Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚСЫ КІТАП – ҰЯТТЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ

Ермек қажы МҰҚАТАЙ muftyat.kz 17.06.2021 3986 0 пікір
ЖАҚСЫ КІТАП – ҰЯТТЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ

Көрнекті жазушы Асқар Сүлейменов «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» деген екен. Өйткені, абыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана».

Расында кітап – жан азығы. Бұрын оқырман оқитын кітап таппай қиналатын, ал қазір оқитын кітап таңдау қиынға соғуда. Осы ретте рухани әлемін өзгерткісі келген адам үшін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы іздеп жүріп оқитын еңбектің бірі деп айтар едік. Өйткені, нені оқу, нені ойға тоқу – басты нәрсе.

Аллаға шүкір, кітап оқуды күнделікті әдет еткен жас буын өкілдері өсіп келеді. Кітапты жан азығына айналдырған жастар осы еңбектен өмірлік сабақ алады деген ойдамыз.

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге» деп жырлайды Абай Құнанбайұлы. «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында «Тұлғалық ихсан» тарауында жазылған тақырыптар жастардан тұлға шығаруға, олардың интеллектуалдық қабілетін дамытуға өзіндік үлкен үлесін қоспақ.

Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды екен. Бас мүфти бастамасымен жарық көрген жаңа кітап жастарды жаңашыл ойлауға, рухани әлемін өзгертуге, туған-туыс, дос-жаранмен көркем қарым-қатынас орнатып, ата-анасын сыйлауға итермелейтін еңбек болмақ. Бас мүфти айтқандай, бұл еңбек сіз бен біздің өміріміздің рухани бағдаршамына айналсын деп тілейміз.

Біздің қоғамда соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген тақырыптың бірі – ихсан ілімі екені көпішілікке аян. Бұрын қазақ қоғамында қылаң берген діни топтардың әсерінен діни ортада таухид, сипат, әруақ, намаз ережелері, сақал, балақ және т.б. ірілі-ұсақты мәселелер сөз болатын.

Енді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діннің мәйегінен сусындауға үндейтін ихсан ілімі күн тәртібіне қойылып отыр. Расында, рухани кемелділікке үндейтін ихсан ілімі туралы қаншалықты айтсақ та, қаншалықты жазсақ та, жырласақ та аздық етеді.

Әсілі ихсан – ислам дініндегі кәлам мен фиқһ секілді іргелі ұстынның бірі. Сопылық дүниетанымда ең жоғары құлдық мақам – ихсан деп есептеледі. Бұл рухани дәрежеге иек артқан адам Алланың көркем есімдері мен сипаттарын тануға талпынып, діни тәрбиенің барлық сатыларынан өтіп, рухани шабыттануға қол жеткізеді. Ал ихсан ілімі бұқара халыққа «сопылық» атауымен танылған. Сопылықтың мазмұнын құрайтын ұғымдар мен қағидалар дін негіздерінде көрініс тапқан. Оған қатысты Құран кәрімде көптеген үкімдер баяндалған. Құранда мынадай аяттар бар: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылады, әлде кім оны кірлетсе қор болды» («Шәмс» сүресі, 9-10-аяттар); «Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» («Хұжурат» сүресі, 13-аят); «Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» («Әли-Ғимран» сүресі, 191-аят); «Ол жолда тұп-тура жүрсе, әрине оларға мол су нәсіп етеміз. Кім Раббының зікірінен жалтарса, Раббы оны барған сайын арта түсетін азапқа ұшыратады» («Жын» сүресі, 16-17-аяттар).

Ал Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде былай делінген: «Хикмет он бөліктен тұрады. Тоғызы узлаттан (оңаша қалып Алланы зікір ету), бірі аз сөйлеуден тұрады»; «Адам денесінде бір кесек ет бар емес пе еді?! Егер ол сау болса бүкіл дене сау болады, ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Əлбетте ол жүрек емес пе?».

VIII ғасырда фиқһ ілімі шарықтап дамып, базбір мұсылмандардың пайымынша діннің негізгі мұраты сыртқы пішін мен қоғамдық қатынасты реттеу секілді болып көріне бастады. Осы кезде захидтар (тақуа мұсылмандар) діннің асыл мақсаты тек сыртқы пішінді түзеу емес, ішкі жан-дүниенің тазалығы һәм жүректің амалмен үйлесім табуы екенін алға тартты. Бірақ, форманы түзеуге және қоғамдық қатынасты реттеуге аса құмбыл фақиһтер мен хадисшілер фиқһ ілімін одан ары қарай дамыта түсті. Ал захидтар болса, ішкі жан-дүниені кемелдендіру ілімін жетілдіруді қолға алды.

Наурызбай қажы Тағанұлы жуырда ғана Өскемен өңірінде болған сапарында облыстық «Халифа Алтай» мешіті жанынан ашылған Ихсан ғылыми білім беру орталығына келіп, шәкірттерге дәріс оқыды. Сонда біз жастардың жанарында оттың, санасында сәуленің ұшқынын байқадық. Шәкірттердің білім мен ғылымға деген құштарлығы көңіл қуантты. «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы олар үшін баға жетпес байлық, алтын қазына болады деген сенімдеміз.

 

Ермек қажы МҰҚАТАЙ,

Өскемен аймағының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру