Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СМАЙЫЛ СЕЙІТБЕКОВ: СӘЛАФИЛЕР МЕН ТӘКФИРЛЕРДІҢ ҰСТАНЫМЫ ДА, ҰСТАЗДАРЫ ДА БІР

kazislam.kz 19.04.2018 5140 0 пікір

Ислам әлемінде әртүрлі ықпалды күштердің қолдауымен пайда болған радикалды ағымдар біздің елімізде де өз мақсаттарын іске асыруға тырысып жүргені көпке мәлім. Белгілі исламтанушы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейітбековтен дін атын жамылып дүниеге дүрбелең салған топтардың шығу тарихы, мақсат-мүдделері туралы сұрап білген едік. Исламтанушы алмағайып уақытта дәстүрлі діни құндылықтарымызды насихаттау мен ағымдарға тойтарыс берудің жолдары жайында ой-пікірлерін ортаға салды.

– Исмайыл аға, жалпы шариғатта «дін – насихат» деген түсінік бар екенін білеміз. Қазіргі қоғамда дін насихаты қандай болуы керек?  

– Иә, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Дін – насихат», - деген. Егер насихат болмаса дін өздігінен таралмайды, өздігінен ешкім дінді қабылдамайды. Тарихқа үңілер болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) исламды жаю, түсіндіру үшін мүшрик арабтарға ұдайы насихаттады. Насихаттау барысында түрлі кедергілер мен келеңсіз жайттарға ұшырап, соққы жеп, ауыр сөз естісе де Пайғамбарымыз оған мойымады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) тәлім алған сахабалар шартарапқа жайылып, исламның ізгілігін насихаттады. Соның нәтижесінде қысқа уақыт ішінде ұланғайыр аумаққа ислам діні жайылып, ұстанушылары да көбейді.

Дін тек сөзбен ғана насихатталмайды, мұсылман адамның көркем мінезі, әдебі мен қарапайымдылығы арқылы да насихатталады. Яғни,  сөзбен емес, іспен, амалмен насихаттай білу керек. Жаңа ғасырда әлем жұртшылығы мұсылмандардың сөзіне емес, әрекетіне қарап дінге баға беруде. Адасқан топтар мен түрлі ағымдардың жасаған әрекеттеріне қарап, асыл дінімізге үрке қарап отыр. Біз қазір дінді насихаттауға қарағанда көбірек қорғаштау үстіндеміз. «Ислам лаңкестік діні емес, экстремизмге үндемейді, бұл атыс-шабыс діні емес, намаз оқымайтын жанды кәпір деп айыптамайтын дін» деп ақталумен келеміз. Әсілінде, дінді көркем мінез әрі жылы сөзбен насихаттауымыз керек еді.

Орта ғасырда дінсіздерге қарсы ғазауат жасап, дінді жаюға тырысса, біз жаһандану заманында өмір сүріп жатқандықтан жаңа әдіс тәсілдерді пайдаланып, дінімізді насихаттауымыз ләзім. XX ғасыр идеологиялардың қақтығыс ғасыры болмақ. Сол үшін технологияның жетістіктерін пайдалана отырып, ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы жүйелі түрде дінді насихаттауды жолға қою керек. Қазір әлем кішірейіп, адамзат ғаламторға үңілуде. Осы сәтте кімнің ақпараты мықты болса, сол ұтады. Мысалы, бұл мүмкіндікті түрлі теріс ағым өкілдері пайдаланып жатыр. Ғаламтор арқылы «жиһадқа» үндеп, жастардың санасын улап, қарусыз қауіп төндіруде.

– Еліміз егемендік алған кезде тіліміз бен діліміз, ата дініміз, салт-дәстүріміз жаңғырып, ұлт құндылықтары насихаттала бастады. Еркіндіктің мүмкіндігін теріс пиғылда пайдаланғандар да аз еместігін айтып отырсыз. Исламмен аттас болғанымен, заты үндеспейтін дүбәра топтар жастарды өз қатарларына көптеп тартты. Осы ағымдарға тосқауыл қоюдың жолдары бар ма?

– Бұл мәселе жайында Діни басқарма қаншама рет үлкен мінберлерден айтып, ғылыми конференцияларда үн қатып, дабыл қағып келді. Кеңес үкіметі ыдыраған тұста біздің діни мәселеде тәжірибеміз аз болғандықтан етек-жеңімізді жинап үлгергенше әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі ағымдар қазақ даласына өз тұқымдарын егіп үлгергені ащы да болса шындық. Ағымдардың мақсаты мен пиғылы белгілі. Біздің жоғымызды жоқтап келмегені анық. Теріс ағым өкілдеріне қарсы ел болып, мемлекет болып барынша тосқауыл қойылуда. Діни басқарма да мұндай ағымдармен барынша күресіп келеді. Мәселен, Діни басқарма әлеуметтік желілерде ағарту жұмыстарын жандандырды. Республикалық ақпараттық насихат тобын құру арқылы барлық аймаққа білімді де білікті мамандарды жолдап, дәстүрлі дінді насихаттап, теріс ағымды әшкерелеп, теріс ағым жетегінде жүрген жандармен жекелеген кездесулер өткізіп келеді. Мемлекет осыған қатысты заңнамаларды күшейтіп, олардың қарқынын басып, тынысын тарылтты.

– Алауыздық тудырған ағымдардың ішінде уахабизм, әсіресе, тәкфиризм ерекше асқынған топ. Олардың екпіндетіп үгіт жүргізуіне күш беретін алпауыттар да бар секілді. Бұл топтардың көздегені не? Тәкпіршіл топтар қайдан тарайды, кімдер басқарады?

– Ислам дінінің кең тарауы мен қанат жаюы христиан әлемінің де мазасын қашырып отырғаны мәлім. Ілгергі тарихта болғанындай, қазіргі заманымызда да ислам атын жамылған түрлі ұйымдар мен ағымдардың шығуына кейбір алпауыт мемлекеттердің ықпалы болғаны жасырын емес. Мәселен, Талибан, әл-Қаида, ДАИШ сынды ұйымдар кімдердің тарапынан құрылғаны, қай ел тарапынан қаржыландырылып, қолтығына су бүркіп отырғаны құпия емес. Сол секілді уаһһабизм немесе сәләфилік ағымның шығуына да қолдау көрсеткен ағылшындар екені тарихи шындық. Ал тәкфир ағымы дегеніміз осы уаһһабилік, сәләфиліктің ішінен шығып радикалданып, өздерінен басқа жанды «мұсылман» деп қабыл етпейтін ағым. Кейбір сарапшылар тәкфир ағымын 1970 жылдары Мысырда пайда болды деп айтады. Ақиқатында, олардың тамыры тым тереңде жатыр. Олар 657 жылы харижит деген атаумен шыққан ағымның ғасырымыздағы жаңа түрі ғана. Сәләфилік деп жүрген ағым да сол нұсқаның бір көшірмесі. Негізінде, сәләфилік пен тәкфир арасында пәлендей айырмашылық жоқ. Ұстанымдары бір, ұстаздары бір, оқитын кітаптары бір, тек саяси ұстанымдарында,«жиһад» мәселесінде келісе алмайды. Бұл ағымдар төңкеріс арқылы, мұсылманның қанын төгу арқылы пайда болып, билікке келген. Демек мақсаты – елімізде де осындай қан төгісті жүзеге асырып, мемлекет билігін өзгерту. Уаһһабилік те, тәкфир де тарихта кәпірлермен соғыспаған, олар тек ата жауы секілді мұсылмандармен ғана соғысып келеді.

Тәкфир ағымының арнайы бір лидері, жетекшісі жоқ. Олар топ болып әрекет еткендіктен әр аймақтың өз ішінде сайлап алған әмірлері болады. Сол әмірдің айтқанымен жүреді. Дегенмен, тәкфирлердің де қолтығынан су бүркуші күштер бары анық.

– Астанада өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында сол кездегі Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін ғұламалар мен имамдарды жұмылдыруға баса назар аударды. Сіздіңше, бұл бастама дін саласындағы қандай түйткілді мәселелерді шешеді?

– Иә, сол уақытта Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мырзаның көтерген мәселесі өте орынды болды. Расында да, әр саланы жетік білетін сол саланың маманы екені талас жоқ әңгіме. Олай болса, дін мәселесін жақсы білетін, оны түсініп те, түсіндіре алатын мамандар – дін ғалымдары мен имамдар. Мемлекет дін мәселесіне бейжай қарамайтынын ұқтырады. Сондықтан отанымыз ортақ болғандықтан баршамыз жұмыла күресуді міндет санаймыз. Бұл менің салам немесе маған қатысы жоқ деместен бір атаның баласындай жұмылса, алынбайтын қамал, жетпейтін жеңіс болмайды.  

– Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бір сұхбатында діни ахуалға қатысты екі факторды тілге тиек еткен еді. Оның бірі – діндарлық пен радикализмнің ара-жігін ажырата алмай, қасаң қағидаларға құрылған қатқыл діни көзқарас болса, екіншісі – имани білімге құштар ұрпақтың рухани ізденісі мен осы танымды қанағаттандыруға қауқары келмей жатқан жасамыстардың жағдайы. Әсіредіншілдікпен қатар, дінсіздіктің де қоғамға әкелер зардабы жайында айта кетсеңіз. 

- Бас мүфтиіміз өте орынды мәселені қозғады. Ислам бізге тақуалықты, діндарлықты бұйырады. Бірақ қасаң қағидаға негізделген қатқыл діни көзқараста болуды, радикалдануды құптамайды. Кейбір жандар діндарлықты, тақуалықты ұстанамын деп, шектен шығып, радикалданып жатқаны байқалады. Ол көбіне діни сауаттың таяздығынан болады. Дінді біржақты қабылдап, мәселені өзі үйренген діни шеңберге салып таразылап, өз ұстанымына сәйкеспеген пікірді қабылдамай, сыңар езу танытады. Өзінің ұстанымын қате деместен, діндарлық өлшемімен өлшеуге тырысуы, дінде шектен шығушылыққа, әсіредіншілдікке алып баратынын түсінгісі келмеуі өкінішті-ақ. Егер ондай әсіредіншілдерге дер кезінде тоқтау қоя алмасақ, онда арты ағымдар мен радикалды топтардың етек алуына алып барады.

Бас мүфти атап өткен мәселенің екіншісі де өте өзекті. Өйткені соңғы уақытта имандылыққа бет бұрушылардың басым көпшілігі – жастар. Жастар алдыңғы буын ағаларға, үлкендерге көкейдегі дінге, руханиятқа қатысты сұрақтарын қойғысы келеді, олардың бойынан имандылықтың үлгісін көргісі келеді, бағыт-бағдар беруін күтеді. Алайда олардың сұранысына жауап берер жасамыстарымыз көп болмағандықтан жауапты көлденең келген көк атты беріп, өз қатарына тартуға тырысып жатыр. Дінге, имандылыққа селқос, атүсті қарау, аса маңыз бермеу, дінсіздікті қолдау қоғам үшін өте қауіпті. Себебі дінге бет бұрған жастар дінсіздікті қолдаушыларға, дінге селқос қараушыларға қарсы радикалдана түсетін болады. Ал оның салдары түрлі келеңсіз оқиғаларға ұласуы мүмкін. Сол секілді әсіредіншілдік те қауіпті құбылыс. Сондықтан біз орта жолды ұстансақ, ұлтаралық, дінаралық ынтымағы жарасқан ел болып, өзгеге үлгі көрсете аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру