Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша екі кісі жолыға қалғанда алдымен жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қатады. Содан соң мал-жан амандығы сұралады.
Мұсылманша сәлемдесу бір-бірін танымайтын бейтаныс адамдар үшін де міндетті саналған. Кейіннен атеизмді ту еткен коммунистер қоғамы сәлемдесудің бұл түрін ұлт жадынан өшіріп, архаизмге айналдыруға тырысты. Алайда дегені болмай, өзі құрдымға кетті.
Қазірде біз сәлемдесуге аса мән бермейтін ұрпақ қалыптасты. Қоғамда қалыптасып бара жатқан сәлемдесу үлгілері бір-біріне тілек тілеуден гөрі, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мысалы, «сәлеметсіз бе?» жауабы «сәлеметсіз бе?» немесе «қалайсың?» жауабы «қалайсың?».
Қазақ халқындағы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып «Ассалаумағалейкум!» деп дауыстап сәлем берген. Оң қолын беріп, қос қолдап амандасқан. Жас үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын сақтай алған. Бұқар жыраудың мынадай үлгілі нақыл сөзі бар:
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.
«Ассалаумағалейкум» арабша «Ассаламу алейкум» – «сізге Құдайдың тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға етеді. Мұсылмандардың сәлемдесу формуласы Құран аяттарымен және Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерімен бекітілген.
Жаратқан Ие мұсылмандарға бір-бірінің үйлеріне барғанда жақсылап амандасуын бұйырады. Есендеспей кірмеуді ескертеді.
Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен үйлеріңнен басқа үйлерге қашан үйренісіп, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәлкім, үгіт аларсыңдар» («Нұр» сүресі, 27-аят). Сондай-ақ, ардақты аяттарда сәлем берген адамға сәлем қайтарудың маңызы айтылады. Алла Тағала былай дейді: «...Егер сендерге сәлем берілсе, одан да жақсы сәлем беріңдер не солай қайтарыңдар. Шындығында, Алла әрбір нәрсені есептеуші» («Ниса» сүресі, 86-аят).
Мұсылманша амандасудың түп-төркіні атамыз Адамнан басталған. Хақ Тағала әу баста оған осылай сәлемдесуді үйреткен.
Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Даңқты да ұлық Алла Адам атаны алпыс шынтақ бейнесінде жаратты. Жаратып болған соң оған: «Ана отырған топқа бар да, сәлем бер. Олардың өзіңе не деп жауап қайтаратынын тыңдап көр. Бұл сенің және ұрпақтарыңның сәлемдесуі», − дейді. Ол жерде бір топ періштелер отырған болатын. Адам ата оларға барып: «Ассаламу алейкум!» − деп амандасады. Олар: «Ассаламу алайка уа рахматуллаһ!» − деп, «рахматуллаһ» сөзін қосып жауап қайтарады» (Ахмет).
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы ғұмырында ізгі сахабаларына мұсылманшылық әдептің қыр-сырын баяндап, түсіндірген. Бір-біріне Тәңірдің тыныштығы мен бейбітшілігін тілеудің түбі құт-береке әкелетінін айтып өткен.
Әнес (р.а) былай дейді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Уа, балам! Отбасыңа кірген кезде оларға сәлем бер. Ол өзіңе де, отбасыңа да береке әкеледі», − деді» (Термизи).
Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы тәлімі кейінгі үмбетіне керемет үлгі. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дегендей, баланы жасынан мұсылманша сәлем беруге үйрету – оның болмысына имани құндылықтарды сіңірудің бір жолы. Сондықтан бүлдіршін кезінен «атаңа сәлем бер», «әжеңмен амандас», «оң қолыңды беріп амандас» деп үйретіп, балауса шақтан ізеттілікке баулыған жөн.
Сондай-ақ екі адам емен-жарқын амандасса, іштегі көңіл кірі, бір-біріне деген өкпе-реніші кетеді. Сонымен бірге оларға Жаратқан Ие де разы болып, күнә-қателіктерін кешіреді. Шариғатта шынайы сәлемдесудің осындай қырлары бар.
Барадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір екі мұсылман бір-бірімен кездескенде қол берісіп амандасса, олардың күнә-қателіктері кешіріледі», – деген (Әбу Дәуіт). Араздасып қалған мұсылмандардың арасын жарастыруға сеп болатын да – осы сәлемдесу. Әбу Аййуб әл-Ансариден (р.а) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ешбір мұсылманға бауырымен үш күннен артық араздасуына, екеуі кездескенде бір-бірінен бет бұруына болмайды. Олардың ең ізгісі − алғаш сәлем бергені» (Бұхари, Мүслім).
Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанмен ант етейін, жәннатқа қашан иман келтірмейінше кірмейсіңдер, ал қашан бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, толық иман келтірмейсіңдер. Сендерге соны нығайтатын нәрсені айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді таратыңдар (яғни бір-біріңе сәлем беріңдер)», – деген (Мүслім).
Бірде сахабаларымен бірге мәжіліс құрып отырған Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум!» – деп сәлем береді. Пайғамбар: «Он жақсылық», – дейді. Сосын басқа бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум уа рахматуллаһ!» – дейді. Пайғамбар: «Жиырма жақсылық», – дейді. Сосын тағы бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум уа рахматуллаһ уа бәрәкәтуһ!» – дейді. Сонда Пайғамбар: «Отыз жақсылық», – дейді (Термизи, Бұхари).
Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аттылы жаяуға, жаяу отырғанға, азшылық көпшілікке сәлем береді», – деген (Бұхари мен Мүслім).
«Дін мен дәстүр» кітабынан
(Алматы, «Ғибрат» баспа үйі, 2013 жыл)
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру