Дос – адам баласы үшін қастерлі ұғымдардың бірі. Өмірдегі қайғыңды жеңілдетіп, қиыншылық пен қызығыңды бірге бөлісіп, жыласаң жылап, қуансаң шаттанатын дос – өмірдегі адал серік. Бұл өмірде тура жүруге, туралықта жүргеніңді білу жолында да ең қажетті себептердің бірі – жақсы жолдас табу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман дос пен жақсы досты сипаттағанда: «Жақсы дос әтір сатушыға ұқсайды, қасында жүрсең жақсы иіс иіскейсің немесе кейде жақсы иісті әтірді сыйға тартады. Жаман дос темір ұстасы секілді, қасында жүрсең жағымсыз иіс иіскейсің немесе бір жеріңді күйдіріп аласың» – деген еді.
Зүннун Мысри былай дейді: «Сенің ешқандай да қателік істемегеніңді қалайтын адамнан ешқандай да қайыр жоқ. Ренжіген кезде досының сырын жұртқа жаятын адамнан жөнді жолдас шықпайды. Өйткені, сыр сақтау – достықтың негізі».
Мына төрт жағдайда саған деген көзқарасы өзгерген адаммен достаспа:
a) Ренжігенде;
ә) Разы болғанда;
б) Әлдебір көмек сұрағанда;
в) Әлденеге қуанып жүргенде.
Адал достықтың туын нық ұстаған адам алмағайып, басына қандай да бір іс түссе де өзінің бірқалыпты күйінен айнымайды. Адамгершілігі бар болса, досыңызбен араздасып қалған күннің өзінде ол сіздің сырыңызды әшкерелеуге бармайды. Керісінше, бұрынғы досы болсаңыз да, жүрген жерінде сізді мақтап жүреді.
Қазақ мақалында «Жақсы дос пайдасын тигізбесе, зиянын тигізбейді; жаман дос алдыңды орап жүргізбейді», «Адал дос жаныңды сақтайды, аяр дос малыңды сақтайды» десе, тағы бір мақалда «Доссыз адам – тамырсыз терек», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам» деген.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі ағайынды екі қол тәрізді. Біреуі екіншісін жуғаны секілді өзін де жуады», – деген. Бұл хадисте Алла елшісі екі досты қол мен аяққа емес, екі қолға теңеген. Өйткені екі қол бір мақсатта бір-біріне қайшы әрекет жасамайды, керісінше жәрдемдеседі. Достық тек бір мақсатта бірлескенде ғана жүзеге асады. «Мақсаты бірдің – жаны бір» дегендей екеуі бір адам секілді болады. Олар қиындықта бір-біріне рухани әрі материалдық тұрғыдан қолдау көрсетеді.
Достық мал-пұл жағынан үш түрлі болып келеді.
1. Досыңды қызметшіңдей көру. Досыңды қызметшің секілді көріп, байлығыңның бір бөлігін оның қажетіне беріп отырасың. Ол бір нәрсеге мұқтаж болғанда, сұрауға мәжбүр етпей, сұрамастан беріп отыруың да достықтың бір түрі.
2. Досыңды өзіңдей көру. Досыңды өз орныңа қойып, өзіңе қалай қарасаң, оған да солай қарауың керек. Байлығыңа досыңды ортақ етуің керек, мал-мүлкіңнің жартысын оған беруге шын жүректен ризашылық танытуың керек. Хасан Басри былай дейді: «Бізден бұрынғы мұсылмандар қандай да бір дүниесі болса, оны теңдей етіп екіге бөліп, бір бөлігін досына беретін».
3. Досыңды өзінен артық көру. Оның мұң-мұқтаждығын, өзінің қажеттілігінен бірінші ойлау. Бұл – шыншылдардың, бір-бірін жақсы көргендердің ең жоғарғы дәрежесі. Мәймун ибн Мәрхан былай дейді: «Кімде-кім достарының жақсылық жасауларын тоқтатуын қаласа, барып қабірдегілермен дос болсын» деп дос досына жақсылық жасамаса бекер екендігін білдірген.
Әбу Хұрайраның басынан достықтың қадірін ұқтыратын мынадай бір оқиға өткен екен. Бір кісі Әбу Хұрайраға келіп:
– Алла разылығы үшін сенімен дос болғым келеді, – дейді. Ол:
– Достың ақысын білесің бе?
– Жоқ, сен айтып берсең.
– Достықтың ақысы – алтын мен күмісіңді досыңнан бұрын қолданбауың!
– Мен қазірше ондай деңгейде емеспін.
– Олай болса, менен алыс жүр, – деп достықтың осы деңгейін көрсеткен екен.
Али Зейнулабидин (р.а) бір кісілерге: «Сендердің қайсыбірің қолын досының қалтасына немесе әмиянына салып, оның рұқсатынсыз қалаған ақшаны ала алады?» дегенде, ол: «Олай жасай алмаймыз» дейді. Сонда Али ибн Зейналабидин (р.а): «Олай болса сендер нағыз дос емессіңдер», – деді.
Бір риуятта Малик ибн Динар мен Мұхаммед ибн Уаси екеуі Хасан Басридің үйіне келеді. Ол кезде Хасан үйінде жоқ еді. Мұхаммед Хасанның кереуетінің астынан бір қоржынын шығарады да ішіндегі астан жей бастайды. Малик оған: «Үй егесі келгенше жеме, тоқта!» – десе де, Мұхаммед оның сөзіне құлақ аспай жей береді. Өйткені Мұхаммед Маликтен асқан жомарт, мінез-құлық жағынан да Маликке қарағанда көркем мінезді болатын. Сол сәтте Хасан Басри үйге келеді де: «Ей, Малик! Біз де Мұхаммедтің істегенін істейтінбіз» деп, достардың үйінде еркін жүрудің шынайы жақындықтан туындайтынын айтқан екен. Бұлай болуы орынды, өйткені Құранда: «...Немесе кілттеріне ие болған үйлерден немесе достарыңның үйлерінен тамақ жеулеріңде айып жоқ» («Нұр» сүресі, 61- аят) деген аят бар. Бұл аятта достың отбасы сенің де отбасың екендігін білдіруде. Өйткені бұрындары үйлерінің кілттерін көршісінің, досының үйіне тастап, қалағанынша қолдануына рұқсат беріп кететін болған. Бірақ бұған қарамастан жоғарыдағы аят түскенге дейін кілтті тастап кеткен үйден, достың үйінен тамақ жемейтін. Аят түскеннен кейін мұсылмандар досының үйінен қалағанынша қолдана алатын болды.
Баяғыда бір ғұлама былай деген екен: «Бауырыңның саған қандай да көмек бергенін қаласаң, оған жағдайыңды айт. Егер ұмытып кетсе, екінші рет есіне сал. Онда да саған көмек бермесе, тәкбір айт та, мына аятты оқы: «Өлгендерді Алла тағала қайта тірілтіп жан бітіреді» («Әнғам» сүресі, 36-аят). Сосын ол досыңды жоқтап, жаназа намазын оқы».
Ибн Шұғбаның елу үш досы болған екен. Бір күні досының бір мәселесін шешуге көмектеседі. Досы Ибн Шұғбаға риза болып сый-сыяпат жібереді. Мұны көрген Ибн Шұғба досына: «Сыйлығыңды кері ал. Саған көмектесу – менің міндетім. Егер досың саған көмектеспесе, дәрет алып төрт рет тәкбір айт та, оны өлдіге сана» деген екен.
Пайғамбарымыз: «Әй, Әбу Хұрайра, көршіңмен араңыз жақсы болсын. Сонда ғана шын мұсылман боласың. Досыңа да адал бол. Сонда шын мүмин боласың», – дейді.
Алла разылығы үшін досына амандаса барған адамға періштелер былай дейді: «Жарайсың, әр қадамың сен үшін жақсылық, жұмақ та саған жағымды болды». Ата ибн Әбу Рәбах былай дейді: «Үш күн бойы көріспесеңдер, достарыңды іздеңдер. Егер ауырып қалса, барып көңілін сұраңдар. Егер қиналып жатса, көмек беріңдер. Ұмытып кетсе, естеріне түсіріңдер».
Бірде Ибн Омардың жан-жағына қарап әлдекімді іздеп тұрғанын байқаған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан кімді іздеп тұрғанын сұрайды. Ибн Омар әлдекімді жақсы көретінін, сол адамды іздеп тұрғанын айтады. Сонда Ардақты елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Егер біреуді жақсы көрсең, атын, әкесінің атын және тұратын жерін сұрап ал. Егер ол ауырып жатса, көңілін сұрап бар. Қиналып жатса, барып көмектес», – дейді. Басқа бір риуаятта «Оның атасының атын, шыққан руы мен тегін сұра» деген де сөз бар. «Мен бір адамды жақсы көремін. Бірақ атын білмеймін, түрін ғана танимын» деген біреуге Шағби: «Ол ақымақтардың таныстығы», – деген екен.
Ибн Аббас: «Сен үшін адамдардың арасындағы ең сүйіктісі кім?» деген сұраққа «Досым» деп жауап берген екен. Сол Аббас бірде: «Ешқандай мұқтаждығы болмаса да менің мәжілісіме үш рет келген адамның марапатының қаншалықты көп болатынын тіпті елестете алмаймын». Саид ибн Ас былай дейді: «Үш рет менімен отырған адамға бауыр басып, кейін ол келген сайын қуанып қаламын. Ол сөйлесе, жақсылап тыңдаймын. Ығысып жанымнан орын беремін». Қазақ халқының «бір көрген біліс, екі көрген таныс, үш көрген туыс» дегені осы.
Достық өзара жаман сөздердің болмағанын талап етумен қоймай, екеуара түсіністік болуын да қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда арадағы жылы-жылы лебіздер достықтың жетекші құралы бола алады. Қамкөңіл жанның бір мезгіл жағдайын сұрап, аз-маз отырып көңілін көтеріп әңгіме айту әлгі кісінің қаншалықты бақытты ететінін білсеңіз ғой?! Сол секілді өмір бойы жаныңда жүріп, барлық қыр-сырыңды білетін жақын адамыңнан бір мезгіл жылы сөз есту кісіні керемет қуанышқа бөлейді. Баяғының қариялары «сөйлесетін адам құрып бара жатыр» деп жылайды екен. Кейін түсінсек, ол кісілер қатарының азайғанын ойлап қайғырады екен ғой. Әйтпесе жер бетінде сөйлесетін кісі қалмайды емес, қалады.
Хазіреті пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер досыңды жақсы көретін болсаң, оған жақсы көретініңді айтып білдір». Жақсы көретініңді айту арадағы достық пен махаббатты одан сайын арттыруға сеп болады. Бұған қоса досыңа жиі сыйлық беріп отырған да абзал, бұл да – пайғамбарымыздың аманаты.
«Үш түрлі мінезіңді көргенде досыңның саған деген көңілін одан сайын күшейтеді», – деп хазірет Омар айтқан үш мінез төмендегідей:
1. Кездескенде бірінші болып сәлем беру,
2. Отырғанда қасыңа келсе, ығысып орын беру;
3. Өзі жақсы көретін есімімен немесе лақап атымен атау.
Саған жасаған жақсылығына алғыс айтуың да – досыңның сендегі бір ақысы. Хазірет Али былай дейді: «Досының жақсы ниетіне алғыс айта алмаған адам оның жасаған жақсылығына да алғыс айта алмайды». Досыңның көңілін жаулап алудың ең төте жолы – досыңды сыртынан әлдебіреу жамандап жатқанда ақтап алу. Қандай жағдай болса да қорғап-қолпаштап отыру. Сенің осындай қасиеттеріңді білген досың сенімен өмір бойы достық құруға дайын болады. Сен өзіңнің қалай еске алынуыңды қаласаң, өзгені де солай еске ал. Ондай жағдайда екі өлшем бар: Алғашқысы, егер сен жайлы жаман сөз айтылғанда досыңның сені ақтап алғанын қаласаң, сен де досыңды сырттай қорғаштап жүруің керек. Екіншісі, досыңның әрдайым сенің ол жайлы айтқандарыңнан хабардар болады деп біл. Сол кезде тіліңді ғайбаттан да қорғай аласың. Сахабалардың бірі былай дейді: «Мен әрдайым досымды жанымда жүр деп санаймын. Тек қана досым естігісі келетін сөзді айтамын». Ал тағы біреуі болса: «Менің досым әңгіменің арқауы бола бастаса, мен өзімді сол досымның орнына қоямын. Өзіме ұнаған сөзді оған да қатысты қыламын». Демек, «досыңды мақтағаның – өзіңді жақтағаның».
Есіңде болсын, досыңның білімге мұқтаждығы дүние-мүлікке деген мұқтаждықтан анағұрлым артық. Егер білгенің бар болса, досыңмен бөліс. Дін мен дүниеде оған ең пайдалы дегендерді ұсынуың керек. Егер ол кей жерлерде жаңсақ кетіп жатса, сенің міндетің – оған ақыл айту. Қандай жағдайда жаның ашып көрген жаман қасиеттерін оның өзіне айтып ескертіп отыр. Бірақ осының бәрін оған оңаша айтып, намысына тимей, кінәламай, жылы-жылы сөзбен жеткізуің керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмин – мүминнің айнасы» дейді. Ақылды адам өзгенің қатесінен сабақ алған адам. Өзге адамдарға қарап жүріп өзіңнің мінез-құлқыңды да дұрыстауға болады.
Имам Шафиғи былай дейді: «Досына жасырын насихат айтқан адам шынымен де досына насихат айтқан болып саналады. Ал жұрттың алдында ақыл айтқан адам досының кінәларын бетіне басып, кемшілігін әшкерелеген болады». «Саған кемшілігіңді айтқан адамды жақсы көресің бе?» деп сұраған біреуге Мусри: «Егер оңаша жерде айтса, басымды иемін. Ал көпшіліктің ішінде айтса, ұнатпаймын», – деген екен.
Алла Тағала да қиямет күнінде мүмин құлына күнәсын жасырын айтып, оны жұмаққа алып баратын періштелердің қолына ана адамның амал дәптерін мөрлеп береді. Періштелер жұмақ есігінің алдына келгенде мөрлі амал дәптерін адамның өзіне береді. Ал Алланың азабына душар болғандарға келсек, оның күнәсын мына өмірде куә болған адамдар жайып салады. Сонда дүниедегі күнәлары жеке-жеке аталған адам қатты қысылып азапталады. Міне, мұның бәрі біз үшін дүниеде кісі айыбын жария айту мен оңаша айтудың айырмашылығын көрсеткендей.
Наурызбай қажы Тағанұлының «Үміт сәулесі» кітабынан
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру