Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАСТАРДЫҢ ТАНЫМЫН ЖЕТІЛДІРЕТІН КІТАП

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ muftyat.kz 21.06.2021 3715 0 пікір
ЖАСТАРДЫҢ ТАНЫМЫН ЖЕТІЛДІРЕТІН КІТАП

Ислам діні бірін-бірі толықтыратын сенім жүйесінен, құқықтық-практикалық нормалар мен моральдық-этикалық құндылықтардан тұратыны белгілі. Бұлар ақида, фиқһ, ахләқ терминдерімен танылған теориялық-методологиялық принциптері қалыптасқан негізгі ғылым салаларын құрайды.

Рухани тазалықтың, ар-ұят пен адалдықтың мызғымас тірегі болған діннің негізгі қызметі – адамның рухани дүниесін жетілдіре отырып, моральдық құндылықтары жоғары қоғам қалыптастыру. Хақ дін адамның жеке өмірі мен отбасылық, қоғамдық өмірін реттейтін әмбебап жүйе болғандықтан, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды ихсанға, көркем мінез-құлыққа негіздейді. Сондықтан адамның ар-намысы мен адамдық қасиеттерін жоғары қойған ислам шариғатының асыл мақсаттары моральдық-этикалық құндылықтарды ерекше бағалайды. Мұсылмандық сенім мен исламдағы құқықтық практикалық нормалар адамды туралыққа, әділдікке, әдептілікке, рухани тазалық пен кемелдікке жетелейді. Бұл қасиеттер ихсан арқылы тағы дамиды, ары қарай көркейе түседі. Діннің осындай жақсылығын, ықпалын адамдарға дұрыс түсіндіріп жеткізе білу, адами құндылықтарды жетілдіруге оларды бағыттай білу қазіргі қоғамға ауадай қажет. Өйткені қазір қоғамда біржақты ойлау, дінді формалық сипатта ғана қабылдау, оның негізгі моральдық мазмұнына үңілмеу белең алып, соның салдарынан бірбеткей топтар пайда болып жатыр. Діннің адалдық, сабырлық, даналық, жақынға жәрдем, мұқтажға көмек көрсету, маңайына мейірімділік, жаны барға жанашырлық таныту секілді, адам атына лайық, затына жарасымды құндылықтарын насихаттау арқылы, адамдар арасында дін туралы дұрыс пікір қалыптастыру маңызды. Себебі адамзаттың бақыты қай ғасырда да тек осы дұрыс сенім әрі ақиқат дін арқылы ғана баянын тапқан. Сол үшін де Абай атамыз айтқандай, «Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс» дер едік.

«Ихсан» сөзі «жақсылық жасау» және «жасаған істі кемел түрде жүзеге асыру» дегенді білдіреді. Мұсылман адам ең кішкентай істің өзін көркем жасай алатындай ықыласты болу керек. Себебі Алла Тағала жаратқан нәрсесінің әрбірін кемеліне келтіріп, кереметтей етіп жасағанын айтқан. «Сәжде» сүресінің 7-аятындағы ихсан ұғымы осы мағынаны қамтиды. Яғни құлшылықтан бастап, жауапты қызметіңді, қолға алған әр ісіңді ең кәміл деңгейде атқару, Алла Тағаланың әр-Роқиб – Бақылап тұрушы екенін естен шығармау, Естіп, Біліп, Көріп тұрғанын ескеріп, амалыңның бағасы мен марапаты Одан болатынын ойлап істеу.

Құран Кәрімде ихсан ұғымы Аллаға және адамдарға қатысты жетпістен астам аятта айтылып, бұл аяттардың бір бөлігінде «ізгілік істеу», бір бөлігінде «жасаған ісін ең жақсы деңгейде жасау» деген мағыналарда қолданылған. Хадистерде де мағынасы осылай келеді.

Бәрімізге белгілі, мәшһүр хадисте: «Ихсан дегеніміз –Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр...» – делінеді. Алайда ихсан тек құлшылыққа қатысты әрекеттермен шектелмейді. Дүниеде де, ақыретте де Жаратқанның назарынан тыс қалатын ешнәрсе жоқ болғандықтан, әр сәтте Оның көріп тұрғанын сезініп, үлкен-кіші қай істе болсын өзіңе де, өзгеге де адал болуға үйретеді.

Ихсан – құлшылығыңды ең кәміл түрде, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, шариғат көрсеткен талапқа сай жасау әрі Алла Тағала көріп тұрғандай ықылас білдіру.

Ихсан – жүріс-тұрысыңда, киім киісіңде, сөзің мен ісіңде, мінезіңде Жаратушы көріп тұрғанын ұмытпай, мұсылманға жарасар сипаттан ажырамау.

Ихсан – өзің жауапты қызметті Раббыңның бақылауында екеніңді сезініп атқару.

Ихсан – ешкім көріп тұрмаса да Алланың көріп тұрғанын біліп, алаяқтық, ұрлық, зұлымдық пен арсыздық жасаудан тосатын ар-ожданның қозғаушысы...

Қазіргі қоғам – жан-жақты дамыған, мүмкіндіктерге толы қоғам. Әлеуметтік желі әлемді жаулап, виртуалды өмірдің шынайы өмірге деген әсері басым болып тұрған заманымызда тұрмыс-тіршіліктегі барлық нәрсені қоғам назарына паш ету психологиясы кең тарады. Жасалған құлшылық, ізгі амал, киілген киім мен ішілген тағамға дейін жариялау әдетке айналған дәуірдеміз. Мамандар адамдардың санасын «өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүру психологиясы» басып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Міне, осы тұста ихсан ұғымы аса қажет. Өйткені ихсан – мұсылман үшін негізі өлшем. Басты баға, марапат пен қошемет жалғыз Алланың разылығы екенін еске салады. Осы тұрғыдан алғанда ихсан ілімі, ихсан сенімі, ихсан сезімі мұсылманға төл уәзипасына оралуға көмектеседі.

Қолымыздағы «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы – осы бағыттағы құнды еңбек. Кітап уақыт пен кеңістіктің ауысуымен өзгермейтін, көркем мінезбен көмкерілген ихсан ілімінің бастауларын Құран Кәрім мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне, сондай-ақ қазақтың дана-ойшылдарының сөздеріне сүйене отырып зерттеуімен маңызды.

Ихсанның адамның дұрыс тәрбиеленуіне, көркем ахләқ қалыптастыруына көмектесетінін ескерсек, бұл еңбек мұсылмандық әдеп негіздерін, этикалық құндылықтар жүйесін діни мәтіндер аясында талқылап, мағынасын ашып айшықтай түседі.

Еңбектің құндылығы қазақ салтындағы «имандылық» ұғымымен түсіндірілетін рухани құндылықтар кешенін діни-теологиялық тұрғыда саралап, олардың практикалық маңызын айқындауда көрініс тапқан.

Елімізде осы тақырып төңірегіндегі жарық көріп жатқан еңбектер жоқтың қасы. Дінге қызығушылық танытқандар үшін танымдық әрі ғылыми мәні бар бұл еңбек – исламдағы моральдық-этикалық құндылықтарды жүйелі зерттеуге бастама әрі кейінгі зерттеулерге жолашар болары анық. Кітап мазмұны адамның жан дүниесі мен руханиятына да айрықша мән берген. Тілі жеңіл әрі ұғынуға оңай.

Сондықтан бұл кітаптың өскелең ұрпақтың бойындағы рухани асыл қасиеттерді шыңдап, жастардың білімін арттыруға, түсінігін кеңейтіп, танымын жетілдіруге қосатын үлесі зор деп білемін.    

 

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ,

PhD доктор, доцент, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру