Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИХСАН ІЛІМІ – ХАҚ ДІННІҢ РУХЫ

Ермек МҰҚАТАЙ "Мұнара" газеті 04.05.2021 943 0 пікір
ИХСАН ІЛІМІ – ХАҚ ДІННІҢ РУХЫ

Біздің қоғамда соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген тақырыптың бірі – Ихсан ілімі екені көпішілікке аян. Бұрын қазақ қоғамында қылаң берген діни топтардың әсерінен діни ортада – таухид, сипат, әруақ, намаз ережелері, сақал, балақ және т.б. ірілі-ұсақты мәселелер сөз болатын. Мінеки енді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діннің мәйегінен сусындауға үндейтін ихсан ілімі күн тәртібіне қойылып отыр. Расында, рухани кемелділікке үндейтін Ихсан ілімі туралы қанша айтсақ та, қанша жазсақ та, жырласақ та аздық етеді. Әйтеуір кеш те болса, Ихсан ілімінің мұсылмандардың басты тақырыбына айналғаны көкірегі ояу, көзі қарақты қауымды қуантпаса, ренжітпесі хақ. 

Өткенімізге көз жүгіртсек, Ихсан ілімі туралы небір ғұламалар ой жүгіртіп, қамшы ұстап сөз алған, неше жүз әулие-әнбие кемелдік мақамына иек артуға ұмтылған, неше мың оқымысты оның анықтамасын айтып, ұстын-қағидаларын ортаға қойған. Салмағы батпан, саптауы соңсыз Ихсан ілімінің әдіснамасы мен қағида-шарттарын бір мақалаға сыйдыру әсте мүмкін емес.  Сол себепті біз Ихсан ілімі туралы тек айтып ғана қоймай, кемел болуға барын салып, осы жолда көпшілікке үлгі бола білген бір ғана Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кемелдік концепциясын қал-қадірімізше таратып, тарқатып айтып көрмекпіз.

Әсілі, Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың барлық шығармасы кемелдік турасында сөз қозғайды. Бүкіл зейіні мен түйсігі зүбәражат ілімнің қойнауын қопаруға бекінеді. Оның шығармаларының ішінде өз нәпсісін негізге алып, өз хәлінен мысал беретін «Диуани Хикмет» шығармасының орны ерекше. Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз «Диуани Хикметте» жетім-жесірдің зәбір-жапа шегуін, әртүрлі әділетсіздіктерді, дінді сырттай ғана ұстанатын дүмшелерді, қара халыққа дәруіш болып көрінген алаяқтарды, қалың бұқараға қиянатшыл ел билеушілердің озбырлығына қарсы тұрып, әлеуметтік теңсіздіктерді және т.б. қоғамда орын алған көптеген олқылықтарды өткір сынға алады. Ол «Диуани Хикметте» Харунбай, Перғауын, Хоман, Фархад-Шырын, Ләйлі-Мәжнун, Жүсіп-Зылиха, Зуннун-Мысри, Баязит Бистами, Арыстан баб, Халлаж Мәнсұр, Шибли әулие секілді тарихи кейіпкерлерді сынау һәм жырлау арқылы адам бойындағы ең асыл сезім махаббаттың иесі – Жаббар Хақ жөнінде, сондай-ақ нәзік те сырлы поэзия тілімен мейірімділік пен әділеттілікті, пақырлық пен қанағатшылдықты дәріптейді. 

Шынтуайтында, ортағасырдағы классикалық шығармалардың көпшілігінде әдеп пен ұят, мейірім, шапағат, әділдік, туралық, парасат тақырыптары кеңінен жырланған. Қоғамның адамгершілік құндылықтар арқылы ғана рухани дами алатыны жан-жақты дәріптелген. Осы тұрғыда Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Иүгінекидің «Атабатул хақаиқ», Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман кітабы» шығармаларында Ислам дінін қабылдаған түркілердің әлеуметтік жүйесіндегі мораль философиясы сөз болады. Сол секілді Құл Қожа Ахмет Ясауи де өзінен бұрынғы һәм кейінгі буынмен біте-қайнасып, шығармасында әділетсіз патша мен уәзірлердің, жалған ғалымдар мен дәруіштердің қоғамда рухани мешеулікке ұрындыратынын былайша жеткізеді:

Әһли дуния халқымызда сахауат жоқ,

Патшаларда, уәзірлерде әділет жоқ.

Дәруіштердің дұғасында ижабат жоқ,

Түрлі пәле халық үстіне жауды достар.

Ақыр заман ғалымдары залым болды,

Қошаметті айтушылар ғалым болды.

Хақты айтқан дәруіштерге ғаным болды,

Ғажап сұмдық заманалар болды, достар.

Құл Қожа Ахмет Ясауи кемел қоғам құруды аңсап, ел басқару ісінде саясат пен руханият тепе-теңдігін сақтау үшін әрбір саланың өз көсемі болу керектігін алға тартады. Ол «Мират-ул қулуб» атты еңбегінде жол бастаушы тұлғалар мен көсемдерді былайша үш топқа бөлуге болатынын айтады: Шариғат көсемдері – ғұламалар мен қағандар; тариқат көсемдері – шейхтер мен сопылар; ақиқат көсемдері – арифтар.

Нағында, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз дәуірінде мемлекеттің саяси көшбасшысы, бас қазысы және ихсан мәселесінде де үмбеттің үлгі тұтар ұлы тұлғасы бола білген еді. Кемеңгер халифалар әзіреті Әбу Бәкір, әзіреті Омар, әзіреті Осман, әзіреті Әли осы үрдісті қал-қадерінше атқара алды. Ал Әмауи және Аббаси әулетінде қоғамдық қажеттілік туындауына байланысты саяси билік пен рухани билік екіге қақ айырылды. Мемлекет басшылары әкімшілік, экономика және саяси мәселелермен шұғылданса, рухани істермен фуқаралар мен машайықтар айналысты. Яғни, қоғамдық басқару тек саясаттан тұрмайды. Әлеуметтің негізгі ұстындарының бірі рухани құндылықтар екені белгілі. Ар-ұждан, ұят, намыс, иба, имандылық секілді моральдық құндылықтарсыз қоғамның тұл екені әмбеге аян. Ал моральдық құндылықтар қоғамда салтанат құру үшін оның көшбасшысы саяси тұлғалар емес, хикмет иелері болуы керек. Осы мәселеге қатысты ғұлама Әбу Бәкір Уаррақ өз концепциясымен былай деп жауап берген еді: «Қоғамдағы көсемдер дін басылары (улама), ел билеушілер (умара) және хикмет иелері (фуқара) болып үш топқа бөлінеді. Улама жолдан азса, дін кетер. Умара азса, қоғам бұзылар, Фуқара азса, ахлақ кетер. Уламаны аздыратын – ашкөздік, Умараны аздыратын – әділетсіздік, Фуқараны аздыратын – риякерлік. Ел билеушілер дін басыларына құлақ аспай әділетсіздік жайлап, қоғам бұзылса, дін басылар ел билеушілерінің айтқанына еріп, ақиқаттан тайса, руханият иелері риякерлік жасаса, қоғам шіриді».

Орта ғасырлардағы түркі қоғамында умара (ел билеуші) рөлін хан-сұлтандар, улама (дін басы) қызметін би мен қазылар, ал фуқара (хикмет иелері) міндетін сопылар мен абыздар және ақын-жыраулар атқарып келді. Құл Қожа Ахмет Ясауи де қоғамның осы шындығын негізге ала отырып, оны басқаруға қатысты жоғарыдағы үш тағандық (қазы мен қаған, шейх пен сопы, ариф) концепциясын ортаға қойған болатын.  

Әл-Фараби «Саясатул Мадания» және «Фадилатул-Мадина» атты еңбектерінде мемлекет болмысының ең басты екі функциясын негізге алады. Біріншісі – Отанда әділет орнату, екіншісі – аманатты лайықты адамдарға беру. Осы екі ұстаным мемлекеттің баяндылығы, отанның бақыты мен тыныштығы үшін қажет деп табады. Имам Ғазали Селжұқ билеушісі Санжар сұлтанға арнаған «Мемлекет басшыларына насихаттар» (Насихатул-мулк) атты шығармасында әкім, министр, ел билеушінің мінез-құлқы қандай болуы керектігіне тоқталып, сұлтанға: «Бойында мейірім-шапағаты жоқ адамды әкім немесе министр етіп тағайындау, ел-жұрттың тағдырын қауіп-қатерге тігумен тең» деп түсіндірген еді.

Құл Қожа Ахмет Ясауи мемлекеттің баяндылығы хақында әл-Фараби мен Имам Ғазалидің пікірімен үндес мынадай ой айтады:

Қош дәулет егер әулиеден патша болса,

Әділ болып бір мүминді қазы қылса,

Ол қазы барша халықты разы қылса,

Разылықтан жұмақ үйің болар.

XV ғасырда өмір сүрген алғашқы ясауитанушы ғалымдардың бірі әл-Хазини өз еңбегінде Құл Қожа Ахмет Ясауидің кемелдікке жетудің төрт қағидасын ұсынғанын жеткізеді. Біріншісі – мәкан (орын). Екіншісі – заман (уақыт). Үшіншісі – ихуан (бауырластық). Төртіншісі – рабт сұлтан (мемлекетшілдік). Яғни алғашқы «мәкан» қағидасы бойынша адам ақиқатты танытар орынды табуы тиіс. Ол мұсылманның өмір сүретін отаны және рухани сұранысын қанағаттандыратын діни мекені (мешіт, медресе, текке) еді. Екінші «заман» қағидасы бойынша ақиқатты тануға талап білдіруші уақытты, мерзімді, мезгілді тиімді пайдалануы тиіс. Үшінші «ихуан» қағидасы бойынша ақиқат жолына бетбұрыс жасаған сопының мүдделес бауырлары болуы керек. Төртінші «рабт сұлтан» қағидасы бойынша салих мұсылман мемлекетіне бағынып, оған адал болуы керек.

Құл Қожа Ахмет Ясауидің сопылық іліміндегі кемелділіктің төрт қағидасы ешқашан өзінің өміршеңдігін жоймайды десек, асыра айтқандық емес. Себебі әрбір мұсылманның отаны болуы және рухани қажеттілікті өтейтін мекенді табуы аса қажетті мәселе. Оны анықтай алмаған жан тұрақты рухани дамуға жол таба алмайды. Сонымен қатар ілім-білім алу мен өзге де қажеттіліктерді физикалық жетілу мерзіміне сәйкес тиімді пайдалана алмаған жан «қолын мезгілінен кеш сермеп», кемелділікке иек арта алмай қалуы ықтимал. Ақиқатты тану үшін жол көрсетер рухани ұстазды, тауқыметті еңсеруге таяныш болар жора-жолдастар, адал жарын таба алмаған, өнегелі ұрпақ тәрбиелей алмаған адам да мәңгілік бақытқа қол жеткізуі неғайбыл. Соңғы қағида бойынша рухани кемелділікке ұмтылғанда әлеуметке бейбітшілік орнататын мемлекетіңе бағынбасаң, оны сүймесең, онда қоғамда бей-берекетсіздік (анархия) орын алып, тынышың кетіп, көздегеніңе қол жеткізе алмайсың. Осы мәселелердің жауабы Құл Қожа Ахмет Ясауидің кемелділік концепциясында толық әрі дәл берілген.

Ихсан – Исламның рухы. Хақ діннің мәні. Руханияттың өзегі. Құндылық атаулының мәйегі. Адамшылдықтың негізгі арнасы. Өміріміздің құнды парасы. Онсыз ғұмырымыз мәнсіз һәм баянсыз. Кемелділікті ту етіп ұстаған қоғамның көкжиегі нұрлы, келешегі жарқын. Осы тұрғыда, Құл Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімі іздегенімізге сұраған, дертімізге дауа, жанымызға азық бола алатыны күмәнсіз ақиқат! 

 

Ермек МҰҚАТАЙ,

Өскемен өңірінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №8, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі