Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛЫП АДАМДАР ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?

Хасан АМАНҚҰЛ muftyat.kz 03.09.2020 5615 0 пікір
АЛЫП АДАМДАР ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?

Ғалымдардың айтуынша, біздің заманымыздан бірнеше миллион жыл бұрын жер шарының барлық аймағында алып адамдар, динозавр секілді үлкен жануарлар өмір сүрген. Бүгінгі таңда ғаламның түкпір-түкпірінен табылып жатқан үлкен көлемдегі бас сүйектер мен қаңқалар оған дәлел. Бірақ әлі де бұл мақұлықтардың ғылыми мәселесі таусылар емес.

Құран Кәрімде: «Ол сендер мінсін әрі сәндеріңді келтірсін деп жылқыны, қашырды және есекті жаратты. Сондай-ақ Ол сендер білмейтін, тіпті ойларыңа да кіріп шықпайтын басқа да көптеген жаратылыстарды жаратуда», – делінген («Нахл» сүресі, 8-аят). Демек Алла Тағала бір кезде біз білмейтін алуан түрлі мақұлықтарды жаратты және алдағы уақытта жарата беруі мүмкін.

Ислам тарихында Адам ата жаратылмастан бұрын басқа да жаратылыстардың болғаны баяндалады. «Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын», дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?!» деп жауап қайырды» («Бақара» сүресі, 30-аят) делінген құранда. Демек періштелер адам баласынан бұрын қан төккен басқа бір мақұлықтардың дүниеде өмір сүргенін білген. Хадисте, Адам атаның бойы алпыс кез (шынтақ) болғаны, осы күнге дейін адамдардың бойы кішірейіп бара жатқаны айтылады (Бұхари, Муслим).

Сонымен қатар Алла Тағала: «Олар жер жүзін кезіп, өздерінен бұрын өткен қауымдардың ақырының не болғанын өз көзімен көріп, ғибрат алмай ма? Анығында, олар сан жағынан да, күш-қуат жағынан да, жердің асты-үстін бірдей игеріп, жер бетін көркейту һәм онда (өркениетке, сәулет өнеріне қатысты) мұра қалдыру жағынан да бұлардан анағұрлым алда болатын. Алайда олардың бар тапқандары мен жеткен жетістіктері өздеріне еш опа бермеді», – деген («Ғафир» сүресі, 82-аят). Бұл аятта бұрын өткен адамдар, қауымдар туралы айтылғанымен, сол заманда өмір сүрген басқа да алып тіршілік иелеріне қатысты болуы әбден мүмкін.

Дегенмен көне дәуір бүгінге ізін қалдырғанымен, әлі де көп нәрсе көмескі күйінде қала береді. Ал мұсылман адам мұндай нәрсеге қадалып алып, уақытын зая кетірмеуі қажет. 

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары,

 

«Мұнара» газеті, №15, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру