Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Зүль-Хиджа айының алғашқы он күні

16.09.2015 5877 0 пікір

Алла Тағалаға ең сүйкімді де қасиетті айлардың (зүль-Қағда, зүль-Хиджа, Мухаррам, Ражаб) бірі – зүль-Хиджа айы. Оның ішінде зүль-Хиджаның алғашқы он күні. Өйткені, бұл күндермен Алла Тағала Құранда серт еткен.

Алла Тағала Құранда былай дейді:

وَالْفَجْرِ (١) وَلَيَالٍ عَشْرٍ (٢)

 «Ағарған таңға, (1) Құрбан айының алғашқы он кешіне серт».[1]

Ибн Аббас, Мужаһид, Муқатил т.б. аятта айтылған бұл кештер – зүль-Хиджаның алғашқы он кеші, - деген.

зүль-Хиджаның алғашқы он күні осы дүниенің ең абзал күндері болып есептеледі. Ол жайында Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде былай дейді: «Дүниенің ең абзал күндері (зүль-Хиджаның) он күні»[2]. Тағы бір хадисінде: «Алла Тағала құзырында (зүль-Хиджа айының) он күнінде жасалған ізгі амалдан абзалырақ әрі сүйкімдірек игі іс жоқ. Ол күндері тасбихты (субханаллаһ), тахмидты (алхамдулиллаһ), таһлилді (лә иләәһа иллаллаһ), такбирді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер»-деп келген.[3]

Міне, осы күндерге қатысты көптеген үкімдер мен артықшылықтар бар. Олар:

 

1. зүль-Хиджаның алғашқы он күнінің артықшылығы.

зүль-Хиджаның алғашқы он күнінде құлшылыққа белсенділік таныту, жақсы амалдардың алуан түрін арттыру мұстахап саналады. Сол сияқты бұл күндері істелген амалдар басқа күндерден абзалырақ әрі сауабы да еселеніп беріледі. Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Алла Тағалаға бұл күндерде (зүль-Хиджаның алғашқы он күнінде) істелген ізгі амалдан жақсырақ амалдар жоқ»-дейді. Сахабалар: «Ей, Алланың Елшісі! Алла жолында күрескен жиһад та сай келмей ме?»-деп сұрайды. Алланың Елшісі : «Алла жолында шыққан жиһад та тең келмейді. Тек жанымен, малымен жорыққа шығып кері қайтпағандардан басқасы»[4]-деп жауап береді.

 

2. зүль-Хиджаның алғашқы сегіз күнінде ораза ұстаудың үкімі.

Бұл күндерде жалпы ізгі амалдарды істеу мұстахап болғандықтан ораза тұту да мұстахап, сүннет емес. Бұл күндерде арнайы ораза ұстауға қызықтырып келген хадистер болмағанымен, ораза тұту Пайғамбарымыздың ﷺ қызықтырып келген ізгі амалдардың құрамына кіреді. Себебі, ораза ұстау – ізгі амалдардан.

 

3. Арапа (Арафа) күні ораза тұту үкімі.

Арапа (Арафа) күні ораза тұту – қажылық амалын істеп жүрген адамдардан басқаларына сүннет. Өйткені, Пайғамбарымыз ﷺ ол күні ораза ұстады әрі ол күні ораза тұтуға қызықтырды. Әбу Қатададан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Арапа (Арафа) күні – ораза ұстау арқылы, Алладан өткен және келер жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін»[5].

Арафа – зүль-Хиджаның тоғызыншы күні. Ол күні ораза ұстау хадисте келгендей екі жылдық (өткен және келер жылғы кіші) күнәларды кешіреді. Дегенмен, Арапа (Арафа) күні қажылықта жүргендерге ораза тұтуға тиым салынған. Өйткені бұл күні қажылылар күні бойы «Арафада» тұрып дұға етеді.

 

4. Оныншы күні ораза тұтудың үкімі.

зүль-Хиджаның оныншы күні яғни «Құрбан айт күні» және ташриқ (құрбан айттан кейінгі үш күн) күндері ораза ұстауға бірауыздан тиым салынған. Әбу Саъид былай дейді: «Пайғамбарымыз ораза айт пен құрбан айтта ораза тұтуға тиым салды».[6]

Ал, Набиша Әл-Һазилидің хадисінде былай келген: Пайғамбарымыз : «Ташриқ күндері – ішіп-жеу және Алланы зікір ету (еске алу) күндері»[7]-деді.

Құрбан айт – құрбандық шалу және міскіндер мен кедейлердің қажетін өтеу күні. Бұл күні құрбандық шалу - Әбу Ханифа мәзһабы бойынша дәулетті адамға уәжіп. Оған дәлел, Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ (٢)

«Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал».[8]

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»[9], – деп ескерткен.  Осы келтіргендер құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

 Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.  

Құрбандыққа жарайтын түйе бес жасар, сиыр екі жасар болуы қажет. Ешкі бір жасқа толғанда, ал қой бір жасар немесе алты айлық марқа қозы (бір жасар қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды.  

Құрбандық малдың дені сау, еті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Пайғамбарымыз ﷺ: «Құрбандыққа мына төрт мал жарамайды: анық соқыр, айқын көрініп тұрған ауру, анық байқалып тұрған ақсақ, жілік майы жоқ арық мал»[10]- деген.

 Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал, кім намаздан кейін құрбандық еткен болса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүннетіне сай келеді»[11],- деген.   

зүль-Хиджа айының алғашқы он күнінде істелетін амалдардың сауабы мол болатындығын ескеріп, оны қадірлеп, осы күндері әр мұсылман ораза тұту, туысқандық қарым-қатынасты нығайту, садақа беру, Алла Тағаланы көптеп еске алу, нәпіл намаздарды көбейту, Құран оқу, дұға ету және пайғамбарлардың абзалы Мұхаммедке ﷺ салауат айту сынды т.б. ізгі амалдарын көбейткендері дұрыс.  

 

Ескерту:

Биыл арапа күні қыркүйектің 23-жұлдызына, Құрбан айт мейрамы қыркүйектің 24-жұлдызына тура келеді. Құрбан айт намазы Алматы бойынша сағат 07:30-да оқылады.

 

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі

 



[1] «Фәжір» сүресі 1-2 аяттар.

[2] Ибн Хиббан, Сахиху Әл-жамиъ, 1144.

[3] Ахмад, Табарани риуаят еткен.

[4] Бұхари риуаят еткен.

[5] Мүслім риуаят еткен

[6] Бұхари, Мүслім риуаят еткен

[7] Мүслім риуаяты

[8] «Кәу­сар» сүресі, 2-аят

[9] Ибн Мәжаһ риуаят еткен

[10] Ән-Нәсаий, Ибн Мәжә риуаят еткен

[11] Бұл хадисті имам Бухари мен Муслим Баро ибн Азиб деген сахабадан нақыл еткен.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру