңызды.  Осы орайда исламдағы тазалық тақырыбы турасында  Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлын әңгімеге тартқан едік.

Алтынбек Ұтысханұлы, қазір елімізде төтенше жағдай жарияланды. Қоғамдағы жүріс-тұрыс шектеліп, жұрт сақтану мақсатында үйінде отыр. Жалпы әлемге тараған қауіпті вирус өмірімізге қандай өзгерістер әкелді деп ойлайсыз?

– Ең әуелі Аллаға сансыз шүкіршілік айта келе, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтамыз. Бұл вирустың өте қауіпті екені рас, салдарынан әлемде мыңдаған адам ажал құшты. Ол вирусты да о баста тазалық сақтамаудан адамдар жұқтырғаны айтылуда. Біз, мұсылман халқы, күнделікті ішіп-жеуіміздің таза, адал болғанын құп көреміз. Ол біздің діни сенімімізге байланысты. Дегенмен вирус салдарынан жаппай тазалық пен гигиенаға көңіл бөліп жатырмыз. Көпшілік пайдаланатын орындарды таза ұстауға мән беріп, өзін сақтау арқылы өзгелерге де қауіп төндірмеу керектігін ұқтық.

Тіпті шашыратпай түшкіру, қол жуу секілді қарапайым ережелердің маңызын көп адам тереңірек түсінді. Бір жағынан бүкіл адамзат, ең ірі державалар бірігіп, бір вируспен күресіп жатқаны да ойландырады. Бұл адам баласының әлсіздігін сезіндіреді. Пенде Жаратушысының шексіз құдірет иесі екенін мойындап, өмірдегі мың сан қауіп-қатерден қорғануда Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етуі тиіс. Бұл жерде сақтану шараларын жасау керектігі де өз алдына өзекті мәселе.

Сақтық шараларымен қатар дұға тілеудің де шарапаты тиетін болар?

– Иә, дінімізде дұғаның екі түрі бар. Біріншісі – жалбарынып тілеу болса, екіншісі – іс жүзінде әрекет жасау. Екеуі де орындалған жағдайда тілек қабыл болады. Осы тұрғыдан келгенде медицина мамандары айтып жатқан сақтану шараларын мұқият орындауымыз керек.

Ислам дініндегі тазалық жайлы түсіндіре кетсеңіз. Құранда бұл туралы не айтылған?

– Ислам мәдениетін тазалық мәдениеті деп айтуға толық негіз бар. Себебі ислам дерек көздерінде тазалық мәселесі толықтай қамтылған. Хадис жинақтарында тахарат, тазалыққа қатысты хадистер өте көп.

«Тазалық – иманның жартысы» (Муслим, Тахарат, 1), «Алла – таза, тазалықты ұнатады» (Тирмизи, Әдеп, 41) деген хадистер соның қатарында. Имам Тирмизи өз еңбегінің бас жағында тазалыққа қатысты жүздеген бапты бір жерге жинақтаған. Имам Муслим де тазалыққа қатысты хадистерді Китабус-салат, яғни Намаздан бұрын, Китабул – иманнан кейін «Китабут-тахарат» деген атпен жинақтаған. Имам Әбу Дәуіт те ең жоғарыға, намаз бабының алдына шығарған. Ол кісінің тазалық туралы айтқандары еңбегінің оннан бір бөлігін құрауда. Ибн Мажа мен Нәсаи де тазалыққа олардан аз көңіл бөлмеген. Хадиспен қатар фиқһ ілімінде де тазалық мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылады. Қарап отырсаңыз, ислам тазалығында еш нәрсе назардан тыс қалмаған. Өзіңіз сұраған Құранға қарасақ, Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде түскен аяттардың жалғасында «Уа, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» деп ескертілген («Мүддәсир» сүресі, 4-5-аяттар).

Бұл – алғаш түскен аяттардың жалғасы. Яғни Исламның ең алғашқы бұйрықтарының арасында киім тазалығы баса ескертілген. Деректерде киімі лас адамды көргенде Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?» (Әбу Дәуіт, Либас 14)- деп ренішін білдірген. Осы сөзімен мұсылмандарды киімді таза ұстауға шақырған.

Құранда: «Әй, адам баласы! Мешітке барған сайын әдемі киімдеріңізді киіңіздер» («Араф» сүресі, 31-аят) делінген. «Алла Тағала мәрт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар» (Тирмизи, Әдәб 41) деп, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін әрқашан өзі тұратын үйді, ауланы да таза ұстауға шақырған. Жәннәттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық. Намаз оқитын кезде дене, киім және намаз оқитын орын нәжістен таза болуы шарт.

Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді» деп, Жаратушы иенің тазаланып жүретін пенделерін жақсы көретінін баса айтқан («Бақара» сүресі, 222-аят). Тәубе де тазалыққа жатады. Ол жиіркенішті күнәлі істерден бас тартуды, енді қайтара істемеуге беттемеуді білдіреді.

Дене тазалығы деп жатырсыз. Асылында, тазалық ауқымды ұғым ғой.

– Тән тазалығы мен жан тазалығының екеуі де маңызды. Тән тазалығы туралы айтқанда, дәрет пен ғұсылды айтпай кете алмаймыз. Дәрет алу арқылы біз намазға дайындық жасаймыз, дененің ең көп кірленетін мүшелерін белгілі бір тәртіппен күнделікті тазалап отыруды айтамыз. Дәрет алмаған жан намаз оқып, Қағбаны тауап ете алмайды. Құран да ұстай алмайды. Бірақ ашық тұрған Құранның бетіне қарап оқи алады.

«Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса, өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Уду 28), «Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелері жасаған күнәлары, қол-аяғын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып, өзі тап-таза болады» (Мүслим, Таһарат / 32) деген хадистер дәрет алуға шақырып, оның артықшылығын білдіреді.

Ал ғұсылға келсек, шариғатымызда денені тұтас жууды не шайынуды білдіреді. «Мәидә» сүресінің 5-6-аяттарында: «Егер жүніп (бой дәретсіз) болсаңдар, толық тазаланыңдар (ғұсыл құйыныңдар)» - делінген бұйрық бар. Мұсылмандар осындай тазалық түрлеріне жастайынан үйренеді.

Ал жан тазалығына келсек, дініміз оған да тән тазалығынан кем қарамаған. Өкінішке қарай, бүгінде тәні таза адам көп болғанмен, жаны таза адамдарды сирек кездестіреміз. Жан тазалығы деп отырғанымыз, жүрек тазалығы, ниеттің кіршіксіз пәктігі, ешкімге жаманшылық ойламай, көркем мінезді болу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса, бүкіл дене (іс-әрекеттері) жақсы болады. Сол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол – жүрек» десе, тағы бірде: «Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар» деп жүректі қалай таза ұстау керектігін де үйреткен.

Өзі күн сайын жүзден аса мәрте кешірім тілейтін болған. Сонымен қатар, «Лә иләһә иллАлла» секілді зікірлердің де жүректі тазартатынын білдірген. Өтірікке, ғайбатқа үйір болмау, тәкаппарланбау, арсыздыққа бармау, ешкімнің ала жібін аттамау, кісі ақысына көңіл бөлу секілді қасиеттер рухани тазалыққа жатады. «Я, Раббым, сыртқы бейнемді әсем еткеніңдей, ішкі жан дүниемді де әсемдей гөр!» деп әр айнаға қараған сайын тілеген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы рухани тазалықтың маңызын ұқтыруда. Рухани таза адамдар әрқашан ел ішінде де сыйлы болған. Үмбетей жырау Ақтамберді мен Қабанбайға бір сөзінде: «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді!» деп осы ішкі тазалыққа мән беруге шақырған.

Исламда гигена туралы о бастан ескертулер бар дейсіз ғой...

– Ислам – толықтай тазалық діні. «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпестен бұрын қолын жусын. Өйткені, қолын түнімен қайда ұстағанын білмейді ғой» деген хадистің де тазалық үшін мәні жоғары. Ардақты елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әлиге (р.а.): «Ей, Әли, өсіп кеткен тырнақтарыңды ал, ішінде зиянды нәрселер болады» - деп ескертуі де біз үшін үлгі-өнеге.

«Үмбетіме ауыр соғады-ау демегенімде, әр намаздың алдында мисуәк қолдануды міндеттер едім» деген Пайғамбар өсиеті де ауыз қуысын, тіс тазалығын әрдайым қадағалау керектігін білдіруде. Ас ішердегі тазалық та өз алдына бір тақырып. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтану әдебін түсіндіргенде: «Тамақтың берекеті ас ішуден бұрын және кейін қолды жууда» - деп ескерткен.

Бұл – тазалықтың және тән саулығының басты кепілі. Сондықтан жеке адамдарды тазалыққа көңіл бөлуге шақыра отырып қана біз таза қоғам құра аламыз. «Бірінші байлық – денсаулық» десек, сол денсаулық кепілі – тазалық екені даусыз. Яғни, имандылық арқылы біз тазалыққа әдеттенеміз, тазалық арқылы қоғамның саулығын қадағалаймыз.

«Имандылық пен тазалық – егіз ұғым» дейтініміз де сондықтан. Қазір Қазақстан халқы күрделі жағдайды бастан кешіп отырмыз. Бұл жағдай әрбірімізге жауапкершілік жүктеуде. Соңғы жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлының да жұма насихаты негізінен осы тазалық мәселесіне арналды. Адамдар көп жиналатын жұма намазына мешітке жиналмау және бес уақыт намазды уақытша үйден оқу, той-жиын, мерекелі шараларды шектеу, бетпердемен жүру – мұның барлығы да жұқпалы індеттің алдын алуға бағытталып отыр. Мемлекет тәртібін және санитарлық талаптарды сақтау арқылы біз бұл қиындықты еңсереміз деп сенеміз. 

Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі