Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Төлеген ТАЛДЫБАЕВ: Қабiрді қирату діни сауатсыздықтан туындайды

30.05.2016 4118 0 пікір

Соңғы кездері жастар арасында қабір мәселесіне қатысты дау жиілеп кетті. «Қабірге баруға болмайды, шариғатқа қайшы» деп насихаттайтын топтар елді дүрліктіріп жүр. Ал, өлген кісінің моласына зәулім сарай тұрғызатындардың мәселесі өз алдына. Жалпы, қоғамда сәні мен салтанаты келіскен қабір тұрғызу қаншалықты дұрыс? Ал, сол қабірді «ширк» деп қиратушылардың әрекеті қандай? Осы және өзге де мәселелер жайында белгілі дінтанушы Төлеген Талдыбаевпен әңгімелескен едік. 

 

– Төлеген Өмірзақұлы, қазір мұсыл­мандардың қабіріне барсаңыз, небір сәулет ескерткіштерін көруге болады. Биіктігі аспанмен таласқан ескерткіштерден бастап, тіпті, адамның мүсініне дейін куә боламыз. Көзіміз тағы шалғаны, қайтыс болған мектеп оқушысының басына сөмке ұстап кетіп бара жатқан жас баланың ескерткішін қойған. Осы қаншалықты дұрыс? Тірілердің мұндай тірлігі өлгендерге қаншалықты пайдалы?

– Жалпы, бұрын-соңды бұл тақырыпта сөз қозғанда бір жақты қарастырылатын еді, қазір жан-жақты қарастырылуда. Шы­нын­да, қабір тұрғызуда біраз шектен шығып бара жатқанымызды айтатын уақыт жеткен шығар. Сондай-ақ, қабірлерді орналас­тыру, басын қарайту және белгі қою тұрғы­сында бәсекелестік бар секілді. Басқа ел мұсыл­мандарының қабірлеріне қарасақ біздікіндей сарайлар салу жоқ. Себебі, пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті бойынша зияратшылар қабірден адасып қалмасын деген мақсатпен қабірдің басына белгі ретінде бір тас қана қойылады.

Ал, қабірлердің үстіне бөлме немесе күмбездердің тұрғызылуы және жазу жазылуы, Имам Әбу Юсуфтың пәтуасында мәкруһ әл-тахримән болып саналады.

Жалпы, бұл мәселе бойынша салаф әс-салихтердің барлығы дерлік қабірлердің басына құрылыстар салуға қарсы болған.

Мысалға: «Әмр ибн Шарахбил былай дейтін: «Менің қабірімді биіктетпеңдер, ақиқатында, мен мухажирлердің мұны сөгетінін көргенмін».

Бұл мәселені пайғамбарымыздың өзі «Құпталмайтын іс» деп айтқанын байқауға болады.

Айша (р.а) былай баяндайтын: Пайғамбар () Алланың рахметіне өтер алдында, Умму Сәләма және Умму Хабиба Эфиопияда көрген «Мәриям» деп аталатын шіркеуді тілге тиек еткен болатын. Мұны естіп, Алла Елшісі () былай деді: «Ақиқатында, олардың арасында салиқалы кісілерден біреуі қайтыс болса, олар оның қабірінің үстіне мешіт салатын, ал содан соң оның ішіне соның бейнелерін орналастыратын. Ақиқатында, олар Қиямет күні Алланың алдындағы ең жаман жаратылыстар».

Естеріңізде болса, халықты шатастыратын «Ата жолы», «Ақ жол» деген топтар шығып, денсаулығы сыр берген мұқтаж жандарды пайдалана отырып, қабірлердің басын аралатып, белгісіз бір құлшылықтың түрлерін жасату арқылы нәпақа табатын. Еміне шипа таппаған жандар оларға ілесіп, өздерінің ауруларына марқұмдардан дауа сұрайтын. Бұл да шариғатта мақұлданбайтын іс екенін айта кеткенді жөн көріп отырмын. Әбу Сағид әл-Худри Алла Елшісінің (ﷺ) былай дегенін баяндаған: «Зираттар мен моншалардан өзге барлық жер ғибадат жасайтын орын болып табылады». Яғни, жоғарыда атап көрсетілген орындарда құлшылық жасауға болмайтындығы баяндалуда.

Қабірлердің басына зәулім ғимараттар тұрғызып, ол жерлерді құлшылық орындарына айналдыруға болмайтындығы жайында бірқатар Ханафи ғалымдары да айтқан. Олардың қатарында Ахмад ибн Мухаммад әр-Руми, Мухаммад әл-Музаффари, Субхан Бахш әл-Хинди, Ибраһим әс-Сурати, Шах Уалиуллаһ әд-Дахләуи бар.

Ал, мүсін тұрғызуға келетін болсақ бұл шек­тен шығушылық. Егер мүсін салуға рұқ­сат етілгенде, мүсінге лайық пайғам­барымыз (ﷺ) болатын еді. Бірақ көріп отыр­ған­дарыңыздай, бүгінгі күнге дейін Оның (ﷺ) мүсіні түгіл суреті де жоқ. Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманында сахабалар тарапынан келешек ұрпаққа пайғамбарды (ﷺ) таныту мақсатында Мәдина қаласына пайғамбарымыздың (ﷺ) мүсінін салу туралы ұсыныс берген болатын. Бірақ Ол (ﷺ) «Сендер яһудилер мен християндардың қателіктерін қайталамақшысыңдар ма? Мен мұсылмандардың жүрегінде боламын»-деп ойларынан қайтарған. Яғни, қабірдің басына мүсін салуға шариғатта рұқсат жоқ. Және бұл қайтарылатын амал болып табылады.

– Қабірлерді қиратушылардың әрекетін қалай айыптауға болады?

– Бұл мәселе де қоғам арасында қызу талқыланып жүргені белгілі. Оның басты себебі қоғамда кейбір азаматтар Алланың атынан қабірді зиярат етуге болмайтындығын айтып, шариғатқа қайшы іс екендігі жайында насихаттап, елді шатастыруда. Оның үстіне қабірлерді зиярат еткен адам «Аллаға серік қосқан болып саналады» деген түсіктің таралуы жастарды қатты мазалады. Осындай асыра сілтеулердің негізінде Атырау облысының бірқатар жастары ауыл маңындағы қабірлерді қиратып, зияратқа келгендерді «Ширк жасаушылар» деп айыптап, дүйім жұртты шулатқанын білеміз. Қабірді зиярат етушілердің мақсаттарын білместен оларды күпірлікке шығару «Такфиршілікпен» айналысу болып табылады. Өйткені, қабірді зиярат етудің шариғатымызда рұқсат етілгені және ол үшін Алла алдында сауапқа кенелетіндігіміз туралы дәлелдер өте көп.

– Нақты қандай дәлелелдер келтіруге болады?

– Мәселен, Абу Һурайрадан (р.а) жеткізілген бір хабарда пайғамбарымыз (ﷺ) анасының қабірін зиярат етіп көздеріне жас алды. Оны көрген айналасындағылардың бәрі қосылып жылайды. Ол біраздан соң басын көтеріп былай деп тіл қатады: «Мен Алладан анам үшін кешірім сұрауға рұқсат сұрадым, бірақ Ол маған рұқсат бермеді. Мен Одан қабірін зиярат етуді өтіндім, Ол оған рұқсат берді. Ендеше, зиярат етіңдер, ол сендерге ақыретті естеріңе салады».

Екіншісі, «Мен сіздерді қабірлерді зиярат етуден тоқтатып едім, енді қабірді зиярат ете беріңдер, өйткені онда сіздер үшін ғибрат бар және ол ақыретті естеріңе салады» дейді.

Кей кезде пайғамбарымыздың (ﷺ) қабірін зиярат етуге болмайтындығы туралы әңгімелерді естіп жатамыз. Әсіресе қажылық сапарға барғанда арабтардың өздері «Мәдинаға бару қажылықтың шарттарына кірмейді, пайғамбарға (ﷺ) зиярат жасау шарт емес» деген сөздерді естіп қаламыз. Ол жерде арабтар үшін негізгі мәселе қажылықтың шарттарын ұғындыру емес, «Ширкке жол бермеу» деген түсініктің жатқаны аңғарылып тұрады.

– Қабір мәселесіне қайта ойыссақ. Сонда оны қиратушылар қандай негіздерге сүйенеді?

– Олар негізінен дәлел ретінде Фатыр сүресінің 22-аятын басшылыққа алады. Ол аятты да толықтай көрсетпейді. «(Мұхаммед (ﷺ) Сен, қабірлердегі біреулерге естірте алмайсың», бірақ бұл аяттың басындағы «Тірілер мен өліктер тең емес. Рас Алла әлдекімді қаласа, естіртеді» деген жерін көрсетпейді. Немесе аят толық көрсетілмеген жағдайда ережеге сай алдынғы жағына көп нүктелер қойылуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай ол қағиданы да орындамай Алланың сөзін кесіп, өз ойларын Алла атынан көрсеткісі келеді. Тағы бір дәлелдері ретінде: «Мен сіздерді қабірлерді зиярат етуден тоқтатып едім ...» деген хадисті келтіреді. Бұл хадистің де толық нұсқасында соңы зиярат етуге рұқсат берген. Пайғамбарымыз (ﷺ) ислам таралуының алғашқы уақыттарында сахабаларға қабірді зиярат етуге тыйым салғаны рас. Себебі, әлі иманы орнықпаған сахабалар басына қиындық түссе бұрынғы мүшріктік сенімдері бойынша қабір иелерінен медет тілеп, шектен шығып кетпесін деген мақсатпен алдын алған болатын. Ал, ислам таралуының кейінгі кезеңдеріне қарасаң Алла елшісі (ﷺ) қабірге зиярат жасауға рұқсат берген.

Хадис әдістемесі бойынша мынадай қағида бар. Қандай да бір мәселеге байланысты екі хадис келетін болса, екінші келген хадис алғашқы айтылған хабардың үкімін жояды. Яғни, соңғысы алынады. Егер усул әл-Хадис білімдерін оқыған адам болатын болса, ол ешқашан «Қабірге баруға болмайды» деген сөзді айтпаған болар еді.

– Жалпы, мұндай идеяның қоғамда таралуына қандай факторлар себеп болуда, мақсаты не?

– Мұндай идеялар бір мақсатпен ғана таралады, ол – қоғамның ынтымағын, ауызбіршілігін бұзу. Себебі, қазір біздің қоғамда көтеріліп отырған діни проблемалар, осы тақырыптардағы діни талас-тартыстардың бұрын тарих сахнасында болып өткенін көруге болады. Мысалы: Умәуилер дәуірінде «Хариджиттердің» шығуы. «Үкім Алладан» деген ұғымның ортаға шығуымен мұсылмандар арасындағы ихтилафтар салдарынан қаншама мыңдаған мұсылман бірін-бірі қырып тастаған. Аббаситтердің дәуірінде «Мутазилиттер» пайда болып, мыңдаған ислам ғұламаларын зындандарға тастау арқылы ислам өркениетінің дамуына кері әсер етті. Екі мұсылман таласса оларды таластырған үшінші біреудің жеңіске жететіні белгілі. Бүгінгі таңдағы бастан кешіріп отырған діни талас-тартыстардың негізгі мазмұны да, мақсаты да бұрынғыдан өзгерген жоқ. Бұл мұсылмандарды бір-біріне айдап салу арқылы үммет арасында бейберекетсіздік туғызу үшін жасалған ұзақ мерзімді идеологиялық жоба. Ал, біздің жастар бұл идеологиялық жобаны жүзеге асырушы тиімді құрал болып отыр. Бұл – менің осы саладағы жеті жылдық қызметтік тәжірибемде ұққаным.

– Қабірлерді қиратқаннан қазаққа қандай зиян келеді ?

– Жалпы кесене, мазар, қабірлер жеке адамның ұрпақтық құндылықтарын есептемегеннің өзінде, мемлекеттің территорияларын айқындауда орасан зор пайдасы бар. Тарихтан белгілі, Ресей патшалығы тұсында отарлау саясатын жүргізген губернаторлар өздерінің бекініс салған аймақтарын толықтай иемденуі үшін әуелі ол жердегі қабірлерді, мазарлар мен кесенелерді жойған. Ол аймақта көне жәдігерлердің қалып қоюы шекарадағы қазақтардың үздіксіз шабуылына себеп болатынын айтқан.

– Өзіміз бала күннен бері жолдың бойындағы қабірлерді құрметтеп келеміз. Яғни, жанынан өткенде көліктің жылдамдығын бәсеңдетіп, музыканы өшіріп, білген дұғамызды айтамыз. Жалпы, қазақ халқы қабірлерді қалай құрметтейді?

– Ықылым заманнан түркілерде «Бабалар жатқан жерді қорғау» қағидасы бар. Бұл сақтардан бері жалғасқан ұлы құндылық. Бұл жайында Түркия тарихшысы профессор Илхами Дурмуш өзінің «Iskitler» (Сақтар) атты еңбегінде былай баяндаған: «Жорықтың бас-аяғы көрінбейтінін сезінген Дарий сақ патшасына «Ақымақ! Сен неге үнемі қаша бересің. Егер сен өзіңнің күшті екендігіңді сезінсең қашуды қойып, менімен ұрысқа түс. Өзіңді әлсіз сезінсең де қашуды доғарып, өзіңнің қамқоршыңа жерің мен суыңды сыйға тартып келісімге кел» деген сөздермен елші жібереді. Бұған жауап ретінде сақ патшасы Иданфирс былай дейді: «Мен бұрын да, қазір де біреуден қорқып, бас сауғалап қашқан емеспін. Сенімен бірден шайқасқа түспеу себебім, менің елімде сен қиратып кететін қалалар немесе сенің атыңның тұяғы таптап кететін егіс алқаптары жоқ. Егер де сен шын мәнінде менімен соғысқың келсе, менің ата-бабаларымның қорымдарын тауып, тиісіп көрші. Біздің сол қорымдар үшін соғысып соғыспайтынымызға көзіңді жеткізесің» деп жауап берген екен. Жоғарыдағы Сақтардың патшасы Иданфирстің сөзіне қарағанда, түркілер үшін ежелден ата-бабаларының мазарларын қасиет тұтып, оларды үнемі қорғайтындықтарын көреміз.

Сонымен қатар, көне жәдігерлер мен кесенелерді қиратуға қатысты исламның мұншалықты үкімдері жоқ. Сонау ғасырлардан бері Мысырдағы пирамидалар, свинкстер және Андалусиядағы Аясофия шіркеулерінің күні бүгінге дейін бұзылмай тұруы сөзімізге дәлел. Бұл көне жәдігерлер халықтың рухани құндылығы. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яасауи кесенесінің өзі, сонау ғасырлардан бері қазақтардың мұсылман болғанын меңзеп тұрады. Оның қасында кейбір елдер жер астында қалған қалаларын қазып, зерттеп, өздерінің антропологиялық тұрғыдан кім болғанын, қайдан тарағанын, сенімінің қандай болғанын енді анықтап жатқандарын көзіміз көріп отыр. Ал қабірлерді бұзу білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындап отырған өкінішті жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармауы тиіс.

– Бұл дәстүрдің діни негізі бар ма?

– Әрине, ислам дінінің кең қанат жаюына себеп болған бабаларымыз негізсіз ешқандай амалдар жасамаған. Қабірді зиярат етудің рұқсат етілген амал екендігіне мәшһүр ғалымдарымыздың бірауыздан келіскені бар. Олардың ішінде Хаджар әл-Асқаләни, ән-Науауи, әл-Абдари, Ибн Кудама әл-Мақдиси, әл-Хазими, Ибн Хазм, әл-Хафиз аз-Зайла`и әл-Ханафи әл-Хафиз Бадр ад-Дин әл-Айни әл-Ханафи секілді атақты ғалымдарды атап көрсетуге болады. Ал, оған дәлел болған пайғамбарымыздың () көптеген хабарлары бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Жайық Нағымаш

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі