Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мүгедектер арбасын тегін жөндейтін маман: Арбаға аяқ киім секілді күтім керек

baq.kz 26.07.2018 6100 0 пікір

Кеше ғана «ДОС - тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінде өткен баспасөз мәслихатына қатыстық. Шара соңында орталықты аралап көрдік. Бұл жерде Ардақ Отарбаев пен Құрбанәлі Абуов «Инво СТО» атты мүгедектер арбасын жөндеу жобасын жүзеге асырып отыр екен. Жоба жетекшісі Ардақ еңбек демалысында болған соң оның көмекшісі Құрбанәліні әңгімеге тарттық. Ашық-жарқын ол түстенуге бармастан Baq.kz тілшісіне осы жоба қалай басталды, арбаны қалай жөндейтіні, show-room туралы айтып берді.

 

- Жоба қашаннан бастап жүзеге асып жатыр? Немен айналысасыздар?

- Бұл жоба екі жарым жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Жобаны басқармаға тапсырдық, алдымен қалалық конкурсқа қатысып бірінші орын алдық. Сосын олар жобаны республикалық конкурсқа жіберді, ол жерде жүлдегер атандық. Содан бері бізді басқарма арбаның бөлшектерін, басқа бұйымдарын алуға қаржы бөліп отыр. Осында екі жарым жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Мүгедектер отыратын және жүретін арбаларды, балдақтың бүкіл сынықтарын жөндейміз, яғни мүгедегі бар кісілер не қолданады, соның бәрін біз Астана қаласы бойынша тегін жөндейміз. Өкінішке қарай, басқа қалаларға ақылы түрде жұмыс істейміз, себебі Үкімет қаржыны тек Астана қаласына бөліп отыр. Мұнда екі адамбыз. Жобаның жетекшісі Ардақ Отарбаев қазір еңбек демалысында жүр, мен оның көмешісімін. Мастер Ардақ Отарбаев.

- Конкурсқа қатыспас бұрын бұл идея қалай туды? Өздеріңіз де арба сынып, жөндей алмаған не бөлшек таппай қиналған кездер көп болған шығар.

- Әрине, арбада отырған соң өзіміз жөндейміз. Бірақ керек бөлшектерді таппай жатамыз. Жоқ бөлшекті өзіміз қолдан құрастырып, не болмаса ескі дүниені қайтадан іске жаратуға тура келіп жатады. Ардақпен ақылдаса келе Астана қаласында басқа да арбада отыратын кісілер көп, неге осылай халыққа көмек көрсетпеске, пайдамыз тисін деп жоба жаздық. Бір жағынан бізге де жұмыс орны болады.

- Адамдар сіздерге көп келе ме?

- Күніне 4-5 адам келіп кетеді. «Осындай жері сынып қалды» деп аяқ астынан хабарласады. Дөңгелегінің камерасын ауыстыру керек, дискті түзейміз. Дөңгелектің ортасындағы жіңішке темірлер босаған кезде арба жүрмейді, қисайып қалады. Сондықтан біз оларды қатайтып береміз. Оған көнбеген жағдайда басқа диск саламыз.

- Неге арбалар көп бұзылады, пандустардың жоқтығынан ба, әлде тағы қандай себептер бар?

- Біріншіден, ауа райына байланысты. Екіншіден, адамның өзіне байланысты. Арбаны көбісі қолдана бермейді.

Бұны өзінің аяқ киімі ретінде қарау керек. Жұмысқа кетіп бара жатып, жұмыстан келгенде аяқ киімді күнде тазалаймыз ғой. Лай болған кезде кешкісін тазалап, әдемілеп кептіріп қоямыз, сол сияқты күту керек.

Өйткені велосипед сияқты, мойынтірегін (подшипник) майлап отыру керек. Үйде қыз бала көп болған кезде алдыңғы дөңгелегіне шаштар оралады. Шаш бір күні темірді сындырып жібереді. Өйткені шаш жанындағы қоқым-соқымдарды денесіне жинап, мойынтірегін шашып жіберуге күші жетеді. Сол үшін екі ай сайын бізге келіп тексеріп отырыңыздар дейміз. Көбінесе алдыңғы дөңгелегі сынады. Дұрыс отырмаған жағдайда пластмассадан жасалған аяқ қоятыны сынып жатады.

- Бір арбаны жөндегуге шамамен қанша уақыт кетеді?

- Жылына бір адамның арбасын үш рет жөндей аламыз. Негізі одан да көп келуіне мүмкіндігі бар. Сынған жағдайда «жоқ сен жылына үш рет қана келуің керек» деп қайтарып жібере алмаймыз. Өйткені бізден басқа баратын жері жоқ. Біз мүмкіндігінше бүкілін жасап береміз.

- Жұмыс процесін айтып беріңізші, күніне қанша арба жөндейсіз?

- Ол арбаның сынуына байланысты болады. Бізді енді естіп-біліп жатқан адамдар бар. Олар да арбаларын әкеледі. Ашығын айтқанда, бүкіл жері сынып келеді. Оған біз екі күн, не үш күн уақыт аламыз. Ол кісіге арнайы ауыстырып беретін арбамыз бар, «сіздің арбаңызды жөндеп болғанша осы арбамен екі-үш күн жүре тұрыңыз» деп шығарып саламыз. Екі-үш күнде бітпей қалған жағдайда, кейде бөлшектер жетпей тапсырыс беріп жедел алдыртуға тура келеді. Бүкіл жері жарамсыз болған жағдайда бір арбаны үш-төрт күннің ішінде, егер жәй жеңіл дүние болса бес минуттың ішінде жөндеп бере аламыз.

- Екі жылда қанша арба жөндедіңіздер?

- Өткен жылдың есебін шығарғанда 480 жөндеппіз. Бұл толық бір жыл емес, сәуір мен қараша аралығы. Кейбір кісілер алып келе алмаймыз деп жатады, сол кезде жабдығымызды, керек дүниелерді алып үйіне барып жөндейміз. Өйткені үлкен кісілер бар, баласы таңнан кешке дейін жұмыста жүретін болған соң алып келе алмаймыз деп жағдайын айтқан кезде біз өзіміз барып жөндейміз.

- Біз Астанада осындай мүгедектер арбасын тегін жөндейтін жер бар деп толықтай айта беруімізге болады ғой?

- Әрине, тек Астана қаласында тегін, басқа аймақтарда ақылы. Қаладағы әуежай мен вокзалда ақылы түрде жұмыс істейміз. Астана қаласында тіркелген адамдардың арбасын тегін жөндей береміз.

- Қалада осыған дейін мүгедек арбасын жөндейтін жер болған жоқ па?

- Мұндай ешқашан болған емес. «Бізге де келіп филиалдарыңызды ашасыздар ма?» деп бүкіл қаладан хабарласып жатыр. Мұны қарастырып жатырмыз. Келесі жылдан бастап сол филиалдармен жұмыс істейміз деп отырмыз.

- Бір арбаны жөндеуге қанша ақша кетеді?

- Егер бүкілін жаңадан ауыстыратын болса алдыңғы дөңгелегінің өзі 5000 теңгеден, екеу болса 10 мың. Артқы дөңгелектің бағасы мүлдем басқа болады.

- Жөндеген кезде жаңа арбаның құны шығып кетпей ме?

- Ондай шықпайды. Келген кісіден қай жерін ауыстыру керек сұрап аламыз, соған қарай бағасын шығарып береміз.

- Бөлшектерді қайдан аласыздар және тез жете ме?

- Ресей мен Қытайдан алынады. Кейде жолда кідіріп қалатын кездер болады, бірақ алдын ала керекті дүниелерге көптеп тапсырыс беріп қоямыз. Жаңбыр көп жауған соң подшипнигіне су тиеді, тат басып қалады да ауыстырып жатады.

- Жұмыс уақыты қалай? Мемлекет тарапынан жалақы төлене ме?

- Сағат 9.30-дан кешкі 18.00-ге дейін бес күн жұмыс істейміз. Екі күн демалысымыз бар. Әрине, жұмыспен қамту орталығынан және жұмысқа алып отырған осы жер қосымша жалақы төлейді.

- Арбаның сынуы адамның өзіне де байланысты дедіңіз. Қандай алдын алу шараларын жасауға кеңес бересіз?

- Арбаны кейбір кісілер өздері емес, артында итеріп жүретіндер қолданады. Сондықтан ол кісілер бізге келіп мастер-класс алуға да болады. Бүкілін түсіндіріп бере аламыз. Сіздерге айтқанмен де олар түсінбеуі мүмкін. Сол үшін іспен көрсету керек.

- Қарапайым нәрселерді осы жерде көрсетіп бере аласыз ба? (видеодан көрсеңіздер болады – авт.)

- Жолдың жиегіндегі тастар болады ғой, кейбір бағдаршамдардан өте алмай жатамыз. Ол кезде арбаның алдын көтеру керек болады. Алдын көтергенде бірінші алдыңғы дөңгелек толықтай жоғарыға түскенін қарау керек. Дөңгелекті көтеруге арт жақтан біреу көмектессе алдыңғы дөңгелектің толықтай жоғарыда тұрғанына көз жеткізу керек. Кейбір кісілер арбаны бірден көтереді де алдыңғы дөңгелек жоғары көтеріліп үлгермейді, үстіндегі кісі сосын құлап қалады. Біз соның бәрін үйретеміз. Мұндайда бір жағынан адам құлайды, екінші жағынан арба да зардап шегеді. Өзінің аяқ киімі сияқты қарап арбаны таза ұстаса, дөңгелегін жуып отырса, бір жағынан өзіңе де, сыртқы көзге де жағымды көрінеді. Бояуы да ұзаққа шыдайды, шаңның үстіне шаңмен жүре берсеңіз бір күні бояуы түсе бастайды.

- Қазақстанда бөлшек шығарыла ма?

- Бөлшектер әзірге жоқ. Отандық арба құрастырылып шығарылды. Бірінші партиясы халыққа беріліп жатыр.
Болашақта тек біздің отандық арбалар болады, өйткені өзіміздің қысымызға, жолымызға лайықты қылып істеттік. Ресейден келетін арбалар біздің жолға, ауа райына шыдаған жоқ. Арзандау материалдан істелген, салмағы көп кісілер болса бір жылға жетпей сынып жатты. Сол арбаларды жөндетуге айына 2-3 рет әкеледі. Сынып тұрған соң қайтара алмаймыз, жөндеп беруге тырысамыз. Біздің ауа райында пластмасса тез сынады. Соңғы шыққан арбаларда пластмасса бар болса да ауа райымызға ыңғайлап жасалған. Үкімет бізден сатып алып оларды басқарма халыққа таратып жатыр.

- Жаңа арбаны алу үшін не істеу керек? Қандай құжаттар қажет?

- Мүгедектігіңізді растайтын тиісті құжаттар болса кезекпен беріледі. Бір кісіге үйде және далада жүретін екі арба береді. Көшеде жүретін арбаны 4 жылға, бөлме арбасын 7 жылға алуға болады. Кейбіреулер далада жүретінді ғана қолданады.Біреулер секіріп отырғаннан гөрі дөңгелегін тазалай салайыншы дейді, біреулер отырып секіру қиындау болуы мүмкін.

- Show-room туралы айтып берсеңіз, қандай қажетті құрал-жабдықтар бар мұнда?

- ДЦП-мен қол-аяғы құрысып, ауру болып туатын балалардың отырып тамақ ішуіне, оны жатқызып, тұрғызуға арналған құрал бар. Автоматты түрде токпен, пультпен жұмыс істейді. Бағасы кішкене қымбаттау, дегенмен демеуші тауып аламыз деген жағдайда алуға болады. «Шоу-румға» келген аналарға ұнап жатады. Ол кісілер қаражат жеткіліксіз деп айтады.

Мен отырған арбаның жаңа түрі бар мұнда. Бұлардың басқалардан алдыңғы және артқы дөңгелек, бүкіл жерінде айырмасы бар. Жасалған материалына дейін демалады.

Автор: Show-румға қойылған арбаларды, құралдарды таныстырып жатқанда 900 мың, миллион теңге тұратын арбаларды көрдік. Содан соң Құрманәлі мырзадан бағасы сапасына сай келе ме, жоқ па деп сұрадық.

- Иә, бағасы сапасына сай келетін дүние. Мына арба 910 мың теңге тұрады, машинаға салған кезде де өте ыңғайлы. Жинақталады, дөңгелектері де алынады. Қол қоятын жері бар. Егер оны қолданғысы келмесе алып тастай алады. Осы арбаның екінші түрі 1 млн 31 мың теңге тұрады. Екеуінің айырмасы бұл жерде үстелге жақындаған кезде ешқандай кедергі болмайды, аяқ төменге қарай тік түсіп кеткен. Жүрген кезде өте жеңіл, көп күшті талап етпейді. Көшеде жүргенде дыбыс шықпайды. Кейбір арбалардың дөңгелектерінен дыбыс шығып, өзіңді ыңғайсыз сезініп қаласың. Электрлі арбалар бар. Сондай арбаның бірі 1 млн 14 мың теңге тұрады. Өзі қосылады, джостигі арқылы алға-артқа қозғауға болады. Сигнал беретін, авариялық кнопкасы бар. Түнде жүргенде шамын жағып жүресіз. Артында қуаты 60 шақырымға жететін үш аккумулятор салынған.

- Бұл арба қанша данамен шығарылды?

- Біз бір данадан сатамыз. Егер өтіп кетсе тағы да тапсырыспен алдыртамыз.

- Байқасам мұндай арбасы бар адамға өзгенің көмегі аса қажет емес сияқты.

- Иә, мұны қолдары жұмыс істей қоймайтын адамдар қолданады. Өйткені «мені осы жерден шығарып жібер» деп біреудің көмегіне жүгіне бергісі келмейді. Осы арбаға отырып, өз-өзіне жағдай жасай алады. Мына жақта да арзан арбалар бар. Мынау мүлдем ыңғайлы арба, себебі машинаға чемодан сияқты жинап салуға болады. Неге аз сатылады десеңіз, Үкімет бұған бола шығынға батқысы келмейді. Сатып алуын сатып алады да, қайырымы болмайды.

- Ауылда бір адам мүгедек болып қалса оған жаңа арба емес, басқаның қолданған арбасын әкеле салады. Бұл дұрыс па?

- Жаңа арба алу үшін ол кісі аудан орталығына барып, мүгедектігін рәсімдеуі тиіс. Сол кісіге мүгедектікті оңалту бағдарламасын жазып береді. Сонда сізге балдақ керек пе, әлде арба керек пе, тіпті жөргекке дейін береді. Жарақат алған кісілер алғашқы уақытта дәрет жағынан қиналатынын жақсы білеміз. Ауылда жүретін жаңа арба керек, осындай құрал керек деген сияқты жазады. Үкімет беретін арба негізі жаңа боп келуі тиіс, өйткені қолданып қойған арбаны бермейді. Құжатында бүкілі жазылса басқармаға барады, басқарма «кезегіңізді күте тұрыңыз, бір айдан кейін хабарласамыз, арбаңызды алып кетесіз» деп анықтама береді. Оны алудың еш киындығы жоқ.

- Бағасы тым қымбат емес пе?

- Бұлар «Белсенді арбалар» деп аталады. Бұған тез үйренесіз, арба артқа қарай ауып кетпейді. Ауып кететіндей болса сақтандыратыны бар, оны да шығарып бере аламыз. Егер керек болмаса жинап қоямыз. Мүгедек жандар осындай арбаға отыруды армандайды. Қалаға, шетелге шыққанда да өте ыңғайлы. Ешқандай із қалдырмайды, резеңкенің ізі еденге жұқпайды.
Арнайы матрастар төсекте жатып қалған кісілерге (екі метрлі) өте пайдалы.

Мен де жарақат алған кезде төсекте жатып қалдым, мұндай заттың барын білмеппін де. Егер білгенімде сол кезде міндетті түрде бағасына қарамай сатып алатын едім. Себебі денсаулығым өте қымбат, ал ақша орнына келетін дүние.

Осы матрас сіздің теріңізді сақтайды, жара шықпайды, ауа беріп, денеңізді демалдырып тұрады. Мынау бізге арналған жастықтар, арбаға отырғанда астымызға қоямыз. Таңнан кешке дейін отырған соң жамбас демалмай аяқ ұйи бастайды. Сондықтан аяққа қарай қанның жүруі азая бастайды. Мына матрас ауадан тұратын болған соң аяқ ұйи қоймайды. Керек емес ауаны өзі шығарып тастайды. Мына жерде ваннаға арналған дүние бар. Осыған отырып жәй душ қабылдап, болмаса ваннаға жәй іліп қоясыз. Біреудің көмегінсіз секіріп отыруға да болады.

Табанның астына қоятын массажды айтар болсақ, табанымызда көптеген тамыр нүктесі бар. Қытайда емделетін болсаңыз ең бірінші табаннан бастайды. Арқаға арналған да массаж бар, арқаңызбен үстінде біраз уақыт шыдағанша жатып, арқаңыздың ауыруын алуға болады.

- Бағасын қалай қоясыздар? Өнімнің өз бағасы ма?

- Шынымды айтайын, Қазақстан бойынша ең арзан баға бізде. Өйткені көп кісілер «интернеттен қарап шықтым, сіздердікі ең арзан баға екен» деп хабаралсады. Бұл бізді қуантады. Өйткені бастығымыздың өзі де арбада отырғаннан кейін көп нәрсені түсінеді, басқалардың қалтасына ауырлық түсірмейді. Сан түрлі жастықтар да бар.

- Жөндеп бітірген арбаны немесе осындағы заттарды басқа өңірлерге қанша уақытта жеткізесіздер?

- «Қазпоштамен» жеткіземіз. Жеткізу бағасын «Қазпошта» белгілейді, ал ақшаны олар біздің есепшотымызға жібереді.

- Мүгедек арбасын шығаратын қандай брендті жақсы деп айта аласыз?

- Германияның «Мэйра» компаниясы мықты. Кейбіреулер көшірме жасап, Қытайда істеп алады.

- Әңгімеңізге көп рахмет, еңбегіңіз табыс тілеймін!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру