Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚЫЗЫЛ АЛМА НЕМЕСЕ ҰЛЫ ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫ ҰЛАҒАТ

Батыржан МАНСҰРОВ muftyat.kz 25.11.2020 5578 0 пікір
ҚЫЗЫЛ АЛМА НЕМЕСЕ ҰЛЫ ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫ ҰЛАҒАТ

Күнделікті тіршілікте адал астың орны ерекше. Адам баласы адал ас жеу арқылы жүрегі нұрланады, даналыққа жетеді һәм дені сау болады. Мұнымен қоса адал ас салиқалы ұрпақтың келуіне де өз септігін тигізеді.

Адал асқа мән берген талай жанның ұрпағынан салиқалы, текті ұрпақ дүниеге келген. Төл мәзһабымыздың негізін қалаушы, ғалым, тақуа Имам Ағзам Әбу Ханифаның да дүниеге келуі жайдан-жай орын алмаған. Өйткені Әбу Ханифаның әкесі Сәбит те өте тақуа адам болған. Ел арасында ол туралы ғибратты, әрі жұртқа таныс төмендегі оқиға жиі айтылады.

Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің жас жігіт кезі болатын. Бірде дәрет алып, бет-аузын сүртіп тұрғанда арықта ағып келе жатқан алмаға көзі түседі. Алманың әдемі түсі шынында да көз тартатын. Сәбит шыдай алмай, суда ағып келе жатқан алманы алып бір тістейді. Сонан соң ол: «Мен не істеп қойдым? Бұл алманың иесі бар шығар? Оны тауып, дереу, ризашылығын сұрайын», – деп өзен бойымен жоғары қарай алманың иесін іздеуге шығады.

Сөйтіп ол үлкен баудың ішіне кіреді. «Тістеген алмам осы баудан шығар» – деп бау иесіне барып, оған: «Ассәләму аләйкум! Ойламай бақшаңыздың бір алмасын жеп қойдым. Мүмкін болса, кешірім етсеңіз», – дейді. Жігіттің ақылдылығы мен имандылығын байқаған бағбан әдейі: «Разы емеспін», – деп дөрекілеу жауап қайырады.

Бұл сөз Сәбитке ауыр тиеді. Ол бағбанның аяғына жығылып, оған: «Кешіріңіз! Жеген алманың ақысын төлейін немесе қызметіңізді істейін», – деп жалбарынады. Сонда бағбан: «Онда былай. Бір жыл қызметімді істейсің. Сонан кейін арғысын көре жатамыз», – деп жігітке шарт қояды. Амал жоқ, Сәбит шартқа көнеді. Өйткені ол ақырет есебі мен азабынан қорқатын. Осылайша ол бір жыл бойы бағбанның үйінде адал қызмет етеді. Мерзімі біткеннен соң, кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған: «Мен саған бір жыл өтсе, арғысын тағы көрерміз деп едім. Сондықтан менің тағы бір кішкене шартым қалды. Соны орындасаң, сөзім сөз, сенен разы болып, рұқсатымды беремін», – дейді.

Сәбит көнеді. Бағбан: «Менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол-аяғы сал және сақау. Соған үйленесің. Соңғы шартым осы», – дейді. Жігіт бұған да көнеді. Қыз бен жігіттің некелері қиылып, тойы өтеді. Жігіт шымылдыққа кірген кезінде, көзі де көретін, құлағы да еститін, қол-аяғы да сап-сау қызды көреді. Қыздың әкесіне барып, оның мәнісін сұрайды. Әкесі: «Қызым ұят нәрселерге қарамайды, сол үшін ол көр; ұят әрі балағат сөздерді естімейді, сол үшін ол керең; тыйым салынған нәрсеге қол созбайды және бұзық жерлерге бармайды, сол үшін оның қол-аяғы сал; жаман сөз сөйлемейді, сол үшін ол сақау» деп жауап береді. Қызымды сен сияқты Алладан қорқатын, біреудің ақысын жемейтін, иман жүзді, тақуа жігітке берсем, олардан дүниеге келетін немерелерім де Ислам тағлымдарына сәйкес өмір сүрсе, деген арманым бар еді. Алла маған сені жеткізді. Бір көргенде-ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап бақсам артықтық етпес деп ойладым. Сен мен ойлағандай болып шықтың. Бұдан былай ерлі-зайыпты болып, бірге тату-тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар», – деп батасын береді.

Міне, осындай пәк, тақуа, текті отбасында әлемге әйгілі, ғалым Имам Ағзам Әбу Ханифа дүниеге келеді.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру