Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕНШІГІНДЕ ЖОҚ ЗАТТЫ САТУДЫҢ ҮКІМІ

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі muftyat.kz 28.02.2023 6441 0 пікір
МЕНШІГІНДЕ ЖОҚ ЗАТТЫ САТУДЫҢ ҮКІМІ

Шариғатта сауда дұрыс болуы үшін тауар сатушының меншігінде болуы тиіс. Сол үшін әлі тумаған төлге немесе келесі жылғы жүзімнің өніміне т.б. келісім жасауға болмайды[1].

Қазіргі таңда меншігінде жоқ тауарды сатудың мынадай көріністері бар:

  1. Меншігінде жоқ тауарды сипаттап, қарызға сату. Яғни келісімшарт барысында сатушы тауарды табыстамайды, сатып алушы ақшаны қолма-қол бермейді. Бұл қарызды қарызға сату болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қарызды (кәлиді) қарызға (кәлиге) сатуға тыйым салған»[2].
  2. Меншігінде жоқ тауарды сипаттап, қолма-қол ақшаға сату. Яғни сатып алушы тауардың құнын нақты төлейді, сатушы заттың сипаттамасын толық сипаттап, белгіленген уақытта тауарды жеткізуге кепілдік береді[3]. Мысалы, сатушы басқа кәсіпкерлермен алдын ала келісе отырып, өзінің парақшасында немесе интернет дүкенде белгілі бір тауарды сатуға ұсынады. Сатушы тауардың сапасын, пішінін, өлшемін, түсін, кепілдігін, жеткізу жолын, бағасын және т.б. затқа қатысты барлық мағлұматты көрсетеді. Тұтынушы тарапынан тапсырыс түскен сәтте онымен сауда процесін жүргізіп, ақшасын алып, тауарды сататын орыннан сатып алып, клиентке жеткізеді. Бұл жағдайда тауар сатушының меншігінде болмағанымен, оның толық сипаты сипатталып жатыр.

Ғалымдар бұл келісімшартты «сәлам» саудасына жатқызып, оған рұқсат береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерден кім сәлам (табыстау) саудасын жасаса белгілі өлшемде, белгілі мөлшерде және белгілі уақытқа дейін сауда жасасын»[4], – деген. Алайда төмендегі шарттар табылуы тиіс:

1) Тауарға қатысты заттың толық сипаттамасы[5] (түрі, мөлшері, т.б.) болуы;

2) Тауардың әдетте бар болуы[6];

2) Келісімшарт барысында заттың құны толық кешіктірілмей берілуі;

3) Тауар төлемі мен табысталуы қолма-қол жүзеге асырылатын заттар (алтын, күміс және өсім жүретін мал-мүлік) болмауы;

4) Тауарды табыстау уақыты нақты болуы[7].

Егер тауар баяндалған сипатқа толықтай сай болса, мұндай жағдайда сатып алушы затты көргеннен кейін қайтарып беруіне құқығы болмайды.

Ал табыстау уақытында тауарды белгілі себептерге байланысты (мысалы, ол заттың таусылуы, үкімет тарапынан кіргізуге тыйым салынуы т.с.с.) жеткізе алмаса, мұндай жағдайда сатып алушыға таңдау құқығы беріледі. Яғни, берген ақшасын қайтарып алады немесе тауарды күтеді[8].

  1. Меншігінде жоқ тауарды қолма-қол ақшаға сату. Бұл көріністе меншігінде жоқ нәрсеге келісім жасалып, бірақ оның бар-жоғы немесе сатып алушыға жеткізуі белгісіз. Бұған шариғатымызда тыйым салынған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға (р.а.) «Өзіңде болмаған нәрсені сатпа»[9], – деген. Ғалымдар бұл хадисті адамның меншігінде әрі оның құзыретінде болмаған затты сатуы, тауарды сатып алушының қолына тапсыра алмауы және алдамшылықты қамтыған сауда деп түсіндірген[10].

Бұл көріністің екінші көріністен айырмашылығы, мұнда тауардың бар-жоғына және жеткізуіне кепілдік жоқ.

 

ҮКІМ:
  1. Меншігіндегі жоқ тауарды сатуға тыйым салынады. Тек меншігіндегі жоқ тауарды жоғарыда келген сәлам саудасының шарттарына сай сатуға рұқсат етіледі.
  2. Тапсырысқа берілген зат келісім бойынша сипатталған сипатқа сай болса, сатып алушы тауарды алудан бас тартуға болмайды.
  3. Тауар белгілі себептерге байланысты келісілген мерзімде жеткізілмесе, сатып алушыға ақшасын қайтарып алуға немесе келісімді бұзбай, тауарды күтуге құқық беріледі.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] Бадаиғ әс-санаиғ: 5/138.

[2] Имам Дарақұтни, Имам Бәйһақи риуаят еткен.

[3] Фатху әл-қадир: 5/323.

[4] Сахих ситта кітаптарында келген.

[5] Мөлшері және сипаты нақтыланбайтын заттармен сәлам саудасын жасауға болмайды, Әл-Һидая: 3/71).

[6] Ханафи мәзһабында келісілген тауар келісімшарт уақытынан бастап, табыстау мерзіміне дейін тұрақты түрде базарда бар болуы шарт. Шафиғи, мәлики, ханбали мәзһабтарында тауар табысталатын кезде ғана табылса жеткілікті.

[7] Табыстау уақытының ең аз уақыты қанша болуы фиқһ ғалымдарының арасында тартысты мәселе. Ханафи мәзһабында бір ай деген көзқарасқа пәтуа берілген. Дегенмен ең азы үш күн, жарты күн деп пікір білдірген ханафи ғалымдары да бар. Ханбали мәзһабы да бір ай десе, мәлики мәзһабы жарты ай деген. Ал шәфиғи мәзһабында тауарды табыстаудың ең аз уақыты жоқ. Тіпті бірден тауарды табыстаса да болады деген. (Мухаммад Тақи әл-Усмани. Фиқһу әл-Буйуғ: 1-том, 577-578 беттер).

[8] Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 2/225-227.

[9] Имам Тирмизи, Имам Насаий, Әби Дәуід, Ибн Мәжа риуаят еткен. Ибн әл-Мунзир: «Өзіңде болмаған нәрсені сатпа» дегені екі мағынаны қамтиды: Бірінші: «Белгілі құлды немесе үйді сатам деп айту». Алайда ол нәрсе адамда жоқ. Бұл ғарарға ұқсап қалады. Екіншісі: «Бұл үйді осынша ақшаға сатамын. Оны кейін иесінен сатып алып беремін немесе иесі саған оны табыстайды» деп келісу деген. Ибн Хажар: Хакимнің (р.а.) қиссасы екінші мағынаға сай келеді деген (Фатху әл-бәри: 6/460).

[10] Уаһбату әз-Зухайли, Мәусуға әл-фиқһу әл-ислами уә әл-қазая әл-муасара: 4/76. Тухфату әл-ахуази: 4/360.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру