Ел арасында «Сәкен қалпе» атанған Сәдуақас Ғылмани – көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, ақын. Ол қазіргі елорда іргесіндегі Ерейментауда және Ақмоланың өзінде мешіт имамы болды. 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін атқарды.
Ағартушы 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәпсірін, Мәуліт жырларын, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды әзірледі. 14 тараудан тұратын әйгілі «Кәлила мен Димнаны» қазақшаға аударды. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуға атсалысты.
Қайтар алдындағы өсиетіне қарағанда, ол «Ислам діні туралы 42 кітапша жазған, «Кәлила мен Димна» аудармасын 1958 жылы Ғылым академиясына тапсырған, Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған».
Әрине бүгін ел рухани жаңарып-жаңғырып жатқан тұста Қазақстан қауымы үшін жоғарыдағыдай көл-көсір мұра қалдырған тұлғаның аты мен заты маңдайға басып қадірлейтіндей болуы керек. Дін, руханият тарихын жіті білетін азаматтар «Сәдуақас Ғылмани» десе, елең ете қалады. Өйткені олар үшін Сәдуақас Ғылмани – ХХ ғасырдағы ұлт рухани ізденісінің, діни талабының әрі жарқын үлгісі, әрі «ақтаңдағы».
Жасырып не керек, осы «ақтаңдақ» ұғымы бізге солтүстік көршімізден келді. Патша тұсында гранкасы теріліп қойған кітапты да сүзгіден өткізетін цензорлар болған екен. Солар жаратпаған жерлер кейін кітап шыққанда жолақ-жолақ ақтаңдақ күйінде қалатын ұқсайды. Егер бұл дәстүрді кеңестік цензура да жалғастырса, біз де оны «ақтаңдақ» деп жатсақ, танымға қиғаш келмейді.
Сәдуақас Ғылмани қолжазбасы
Сәдуақас Ғылманиға қатысты «ақтаңдақ» екі бағдарда аңғарылады.
Бірінші, егер біз оның шығармашылығын толық қалпына келтіріп, жүйелеп, талдап, халыққа лайықты ұсына алсақ, қазақ әдебиеті тарихындағы аса трагедиялы әрі идеологиялық таптаурынға ұрынған 30-жылдар мұрасын жаңа қырынан таныған болар едік. Бұдан да түсінірек етіп айтсақ, Сәдуақас Ғылмани туындылары 1929-1930 жылдары ұсталып, ойындағысын айта алмай кеткен Алаш арыстарының арман-аңсарын жеткізеді. Отандық әдебиет тарихының тұтас бір кезеңіне сәулесін түсіреді: үзілген жерді жалғайды, кемді толықтырады.
Екінші, Сәдуақас Ғылмани қайраткерлігі ХХ ғасырдың өн бойындағы Қазақстан діни жолының ізденісі мен іркілісін, қапалығы мен қателігін, өрісі мен терісін байыптатады. Әйтпесе, тұтасқан атеистік қоғамда отырып діни пайым айту немесе сұхбат пен мәмілеге келу қай тараптың ұпайын түгендейтіні түсінікті.
Діндар, ғалым, ағартушы Сәдуақас Ғылмани тұлғасын танып, зерделеуде тағы да бір ақиқатты айналып өте алмаймыз. Ол – ғұламаның ата тегі туралы шындық. Дәл осы тұста «Ғылманидың тегі» және «қарға тамырлы қазақ» деген ұғымдарды параллель жүргізіп салыстыруға болады.
Қазақ халқының этникалық тек-тамырынан шамалы хабары бар адамның өзі ұлт аты «еркін бірігу» мен «азат тұтастанудан» өрбігенін аңғарар еді («Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын бұрынығы гимнің бірінші нұсқасында көп мән бар). Әйтпесе ғасырлардың арғы белесінде ұлыс, ел, мемлекет болған түрлі этностық бірліктер уақыт өте келе тарихи-қоғамдық-саяси факторлардың әсерінен бір шаңырақтың астынан табылуы – олардың кемшілігі емес, Алла мен тағдыр анықтаған жолы-тын. Ендеше шартты заманалар мен шекаралар дауылында Еділ бойынан Ереймен топырағына келіп орнығып, сүйек ұстап, шұрқырасып ағайын тапқан Сәдуақастың арғы атасын да, бергі атасын да қазақ демеуге әддіңіз жоқ. Себебі оның ата-бабасы қандас, діндес туыстарымен еркін біріккен, азат тұтасқан.
Ал енді адами немесе шығармашылық айтыс-тартыс, сөз қағыстыру барысында Шортанбай мен Майлықожалардың – «қожа», «сарт», «араб», ал Ақмолла мен Сәдуақастардың – «ноғай», «естек» болып кетуі жай қалжың мен әзіл ғана. Бұдан астар іздеу, мұны «қысыр әңгімеге» айналдыру – құр әурешілік (айтқандайын, башқұрт арасында жүрген «қазақ» атты рудан бастап басқа да қазақ ішіндегі аталармен аттас, заттас ру атауларына қатысты та осыны айтуға болады).
Жалпы Сәдуақас Ғылманидың өлеңдерін оқып отырып, ауылдастарына, ұстаздарына, шәкірттеріне, туған жеріне деген риясыз ықыласын анық байқаймыз. Сондықтан ол бөлектенуге, ағайынға жат қылық танытуға жаны қас. Мысалы, ақын бүй дейді:
Алтау ала болғанда, аузың босар,
Қанша сақтап жиғанын түгел құсар.
Төртеу түгел болғанда, аймақ шұлғып,
Нендей өрен жүйріктің бәрі тосар.
Шәкірттеріне арнаған бір туындысында бауырмалдық мәселесін былайша тілге тиек етеді:
Адал жүрек – талап, шарт,
Тілек керек – елді ағарт.
Жұмсақ тілді майда бол,
«Қазақ», «ноғай», демей «сарт».
Сөйте тұра Сәдуақас Ғылмани қазақтың «Тексіз тегін жасырады» деген сөзін жақсы білген. Сондықтан бір өлеңінде:
Сәкен қалпе атым ед,
Қанжығалы затым ед.
Тыңда, халқым, құлақ сап,
Бұл бір айтар датым ед, – деп елге қажет тағылымды, иманды мәселелерді қозғайды. Ал бірқатар өлеңінде жеті атасының тарихын жасырмай, қазақ жеріне қалай келіп, осы ұлтқа қайтіп діни білім нұрын шашқанын әуезелейді.
ХХ ғасыр басында өмірбаянды немесе биографияны «тәржімахал» деген. Ағартушы діндар ақын «Өмір тарих», «Ұзау себебім», «Тәржімә хал» атты танымдық өлеңдерінде және басқа да туындыларында ата-бабасы мен өзінің өмірбаянын біршама сөз етеді.
Қазіргі энциклопедияларда және журналистер жазып жүрген таныстырылымдарда Сәдуақас Ғылманидың туған жылы «1890» деп көрсетілген. Өзі «Өмір тарихында»:
Жылым – қоян туған жыл жарық көріп,
Айтылған сөз атадын есептеліп.
Қай жұлдызда туғаным ұмытылған,
Жазылмаған сызықта көзге ілініп, – дей отырып, әке-шешесінің «сүт суалтар кенжесі болғанын» айтады. Бүгін біз тұтынантын григориан күнтізбесіне салсақ, 1890 жылдан кейінгі 1891 жыл – қоян жылы екені айқындалады (наурыз – жыл басы, сондықтан қалыптасқан дата дұрыс). Барлық деректерде, ұрпағының естеліктерінде Сәдуақас Ғылманидың Ақмола облысы Ерейментау маңындағы Малтабар ауылында өмірге келгені көрсетілген. 1972 жылы 24 сәуірде Алматы қаласында дүние салған. Сүйегі Кеңсай зиратына жерленген. Ақын мұрасын жинастыруға атсалысқан марқұм Тасмағамбет Тәлімұлы тапқан бір суреттің сыртына 70-жылдары Сәдуақас ақсақал өз қолымен араб харпінде:
Мен қария – сексеннен асқан Сәкен,
Еркелетіп атапты мені әкем.
Шын атым азан айтқан - Сағырақадыр,
Туғанмын Ерейментау өсіп-жеткен, – деп жазыпты. Сондай-ақ осы өмірбаян жырынан Сәдуақас қалпенің анасынан 11 жаста айырылғанын, алғаш араб тілін өз бабасынан үйренгенін, сонан кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен хазіреттен сабақ алғанын, 14 жасында «бала молда» атанып, Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт оқытқанын, 15 жасында бұрынғы оқуына көңілі толмай бір қыс Төре ауылында Айтмағамбет молдадан «Бұғар Зада», «Тұхфаны» меңгергенін, тағы бір жылдан соң Тойғанкөлдегі Төлеңгіт ауылында Ақтамақ қалпе медресесінде Бейіс досы екеуі оқығанын, осында 6 жыл болып, 3 жыл оразада «елге шығып, азырақ қаражат дүние құрағанын» (Құран оқып, имандылық шарасын істеп), жетінші жылы Қайлан байдың ауылында бала оқытып, қыста қайта медресеге келіп, Хекмат ғайын, молла Жәлелден сабақ алғанын жазады. Сондай-ақ 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан разылық батасын алғанын, Аққозы ауылында 3 жыл бала оқытқанын, сөйтіп өзі айтқандай «надандық салдарынан» 1916 жылғы көтеріліске киліккенін («Әлекке кездестірді қараңғылық / Айтқанға тіл алмадық соңына еріп / «Күлің көкке ұшады» десе дағы / Жүре берді «айтақ» деп мазақ қылып), жазалаушы әскердің сойқанын өз көзімен көргенін, сол шамада Қусаққа жасырынып кіреші боп Екібастұзға астық тартқанын, 1917 жылы орыс әскерінің тағы да қырғынын көргенін, сол шамада туған апайы Мәпеннің (өзінен 4 жас үлкен) аурудан қайтқанын (бақұлдасады), атыс-шабыста біраз ағайын-туыс, құрбы-достан айырылғанын айтады. Әсіресе осында орыс солдаттары атып өлтірген туған ағасы Мұқанның қайғылы хәлі көз жасымен жазылған. Жас діндар имандылық кетіп, имансыздық орнаған заманда кісіні кісі аямайтынын өкінішпен еске алады. Әсіресе бейкүнә адамдарды ату, азаптау, тәлкекке түсіру төңкеріс шағының негізгі сипатына айналғанын қинала пайымдайды. Сөйте тұра Алладан, алдағы күннен үміттенеді, «қазаға риза, пәлеге сабырмын» деген тәуба сөзді дәйектеп:
Тағдыр – жел, пенде басы – ол бір қаңбақ,
Жел соқса, бөгелерлік жоқ қой салмақ.
Билік желде болғандай, жазмыш Ие,
Қалай жөнге сияды қапаланбақ? – дейді.
Сәдуақас Ғылмани Орталық Азия діндарлары ортасында
Осы тұста Сәдуақас Ғылманиға рухани әріптес, тәлімгер болып, кеңестік-атеистік жүйенің біраз құқайын көрген ерейментаулық қалпелер (діндарлар) туралы да айта кеткен жөн. Өлкенің ауызша тарихында Тоқан хазірет пен Ақтамақ, Әкбар, Ақтан, Шахман, Ақажан қалпелердің аты мен заты ерекше айтылады. «Осынау діндарлар белгілі қоныс-мекендерде мешіт-медресе ашып қана қоймай, халықтың сөзін сөйлеп, аса шешуші сәттерде елдіктің алтын арқауын сақтап қалды. Айталық, қатты қуғын көрген Олжабай Нұралыұлы ақын Тоқмағамбет (Тоқан) Дұмаұлы жөнінде «Елге пір болған қазіреттің өлігі тіріден артық» дегені бар. Ал Ақтан қалпе ешқандай саясаттан қаймықпай Ақтөбеде айдауда жүрген Олжабай, Барлыбайға елдің қаржысын жинап апарған. Ел іші «Сәкен қалпе» атайтын С.Ғылмани қуғын көргенде, діндар қатарластары мен шәкірттері астыртын жәрдемдесіп отырған» дейді өлкетанушылар. Осы тұлғаларға байланысты елеулі мәліметтер қаламгер Сайлау Байбосынның «Ерейментау» танымдық кітабында, журналист Жанат Түгелбайдың мақалаларында, инженер Бексұлтан Смайыл мен Қайролла Тоқтыбайдың аз-кем естелігінде ұшырасады. Әлбетте отаршылдық заманының қалың тұманында өз бетінше шарқ ұрып ізденіп, Түркістан өңірінен Еділ бойына дейінгі мықты оқымыстылардан тәлім алған қазақтың қазірет-қалпелері туралы кешенді зерттеулер жүргізу – қазіргі уақыт талабы деп есептейміз. Өйткені осы арқылы да діндар ағартушы Сәдуақас Ғылмани ғұмырбаянының «ақтаңдақтары» айқындала түсер еді.
Діндар ғұламаның көркем шығармалары сан қырлы. Ақын мұрасын шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Біріншісі – көңіл-күй өлеңдері, екіншісі – сюжетті немесе оқиғалық негізі бар шығармалары (мұның көбі діни тақырыпта), үшінші – насихат өлеңдері, төртінші – арнау өлеңдері, бесінші –жауап-хат өлеңдері. Әлбетте бұлардың ішінде тақырып ауанына қарай бір-бірін толықтыратын туындылары да кездеседі. Сонымен бірге жаңашыл ақынның «Ж.Аймауытұлының «Психологиясына» және «Наполеон сөзі» (соңғысы бір арнаудың ішіне енген) атты өлеңі 30-жылдар әдебиетінің соны бағдарын танытады. Бұл сыни-аналитикалық шығармалар болашақ Қазақстан қазиының ерте-ақ сауатты, білімді, білікті болғанын көрсетеді.
Діндардың «Сөз құрылысы», «Өлең-жырды қолдану себебім», «Ана тілі», «Бір кісінің календарының сыртына жаздым» атты туындыларының тақырыбы, мән-мағынасы ғылым мен танымға жақын. Ал енді қазір қолымыздағы жыр-мұрасын жоғарыдағы бағдармен қарасақ, мынандай болып көрінеді.
Көңіл-күй өлеңдері: «Ылажы ыразылық», «Мінәжат мұң», «Соңғы таю», «Өкіну», «Түс шайы», «Дұға», «Ғажап тұрмыс», «Уайым», «Көңілім», «Мүнәжәт», «Мешіт», «Елестейді көзіме», «Өткен күнді жоқтау зары», «Тілекті мұңы», «Арманды ойы», «Зары», «Жұмбақ із», «Сәлемдеме орнына арналды мыналарға», «Саналыға», «Ескерткіштің тізбегі», «Жұмбақты ақыл», «Көз көргенге ризалық», «Пендешілік зарым», «Ауырлық басқа түскен заман болды», «Ұзау себебім», «Қара күн», «Қиял-мұңның бір тарауы», «Омбы облысы Астархан жолында», «Мен не көрдім?», «Тұрмыс тоқпақ арналған», «Көз көргенге ризалық», «Әй, дүние!», «Мен не көрдім?», «Жаратылыс сырына ғажапсыну», «Кәрілік», «Өкіну».
Сюжетті немесе оқиғалық негізі бар шығармалары: «Бос кеткен бес нәрсе», «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі аудармасының мазмұны», «Әуһәл-Уәләдтің» біраз аудармасы», «Ұзақ хадис аудармасы», «Тәпсірден бір әңгіме», «Жақсылық тану», «Бір ертегі», «Ертегіден үлес», «Бір әңгіме», «Бәни Есрайылдың үш қазысы», «Дуана мен патша әңгімесі», «Әбубәкір қазіреттің біраз жайы», «Торғайлардың қаулысы», «Дос дегеннің ұққанына», «Тарихи оқиға (көз көргендер)», «Өмір тарих», «Бір күні Ғабдүмәлік патша ағзам» (аударма), «Тәржімә хал», «Құран оқу – сауап іс».
Насихат өлеңдері: «Құрбан айты», «Сопылар», «Үгіт», «Хадис аудармасы», «Араб өлеңдері» топтамасы, «Қорытынды», «Үгіт сәлем Б.Ж. інілеріме», «Жауыздық, қорлық туар жақыныңнан» (арабтан), «Мәуліт айы», «Дәулет, бақыт, абырой не?», «Меніңше, бақыт», «Сахар, Назым», «Мінәжат», «Зейін ашу бәйіті».
Елордадағы Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті
Арнау өлеңдері: «Балаларыма», «Бір балама», «Қапанға», «Інім Қалысқа арнап туыстармен амандықпен үгіт», «Арнауым – бір досыма, ишарасы – жалпыға», «Акбар қалпеге арнадым», «Ғалымхан мен Нұрымға», «Шала белсенділерге арнадым», «Ермұқан Бүкеұлына», «Қалжың», «Жағыпар молланың әйелі өлгенде...», «Молдажанға», «Қасымтай Әбежанұлына», «Түсін бергенге», «Жанділдаға», «Мұқажанға қалжың», «Қияшқа», «Тәшмағанға», «Бір жолдасымның баласы өліп естірткенде...», «Тар тұтқында дос-жар ініме», «Шәмсөнге арналған қалжың өлең», «Олжабайға», «Ермұханға», «Әтиім үшін ғазал», «Шәкірттеріме жазғаным», «Кейбір арнаулы молдаларға».
Жауап-хат өлеңдері: «Төре ауылымен сәлем», «Жансары Мұқашұлына сәлем», «Ермұқанға, Бекболатқа», «Ескерткіш», «Екінші рет сағынышта жүректен сәлем», «Сәлем хат», «Молдажаннан», «Менен хатқа жауап», «М-дан», «Мұңдыдан мұңдыға», «Хатқа жауап», «Сәлем хат Өркенге», «Тілекті хат», «Жағыпар молланың жазғаны», «Молдажанға тілек хат», «Молдажанның жауабы», «Рахилаға тапсырдым», «Тасболат баласы Сәленге», «Қарағандыдағы бауырыма», «Ақмола стансасындағы бауырларға», «Төлештің сәлем хаты», «Тайып Шериязданұлы», «Қажытатын себептер», «Бекболаттың Ермұхан болып жазғаны», «Оған қарсы жауабым», «Бекболаттың жазғаны», «Менің жауабым», «Тағы соған», «Олжабай Нұралыұлының хатына жауап», «Қасенге тапсырындым», «Қалжың қылып Жәмилә айтады», «Құрбым Қасенбайдың маған жазғаны», «Оған менің жауабым».
Сәдуақас Ғылмани өлеңдерінен, көңіл-күй жазбаларынан діндар тұлғаның дінге беріктігі, ділге орнықтылығы, парасатқа алғырлығы, ақылға кенендігі, ұлтқа жанашырлығы, ағайын-туысқа адалдығы айқын аңғарылады. Ол әркез Құран сүрелерінен дәйек алып, ой-тұжырымын елдің мың жылдық дәстүрімен шегелеп отырады. Міне, осыған қарап Сәкен қалпенің қиын кезеңде, сын сағаттарды руханият шырақшысы болғанын аңғарамыз.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты Сәдуақас Ғылманидың соңында қалған қомақты поэзиялық мұрасын жинап, жүйелеп, 2010 жылы «Ел-шежіре» баспасынан (директоры марқұм Дидахмет Әшімханұлы ыждағатымен) жеке кітап етіп шығарды. Осы еңбекті даярлау үстінде Құдай қолдап, жанашыр, жанкүйер адамдар тұс-тұстан табылды. Бұл халықтың Сәкен қалпеге деген ықыласы мен пейілі еді. «Бір өзі тұтас Исламтану орталығының жұмысын атқарған ғұлама жинағының әзірге бір том болып халыққа жетуі – бәріміз үшін де абырой» десті иманды елі. Бұл іс те, ниет те жалғасын табуы тиіс.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі
«Мұнара» газеті, №22, 2020 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру