Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстандық жаңа исламдық төлем картасы

www.muftyat.kz 20.02.2019 1926 0 пікір

Жақын арада Шариғат қағидаларына сәйкес келетін жаңа исламдық төлем картасының шығуы жайлы ақпарат қаржы нарығында кеңінен тарады. Бұл қандай карта, оның құндылығы неде, артықшылықтары қандай екенін Al Saqr Finance-тың корпоративтік даму жөніндегі басқарушы Директоры Думан Нурбаев баяндайды. 

- Думан мырза, компания жайлы және де сіздер бастаушы болып табылатын исламдық төлем картасын шығарудағы идея жайлы кішігірім айтып беріңізші.

Al Saqr Finance – бұл лизинг нарығында 18 жылдан астам даму тарихы бар компания. 2016 жылы дәстүрлі лизингтік компаниядан әмбебап исламдық қаржы компаниясына айналуға шешім қабылданды. Команданың жоғары деңгейдегі кәсібилігі мен бірлескен іс-әрекеттерінің нәтижесінде конвертация аз ғана уақыт ішінде және де сыртқы кеңесшілердің көмегінсіз жүзеге кереметтей асты.  Бұл отандық нарықтағы бірден-бір оқиға. Сонымен қатар, Компанияның исламдық қаржыландыру қағидалары бойынша Кеңесі ретінде Бахрейнде орналасқан Shariyah Review Bureau компаниясы таңдалды. Олар өз кезегінде исламдық қаржыландыру саласында халықаралық деңгейде үлкен тәжірибесі бар кеңесшілер.

Компания 2017 жылдың басында исламдық қаржыландыруға сәйкес лизинг түрін ұсынды. Клиенттер тарапынан осы өнімге және жалпы исламдық қаржы өніміне танытқан қызуғушылығын аңғарған біз Компанияның өнім желісін әрі қарай кеңейтуге шешім қабылдадық. Біздің ойымызша, халық арасында бөлшек сауда өнімдерінен ең көп таралғаны әрі түсініктісі ол – төлем карталары.

Шынымен, төлем карталары заманауи адам өмірінің ажырамас элементі болып табылады. Олар тұрақты түрде жаңартылады, нарықта жаңа әрі мобильді технологиялар мен шешімдердің пайда болуы байқалады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің статистикасы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарына 23,4 млн. төлем карталары шығарылған.

Исламдық төлем карталарын шығару идеясын бастай отырып, халыққа исламдық қаржыландырудың ерекшеліктері мен артықшылықтарын көрсеткіміз келді және исламдық қаржы туралы бірқатар мифтардың сейілгенін қаладық. Банкпен бірге кобрендингтік өнім шығару біздің алғашқы тәжірибеміз емес. Сол себепті біздің келесі қадамымыз исламдық төлем картасын шығару үшін өте сенімді серіктес-банкті табу болды.

Серіктес-банкті таңдауда алға қойылған талап ол - жоғары сападағы қызмет көрсетуі және қаржы институтының сенімділігі. Осы жылдың қаңтар айында Al Saqr Finance компаниясы ForteBank-пен серіктестік жайындағы Келісімге отырды. ForteBank актив көлемі бойынша Қазақстадағы ең ірі үш банктің қатарына кіреді, өтімділігі және капиталдану деңгейі бойынша жетекші орындарда тұр. ForteBank екінші жыл қатарынан The Banker халықаралық басылымның «Қазақстандағы жыл Банкі» сыйлығының иегері.

- Думан, ForteBank-пен бірге жаңадан исламдық төлем картасын шығару жобасы жайлы толығырақ айтып бере аласыз ба.

Біліп жүрулеріңіз үшін хабарлаймыз: карта қолданушылары тауар мен қызметтерге төлеп, әр сатып алудан 1%-ға дейін cashback ала алады. Бұдан басқа, Компания бейілділік бағдарламасын да қарастырып қойды. Бұл дегеніміз сіз 15%-ға дейінгі көтеріңкі cashback-ке ие бола аласыз. Осымен қатар, ақысыз негізде sms-хабарландыру опциясы, интернет арқылы сауданы іске асыру, бір картадан екінші картаға аударма жасау және тағы да басқа қызметтер қолжетімді. Осының бәрін ескере отырып, картаны басқару қолайлы болу үшін клиенттерге интернет және мобильді банкинг қызметі ұсынылады.

Осындай өнімнің дамуы карталық қызметтің жаңа алаңын құруға мүмкіншілік туғызады әрі Қазақстандағы ірі қаржы институттардың қолдауына ие болады деп кіршіксіз сенеміз.

Осындай исламдық төлем карталарының дәстүрлі төлем карталарынан басты айырмашылығы және артықшылығы неде?  

Басты айырмашылығы – төлем карта Shariyah Review Bureau (Бахрейн) Шариғат кеңесімен толықтай мақұлданған.

Онымен қоса, банк клиенттердің картасында қалған ақша қаражатын пайыздық табыс құруға пайдаланбайды. Бұл шарт міндетті түрде Компания және де банк арасындағы серіктестік жайлы Келісімде тиісті нормалармен бекітілген.

Исламдық төлем карталардың дәстүрлі карталардан тағы да бір басты айырмашылығы – исламдық картаны Шариғатқа сәйкес келмейтін орындарда қолдануға тыйым салынғандығы. Мысалы: ішімдік және шылым өнімдерін сатуға мамандандырылған дүкендерде, барлар мен түнгі клубтарда, ойынханаларда, букмекер кеңселерінде және т.б.

Алдағы уақытта карта қызметіне қайырымдылық опциясын іске қосу жоспарлануда. Яғни, клиенттің қалауы бойынша сатып алудан болған cashback-ті қайырымдылық қорына бағыттауға мүмкіншілік туады. Бұндай жұмысты іске асыру белгілі бір уақытты алатынын білсек те, қайырымдылық жасау мәденитін таратып, оны сапалы деңгейде атқаруға болатынын көрсетуге асықпыз.

ForteBank-пен бірлескен жобаның сөзсіз артықшылығы – жаңа исламдық карталарына тапсырыс беру мен апарып беру қызметінің жеңіл болуы. Біздің goislamic.kz сайтымыз арқылы картаға онлайн тапсырыс берілсе, ол жедел түрде клиентке қолма-қол жеткізіледі.

-  Компания тағы да қандай қызықты жобаларға қатысады? Айтып беріңізші.

Жуырда Компанияда Шариғат кеңесіміз тарапынан жыл сайынғы Шариғат аудиті өткізілді. Шариғат кеңесшілердің аудитінің қорытындысы бойынша Компаниямыздың қызметі Шариғат қағидалары мен нормаларына толыққанды сәйкес деп танылды.

Компаниямыздың бірқатар әлеуметтік және қайырымдылық бастамалардың қатысушысы екенін де ерекше атап өткіміз келеді.

2018 жылдың 21-ші қыркүйегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Уақып» қайырымдылық қорымен бірлескен ағартушылық жобаны іске асырдық. Жобаның атауы: жұмалық уағыздарды (хутбаларды) үш тілде (мемлекеттік, орысша және ағылшынша) онлайн трансляциялау. Бұл бастаманың басты ерекшелігі – кез-келген адамның жұмалық уағыздарды өзіне ыңғайлы тілде Компанияның сайты арқылы (www.alsaqr.kz) тыңдауға мүмкіншілігі барында.  

Сондай-ақ, «Chartered Institute for Securities&Investment (CISI)» және Ливан Орталық банкі бірлесе ойлап тапқан ағартушылық және кәсіптік «Islamic Finance Qualification (IFQ)» бағдарламасын өткізуде «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Даму» қорымен бірлесе отырып қатысудамыз. Бұл өз кезегінде халық арасында исламдық қаржы саласында сауаттылықты арттыруға өзінің үлкен лебін әкелуде.

 - Алдағы жоспарларыңыз жайлы айтып бересіз бе.

-Шағын және орта бизнес өнімдері бойынша алға қойған үлкен жоспарларымыз бар. Түрлі қаржы өнімдері аясында клиенттерге пайда болатын, ал ең бастысы біздің аймақта этикалық қаржының дамуына  ықпал ететін жаңашыл идеялар мен инновацияларды ұсынуға талпынамыз.

Исламдық төлем карталарын екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып шығару жобасын әрі қарай дамыту - Қазақстан аумағында исламдық қаржыны түсіндіріп таратуға жақсы жағдай жасайды деп сенеміз.

Біздің Компания әлеуметтік, ағартушылық бағдарламалардың тиімділігін арттыру және де Шариғат нормаларына сай келетін инновациялық қаржы жобаларын іске асыру мақсатында  әлеуетті серіктестермен диалог құруға әрдайым дайын екенін де хабарлаймыз.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру