
Адамзатқа рақым болып түскен Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлықтау қастерлі істердің біріне жатады. Қасиетті Мекке мен Мәдинада Алла елшісінің өмірін паш ететін ұлағатты ізі сайрап жатыр. Ал одан қалған жәдігерлер әлем мұсылмандары үшін қасиетті дүниеге айналған. Пайғамбарымыздың ең танымал жәдігерлері негізінен Стамбұлдағы Топқапы сарайында сақтаулы. Ислам ғалымдарының айтуынша, Пайғамбардан қалған жәдігерлер (әсіресе шашы, сақалы) әлемнің әр түкпірінде болуы мүмкін. Өйткені Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылықтан кейін шашын алдырып, сахабалардың алуына рұқсат еткен. Олар өз кезегінде туыстарына мен ұрпақтарына аманаттап кеткені айтылады. Солардың бірнешеуін оқырман қауымға таныстыра кетейік.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін ұрпақтары мен сахабалар Алла елшісіне қатысты барлық нәрселерді көзінің қарашығындай сақтауға тырысты. Соның бірі мүбәрак сақалын арнайы түтікшелерге салып ерекше күтімге алды. Тарихқа жүгінсек, Пайғамбар өмірінің соңғы күндерінде осындай сақалынан қырқылған бір шоқ сақалын сахабаларына бергені жайында жоғарыда айттық. Кейін бұл жәдігер Осман империясы кезінде Стамбұлдағы Топқапы мұражайына сақталады. Ал осы түрік империясының сұлтандары Ислам дінін қабылдаған елдердің басшыларына бір тал сақал шәриф салынған түтікше шыныларды тәбәрік ретінде сыйға ұсынған екен. Соның бір талы қазақ жерінен де табылды.
2015 жылы Атбасар ауданының Садовый ауылының тұрғыны 85 жастағы Фатима әжеміз өз атабабаларынан мирас болып келе жатқан бұл құнды жәдігерді еліміздің сол кездегі Бас мүфтиіне аманаттап, тапсырған еді. Көкше жұртшылығына Ұлық Пайғамбардың ұлықтығын айғақтаған қасиетті жәдігер тұңғыш рет таныстырылылған болатын. Қасиетті Құран оқылып болғасын облыстың сол кездегі Бас имамы Қанат Қыдырмин бұл жәдігердің қастерлі құндылық екендігі жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. Сақал шәриф салынған түтікшенің осының алдында араб елінде зерттелгенін, оның риясыз ақиқат жәдігер екені дәлелденгенін атап көрсетті. Ислам ғалымдары да мұндай жәдігерлердің әлемнің түпкір-түпкірінде бар екенін жоққа шығармайды.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалпы 9 қылышы болған. Соның жетеуі Топқапы сарайында, біреуі Каир қаласындағы Хусейн мешітінде сақтаулы. Әр қылыштың атауы болған. Мысалы, әкесінен қалған Мәсур деп аталатын қылышты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударған кезінде алып жүрген. Ал Абд атты қылышты Пайғамбарымызға Сад бин Убадә сыйлаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл қылышты Бәдір соғысына апарған. Олардың ішінде әл-Расуд деп аталатын қылыштың ұзындығы 140 см болса, қалғаны – 1 метр шамасында.
Осы қылыштардың ішінде ең атақтысы – Зұлпықар. Ол – құрайыш мүшріктері Мүнәббих бин Хажжаждың немесе Ас бин Мүнәббихтің қылышы, Бәдір соғысында олжа ретінде алынған. Сыртында бірнеше кертілген жерлері болғандықтан, Зұлпықар деп аталған. Пайғамбарымыз қылышты хазіреті Әлиге (оған Алла разы болсын) сыйлаған. Сабының басы, бауының алқалары және шынжырлары күмістен болатын. 627 жылғы наурызда дін жауларымен болған Ор шайқасында жаудың алып денелі атақты жауынгері Әмір ибн Әбдібудқа қарсы жекпе-жекке шыққан жас жігіт Әлиге Пайғамбарымыз жеңіс тілеп, дұға жасап, осы Зұлпықар семсерін береді. Жас жігіт жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, оны семсермен шауып өлтіреді. Мұны көрген Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар: «Әлиден асқан батыр жоқ, Зұлпықардан асқан семсер жоқ!» – деп таңдана айқайлап жіберген деседі. Кейін бұл сөз мұсылман жауынгерлерінің ұранына айналды.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін хазреті Аббас Әбу Бәкірге өтініш білдіріп, Зұлпықарды хазіреті Әлиден алғысы келгенде Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Мен бұл қылышты әрдайым соның қолынан көрдім. Оны тартып алуды дұрыс деп санамаймын» деді. Хазіреті Аббас оны Әлиге (оларға Алла разы болсын) қалдырды.
Уәйс әл-Қарани ұрпақтарының иелігінде болған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапаны алдымен Батыс Анадолыда болған, ал XVII ғасырда І Ахмед (1603-1617 жылдары билік құрған) сұлтанның бұйрығымен Стамбұлға көшірілген.
XVIII ғасырдың басынан бастап Пайғамбар шапаны Рамазан айында арнайы салынған тас залға қойылғаны белгілі. XVIII және XIX ғасырлардағы Османлы сұлтандары бұл жәдігерге құрмет көрсетіп, қажыларға көрсетуді жеңілдететін қосымша арнайы тас бөлмелерін тұрғызды. Османлы кезінде Пайғамбарымыздың шапаны Рамазан айының екінші жартысында көпшілік назарына ұсынылды. Сондықтан ораза айының үшінші аптасы ерлерге, төртінші аптасы әйелдерге арналды.
Түркия Республикасы кезінде бұл ереже алынып тасталды және әртүрлі жыныс өкілдері бір уақытта көретін болды. Рамазан айының қасиетті Қадір түнінде Тарауих намазынан таң намазына дейінгі уақытта және қасиетті айдың бірінші жұмасынан бастап Ораза айт мерекесі қарсаңына дейін төрт апта бойы көпшілік назарына ұсынылды. Бүгінде Стамбұлдың Фатих ауданындағы Қырқа Шериф мешітінде Рамазан айында сағат 10.00-17.00 аралығында көрсетіледі. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапаны осы мешітте 1851 жылдан бері сақтаулы. Шапан тұрған жерде арнайы температура мен жарық режимі сақталады. Қонақтар (келушілер) келген кезде ғана жарықпен жарықтандырылады.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) һижраның 6 жылы (628 жылы) Византия империясының патшасы Ирақлиге жазған хаты сақталған. Бұл хаттың шынайы көшірмесі қазір Иордания корольдігінің астанасы Амман қаласындағы Хусейн мешітінің мұражайында. Ол хатта: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен. Алланың елшісі Мұхаммедтен, Римнің (Византия) ұлығы – Ирақлиға. Һидаятқа ілескендерге есендік болсын! Әлқисса: Мен сені Исламға шақырамын. Мұсылман бол, есендікте боласың. Алла Тағала саған екі есе сауап жазады. Ал бас тартсаң, ариандықтардың күнәсі сенің мойныңда» деген сөздер жазылған. Яғни бұл хатта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) византиялықтарды Ислам дінін қабылдауға шақырған. Ал хатты алып барған сахабаның аты-жөні – Дыхие ибн Кәлби. Бұл жәдігердің тағы бір құндылығы – пайғамбардың мөрі басылған.
Ислам тарихын зерттеушілердің пайымынша, мұндай хат тек византиялықтарға ғана емес, сол тұста Ислам діні қанат жайған Хижаз өлкесімен шекаралас жатқан парсыларға, мысырлықтарға, эфиопиялықтарға, иемендіктерге де жолданған екен. Сира кітаптарында жазылғандай, Византияға жіберілген сәлемхатты жоғарыда аты аталған Дыхие Кәлби алып барса, Хабашстанға (Эфиопия) Әмір бин Умәйна, Мысырға Хатиб бин Әбу Бәлта, Йеменге Шужа бин Уәхб, Иранға Абдуллаһ бин Хузафа атты сахабалар жеткізгені жайлы мәлімет бар.
Пайғамбарымыздың бұл заттарынан бөлек аяқ киімі, мөрі, Ухуд соғысында сынған тісі, Мысыр патшасы Мұқауқиске жазған хаты, қызы Фатиманың шапаны және әділетті төрт халифаның қылыштары да күні бүгінге дейін сақталған. Олардың барлығы Топқапы сарайындағы қасиетті жәдігерлер бөлімінде сақтаулы тұр.
Кеулімжай ҚҰТТЫ
«Иман» журналы, №9, 2024 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру